«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шүршітқырған шындығы

9149 0
Шүршітқырған шындығы
1670 жылдары Қытайға үстемдік орната бастағаннан кейін шүршіттер тура 80 жылдан аса уақыт бойы соңғы көшпенділер империясы күштісі жоңғарлармен ұдайы соғысты

Айта кетерлігі, өзге моңғолдар қалқа мен цахар Цинь шүршітке тізе бүгіп, олардың жер қайысқан қалың қолының біріне айналды. Десе де жауынгер ойраттар олардан қаймыққан жоқ. 

Бірінші кезекте ойрат-шүршіт соғысы Моңғолияға таласудан басталды. Галдан Бушигіт хонтайшы қалқа мен цахардың атты әскерін ойсырата жеңіп Пекинге 700 шақырым жерге дейін келді. Циннің Арани бастаған 30 мың әскерін түк қалдырмай қырып тастады. Қатты абыржыған Асин Геро Шуание, яғни Каңши патша 200 мың әскер, жүздеген зеңбірек, мыңдаған шиті мылтықты әскермен Ұланбұтұнда шайқасты, қалқа мен цахарлар шүршітке болысты, күш ара парық үлкен болғандықтан, Галдан Бушигіт кері шегінді. 

1697 жылы Зұнмұдұнда 200 мың шүршіт-моңғол әскерімен ойрат әскері тағы белдесті, осы кезде Жоңғарияда Галдан Бушигіттің орнын иелеп алған Суан Арабдан арттан келетін көмекті үзіп тастаған соң 30 мың ойрат жасағы келісіп жеңілді де, Моңғолиядан айырылды. 

Ал Суан Арабданның тұсында екі жақ Тибетке таласып қырқысты, ол кезде Тибетті төрт ойраттың бірі хошоуыттар басып алып, билеп тұрған болатын, олар басында Жоңғарларға бағынғанымен кейін шүршіттер жағына шығып кетті. Шүршіттің Тибетке аттандырған 200 мың әскерін де ойраттар түк қалдырмай қырғынға ұшыратты. Шүршіт Тибетке тағы да 200 мың жасақ аттандырды. Соңында Жоңғар мен хошоуыттың алалығынан Тибетті де шүршіт жалмап кетті, келесі кезек Шығыс Түркістанға келді. 

Шығыс Түркістандағы соғысы бірден сәтті бола қойған жоқ, сәтіне басқан кезі 1746 жылы Галдан Серен өлгеннен кейінгі тақ таласынан басталды. Осы талас барысында хойыт тайпасының нояны Әмірсана жеңіліп Пекинге қашты, осы қырқысқа Қазақ хандары да араласты. Бірақ 1758 жылға дейін он шақты жыл бойы қазақтар жоңғарларды ұдайы жеңіп отырды. Сарыарқаны, Сыр бойын, Тараз төңірегін, Павлодарды жоңғардан босатты. Ендігі кезекте жау қолында Аягөзден шығысқа қарайғы жерлер мен Жетісу тұрды. 

1755 жылы шүршіт жасағы шығыстан Абылай бастаған қазақ қолы батыстан тиіп Жоңғар хандығын тыныштандырды. Әмірсана өзі күткендей жоңғар хонтайшысы бола алмады, тек хойыт руының ханы болып қалды. Ол бұған шыдамай Цинге қарсы бүлік шығарды, 1756 жылы  наурызда қатты қаһарланған Чиянлұң патша: «Ойрат халқы жер бетінен жойылсын!» деген адам естімеген сұмдық жарлық шығарды. 600 мыңнан аса халықтың дені қырылып, аздаған тобын қалқа мен цахарға бытыратты. Уй Юаннің естелігінде: «...Жүз мыңдаған түтіннен, обадан оннан төрті қырылды, орыс пен қазаққа оннан екісі кетті. Қалғаны біздің жасақтар жағынан қырылды. Бізге келіп бағынған бірнеше мың өліт мыңдықтарынан өзге мыңдаған шақырым аумақта бірде-бір өліттің киіз үйін кездестіруге болмайды» деген дерегі сол қырғынның қаншалық дәрежеде болғанын сипаттайды. Кейінгі кездері Жоңғарияда бар жоғы 33 мыңдай ғана ойрат қалғаны туралы дерек бар. Оннан бірі қазақтарға қашып кетті. Әмірсанада осы бағытта Қазақ ордасына паналап келді.

