«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Меккеде қалған сүйегі

5491 0
Меккеде қалған сүйегі
Тарих көмбесіндегі тағдырлар. Тұлғалар көрген бақ пен сор. Ғұмыр бәйгесіндегі жеке даралық, ортасынан озық қылған айрықша қабілет

Осындай шағын анықтамалықтар бір бойынан табылатын, біздің қалам ұшына серт болып көптен іліккен, жазылуы да біраз жылдарға кешіккен тақырыптың бірі – ел билеген Бұтабайдың өмір тарихы хақында еді. Үш Байжігіт баласынан мойны асып туған асыл ер Бұтакең жайлы зерттеу, оның аңызы мен ақиқаты астасқан ғұмырын өз шамамызша шаң-тозаңынан арылтып, таза, нақты үлгісін көрсете жазу осы жолғы қадамымызда айқындалмақ.

Әлбетте, біз материалды зерттеу барысында бұған дейінгі жазылған жақсы мақалаларға назар аударамыз, көл-көсір дүниенің ішінен іріктеп, сұрыптап ең таңдаулыларын нысанға аламыз. Осы орайда бізге ауылда өмірінің соңғы жылдарында көзіміз көріп, тілдесіп үлгерген Мұрат ақсақал Тисаұлының ауызша деректері, «Үкілі найза ұстаған үш Байжігіт» еңбегінің авторы Шәкерхан Әзмұхамбетовтің зерттеулері мен қарт қаламгер Асқар Игеннің Бұтабай жайлы тереңінен толғаған құнды қазынасына сүйене әрі хронологиялық реттілікті сақтай отырып жазатын боламыз.

Сатының сайыпқыраны

Айтса сөзі, шапса қылышы өткен, қылған ісі Аллаға жаққан айтулы ер Бұтабай Жондыұлы 1825 жылы теріскей Тарбағатайдың Шілікті жазығында дүниеге келген. Басқа да бір деректер оның 1819 жылы туғанын келтіреді, алайда қазір халық арасында кең таралған, көп айтылған жылға тоқталып отырмыз. Әкесі Жондының есімі осы бертінгі уақытқа дейін «Жүнді» деп қате жазылып келді, белгілі шежіреші Мүсәйіп Сыдықовтың «Саты шежіресінің» 97-бетінде Бұтабайдың әкесінің дұрыс аталуы «Жонды» деп ескі төте жазу шежіресінде жазылғандығы анық. Дұрыс жазылған жазудағы есімің қалайша «Жүнді» болып кеткеніне таңданыс білдірген шежіреші қария ендігі жерде «Жонды» деп атауды ықтияттап тапсырады. Белгілі қайраткер ағамыз Сағынбек Ақанұлының «Ғасыр көші» кітабында осы мәселе талданып, Бұтабай баба өмірі жайлы үзік-үзік оқиғалар баяндалған.

Бұтабайдың ата-тегі Қаракерейден басталады: ол қазақ халқының бас қолбасшысы Қабанбайдың атасы Байжігіттен бөлінеді де, алты Жұмық елінен шыққаны айқындалады. Қазақ-Қытай шекарасының ең шеткі нүктесі саналған Ахметбұлақ ауылының қарт тұрғыны, Бұтабаймен аталас туыс боп келетін көкірегі шежіре қария Мұрат ақсақалмен аз-кем әңгімелесіп қалғанымыз есімізден еш кетпейді. Бұл кісі Жұмықтан бастап таратқан шежіреде Саты-Бұрымбет-Құтымбет болып тарайтынын, Құтымбеттен: Боқай, Тоғай, Кітәт; кенжесі Күшік (Балды) екенін, ал Күшіктен Жандарал, одан Жонды, сосын барып дүниеге Бұтабай келгенін айтып жеткізген. Бір ата, бір анадан Бұтабайдың Зоңқабай, Өкпебай деген екі ағасы өмірге келген, Бұтакең ең кенжесі екен. Мұрат ақсақал осы Зоңқабайдың ұрқы еді.

