«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өзбек құрамындағы қазақ рулары

19559 0
Өзбек құрамындағы қазақ рулары
Қазіргі таңда саны 33 млн-нан асқан өзбек халқының үлкен бір бөлегі қазақтардан еш айырмасы жоқ ел, бір халық болатын

Ақпаратта үнемі айтылатын «Өзбекстанда 5 млн немесе 7 млн қазақ өзбек болып жазылып кетіпті» дегенді естісеңіз расында таңғалмаңыз, олар расында қазақпен бір ел, руы да, түрі де, тілі де... Тек атауы ғана бөлек, олар өзбек, нағыз өзбек!

Өзбек деген атау Алтын Орданың Өзбек ханының (1280-1341) атынан шыққан, Мұхаммед Сұлтан Өзбек хан 1313-1341 жылдары билік құрған. Бату хан әулетінен, Меңгу Темір ханның немересі. Ол билік құрған кезеңде Алтын Ордадағы көшпенділер «өзбектер» деп аталды да жалпылай «92 баулы өзбек» деп тарихта қалды. 1465 жылдары Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрған тұста сахарадағы көшпенділер дерлік өзбек атанған. Қазақ атауы шыққаннан кейін қазақ хандары Әбілқайыр әулетін тақтан тайдырды, сахара халқы ендігі жерде қазақ атана бастады...

Қазақ хандарына мойынсұнғысы келмеген Шайбани хан мен оған ерген 300 мыңдай көшпенді Мәуераннахрды басып алды да, өзбек атауы енді солай қарай ойысты, десе де жергілікті егінші, саудагер халық сарт атымен атала берді. Шайбани мен өзбектер Темір әулетін аластағанда шағатайлардан (1224 жылдан бері осында қалдырылған түрік және моғұлдар) 300 мыңнан аса адамды қырғынға ұшыратты және бағындырды. 1505 жылы Моғолстан ханы Сұлтан Ахмед ханды жеңіп, тағы бір талай моғолдарды өзіне қаратты, кейін осы тайпалар тұтас өзбек атанды. 1880 жылдарға дейін осы көшпенділер жартылай көшпендіге айналды, Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарын осылар құрды және биледі. Айталық Хиуаны қоңыраттар, Бұқарды маңғыттар басқарды. 1897 жылы бүкіл Ресей патшалығында жүргізілген халық санағы мәліметі бойынша өзбектер 778 мың болған, сонымен қатар бір бөлім өзбектер орыстарға бағынбай Ауғанстанға кеткен, олар қазір 3 млн-нан асады. Өзбектер жартылай көшпенді, жартылай отырықшы болған, ал сарттардың 989 мың болып, толық отырықшы, саудагер халық екені белгілі. Совет үкіметі сарт атауына тыйым салып, сарт пен өзбекті және отырықшы тәжіктерді біріктіріп бүгінгі өзбек ұлтын жасады, үкімет тілі сарт тілі болды. Төменде осы рулар туралы тоқталамыз.

1. Барлас. Барластар Мұхаммед Шәйбанидан бұрын Мәуераннахрды билеген Әмір Темірдің (Ақсақ Темір) руы, тегі жағынан моғолдар, Шыңғысханмен аталас туыс. 1224-1500 жылдарға дейін Мәуераннахрда барластар белді билеуші тап ретінде көзге түсті. Кейін біразы Бабырмен бірге Үндістанға кетті. XIII ғасырдың екінші жартысында Іле өзені Қашқадария аңғарына көшті. XIV-XV ғасырларда ол аймақтың саяси, экономикалық және мәдени өмірінде маңызды рол атқарды.

