«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Көзі тірісінде көр қаздырған

16406 0
Көзі тірісінде көр қаздырған
Тасыр да тасмаңдай ғасырдың дауылды, жауынды жылдарында өмір сүргенімен, саясат құйынынан аты да, заты да саналы түрде өшіріліп, тарихтың көмбесіне көміліп қалған тұлғалар аз ба қазақта

Әсіресе, дін ұстаған, иман жолын меңзеген қазақ оқымыстылары көп азап шекті. Бала оқытып, қара танытып, исламның бес парызын бекем орындап, соңғы қажылық сапарын да өтеген діни қайраткерлер тағдыры қалайда қалам тербеуге тұрарлық. Дін екен деп, дүниенің ісінен бас тартатын фанаттық деңгейдегі емес, елдің аумалы-төкпелі дәуіріндегі жағдайына жанашырлық көрсетіп, қажет кезде жол нұсқап, дұрыс бағыттай алған көрегендікке, әулиелікке жақын сипатқа ие адамдар ісі ғибрат алардай, өнеге тұтардай. Біздің шығыста, әлемдік археология тарихына Патшалар қорымы деп кірген киелі Шілікті даласында ғұмыр кешкен ерекше тағдыр иесінің бірі – Қоңыр Мәжитұлы.

Тарбағатай тектілері

Қазақ ауылдарының мызғымас біртұтас жүйесін тас-талқан етіп, бай мен кедей деп қолдан екі тап жасап қырқыстырып қойған совет үкіметі орныққанға дейін елағасы, сөз бастаған шешен, дау-жанжалды бір ауыз сөзбен шешкен би, халық соты Қоңыр қажының мұқым өмірі өнегеге толы. Оның саналы ғұмырында екі жүйенің қыспағында өткені сияқты екі алып империяның шекарасын бірдей көргені халық жанашыры, ел қамын ойлаған қайраткер тұлғасын биіктете түседі. Сонымен «Қоңыр қажы өз халқына қандай жақсылық жасады? Оның есімінің ұрпақтан ұрпаққа бойтұмардай ілтифатпен жетіп келе жатқан себебі неде? Оның өміріндегі адам қызығарлықтай құбылыстар несімен ерекшеленеді?» деген сауалдарға жауап беру үшін қолға қалам ұстадық.

Ел аузында сақталған ескі сөздерге қарағанда, Қоңырдың шын есімі Оразай делінеді. Оған қатысты деректердің барлығында да Оразай есімі жақша ішінде беріліп, бірге жазылып жүр. Қоңыр атамыз тұқымынан қаракөк еді, арғы бабасынан өз әкесіне дейін елге ақыл айтқан, сөзін өткізген белгілі тұлғалар болыпты. Әкесі Мәжит Маңқиұлы – ХIX ғасырда өмір сүрген ел қадірлісі. Мәжиттің есімі 1873 жылғы 7 қаңтарда Санкт-Петербургте II Александр патшаның қабылдауында болған Зайсан және Алтай қазақтары депутациясының құрамында кездеседі. Патша қабылдаған ел арыстары Петербор қаласын аралап, мәдени орындарымен танысады, кейіннен тарихи фотосуретке түседі. Бұл сурет және оның түсіндірме мәтінінде «Мәжит Монкин Тарбағатай елі Шілікті болысының биі» деп көрсетіліп, «Всемирная иллюстрация» жинағының 9-томында басылып шығады.

Мәжит Маңқиұлы – Тарбағатай тектілерінің арасынан алғашқылардың бірі болып қажылыққа барған адам. Қожан баласы Есенғұлдың арыстандай үш ұлы Алыбай, Нұрбай, Жанбайынан шыққан Сая Құнақбайұлы, Қақа Сартжанұлы қатарлы кісілермен бірге Мәжит қасиетті сапарға 1878 жылдары барған деседі. Бес парыздың соңғысын адал атқарып, қажы атанған олар қайтар кезінде оба ауруына ұшырап, сондағы 200-дей қазақ қажысы түгелінің сүйегі Мекке даласында қалады. Қажылықтан аман қайтпаған.