Шілікті өлкесі

Бұтабайдың әкесі Жондыны Жүнді деп жазып өлкетанушы қаламгер Шәкерхан Әзмұханбетов жақсы деректер келтіреді. Зерттеуіне қарағанда, Жонды екі әйел алған адам болыпты. Елге зәбірі жоқ, едәуір дәулетті бай әрі ел ішінде «Қара би» атанған көшелі кісі екен. Оның үстіне аса байқампаз, сыншылық қабілет бітіпті, бәйбіше үстіне өз жылқышысының қызын екінші жар етіп алады да, одан осы Бұтабай дүниеге келіпті.

Халық арасында «Бұтабайды шешесі қалың бұтаның арасында босаныпты», «баланың ата тегі белгісіз екен», «оны бұтаның арасынан Жонды тауып алыпты» деген сөздердің қисынсыз екені соңғы зерттеулер дәлелденіп келеді.

Заманында Өскембай баласы Құнанбай қандай жігіттің сұлтаны болса, Бұтакең де дала көшпенді дәуірінің толық аяқталып бітпеген кезеңін көзімен көрген, бетті, өжет, қайсар мінезімен өз замандастарының арасынан озық көріне бастаған.

Ол буыны ерте қатып, санасы да ерте толысып, ат жалын тартып мінген шағынан, даулы мәселелер мен билік кесімдеріне, нақтырақ айтқанда 16 жасынан бастап араласқан. Осы кезде жас Бұтабай егде тартқан ел ағасы қожан руының биі Маңқидың билік-кесіміне қарсы уәж айтып көзге түссе, ғасырға жуық жасаған белгілі Боқбасар бимен бірнеше мәрте дау-шарға араласып, бітім жасасыпты. Және бір дерек бойынша ол кезеңдерде саты, сайболатты қамтыған жұмық руларын қожаннан шыққан Ақжол би билеп тұрған, ол кісі әбден қартайған шағында ел тізгінін 25 жастағы Бұтабайға ұстатқан деседі.

Оқи отырыңыз: Көзі тірісінде көр қаздырған

Бұтабайдың ата-тегі жеті атасынан бастап ел билеген, жұрт жұмысын шырқ үйірген деуге келмейді. Он үшінде әкеден жетім қалған Бұтабайдың өз күшімен, ақыл-парасатымен және жеке басының әділ, шешендігімен көзге түсіп, билікке ие болған. Жұмық елін аз ғана уақыт билеген Қамбар төренің ұлы Шотанға кісі салып, билік алуы заманның өлмес мұрасы Әрімжан ақынның жырларында жақсы сипатталған.

Этнография естелігі

1855 жылы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ІІ таққа отыру салтанаты өткені белгілі. Бұл тойға қазақ даласынының әр түкпірінен ел билеушілері мен белгілі қайраткерлер сыйлықтар дайындап, патшалық астанасына аттанып, тапсырғандар көп болған. Сарыарқа қазақтарының өкілдерінің атынан барған ел ағасы, әйгілі күйші Тәттімбет Қазанқапұлы өнерімен көзге түсіп, күміс медаль иеленген екен.

Біздің кейіпкеріміз Бұтабайдың да осы патша салтанатына арнайы тіктірген киіз үйінің жайы елдің ішінде жиі айтылатын әңгіме арқауына айналғалы қашан. Шәкерхан Әзмұханбетұлы мен Асқар Игенұлы секілді зерделі ақсақалдардың көп жылғы зерттеулеріндегі деректерде Александр ІІ патшаның ұлықтау салтанатына Зайсан уезі қазақтарының атынан Бұтакең іші мен сыртын өрнектетіп, қазақ мәдениетінің символы болған киіз үйдің үздік бір үлгісін арнайы дайындатып, сыйға бергені жазылған.