Тарихи дереккөздер ХІХ ғасырда Дели қаласының айналасында тек 15 000 барлас бар екенін айтады. Қазақ құрамында жүзге кірмейтін дүрмен-барлас руы бар, 1920 жылдарға дейін барластар өзбек ішіндегі белгілі тайпалардың бірі болды. 1920 жылы Самархан районына қарасты Қара тепес, Магияно-Фараб, Пенжикент қатарлы жерлерде 3002 барлас болса, Хисар бекісте 7501 барлас, Наубекте 468 барлас, Қашқадарияда 710 барлас, жиыны 12000-ға жуық барлас болған. 2010 жылы Тәжікстанда 5271 барлас бар деп есептелген.

Бабыр

2. Қатаған. Қатағандар да тегі жағынан моғолдар, шежіре бойынша Шыңғысханның оныншы бабасы Боданшармен туысатын Бұғы-Қатағанның ұрпақтары. 1600-1627 жылдары қазақ даласының оңтүстігінде қатағандар күш алып, қазақ ордасындағы ең ірі тайпалар одағына айналды, Тұрсын хан осы қатағандарды негізгі тірек күші етті. Тұрсын хан жеңіліске ұшырағаннан кейін Есім хан жағынан қатағандар қудалауға ұшырады да, көбі өзбек жеріне кетті, қалған тобы шанышқылы арасында қатаған, қоңырат арасында қатаған аталады.

Өзбек қатағандары Хорезм, Қашқадария, Сурхандария, Ташкент, Ферғанаға жайғасқан. 1924 жылы Өзбекстанда 27200 қатаған болған. Ауғанстанның Құндыз, Ташқорған маңында да қатағандар жасайды. Олар мұрат, шейх, әжігин, кін, құдағұн, семіз, қатаған құраси, жұдаба, пырақ, бассыз, сыр қатаған, мұрдан, мұрад, бурі, темір, бұғұл,шешка, шушагар, мұнас, тас (таз), луқан, қатаған, жұң, қасамыр сияқты руларға бөлінеді.

3. Кенегес. Кенегестер де тегі жағынан моғолдар. Шежіре бойынша сүнит, кенегес, қаптұрқас бір атадан тарайды. Қазақта кіші жүз шекті ішінде кенегес руы, найман бағаналы арасында кенегес руы бар. Абдулла ханның тұсында (1598 жылға дейін) кенегестер оның ең тіректі күшінің бірі болған. Кейін Астраханнан келген Тоқай Темір әулеті кенегестерге Ишкакимді хакім етіп тағайындаған. 1719 жылы Мирахор исымайылдың 2000 кенегес қосыны болған.

Кенегес рулары: керей, ашамайлы, абақлы, абақ керей, тарақты, шойұт, қайырсолы. Қашқадария алабы мен Шахрисяб төңірегін қоныстанған. Ал қарақалпақ кенегестердің саны ХХ ғасырдың басында 8600-дей болған. Олар Янгыбазар мен Кегейлі болыстарын қоныстанған. Бұхар мен Ферғана қарақалпақтарының арасында да кенегестер ұшырасады. Қарақалпақ кенегестері 8 руға (араншы, тарақлы, ақтоғын, оймауыт, омыр, жобал, ноқыс, домбозақ); кенегестердің ру аттары Орта жүздегі керейлердің ру аттарына ұқсайды. Қарақалпақ кенегестердің таңбасы – Х (ашамай), яғни Орта жүз керейлерінің ашамайлы руының таңбасымен бірдей. Бұдан Шыңғысхан сол кезде сахарадағы керей, найман сынды ірі тайпалық бірлестіктерді жеңгеннен кейін оларды өзіне туыстас руларғы бөліп таратқанын көруге болады.  Ал тарақты да тегі жағынан моғолға жатады, «Моғолдың құпия шежіресінде» тарағұт деген атпен аталады. Оймауыттарда моғолдар, Қазақтың дулат тайпасында оймауыттар бар. Өзбекстанның Шахрибаз, Китоб қатарлы жерлерінде 35040, Бұқарада 2725, Карманда 2775 кенегес жиыны өбектерде 41-42 мың кенегес болған. Ферғананың Қоқан маңындада көп болып ол жерді «кенегес ойым» деп атаған.