«Әкесі Мәжит, Маңқи, Есенәлі,

Жатушы еді Шілікке сыймай малы» деп шығыстың сол замандағы жұлдызды ақыны Әрімжан Жанұзақұлы жырға қосқандай, байлық пен биліктен кенде болмаған әулеттің керім сипаты жалғыз ауыз өлеңге сыйып тұр.

Оқи отырыңыз: Ақ патшаның алдында

Қоңыр шыққан ел найманның өз кіндігінен тарайтын алты жұмықтың іргелі руы Қожан болатын, олардың атақонысы Барқытбелдің теріскейі мен күнгейін қатар жайлайтын. Қожан елінің атамекені түстікте Жайсаң, Маңырақ, Алыбайдың Ақшиі; Ұзынбұлақ, Кәкен, Талды, Шілік, Қоңырдың Жалшиі болса, арғы бетте Дөрбілжін ауданына қарасты Қотанашы Қожыр, Қобық ауданында Сауыр, Тепкі, Текпенсу, Ауызши деп қарастырылады. Шекара бойы елдерінің тағдыр-тарихының ұқсастығы сияқты Қожандар 1700 жылдан 1944 жылға дейін түрлі тарихи себептерге байланысты қазіргі Қазақстан мен Қытай – екі елдің арасында көшіп-қонып, аумалы-төкпелі заманды басынан өткерген. Тек еліміз азат болғаннан кейін ғана тыныштық заман орнап, баянды бейбіт тіршілігін бастаған.

Ойын баласы Оразай

Көне дәуірде патшалар ордасын тікке қасиетті өлке Шіліктінің аңыз даласында, Қарасай деп аталатын жерінде 1869 жылы Мәжиттің шаңырағында ұл бала дүниеге келеді, оған азан шақырып, Оразай деп ат қояды. Кейіпкеріміздің замандасы Әрімжан Жанұзақұлы жайлы ой толғаған белгілі ғалым Кенжехан Матыжан: «Ақынның дүниеге келген заманы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы – көшпелі өмірдің қаймағы іріп, орыс отаршылдығының Тарбағатай төсіне де қанды шеңгелін салып, Қытаймен таласа-тармаса тас бауырына баса бастаған кезі» деп жазады. Осындай алмағайып заманда балалық шағы өткен Оразайдың ойын баласы болып көшпелі дәуірдің соңғы кезеңдерін бастан кешірді, атаға біткен байлық пен биліктің арқасында таршылық көрмей, ат үстінде қызық дәурен сүріп, бозбалалық құрғаны ақиқат.

Арғы да бергі беті бірдей жақын боп отырған елдің оқу мен білімге көп ықылас, құлық таныта қоймағаны белгілі. Қоңырды бала кезінде медреседе білім алған дейді, бірақ ол қай медресе, қашан оқыды, қалай оқыды деген сауалдардың әзірге басы ашық. Алқалы топта сөзден есе жібермей, қалың елдің намысын жырта сөйлеп, байсалды ой толғап, діни-философиялық түйінді тұжырымдар айта алғанына қарағанда, сол кезеңде қазақ даласына жаппай тараған жәдиттік білім арнасынан сусындағанын аңғаруға болатындай.