Ол үй ағашының кереге, уық, сықырлауық, шаңырақ, есік, босаға секілді сүйектерін алтынның буына ұстатып, кереге көздерін алтын мен күмістен өріп өткізіп, алуан түрлі айшықпен шытыралатып тұрып жасатқан екен. Мұндай әсемдік пен хас шеберлік үйлескен бірегей 18 қанат ақ орданы ағаштан түйін түйетін үйші, темірден теңге-моншақ соғатын, бұрымбет руынан шыққан Отарбай атты жас зергер жасап шығыпты. Көрген адамдар қалдырған естеліктерге қарағанда, керегенің биік болғаны сонша, алтынмен ысталған әсем уықтарды жігіттер ат үстінен шанышқан екен. Ал киіз үйдің ішкі жабдықтарын – құр, басқұр, жіп-су, үзік, дөдеге, шым-ши, ою-өрнегі келіскен кілем мен тұскиіздің сан түрін көркемдеуші шебер Қалампыр Иісқызы делінеді. Бұл жәдігер, білетіндердің айтуынша, Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақталып тұр.

Ұста Отарбайдың шеберлігі жайлы тағы бір тың дерек, оның қолынан шыққан құнды жәдігерге айналған кісе белдік қазіргі күні Шығыс Қазақстан облыстың этнографиялық музейінде тұр. Бұтабайдың зайыбы Қайсабайға арналып жасалға белдікте уақыты 1901 жылы деп көрсетіліп, «Қайсабайға Отарбайдан» деген жазу өрнектеліпті. Белдіктің сапасы қазіргі күнге дейін жақсы сақталған, асыл тастары түгел орнында. Жоғарыда есімі келтірілген шежіреші Мұрат ақсақалдың үлкен ұлы Хамиттың айтуынша, Қайсабай – Тарбағатай өңірі бойынша қажылық сапарға аттанып, қажы атанған алғашқы әйел адам.

Бұтабайдың зайыбы Қайсабайдың белбеуі

Ақ ордасын патша сарайының алдына тіктіріп, астана тұрғындарының зор қошеметіне бөленіп, ду қол шапалақтауына ие болған қыр шонжары Бұтабайды осы жолы император Зайсан оязының 16 болысына болыстыққа тағайындаған деген дерек кездесіп отыр.

Құнанбаймен қатарлас

ХІХ ғасырда қазақ халқын басқару тәртібі, билеу жүйесі бірнеше мәрте өзгергені тарихтан белгілі жайт. Осы жерден біраз шегініс жасауға тура келіп тұр. 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару туралы жарғының шығуы Орта жүз қазақтарының толықтай отарлануын білдірді. Яғни қазақ халқының Ресей құрамына ерікті-еріксіз түрде қосылуын «300 жыл бойы» деп беретін бірсыдырғы дерекке сүйеніп айта беруге болмайтынын ескерейік. Кіші жүз қазақтарының, оның ішінде орда ханы Әбілқайырдың маңына топтасқан азын-аулақ рулардың Ресейге хат жазып қосылатыны 1731 жылдан басталса да, аталған кіші жүз қазақтары түгелдей қосылды дегенді білдірмейді. Сол секілді Ресей патшалығының қазақ халқын отарлау процесі бірер ғасырға созылды, соның бір айғағы – біз сөз етіп отырған Орта жүз қазақтарының ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресейдің боданы деп қабылдануы. Ең соңында Ұлы жүз қазақтарын 1870-нші жылдарға дейін жазалаушы әскермен қырып-жойып, Әулиеата, Шымкент, Ташкент сияқты бейбіт шаһарларды шабуылдап барып алуы «300 жыл бойғы тәуелділік» сипатына сай келмейді. Осындай ұғым-түсінікті негізге ала отырсақ, Ресей патшалығына Орта жүз қазақтарының бағынуына ғасырға жуық уақыт, ал Ұлы жүз ордасына небары 56 жыл ғана болып есептеледі.

1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарлыққа» сай Орта жүзде хандық билік жойылып, Орта жүз аумағы сырттай 8 округке бөлініп, оларды аға сұлтандар басқаратын жүйеге түсті. Онда әр округке 15-20 болыс ел, бір болысқа 10-12 ауыл, әр ауылға 50-ден дейін шаңырақ (түтін) қараған. «Орта жүздің аға сұлтаны» деп дәріптеліп жүрген Құнанбай шын мәнінде тек Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған. 1849 жылы қазаннан 1852 жылы қазанға дейін айналасы тура үш жылдың ішінде аға сұлтандық мансапты иеленген. Өйткені дала заңына өзгеріс енгізген патшалық жарлықтарға сай осы кезеңдерден бастап әркім өз округінің, болысының съездерімен шектеліп отырған.  