Саяси ойын. Әмірсана

Елі жойылып панасыз қалған Әмірсана Қазақ ордасына қашып келеді. 1742 жылы Абылай Жоңғар тұтқыны болған кезде Әмірсанамен анда болған екен. Абылайдың бір әйелі оның туысы Қошу ноянның қызы болса, Абылай бір қызын Әмірсанаға берген екен. Сонымен қатар керей шыбарайғыр Қожабергенде Әмірсанамен жақсы қатынаста болғаны үшін Абылай Әмірсананы Қожабергенге бақтырыпты. Ол туралы Абылай: «Әмірсана құдды бұтаны паналаған торғай сияқты бізді паналап келіп отыр, оны осылай бере салуға болмайды» (Бақыт Еженхан. Қожаберген батыр) деген екен. Цинь үкіметі Әмірсананы ұстау деген желеумен Қазақ даласына кіреді. Олармен арада бірнеше мәрте әскери қақтығыстар туады. 

Шүршіттер үшін жалғыз қашқын Әмірсананы ұстау сондай маңызды ма? Жоқ! Біріншіден, қазақ даласына қашып кірген қалдық жасақтарын аластау, өйткені қалдық жоңғардың басқа барар жері де жоқ еді. Жоңғар түгелге жуық қырылған, оның қайта барып елді көтеруі де мүмкін емес еді. Оған Қожабергеннің мына сөзі дәлел: «Жоңғар елі түгел қырылды, Әмірсана тірі қалғанымен не бітіре алады? Ол түкке жарамай қалған қашқын сияқты бір адам емес пе?» 

Екіншіден, шүршіттер қазақ жерін басып алу ниетінде келмеген, егер ондай ниетте болса неше жүз мың жасақпен келер еді. Олар жоңғар мекендеген жердің тарихта түгелімен қазақтарға қарасты жерлер екендігін білген. Арнайы адамдарын жіберіп қазақ хандарының шежіресін, қазақ рулары мен түтін санын анықтатқан. Бізше олардың түпкі ойы кезінде жоңғар басып алған ұлан-ғайыр қазақ жерін қайтармау мақсатында болған. 
Онымен қоймай Балқаштан шығысқа қарайғы қазақ даласын өз территориясы ретінде картаға түсіреді. Олар Әмірсананы ұстау дегенді сылтау етіп, қазақтарды от қарумен жаныштап, ендігәрі шығыстағы мекеніне бару үмітін өшіру мақсатында күш көрсетіп, қазақтардың жүрегін шайлықтырмақ болған, дәп солай! Деседе бұл саяси ойын мен әскери қақтығыстар 1756 жылы тамыздан 1757 жылы алтыншы маусымда Әмірсана өлгенше жалғасты. Шүршіт әскербасылары: «Әмірсана бір күн тұтқындалмаса, армиямыз бір күн шегіндейді!» деп сылтауратады. Он айға жуық уақытта Әмірсананы ұстаймыз деп келген шүршіт әскерімен қазақ жасақтары арасында талай қақтығыстар болады. 

Абылай ашық түрде Әмірсананы қорғайды әрі ол міндетті Қожаберген батырға тапсырады. Ол туралы: «1756 жылы 4 айдың 7-күні Әмірсана уақ- керей тайпасының Қожаберген есімді батырына келген. Сонда Әмірсана Абылайға адам жіберген еді, Абылай оған: «Қазірше Қожабергеннің қасында тұра тұрсаң боларма екен? Шүршіт әскері келіп жатса, мен өзім сонда әскер бастап барып, сендермен бас қосып ақылдасармын» деп жауап берген екен.

Қазақ-шүршіт соғысы

Шүршіттің 60 000 сығай жасағы зеңбірек және от қарумен қаруланып қазақ жеріне кіреді. Әскер саны туралы мәлімет мынадай: «Қазір, міне, біздің армиямыз Жоңғарды жою үшін үш бағыт бойынша жалпы 60 000 әскермен осында келді. Жоңғар тайпаларын қыруға тиістісін қырып, жинап алуға тиістісін жинап алдық та, ішкері жағымызға қарай көшіріп әкеткеміз».  