Шежіренің шешені

Қоңыр – ең алдымен сұңғыла шежіреші. Сан ғасырдың жүзін аударған тарих көшінің білгірі ретінде оның бұл қабілетін ел-жұрты ерекше қадірлеген. Шежірешілдік – қазақ арасына кең жайылған құбылыс, ру мен рудың, ел мен елдің атам заманғы тағдыр-тарихын қолмен ұстап, көзбен көргендей жеткізіп беретін көшелі тұлғаның орны да төр болып саналған. Тарихшы ғалым Мақсат Алпысбестің жазуына қарағанда, шежіренің маңызы мынадан көрінеді: «Өткен тарихқа үңілу ұлттың қазіргі жайы мен болашақ жағдайын байқауға жол ашады. Біздің тарих ғылымында қашан да болсын өзектілігін жоймайтын мәселенің бірі қазақ шежірелері болмақ. Шежіре дәстүрі – зерттеулер көрсетіп отырғандай, ауызша мәдениеттің негізі. Бірақ шежірелер әр түрлі тарихи уақытта жазба үлгілесінде де болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, өткен ғасыр басында қария сөз үлгілерді жинап, шежірелік тарих жазып еңбек еткен Шоқан, Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали Халид, Шәкерім, Нұржан Наушабай сынды қазақ авторлары халықтың тарихи мұрасының сақталуына ден қойып, шежірелердің жазба нұсқаларын хаттап, баспалардан жариялағаны белгілі».

1905 жылы Қазақстан шежіре жазу қоғамының мүшесі болып қабылданған Қоңыр шежіре ісімен мақсатты түрде шұғылданған. 1943 жылы үш жүзден тартып жұмық шежіресін жазып шығады. Зерттеуші ұстаз Е. Құранбаев Қоңыр қажының шежіре жазғанын және ол жазбаның әлі табылмай отырғанына біраз жылдар бойы өкініш білдіріп келген. Біреу болмаса біреуден шықса деген тарихшының үміті әлі де сөнген емес. 2017 жылдың соңғы айында Қытайдың Үрімжі қаласына сапарлап барған жолымызда қажыға туыс ұрпақтарынан ол шежіренің Қытай қазақтарының арасында кең таралғанын, түпнұсқаны қажының немересі Қызыр Солтанұлы ақсақал сақтап отырғанын естіп білдік. Аталған шежіре нұсқасының қолымызға тимеуі себепті бұл тақырыпты осымен тәмамдап, тарихи тұлғаның ел білетін-білмейтін өзге қырлары ашуға талпынып көрмекпіз.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қоңыр Мәжитұлы 40 жасында, яғни 1908 жылы қажылыққа барған. Бұл әке ізімен жалғасқан, дәстүрге сабақтасқан ғажайып үлгі. Зерттеушілер Тарбағатай қажыларының екінші толқыны деп осы кісілерді жатқызып жүр. Патша заманының соңғы кезеңдеріне дейін Қоңыр есімі өңірдегі билік жүйесінде халыққа жағымды әрекет етуімен бірге сот саласында да ағайын арасындағы дау-шарлар мен жанжалдардың бейбіт шешудің, бітістірудің қарекетінде де тапқыр, әділ қайраткерлігімен танылады.

Тарбағатайдағы Шілікті болысының соңғы болысы Зейнолла Бұтабайұлы 1924 жылы қайтыс болған соң, болыстыққа кандидат ретінде тіркеледі. Бұл кез – қылышынан қан тамған совет үкіметінің ақтарды жазалауды сылтау етіп қазақ ауылдарын да аяусыз шапқылап, тонап, ел ішін ала тайдай бүлдірген тұс. Шекара бойындағы елдің алып державалардың қақпақыл ойынына түсіп, ары да бері сапырылысып, «басқа түссе баспақшылдың» кебін құшып, бас  сауғалайды. Ел-жұрттың басына түскен ауыр хал халық қамқоры Қоңырды айналып өтпейді.