4. Қоңырат. Қоңыраттар моғолдың дарлекин тобына жатады, олар Шыңғысханның қайын жұрты және нағашы жұрты. Тұтас моғол (моңғол) империясындағы қағандар мен хандардың қатындарының жартысына жуығы қоңырат қыздары болған. Қоңыраттар моғолдардың ең сенімді күштері ретінде империяны билеуге араласып Еуразияға кең таралған. Қазақ даласындағы қоңыраттардың жартысынан астамы өзбек пен қарақалпақтарға кеткен. Ауғанстанда, Ноғайда, Қытайда, Кореяда қоңыраттар таралды. XIV ғасырдан бастап қоңыраттар Хиуаны билей бастады. XVIII-XIX ғасырда Хиуаны биледі. Өзбек қоңыраттары: уақтамғалы, үштамғалы, қостамғалы, қанжығалы, айынлы, төртуыл руларынан құралған. Ең мықтысы уақтамғалылар болған. XVIII ғасырдағы рулары: ашамайлы, абақлы, баймақлы, тарақты, шанышқылы, қазаяқлы, шөмішлі, қайшылы, ышқылы, илан тамғалы, балғалы, қара қоңырат, бұғайлы, қандеклі, ырғақлы. Дерекке қарағанда қоңыраттағы ашамайлы мен абақлы қазақтың керейінің екі ірі бірлестігі, уақтамғалы уақты меңзейді. Қанжығалы – арғынның қанжығалысы, төртуыл – найман мен арғынға ортақ ру. Тарақты арғында, шанышқылы ұлы жүзде, шөмішті табындарда, қайшылы жалайырларда кездеседі.

XX ғасырдың басында Бұқар хандығында 85760 қоңырат болған. Олар: XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қоңыраттар жартылай көшіп, жартылай егін салған. 1917 жылы Мұхамеджан Тынышбаев есебінде Орта Азиядағы қоңыраттар 310 мың, оның 130 мыңы қазақтарда, 180 мыңы өзбек, қарақалпақтарда болған. 1924 жылғы деректер бойынша 3 мың өзбекте қоныраттар Бұқара ауданында тіркелді, Гиздуван ауданында 10 875, Қарман ауданында 1370, Гузарда 20 615, Шерабадта 32516, Байсанда 9909 деп тіркелді. Бұқара хандығының аумағында өзбек халқының 14,5%-ы Қоңырат болды. Амударияның төменгі жағында 17 мың қоңырат есептелген. Өзбек энциклопедиясы бойынша: ХХ ғасырдың басында Бұқара хандығы бойынша қоңыраттардың жалпы саны 85760-ды құрады. Олар негізінен Хорир-Дарияда (1245), Қарши Оазисінде (7, 175) Бунжа өзені байсінің (3525 адам) де және Гузарастерияның төменгі бөлігінде шоғырланған (8875), Амудария аңғарында және Термез ауданында (3525) тұрды. Тәжік арасында қоңыраттар жеке этнос саналады, олар 2010 жылы 38078 адам болған, тілі: қазақ тілі.

Асфандияр хан (қоңырат руынан)

5. Маңғыт. Маңғыттар нирун моғолдардан шыққан. Кейінгі Ноғай ордасының билігін ұстаған, Асан қайғы, Едіге би маңғыт болатын. Маңғыттар Бұқараны 1755-1920 жылдары биледі. 1920 жылдары Бұқарада 100 мың ( Бұқара мен Қаршыда 44 мың, Зарафшанда 20 мың, Шори тұманда 20 мың, Жизақта 2600, Хорезімде 10 мың), Хиуада 15 мың маңғыт болды. Қазақ арасында шаышқылы арасындағы бір ру, қоңырат ішінде маңғытай атымен аталады. Юань империясында бес арыс елдің бірі маңғыттар еді (қалғаны: ұрғұт, қоңырат, жалайыр, икірес). Ауғанстан өзбектеріндеде көп болған. Рулары: оқ маңғыт, ош маңғыт, шала маңғыт, байғонды маңғыт, темірқожа, исабай, қаулақ, қожа, таз, қарабайыр, бақыршы, құла тамғалы, маңғыт қазақ, оқлы, шопай, қарабатыр, бесшал, шұбақшақ, ұз, ұбалай. Қазақтың сіргелісіндеде қарабатыр руы, керейдің ителі тармағында бесшал руы бар.

