«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Бас ғалымның балалық шағы

7409 0
Бас ғалымның балалық шағы
Тура 120 жыл бұрын көрікті өлке Баянауланың Қарамұрын деп аталатын дөңінің түстік етегіндегі Имантай ауылында дүниеге іңгәлап бір сәби келеді

Сәби зары

Сәтбай қажының ұлы Имантай алғашқы жары Нұрым Тасболатқызымен бала зарын біраз жылға дейін тартады. Бұл бәйбішеден көрген тұңғышы Күнше есімді қыз жастай шетінейді. Сәби бақыты жүрегін сыздатқан қос мұңлық бұдан соң аталас бауырларының бірінің баласын қазақы жоралғымен бауырына салып асырап алады. Әбсәләм атанған бұл балақай Имантаев деп жазылып, Имантай ауылының еркетотайы болып ер жетеді. Алайда туған қаннан, кіндіктен тумаған бала бала бола ма?

Имантай 1890 жылы екінші рет төсек жаңғыртады. Таңдау атақты Шорман әулетінің Иса есімді кісісінің қызы Әлимаға түседі. Отағасы төртінші мүшелге тақағанда Әлимадан алғашқы перзентін көреді де, қыз балаға Қазиза есімін береді. Екі жылдан соң, дүниеге келген ұлға қасиетті Құран кітабынан таңдап тұрып ат қояды: Ғабділғазиз. Есімін мұсылманша қойылғанымен, қазақ арасында «өз тілінде» қазақшалап алатын ежелгі әдетпен оны «Бөкеш» атандырады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың Қанышы жайлы қызықты 15 дерек

Жаңа ғасырға бір жыл, жаңа көкек айына (ескіше жыл санау) қалғанда мынау шартарап дүниеге тағы бір шақалақ келіп енеді. Имантай бидің ауылына жиналған әулет жақсылары ақ түйенің қарны жарылған күні осы аумақтың ғана емес, исі қаржас елінің қадірлі қариясы, батагөйі Құрмантай ақсақалға кісі шаптырады. Ат қою құрметіне ие болған ол сәбиге ағасының есіміне ұқсатып Ғабдулғани деп құлағына үш қайталап, азан шақырып ат қояды.

Қаныштың ата-анасы: Имантай Сәтбайұлы мен Әлима Исақызы

Баланың Ғабдулғани есімін «Ғаныш» деп алғаш атап, өзгертіп жіберген – өз анасы Әлима екен.

Ата мен атақоныс

Қаныштың арғы әкесі, атасы Сәтбай Шөтікұлының өз дәуірінде орташа дәулетті, қарақұрым малға ие, елге басшы екені жайлы деректер Щербина экспедициясының мәліметінен белгілі: онда «Ақкелін болысының №1 ауылында тұратын Сәтбай Шотектің қарауында 8 түтін: адам саны 60, олар 9 үйде қыстап, жайлауға 11 киіз үймен көшкен. Ортақ малы – 265 жылқы, 119 ірі қара, 30 түйе, 611 бас қой мен 95 бас ешкісі болған; соларды бағу үшін отбасымен екі бақташы жалдаған, жаз бойы екі ауыл 650 шөмеле шөп шапқан, қыстауында суы кермек татитын екі құдығы болған, ал қыста қар суын пайдаланған» деп жазылған.

Сәтбай Шөтік баласы ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап Баянауланың күнбатыс бөктеріндегі Ащы өзенінің бойын жайлаған. Осы өлкедегі кең атырапта Аралтөбе қолаты, Ащыға келіп қосылатын Айырық өзенінің жағасындағы Обалы биігінің етегі – әулеттің мекені болып саналған.

Қаныштың анасы Әлиманың оны тапқаннан кейінгі кездегі денсаулығы күйтті болмаған, бұрынғы күйеуінен жұққан ба, әйтеуір кеселді дерті айналып шықпаған. Дімкәс ананың омырау сүті де дұрыс шықпай, бала Қаныш ауылдағы көрші жылқышы Қасеннің әйелі Мейіз деген келіншекті емеді. Қазақ арасы ол кезде қашанда мейірімге толы, өз баласының уызынан жырып, бала Қанышты емізге Мейіз анаға құрмет биік.