Оқи отырыңыз: Зейнолла кесенесі – сәулет үздігі

Әсіресе 1928 жылғы қандықол Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығы елге жаппай күйзеліс әкелгені баршаға мәлім. Осы тұста Қоңыр қажы Шілікті халқын аман сақтап қалу үшін, ел-жұртқа бас болады. Шағаноба өзенінен Саршиге дейін жететін 35 шақырымдық тоғанды қолмен қаздырады. Бұрын-соңды болмаған осындай жұмысқа қатысқан адамдарды өзінің малымен тамақтандырады. Ортаққа беріп малдан айырылғанша, оны туған халқының игілігіне айналдыруды ойлайды. Ғасырлық шаруаны абыроймен аяқтаған ол ұйымдастырушы ақыл иесі ретінде халықтың ықыласына да ие болады. Шілікті халқының егін егіп, тартылған тоғаннан мал суарып, ашаршылықтан басқа жердегідей жаппай емес, аман өтуіне сіңірген Қоңыр қажының халықтық еңбегі ұмытылмауға тиіс.

Қияметтің ісі

Қоңыр Мәжитұлы заманында ел билеген, аға сұлтан дәрежесіндегі Бұтабай, оның ұлы Зейнолла болыспен, Сиырбай қажы, Ақыш қажы, Қыдырмолла болыс, басқа да шығыстағы ел ардақтыларымен сыйласып өткен. Ел мен жерді қызғыштай қорып, көздің қарашығындай сақтау жолында үлкен қамқорлық танытқан тұлға советтік заманның қату қабағына кез болып, қуғындауға түседі. Қазақ өлкесін сол кезеңде басқарған «қужақ» Филип Голощекиннің колхозға адамдарды зорлап тарту саясаты кезіндегі «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды сойқанын астарлап ұққан бабамыз көзінің тірісінде, қолында мал-жаны тұрғанда өзіне қияметтің ісі – зират тұрғызады. Бұл сол кездегі дәулетті адамдар салтына да жататын іс еді, алайда бұл «шаш ал десе бас алатын» жендеттердің дәуірлеген кезеңінде амалсыздан жасалған қадам болып саналды. Кеудесінен ақық жаны шықпай жатып мола салдырып, зират соқтыру бұл кезеңдегі қатарлас өмір сүрген әулие Мәшһүр Жүсіптің өмірінен де белгілі жайт.

Мәшһүр атаның әулиелігі жөнінде Сүйіндік Көпеев «Ғұлама ғұмыры» кітабындағы «Мәшһүр Жүсіп өз бейітін өзі салдырды» атты естелігінде: «Әуелі жатар орнын дайындатады. Үлкен келіні Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады. Енін, ұзындығын, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң, көңілі әлдебірдемеге дауаламағандай тағы да біраз тереңдеу керектігін айтады. Күндегі әдетінше, ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да дұға етеді» деген үзінділер келтіріледі.

Жарықтық өзіне-өзі дұға оқып жүріп, «Көпейұлы Жүсіпке құдай рахмет айласын» деп, сақ-сақ күледі екен де: «Маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына туар «тұрымтай тұсына» заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер, көресіздер де көнесіздер», – дейді екен. Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп бабамыз 1931 жылдың күз айында дүние салады. Бұл қазақ еліне 1923 жылғы дүрбелең болып басталып, 1931-1932 жылға адам қырғынымен, аштықпен аяқталған, көз жасы құрғамаған қасіретті жылдар еді ғой.

Қазіргі кезде оқыс оқиға ретінде бағаланатын мұндай тосын жайттар бертінге дейін сақталды. Мысалы, Алаш қайраткерлерінің жоқтаушысы, коммунизмге қарсы күрескер Хасен Өралтайдың да Түркияда жататын көрін алдын ала дайындағаны жайлы деректі профессор ұстазымыз Тұрсын аға Жұртбай талай әңгімелеп берген. Әкесі Қалибек Хәкімнің жанындағы бос орын өзінікі екенін көрсетіп тұрып айтқан қайраткердің бұл әрекетіне профессор қатты таңырқағанын «Жолы болған жолаушы» атты деректі кітабында жазады. 