Құнанбайға арналған портрет

Ал 1868 жылы енгізген «Батыс Сібір қазақтарын басқарудың уақытша Ережесі» деп аталатын Ресей патшасының жаңа жарлығы қазақтар арасында «Жаңа Мизам» деп атпен тарады. Осы Ереже бойынша болыстар сайланып қойылатын болды. Халық арасында ежелден-ақ атағы бар, айбыны мен беделі күшті тұлғалар болыстық қызметке тағайындалды. ХХ ғасырдың басында совет үкіметіне дейін Жұмық елі қоныстанған Тарбағатай жері мынадай төрт болысқа бөлінген: 1. Терісайрық болысына негізінен Жұмықтың болат, сайболат, қараша руларының және тоғас елінің атақонысы жатады. 2. Шілікті болысына қожан елі мен бұрымбет рулары кіреді. 3. Маңырақ  болысына сатының өскен елі есенкелді, дәулетбай және қайқы, төлебай елі жатады. 4. Шорға болысына негізінен Тәуке руының атажұрты, Көнші елінің Тарбағатайды мекендеген адамдары кірген.

Тарихи әдебиеттерде «аға сұлтан» деп жазылғанымен, Бұтабайдың аға сұлтан болғаны нақты дерек, архивтік құжат әлі шыққан жоқ. Билік ауқымы, мекендік территориясы мен құзырына қараған халқы жөнінен Құнанбайдан кем түспейтін Бұтабайдың мансабы дәлел ретінде көрсетелік бір жапырақ қағаздың болмауынан болыс деп сипаттап, осы лауазыммен атаймыз. Патшалықтың жарлықтары өзгерген кезеңдерде билікке келгенде 1869 жылы елдегі әкімшілік басқару жүйесі «Жаңа низамның» күшімен жүзеге асты, сондықтан округтік басқарудағы Бұтабай болыстың еңбегі «аға сұлтандық» абыройынан бірде кеміп қалмайды.

Бұтабай ма? Ботабай ма?

1873 жылы шығыстағы ел билеушілерінің өміріне өзгеріс әкелген үлкен оқиға – Тарбағатай, Көкпекті, Зайсан уездері билеушілерінің Ресей патшасы Александр ІІ кездесуі. Кілең ығай мен сығайлар ақ патшаның алдын көруге баратын сапарды бұған дейін «Ақ патшаның алдында» атты мақаламызда олардың патшалық астанасы Петерборда қайда тоқтағанын, кім бастап, қайда апарғандарын, патша сарайындағы салтанатта кім сөз сөйлеп, мақтау естігендерін жазғанбыз. Құрамында он тоғыз адам бар бұл топ астанада Лоренц деген фотографтың кадрына түседі де, кейін бұл жайлы қысқаша ақпарат «Всемирная иллюстрация» журналына басылып жарық көреді.

Оқи отырыңыз: Ақ патшаның алдында

Осы сапарда «Ұлы император», Ресей империясының патшасы Александр ІІ атына көп-көп мадақ айтқан қазақ сұлтаны, төре тұқымы Мұхаммедсұлтан Дайырұлы болса, әке сәлемін жеткізген жас пері Ислам Әлиханұлы еді. Ал бұл сапарға құлқы соқпай әрі денсаулығына байланысты болыс Бұтабай Жондыұлы бармай, өз орнына Ботабай Сегізбайұлын жіберген. «Атымызда айырмашылық жоқ. Жұмық та бір адам үмітімді ақтаса, Ботабай ақтар, Сегізбай бидің қарашаңырағындағы қара тентегі барсын», – деп ұйғарыпты.