6. Қият. Қият – Шыңғысхан шыққан ру. Дешті Қыпшақта Әбілқайырға қарасты рулардың бірі болған. 1500 жылдары Шайбани ханмен бірге Мәуераннахрға келгендері Хорезмді мекендеген. Олар Хиуа мен Бұқар хандығында жоғары орындарға отырған. Қияттар: үштаңбалы, тарақты, балғалы болып бөлінеді. Қазақта шанышқылының бір атасы – қият. Өзбекстанның Қашқадарияның жоғарғы ағысы, Бұқара, Хорезм, Зарафшанда мекендейді.

7. Дүрмен. Дүрмен әсілгі атауы дүрбен, моғолдың бір руы, шежіре бойынша Шыңғысханның  11 атасы Дүбүн мергеннің ағасы Төбе Соқырдың төрт ұлының ұрпақтары. Қазақта дүрмен-барлас аталады. Өзбекстанның Зарафшанның орта ағымы, Сурхандарияның маңы, Тәшкент маңы мен Хорезмге таралған. Рулары: қойлы, ұбақ, үш ұрық, көк шелек, ноғай, құрдақ, ойтаңбалы. 2010 жылы Тәжікстанда 7608 дүрмен болған.

8. Барын. Барындарда моғол руынан. Қазақта кіші жүзде барғын атымен сақталған. 1926 жылы  Өзбекстанда 9000-нан аса барын болған (Зарафшанда 2300, Бұқарада 3770, Жизақта 2000).

Әлімхан (маңғыт руынан)

9. Үйшін. Үйшін немесе үйсін, бұлар моғолдың дәрлекін тобына жатады. Шыңғысқанның төрт күлігінің бірі Бороғол ноян осы рудан. Кейін үйсін мыңдығы Жошыға беріліп түгелі дерліктей Дешті Қыпшаққа кеткен. Қазақпен өзбектегі үйсіндер осылар, ол мыңдықтың нояны байқы (майқы). Олар: ошақты, қостаңбалы, ергенекті руларына бөлінген.

10. Алшын. Алшындар моғолдан соның ішінде қоңыраттардың елшігін табынан шықса керек. Елшіген атауы парсы-оғыздық тілді әлшіғынға өзгеруі заңды, әлшіғыннан алшынға өзгеруі ғажап емес. 1926 жылы Өзбек арасында Бұқарада 2525, Керманда 750, Қашқадарияда 300 алшын болған.

11. Султуз – моғол тайпаларының бірі. Шыңғысхан армиясының үлкен тобы Дашти қыпшақ және ақазіргі Өзбекстан мен Ауғанстанның, содан кейін Әзірбайжан мен Иранның аумағына таралды. Тигр тайпасымен шайқасына үлкен қолдау көрсеткендіктен, Шыңғысхан сарайындағы ең көрнекті билеушілердің бірі солардан болды. Олар Могул, Мәуераннахр, Моңғолия, Қытай және Иран мемлекеттерінде қызмет етті. Ханабат ханының (1346-58) әмірі қайтыс болғаннан кейін, бірнеше жыл бойы Самарқанд басқарған Әмір Байон Сылдыр, ал Балх аймағын Әл-Фараби тайпасының бас қолбасшысы басқарды. Олар Әмір Темір мен Темуридтердің заманында ықпалды болды. Кейінірек олар Шайбани ханға көшіп барады. Тәжікстанның Балжуван провинциясында С. Боло және С. Пойон ауылдары орналасқан.