Әулие Мәшһүр Жүсіп сияқты көзінің тірісінде зират тұрғызған Қоңыр Мәжитұлының бұл әрекеті өзіне сор болып жабысады. Өкініштісі сол, совет үкіметінің құйыршықтары қажыны зират тұрызды деп, түрмеге жабады. Халық үшін сіңірген еңбегі арқасында одан босап шықанымен, өмірінен тыныштық кетеді. Мұның соңы Қоңыр қажының 1930 жылы Қытай еліне кетуіне ұласады. Атамыз кетерінде «Иә, Алла, Жаратқан Ием! Өзіме арнап салдырған мекенімді өзіме бұйырта гөр. Жат жерде сүйегімді қалтыра көрме» деген тілеумен аттанған екен» дейді ел әңгімелері.

«Жұмықтың қыран шаһибазы»

Тарбағатай игі жақсыларының бәрін өлеңге сыйғызған Әрімжан Жанұзақұлы тарихи дерегі басым, нақты оқиғаларды суреттейтін мазмұнды, құнды жырларында, әсіресе «Жәжең» атанған Зейнолла Бұтабайұлына арнаған ұзақ толғауында Қоңыр қажының есімін ерекше ілтипатпен атайды. Ақын өз жырларында Тарбағатай тектілерін бір ауыз сөзбен сипаттап, мұқым байжігіт мықтыларын жақсы істері болса, мадақтай да, кемшілігі көрініп тұрса сынай да біледі. «Сөйлесе Қоңыр еседі, Осылай болсын деседі» деп біздің кейіпкеріміз Қоңыр қажының әр алуан мінез-қылықтарын да сөз семсеріне алады.

«Терісайрық жатыр бұлданып,

Бұрыннан жүрген тұлданып.

Ақыл алып тұрады

Қоңырмен жеңнен ұрланып» деген Әрімжан ел басқарған болыс-билердің жең ұшымен жалғасып па, жұрт көзінше ақылдасып па, әйтеуір Қоңырдың ақылына, шешіміне жүгініп отыратынын тілге тиек етеді.

Оқи отырыңыз: Таңғыттың тағдыры

Шығыс өңірінде Таңғыт үкірдайдың әкесі, ел жақсысы Еңсе қажының дүниеден өткеніне жыл толуына орай ас өткізіліп, ондағы балуандар бәсекесінде даңқты Молдабаймен арысқа Әбділдабек болыстың түскені жайлы әңгіме аңыз болып тараған. Бүкіл елге сайын айтып, ат шаптырып, даңқы көпке жайылған айтулы асқа алты жұмықтың намысын қорғау үшін Әбділдабекті Қоңыр қажы алып барғаны айтылады. Бұл жайлы Әрімжан ақын:

«Сонда атқа мінгестірді Қоңыр қажы,

Жұмықтың ол да қыран шаһибазы.

Жарқылдап сары жорғамен алып шықты

Түскен соң нақ майданға дауылпазы», – деп жырлайды.

Ақынның дуалы аузынан Ақыш, Зейнолла және Қоңыр есімі бірдей аталып, бірдей ұлықталады. «Ақыш пен Қоңыр қажымыз, Зейнолла еді-ау нарымыз. Басында бақ тұрғанда Осылар қолда барымыз. Өз тұсында еркіндеп, Сөйлейтін солар ханымыз» деп бір екпіндесе, «Ақыш, Қоңыр, Зейнолла, Жұмыққа қорған, елге бас» деп ел үшін еңбек еткен ерлердің жақсылығын ұмытпай жырға қосады.

Әрімжан ақын тағы бірде:

«Қожаннан шығып еді Қоңыр қажы,

Жақсының білінбейді көп пен азы.