Александр ІІ қабылдауында болған қазақтар. Екінші қатарда сол жақтан екінші Ботабай Сегізбайұлы

Біздің кейіпкерімізге аты өте-мөте ұқсас бұл тұлға тегін адам болмаса керек, суреттегі түр тұлғасы мен киім киісіне қарап, өз дәуірінің белді де беделді адамы болғанын аңғару қиын емес. Біздің қызықтырған Ботабай жайлы алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз. «Мұра» журналының 2008 жылғы №5 санында жарияланған «Ақпатша ғұзырында болған арыстың азаматы» атты мақалада билеп отырған аймағы бар болыс Ботабай Петербордағы жиын аяқталған кезде Бұтабайға деп берілген алтын зерлі шен тонын және алтын тегене мен алтын ожауды тиісті адамына табыстағаны жайлы деректер келтіріледі.

Жер таласы

Әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша Тарбағатай ауданы шекаралық аймақ болып атам заманнан танылған және ол ертеректе жасалған орыс-қытай келісімі бойынша Тарбағатай-Зайсан аумағы, Алтайдың соған жалғас бергі беті, Көкпектінің жазығы мекендеген халқымен қоса Қытай еліне қараған.

1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындауға арналған келісімі «Петербург шарты» деген атпен белгілі. Қытайдағы мұсылмандар көтерілісінің қол астындағы ұлт аймақтарына қанат жаюынан сескенген Ресей 1871 жылы қазақ жеріне жақын Іле аймағын басып алады да, Қытай Шыңжаңдағы көтерілісті басқаннан кейін Ресейге Ілені қайтару туралы талап қояды. Екі ел арасындағы ұзаққа созылған дипломатиялық келіссөздерден кейін 1881 жылы 12 ақпанда екі жақ Петербург шартына келіседі.

Келіссөздер барысында патша өкіметі «жерлері дұрыс бөлінбеген қазақ рулары тұтасымен Ресей бодандығында болу керек» екендігін дәлелдеу арқылы Зайсан мен Қара Ертіс аумағындағы шекараны Ресейдің пайдасына қайта белгілеуге қол жеткізеді. Шекара сызығы Қара Ертістің Күйтін тауларынан Сауыр жоталарына қарай кесіп өтетін болады.

Тарбағатай таулары

Орқашар мен Қарлығаш биігі, Қобық пен Қызылқияны екіге жарған шекара сызығы Тарбағатай тауының қыр үстінен жүріп өтті. Жер атауларының алғашқылары арғы бетке қарады да, екінші аталғандары Ресейге бағынды. Бұл бір тауды ен жайлап, қыстауы арғы бет, жайлауы бергі жақ болған елге, оны басқарған ақылды адамдар үшін сын сағаты соққан кезең еді.

Зайсан уезінің болысы ретінде ат үстіндегі Бұтабай мұндағы найман-керей руларының қытайға бағынуын жөн көрмеген, таңдауды ақ патшаның құзырына қалдырған. Бұтабайдың дала дипломатиясына жүйріктігі деп оның екі алып империяның да тілін тауып, елін аздырмай, жұртын тоздырмай, Ресейдің Александр ІІ алтын зерлі шапан кисе, Қытай басшыларынан жазықсыз жазаланған жылқышысы үшін алтын тон өндіріп алғанын айтсақ та болады.

Арыстың бейнесі

Орта жүз еліндегі сөзге есе бермес кей жиындарда «Кім едің сонша? Найманның Бұтабайы, не Тобықтының Құнанбайы, әлде Арғынның Алшынбайысың ба?» деген асқақ сөз айтылады. Бұл үш тарихи тұлғаның биіктігі мен теңдес, иықтас жандар болғанын білдірсе, көп ретте Құнанбайдың «Алдымен Бұтакем сөйлесін, кесімін айтсын» деп көтермелеуі қиын-қыстау кездері бір-біріне демеу болған әзіз адамдар екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Қарқаралының аға сұлтаны

Бұтабайдың кескін-келбеті мен адами қасиеті жайлы деректер де тым сараң сөйлейді. «Жұлдыз» журналы 1993 жылы №6 санына Абайдың тете інісі, Ысқақтың немересі Әрхам Кәкітайұлының жазбасында «Көктұма» съезінде Абай төбе би болып, қасына ақылшы би етіп Бұтабайды тағайындағаны Мүсірәлі Қожанұлы деген ақсақалдың әңгімесін келтірген:

 «...Сол съезде Абай төбе би болды. Қасына ақылшы би ғып Найман Байжігіт руынан шыққан Бұтабай деген адамды алды. Бұтабай орта бойлы, қызыл шырайлы адам екен. Жасы Абайдан аздап үлкен болса керек. Жетісу облысына қарайтын елдің көбі Найман руы Садыр, Матай, Қодан деп аталады. Семей облысына қарайтын Өскемен, Зайсан ояздары да Найман руы екен. Абай басқарған бұл екі болыстың съезі неше жылғы лаң болып келген даулы жұмыстарды бітірді. Бұтабай Абайдың нұсқауынан бас тартқан жоқ. Тобықты, Уақ, Керейлердің жұмысын Абай ылғи Бұтабай алдына жіберіп, бітім жасатып отырды», – деп жазады.

ХІХ ғасырдағы билер соты, Семей өңірі  

Біржанмен айтысқан Сара ақын руының аты көпке жайылған 63 адамының атын атайды, осы ретте Бұтабайдың есімі алдыңғы қатарда еске алуымен оның атақ-абыройын, беделін көтере дәріптейді:

«Бұтабай, Қоңыр батыр, құт Шаянбай,

Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай,

Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,

Қаласың жетпек түгіл бір таянбай».

Ел мен жерге құт болған Шаянбай болыс пен аға сұлтан Бұтабай есімдері айтыс арқауының алтын діңгегіндей дара аталады. Ал ақын Арғынбек Апашбайұлы толғауларында:

Болғанда үш байжігіт, алты жұмық,

Бұтабай тау басынан болған ұлық.

Құт Шаянбай, би Сасан, батыр Кенже,

Жаралған ерлер еді бағы тұнық, – деп келтіріледі.

Өз өлең-жырларына Бұтабай есімін көп қосып, оның елге еткен еңбегін, жұртқа қылған жақсылығын айтып жеткізген ақын – Әрімжан Жанұзақұлы. 1924 жылы қайтыс болған Зейнолла болысқа арналған «Жәжең жоқтауында» ол «Ғадыл болып тұсында Сусыны жұрттың қаныпты», «Жұртын жауға бермеген, Дұшпанға қолын сермеген, Ақ көңіл, әділ, данышпан, қазақты бөтен көрмеген» «Атыңды білген әр дуан,  Көз жасыммен бет жуам» деп Бұтабай бейнесін көркем кестелейді.

Қасиетті сапар

Тарихи еңбектерде Бұтабайдың қажылыққа екі рет барғаны кейде жазылып, кейде жазыла бермейді. Әйгілі Сара ақын «Бұтабай, Шаянбаймен екі құтты» деп жырға қосқандай, «ұрқынан сегіз адам қажы барған» бірі Шаянбайдың ұлы Төгіс болса, Бұтакең де қажылыққа барған уақыттары: 1874 және 1895 жылдар.

«Өткен күнде белгі бар» кітабында белгілі қайраткер, кезінде Шілікті совхозын басқарған Қалым Құнафиянов «Бұтабай қажы бірінші рет 1874 жылы бәйбішесімен бірге қажыға барады» деп жаза отырып, жоғарыда айтып кеткен Қайсабай анамызды «Бұтабайдың бәйбішесі – осы өңірден қажыға әйел жынысынан барған, қажы атанған тұңғыш әйел адам» деп дерегімізді растай түседі.

Бұтабайдың алғашқы қажылығы сапарында Құнанбай да, Дала өлкесінен жүзден астам белді ақсақалдар Мекке, Мәдине шаһарларында бас қосады. Бұрын қажылыққа бармаған, алғаш рет табаны тиіп тұрған қазақтарға таңырқаған шетелдік адамдар аз болмапты. Сондай бір тосын оқиғаны әулие атамыз Мәшһүр Жүсіп былай әңгімелейді:

«Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік һәр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байқұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой.