Қазақтар қалың қол топтап олармен соғыспайды. Себебі: олар от қарумен қаруланған еді. Қазақтар қанық жер жағдайынан пайдаланып жауға соққы беріп отырады. Олар сол кіргеннен мың километр ішкерілей кіріп, Сарыарқаға жетіп, Есіл, Нұра бойына дейін келеді. Оған дейін неше мәрте әскери қақтығыстар болады. Мысалы мына дерекке қараңыз:

«...7-айдың 3-күні біз жарлы жерінде болған кезімізде Қабанбай, Наурызбай сынды қазақтар 2000-нан астам әскер бастап қарақшы Әмірсана Қожабергенмен бірге Нұра жерінде жүргендігінен хабардар болдық. Әлгі қарақшылардың 2000-ға жуық әскері сапқа тұрды, біз жауынгерлеріміздің бәріне «қарақшы Әмірсананы тұтқындап, оның елін түгелдей жойып жіберуге тырысып, еңбек көрсетіңдер» дедік. Жауынгерлеріміз дереу тізілген сабымен алға ұмтылып, арт-артынан мылтық атып, шабуыл жасап, жауға жақындады. Сол арада біз өз әскерлерімізді бастап, ұрандатып жүріп жаудың сабын бұзып, ойранын шығардық. Сүйтіп біз қазақ, ойрат қарақшыларын көптеп өлтіріп, олардың 4 туы мен 3 үлкен зеңбірегін тартып алдық... Естуім бойынша қазақтың Қожаберген, Қабанбай сынды екі басшысы 500 әскер бастап Серкіс қарауыл бекеті мен Айқас сынды 4 қарауыл бекеттерін тонап, онан соң Қасаулық деп аталатын жердегі ұлы армияға шабуыл жасаған... Қара Барақ пен Қабанбай сындылар Есіл деп аталатын жерде Әмірсанамен кездесіп, онымен бірге 1000-ға жуық әскер бастап, 7 ай аралығында сол Есіл өзені жерінде ұлы армияға шабуыл жасаған. Сонда Әмірсана қатарлылар да жеңіліп туларын, түйелерге артқан зеңбіректерін, қазан-ошақтарын, сондай-ақ малы мен киіз үйлерін тастап, Ұлгату, Шідерті деген жердегі Абылайға қашып барған. Көп ұзамай ұлы армия олармен бетпе-бет келіп қалып, Әмірсана мен Абылай жеңіліп, Гушин гүрбан торғай жеріне қашып барған». (Бақыт Еженхан. Қожаберген батыр).

Бұл деректерде тек Цинь қосыны қазақтардың 1000-2000 жасақ топтарымен соғысады, қызығарлығы қазақтарда да зеңбірек бар екен, бұл негізі жоңғарлардан олжаға түскен деп шамалауға болады. Соғыста қазақтардан әр соғыста неше жүз адамнан шығын болып үнемі жеңіліп жатады. Шынында солай ма?

1756 жылы желтоқсанда патшалық Ресейдің Орынбор және Сібір шептерін қазақтардан қорғау жөніндегі әскери алқаның жарлығында осы соғыстар туралы былай делінген: «Орта жүз қытай әскерін жеңіп бетін қайтарып тастады. Соған байланысты енді қазақтар орыс бекіністері мен қамалдарына шабуыл жасай ма деген қауіп бар» (Қазақтың ханы Абылай. 1-кітап. 488-б.). Осымен тұстас Нұралы ханның М. Тевкелевке айытқандарында да: «Осы күндері қытай әскері Орта жүзге шабуыл жасауда, Абылай сұлтан олармен бірнеше рет соғысты да, қытай жағы: «Қалмақ нояны Әмірсананы ұстап бер» деп Абылайдан талап ететін көрінеді, тағы басқа осындай мәселені соғыс бастауға сылтау қылыпты. Былтыр күзде Ералы сұлтан әскер алып, Орта жүзге көмекке барған, қытайлармен соғысып бетін қайтарып, бірталай олжамен оралған. Әмірсана қазақ ортасында бұрын болған, қазір жоқ көрінеді, өлі-тірісі белгісіз» (Қазақтың ханы Абылай. 1-кітап. 499-б.).
Орыс деректерінде анық түрде қазақтардың жеңіске жеткендігін айғақтап тұр! Сарыарқада болған осы соғысқа Кіші жүз ханы Нұралыда әскерімен көмекке келген. Қазақ жұрты күшті жау алдында өз бірлігін көрсете білді. Ешкімге мазақ болмайтын, құлдық ұрмайтын ерлігін танытты.

Тарихтан бері қытай тарихи деректерінде көшпенділермен болған соғыстардың бәрінде жеңілістерін бүркемелеумен қасақана бұрмалау көп көзге түседі. Ханьның тұңғыш патшасының Модон тәңірқұттан ойсырай жеңіліп, тізе бүгіп бодан болуында жасырып бұрмалап жазса да, жеке қолбасылардың естелігінде онысы терістеліп жатады. Ол ол ма, 1690 жылы Галдан Бушигіттің 30 мың қосыны шүршіттің Арани бастаған 30 мың әскерінің денін қырып тастаған жеңісін де бұрмалап жеткізген, бірақ сонымен тұстас орыс деректерінде ол соғыста Арани аздаған адаммен ғана аман құтылғаны айтылады. 