Секілді болат пышақ көзеледі,

Болып тұр осы күнде нашар халі» дейді. Мұнысы сол біз жоғарыда жазып өткеніміздей, советтік зобалаңның тұсындағы Қоңырдың жағдайына келіңкірейді. Ақын Қоңыр қажыдан гөрі, оның ұлы Солтанмен жақсы араласқан, Әрімжан Солтанның ұстазы саналған. «Солтан Мәжитпен қайта жолығу» деген өлеңінде Гоминдаң түрмесінен шығып, ата-анасын бір көруге зар болған Солтанды әрі жұбата отырып, әрі өткен-кеткне тарихты қозғай отырып, сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігінен хабардар етеді.

«Мәжиттің Қоңыр ұлы, әкең қажы,

Сатыға қадірлі еді қылған назы.

Екі атаң қажылыққа бірдей барып,

Меккеден бақыт қонып киген тәжі» дейді осы өлеңде ақын.

Арыстың ақыры

Қажының «туған жерімде өлсем» деген тілеуі қабыл болады. 1943 жылы совет үкіметі оның колхоз құрылысының бастапқы кезеңіндегі атқарған шаруаларын ескеріп, елге қайта қайтуға рұқсат береді. Өкініштісі, қажының туған жердегі ғұмыры ұзақ болмайды. 1945 жылы даңғыл шежіреші, халық сайлаған би, қажы, қадірменді ақсақал Қоңыр Мәжитұлы 76 жасында өмірден озып, өзі салдырған Саршидегі зиратынан топырақ бұйырады. Ол ұлы әкесі Маңқидың қасында мәңгілік дамылдап жатыр.

Мәжиттің Қоңырдан өзге балаларының есімдері: Әмір, Қамза, Сүлеймен, Қали, Омармолла, қыздары: Зейнеп, Зейне, Қайша, Айша. Ағайынды бұлардың арасынан Қоңырдың аты ғана жақсы шығып, өзгелері жайлы тарихи деректер тым тапшы болып келеді. Ал қажының өз кіндігінен Нұрмұқамбет (Мұқаш), Мұқаметқали (Шүкей), Мұқаметқанапия (Қанапия), Нұрғазы, Қабылғазы, Мұстафа, Айып, Айтжан, Айтмұқамбет, Сейітхан, Солтан деп аталатын 11 ұлы болған. Қиын-қыстау заманда Қытай асқан ұрпақтары сол жақта өсіп-өніп, қызмет етіп, дүреген. Осылардың ішіндегі ең кенжесі Солтан Мәжит елдің белгілі адамы болып қалыптасты.

Солтан Қоңырұлы 1912 жылы теріскей Тарбағатайдың Қызыл Шілік деген жерінде туған. Ескіше оқып білген, 13 жасынан бастап аты әйгілі халық ақыны Әрімжанға шәкірт болған. 1945 жылға дейін ол құлшына үйрене жүріп Алтай-Тарбағатай даласында ән салып, күй тартып жүріп жүрегінен орын алған. «Қалың мал», «Ер Тарғын»  операларына және «Құмдағы күрес», «Мәңгі достық, «Тянь-Шань қызыл гүлі» фильмдерінде өз рөлін шеберлікпен ойнаған. «Арқалық батыр, «Ағаш ат», Бақтиярдың қырық бұтағы», «Сайра маңызы, домбыра шаттығы» сынды халық дастандарын, «Әсет пен Рысжанның айтысын» жатқа айтатын ақпа ақын, төкпе жыршы ретінде танымал. Солтан Мәжит 1982 жылы 70 жасында қайтыс болған. Зираты Іледе жатыр.

Ғасыр көшіндегі ғибрат 

Жылы белгісіз, бірақ шамалауымызша, совет үкіметі орнағанға дейінгі кезеңде елдің игі жақсылары бас қосқан бір жиында «Адамға не серік? Тентек нешеу? Өкініш не?» деген сауалдардың мәні мен маңызы жайында  ой өрбіпті. Жиында отырған Қоңыр бабамыз басындағы тақиясын, бір киіп, бір шешіп, қолына алып отырыпты. Ғибратты сөз айтарда қажының осындай әдеті бар екен. Оны білетін жұрт үнсіз тыңдапты дейді. 