Басы бақырдай бала

Бала Қаныш қандай болды дегенде, ауылдастары оның қызық қылықтарын еске алады. Үлкен шеше Нұрым мен өз анасының ортасында Телқоңыр Абайдай екі ауылдың сүйікті баласына айналады, еркетотай қылығымен көпті баурайды. «Қанкежан біржосын тыныш бала болды. Басы бақырдай үлкен еді, көп ұйықтайтын. Жер басып отырған шағында, жүре бастаған кезінде басы ауған жағына құлап, зәремді алғанын қалай ұмытайын. Би атам сол күннің өзінде: Менің осы балам сөз ұқпайтын маубас не елден асқан данышпан болады. Бас бітімі ерекше зор жаралған дейтін-ді» деп бала Қанышты бесігінен көрген Нұрлан Қасенов еске алса, ауылдағы қарт Садық: «Менің анық білетінім – Қаныш бала болып өскен жоқ, кішкентай кезінен онда үлкеннің мінезі болды» деп таңырқайды.

Ал Қамыш замандасы: «Ойнап өспейтін бала бола ма? Қанышпен асық та ойнадым, асысып та ойнадым. Бізден ерекшелігі – бір ойында көп ойнамайтын, тез зерігетін. Ойын үстінде әр алуан тапқырлық жасап, зейінімен ұтып кететін» десе, «Жайлауға шыққанда сиырдың өлі жүнінен доп жасап қақпақыл ойнайтынбыз, жалықсақ, әлдеқандай бір тақырды меншіктеп алып асық соғамыз. Қаныш та бізден қалмайды, тек ұзақ ойнап жарытпайды. Өзен табанына ақ тас іздеп, көбіне өз бетімен лағып жүреді» дейді Мұқыш Шәдетов есімді естелік авторы.

Қалай болғанда да «ақ тас іздеп» «лағып жүретін» бала болашақ тағдырын осы кезден аңғартқандай еді. Біздің осыған дейін бала Қаныштың жайынан білетініміз – оның оқушы кезінде түрлі тастарды тауып, сөмкесіне жинап мектепке әкелетіні жайлы қысқаша хикая болатын. Ал енді оның ақ тасқа ғана емес, дала табиғаты мен түз аңдарына деген құмарлығы да айтуға тұрарлық.

Дала тағыларына деген қызығу әкесінен ауысқан дейді.  Үлкен ағалары Әбсәләм мен Бөкеш те аңшылықтан құр алақан болмаған, солардың дағдысы Қанышқа қатты әсер етсе керек. «Ауылға қонақ келсе, иә қар жауса, жігіттер аттарын  суытып, тазы, құстарын баптауға кіріссе, кенжеден маза кетеді. Үлкендердің соңынан қалмай елпілдеп жүгірумен болады; аңшы меймандар неше түрлі әңгіме айтып, жоқты бар деп өтірік соғып жатса да, құлағы делдиіп, аузы ашылып тыңдап отырады. Әсіресе Бөкештің Қарашаңырақ аталған қыран қаршығасын айналсоқтап, құсты жемдеуге көмектесіп, ағасы жоқта «кәл, кәл» деп шақырып, тұғырда мүлгіп отырған қыранды елеңдетіп қояр еді» деп жазады атақты биографист М. Сәрсеке. Біз бұл деректердің барлығын да деректі прозаның майталманы Медеу ақсақалдың «Қазақтың Қанышы» атты қарыстай кітабының алғашқы парақтарынан алып отырмыз.

Оқи отырыңыз: Әйгілі Сәтбаев жобасы

Қаныштың әкесі Иманбай Сәтбайұлы Омбыдағы үш жылдық мектепті бітірген, бірақ кейін осы оқудың соңына түспей, дала шаруасына көп айналған. Бірақ та ол өмір бойы өз білімін молайтып жетілдіруге күш салып, қыр қазағының арасына тараған батырлық жырлар мен махаббат хикаяларына құрылған аңыз-әңгімелерді тыңдауға құмар, заман лебін сезе білген зерделі жан болыпты.

Қаныш оқыған Ақкеліндегі алғашқы бастауыш мектеп

Ондай жандар өзінің қолы жетпеген жетістіктерге баласы арқылы жетіп, байыз-мархадам табатын көшелілікке жақын тұрады: әке Қанышты білім жолына бағыттайды. Осылайша ауыл молдасынан қара танып әліпті таяқ деп білген бала «болар бала жасынан» дегендей, келешекте жалпақ әлем таныған, мұқым қазақ бас қойған ұлығ ғалым боларын тай күнінен танытқандай еді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English