Меккедегі Қағба

Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі: «– Бұлар мәскүптік, мен мәскүп кісісімін» деп, сарт дәлелі: «–Бұлар Бұқар тіл, мен Бұқар тіл кісісімін» деп. Меке бастығын – шәриф, Мәдине бастығын – шайқы дейді екен. Екі шәрифтің шәрифтері, шайқылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты: «– Сіздер мәскүпдіксіздер ме, Бұқар тілсіздер ме?» – деп. Сонда қажыбасы Құнанбай екен. Ол кісі сөйлепті:

«– Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз!» – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты».

Ақтық дем

Қажылық туралы болғанда Бұтабайдың алғашқысынан гөрі екінші, соңғы сапары көп маңызға ие. Оның себебі, бала кезінде кезігіп бата берген ақсақалдың сәуегейлігінің орындалуы мен ақтық сапарға кеп саяды. Шығыста «Боздың көлі» деп есімі құрметтеп қойылған Боз қария Бұтабайға:

– А, Құдайым оңдасын,

Сексен түйең боталап,

Сегіз келін қомдасын.

Үкімің ассын жекеге,

Сүйегің кетсін Меккеге, – деп бата беріпті деседі. Мұны білетін Бұтакең қартайған шағында қажылыққа баруға бекемденіп, жаз жайлауында керей, уақ, арғын, найман елінің игі жақсыларын шақырып, ел-жұртымен біржолата қоштасып, тіпті жаназасын шығарып аттанған екен.

Ардақты ел арысының ақтық сапары жайлы «Алла тілегін қабыл етсе керек, ертесі тан намазына ұйып отырғанда, сәждеден басын көтермеген күйі жүріп кетеді де, бірге барған қажышылармен қасындағы серігі бұрымбет Ошақбай қажы Бұтабай қажының артқы жұмысын тындырып, Меккеде оқуда жүрген Ғабдырахман Сыпырындыұлы мен қажылар Бұтабайды Меккеде жерлеп, о дүниеге аттандырған» деп жазады Асқар Игенұлы.

Оқи отырыңыз: Зейнолла кесенесі – сәулет үздігі

Бұтакеңнің дүниеден қайтқанын естіген «Меркіттің құлашегірі» Жәке би көңіл білдіре келіп:

– Ұшырған ұям Байжігіт.

Ұстазым менің Бұтабай.

Бәйтерек көлге жығылып,

Түбінде қалдық бұтадай.

Құзардан қулап қара нар.

Қорада жүрміз ботадай.

Сарындаған дауысыңды,

Тасыңдаған ақылыңды,

Сағындым сені, Бұтабай! – деп жоқтау айтқан екен.

Зейнолла кесенесі

Бұтабайдан Әзібай, Зейнолла, Жолдыбай, Жұртбай, Шолақ (Шерияздан), Қали туған, ал қызының аты –Қарашаш. Әзібайы Жалшиде, Зейнолласы Шіліктіде болыс болып сайланады. Шығыстың шеткі нүктесіне қызыл қылышын жалаңдатып совет үкіметі келгенше ел билеген Зейнолла – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен хат жазысып, хабар алысқан адам, орыс алпауыты Сорокиндермен айқасып, оның Шілікті өлкесіне қоныстануына қарсылық танытып, ақырында жеңіп шыққан ерекше тұлға.

Бұтабайдың ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысының аудандарына, Өскемен, Семей, Алматы және Астана қалаларына, Қытайдың Тарбағатай аймағының Дөрбілжін, Толы аудандарына бытырай қоныстанған.

Жұмықтың саты ұрпағынан Зайсан уезін қырық жыл билеп, Орта жүз жиындарында төбе би болған, Ресей мен Қытай арасындағы әр қилы мәселелерде көзге түсіп тарихта қалған айтулы ер, көсем басшы, майталман мәмілегер, дарынды өнерпаз Бұтабай Жондыұлының өмір тарихына үңіліп көрдік. Біздің бұл тақырыптағы ізденісіміз тоқтамайды, Бұтакеңнің күйшілігі мен ұрпақтары кешкен тағдыр жайлы да жазу бөлек әңгіменің жүгі.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English