Сонда Қоңыр қажы:

«Әр адамда үш серік, төрт тентек, екі өкініш болады.

Үш серік ол: ғылым мен өнер, адамның құдай қосқан жары. Алдымен – ғылым серік. Оқып, зердеңе жиғаныңды өзің біреуді тәрбиелеп оқытып, білгеніңді айтпасаң, оны сенен ешкім тартып ала алмайды. Екінші – өнер серік. Оны да ешкім ұрлап та, тартып та ала алмайды. Бұл екеуі мінерге ат, ішерге ас болады. Үшінші – жар серік. Әйелі өлсе, қаңғырып басы ер қалады. Ері өлсе, аңырап, боздап әйелі қалады. 

Оқи отырыңыз: Алаш жолымен

Төрт тентек дегеніміз: бірінші – көз тентек. Жанары өшіп, бойынан жаны шықпай адамның көзі тоймайды. Екінші – көңіл тентек. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деп бекер айтылмаған. Бұлтқа мініп, жайды қамшы етіп дүниені айналғың келеді. Үшінші тентек – өмір. Кеше туған баласың, қайда кетіп барасың? О, дариға, 25-те қайратың толық, ақылың кемшін, 40-та ақылың толық, қайратың 25 жастағыдай емес. Балалық, бозбалалық, жігіттік дәуренге қайта бір оралтпай зыр етіп, қариялық деген келместің кемесіне әкеп мінгізеді. Қамшының қысқа сабындай болып, зыр етіп өткен өмірден өкінішің мен маңдайыңа жазған сыбаға-сыйыңды көрген түстей еншілеп аттанып кете барасың. Төртінші тентек – өлім. Кәрінің кәрілігін сыйлап, ұялмайды. Жастың жастығын аяп, қаймықпай кеселімен, дертімен жалаңдап келеді. 

Екі өкініш дегенім: біріншісі – онсыз да қысқа өмірдің жартысын көріп, жартысын көрмей, ұйқымен өткізесің. Екіншісі – қолыңдағы байлық. Ол шың басындағы қырау сияқты, күн жылт етсе еріп жоқ болады. Ал бақпен келген билік – киім етегіндегі шаң сияқты, қағып қалсаң ұшып кетіп, жоқ болады», – деген екен. Бұл жолдарды біз Қр мәдениет қайраткері, өңір тарихының білгір маманы Сағынбек Ақанұлының «Тарбағатай. Ғасыр көші» атты кітабынан кезіктірдік. 

Осындай мағыналы ғұмыр кешіп, тағылымды сөз қалтырған Қоңыр қажы Мәжитұлының сан қырлы таланты оның асқан домбырашылығымен де ерекшеленеді. Оның «Бозторғай», «Бұлбұл», «Кермарал», «Қарлығаш», т.б. күйлері халық арасына таралған. «Қазақ» радиосының алтын қорына халық күйі деп жаздырған «Бозторғай», «Бұлбұл» күйлері барша қазақтың асыл қазынасына айналып отыр.

Аңыздар мен абыздар елі Шіліктінің Маңыраққа беттер беткейінде мәлім-беймәлім он шақты тұлға жатқан сары топырақты, алты құлақты үлкен бейітте бір уыс топырақ болып қажы атамыз Қоңыр Мәжитұлы жатыр. Арнайы 2017 жылдың сарша тамызында сапарлап барған жолымызда қажы атамыздың басына күмбірлеп құран оқыдық, дұға қайырдық. Заман кезек ауысып, дүние керуенінің көші түзелген шақта байыптап қарасақ, қажы тілеуінің дөп келіп, айтқан сөзінің орындалғанына, мыңнан бір, тіпті миллионнан біртуар әулиелік әрекетіне еріксіз бас игендей едік.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English