12. Арлаттар – моғолдың бір тайпасы, Шағатайға берілген мыңдықтардың бірі арлаттар болатын. Арлаттар Ауғанстанның солтүстігіндегі Амударияның солтүстік бөлігінде орналасқан. Тағы Өзбекстанның оңтүстік провинцияларына, сондай-ақ Хорезмге көшті. Бұл атау бүгін  Самарқанд, Бұхара, Хорезма, Қашқардария және Сурхандарияда жер атымен және кейде топоним ретінде жиі қолданылады.

13. Жалайыр – моғол империясындағы әйгілі тайпалардың бірі. Шыңғысханның Шағатайға берген мыңдықтарының (жалайыр, барлас, үйсін, арлат) бірі жалайыр мыңдығы болған. Дені Қазақ жерінде қалғанымен өзбек арасындада жалайырлар кездеседі. XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында жалайырлар Жетісу және Мәуераннахрдың кейбір бөліктеріне көшті. 1370 жылы Әмір Темір топқа жетекшілік етті, бірақ жалайырлар жиі бүлік шығарды. 1376 жылы көтерілістен кейін олар бірнеше топқа бөлінді, бір бөлігі Ташкентте қалды, ал қалғандары Мәуереннахрдың бірнеше ауданына (негізінен Зарафшан шекарасына дейін) көшірілді. Осылайша Әмір Темір Ахангаран мен Худжандты қолға алды. Өзбекстанда Жалайыр деп аталатын ауылдар бар.

14. Найман. Наймандар Шыңғысханнан бұрын батыс Моңғолияда жеке хандық болған. Жошының  төртінші ұлы Шәйбанға берілген иелік «Көк Орда» атанса, сондағы төрт арыстың бірі наймандар болған (қалғаны: құсшы, ұйғұр, қарлық). Көк Орда Батыс Қазақстан жері болатын. Шәйбанимен бірге кеткен наймандар – өзбек арасындағы белгілі рулардың бірі. Олар: пұтұлай, алты оғұл, иланлы, қостамғалы, қара найман, қазақ найман, бұрынсап, көзаяқлы найман, қаракөк, ағыран, мамай, сағзыл, шөмшөклі, садырбек, өкіреш найман, жағарбайлы, бағаналы, балталы. Бағаналы, балталы, садыр рулары Қазақ наймандарында да бар. Орыс этнографиясы А.Д. Гребенкиннің айтуынша, XIX ғасырда өзбек наймандары Зарфшан аңғарында (63 ауыл), Ферғана алқабында, Хорезмский оазис, Қарақалпақстан, Қашқадария және Сурхандария өлкесінің Термез ауданында өмір сүрген. Кейін ол Ауғанстанның Балх провинциясына, кейінірек Зарафшан аңғарына көшті. 1917 жылы Мұхаметжан Тынышбаев Орта Азия мен Қытайдан 830 мың найманның санын шығарған, оның 100-150 мыңы Қытай қазақ наймандары, 520 мыңы Ресей қазақ наймандары еді, ал 150 мыңы Өзбек наймандар болатын.

15. Қаңлы – 2000 жылдан бері Тәшкентпен Мәуераннахрды мекендеген тайпа. Эрамыздың екінші ғасырында шығыстан келген Ғұндардан ығысып Мәуераннахрды басып алады. Кейінгі кездерде шығыстан тағы да қаңғар атты бірлестік пайда болып, Көктүріктерден кейін қаңғарлар одағы пайда болады. Қаңлылар Шыңғысхан жорығы кезінде Хорезм империясының ең негізгі әскери күштерінің бірі болған. Сол заманда Мәуераннахрды жәйлаған Түріктің дені қаңлылар болатын. Қазақ даласыныңда көп жерін қаңлылар мекендеген еді. ХХ ғасырдың басында өзбек жерінде 80 мың қаңлы болған, олар: Жизақта 15700, Жамей мен Иштаханда 10500, Галорда 8600, Қатырышта 3500, Ферғанада 8800, Наманганда 14200, Әндижанда 13700, Дароқта 7000 болған. Қаңлылар: сары, қараш, қызлық, бабақ, алтмышық, боқақ руларынан тұрады.