Қазақ жеріне ішкерілеп кіргендегі шағын соғыстарда да 20000-нан астам шүршіт әскерінің қазақтарымен қақтығыстарында жеңілісті бүркемелеудің де өзіндік себептері бар. Біріншіден, сол заманда дүниенің үштен бірін ұстайтын халыққа 12 млн шаршы километр алып территорияны иелеп отырған, млн адамдық алып қосыны бар империя үшін 20 000 аз қосын еді, олардың назарында ержүрек қазақ халқы тым кемшін көрінген. Саны млннан ғана асатын елден жеңілу шүршіт қолбасыларына үлкен намыс еді. 

Екіншіден, шүршіттердің көршілес орыс империясы алдындағы бет-беделін сақтау. Шайқастың қазақтардың пайдасына шешілгенін осыдан кейінгі оқиғаларда растайды. 60000 қолдың бір бағыттағы 20000 әскерінің тек 2000-ы ғана аман қайтқан делінеді. Соның куәсі ретінде Сарыарқаның шығысында «Шүршітқырған», «Қанды адыр» сияқты жер аттары қалған.

1757 жылы тамыз айына келгенде қазақтар Әмірсананы береміз деген пікірге келеді. Ол туралы: «Қазақ Қожаберген мен Қара Барақ шын ниеттерімен келіп, ұлы Еженге бағынып оның қызметшілерінен болды. Олар өз құзырындағы тайпаларын бастап Әмірсананы қудалап жүр, қай уақытта болсын, аталмыш адамдар Әмірсананы тұтқындап оны бізге тапсырамыз деп жатса, оларды дереу бізге жеткізіңдер» (Бақыт Еженхан. Қожаберген батыр) делінген. 

Кейін Цинь империясына Абылайдың елшілері барған. Ежен хан жарлық шашып: «Қазақтарға ішкі моңғол мен қалқа моңғолдарға қараған сияқты көзқарас ұстануға болмайды, сендер оларға килікпей аулақ жүріңдер, олар бұрыннан өз алдына хан болып келген екен оны мойындауға тиіспіз» (Цинь патшалығы сарай жазбаларындағы қазаққа қатысты деректер), шүршіттер қазақты дербес ел деп мойындап, әскерлеріне де тек шегараны күзетіңдер деп бұйрық түсіреді. Онан кейін екі елдің байланыс күшейіп, саудасы қыза түседі. 

Шүршітқырғанға сапар

2019 жылы шілденің 4-күні ҚР Қарулы күштері музейiнiң азаматтардың ұйымдастыруымен 19 ғасырда сызылған карта бойынша  Шүршітқырғанға жол тарттық. Шыбынды көлінің айналасын біраз шарладық. Шідерті өзенін біраз жағаладық. Ары қарай Жаман Қанды адырға барып бір аялдадық. Жақсы қанды адыр көз ұшында тұрды. Екі ортадағы жазықта қанды шайқас болғаны анық. Өйткені қазақ жасақтары жауды соңдарынан шұбыртып титықтатқан күйі осы төбеге әкелуге тиіс, төбенің арғы жағында тасада қалың тың жасақтар дайын тұрған, бауырларының төбесі көрінген шақта олар тасадағы аш бөрілердей атылып шығып қас жауларын түгел жер құштырған. Ақыры жоғымызды Қарауылтөбеден таптық. Міне, 1757 жылғы қанды айқастың куәсі болған «Шүршітқырған». Төбеде көптеген тас қорымдар бар екен, сірә қаза тапқан сарбаздардың мәйіті осында жерленген болар деп шамаладық. 

Шүршітқырған соғысынан кейін күшті жауды жеңіп, жүректері орныққан қазақтар батыл түрде жоңғардан босаған жерді өздеріне қайтаруды талап етеді. Тіпті рұқсатсыз түрде шекара қарауылдарынан өтіп мал бағады, шүршіт әскері оларды қанша тоспақшы болса да тоса алмайды. Ақыры 1771 жылы қазақтардың жоңғардан босаған жерлерге кіруіне ерік береді. Көп өтпей қазақ халқы өз атажұртына толықтай ие болады. Қазақ пен Цинь империясы арасындағы байланыста Шүршітқырған шайқасының орны айрықша. Ол тарихымызға алтын әріппен жазылуға тиіс.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English