16. Қыпшақ – Шыңғысханнан бұрын үлкен хандық құрған тайпа. Қыпшақтар Х ғасырдан бұрын Саян Алтайды мекендеген тайпалар болатын. Кейін Қазақстанның солтүстік аймақтарына келіп әйгілі Қыпшақ хандығын құрды, териториясы Ертістен бастап батыста Днепрге дейін созылды. Шыңғысхан жорығы кезінде қыпшақтар Ырғыз бойында, онан ары Еділ, Днепр бойында болып моғол әскерлерімен қақтығысады. Тәрізі сол заманда Мәуераннахрдағы Хорезм армиясындада қыпшақтар болған. Өзбек қыпшақтары сол тегіннен осында мекендегендер мен оған Шәйбанимен еріп келген қыпшақтардың бірігуінен құралған деуге болады. Кейінгі Қоқан хандығында да қыпшақтар тіректі әскери күш болған. 1890 жылы Ферғанада 70 мың болса, 1917 жылы 44 мың, 1926 жылы 33600 қыпшақ қалған. Қыпшақтар Әндижан, Нәманганға таралған, 20 ғасырдың басында 127 мың қыпшақ болған. Тәшкент, Сурхандария, Қашқадария, Хорезмгеде таралған. Ауған жерінде қазір 440 мың қыпшақ бар.

17. Қарлық. Қарлықтар Түркі қағанаты кезінде қалыптасқан тайпа. Кейінгі жылдары Жетісу жерінде мемлекет құрған. Шыңғысхан бас көтерген тұста қарлықтар Жетісуда бір түмен адам болып өз еріктерімен бағынды. Юань империясына 60 мың қарлық көшірілген, олар кейін Қытай және басқа ұлттарға сіңіп кетті. XIV ғасырда Моғолстан мемлекетіндегі қарлықтар Мәуераннахрға көшеді. XIX және XX ғасырдың басында қарлықтар Сурхандария облысының Сарысия және Шурчи аудандарындағы Зарафшан өзенінің орта және төменгі жағында өмір сүрді. 1924 деректері бойынша Өзбекстанда шамамен 10 мың адам, Тәжікстан аумағында шамамен 7000 адам өмір сүрді. Кейінірек қарлықтар есімін ұмытып, өзбек және тәжік этносының құрамына кірді. Ауғанстандағы хазарлар арасындада қарлық руы бар.

18. Қытай. ХІ ғасырдан кейін Қиыр Шығыстан келіп мемлекет құрған ел. Қытайлар жылы Иелүй дашының бастауында Жетісуға келіп үлкен мемлекет құрды. 1212 жылы найман ханзадасы Күшлүк Қарақытай тағын тартып алды. Қазақтағы найман арасындағы қытай сол кезде қосылған болуы кәміл. Қыпшақ ішінде қытай қыпшақ руы кейін батысқа кетіп Алтын Ордаға бағынған қытайлар болуы мүмкін, себебі Башқұрт пен Ноғайда да қытай руы бар. 1300 жылдардан кейін Моғолстанда бұрынғы осы өңірдегі мекендеген қытайлар туралы айтылмайды, қытайлар мен қарлықтар Мәуераннахрдан көрінеді, тәрізі моғолдардан ығысып Мәуераннахрға кеткен сияқты. 1870 жылдары Самарханда 45 мың қытай болған. Рулары: қанжығалы, қостамғалы, оратшы.

Бұлардан өзге меркіт, тама, қырық, мың, иүз сияқты рулар да кездеседі.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English