«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

#100шайқас: Еуропаға ентелеу

1973 0
#100шайқас: Еуропаға ентелеу
Біздің заманымыздың 48 жылы ғұндар солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндардың тағдыры, негізінен, Хань империясына тәуелді болды

Солтүстік ғұндар – Енисей (ежелгі қырғыз) тайпаларынан, әсіресе дуньхулар – үйсін ұрпақтарынан, сәнбилер – Манчжуриядан айырыла бастады. Ғұндардың ставкалары (ордалары) Батыс Моңғолияға, Солтүстік-батыс Сібірге, Шығыс Түркістан ығыса отырып, біздің заманымыздың ІІ ғасырының бірінші жартысында ғұн тайпаларының миграциясы әуелі Қазақстанның шығысына – Тарбағатайға және Жетісуға қарай ығысты. Осы кезде ғұндар өздерінің 5 ғасырдай өмір сүрген Юэбан мемлекетін құрды, ол мемлекеттің ордасы Балқаш көлінің солтүстігінде орналасты. Ал кейін ғұндар Батыс Сібір тайпаларымен бірге Орал, Каспий, Еділ маңындағы жерлерге қоныс аударды.

Біздің заманымыздың басындағы I ғасырда Ғұн одағы екі топқа жарылып, бірі Шығыс Ғұн мемлекеті, екіншісі Солтүстік-батыс Ғұн мемлекеті болып аталған. Екі мемлекеттің екеуін де түркі тайпалары билеп отырған, бірнеше тайпалық одақтар болған. Солтүстік-батыстағы ғұн мемлекеті біздің заманымыздың ІV ғасырында әйгілі болып, Шығыс Еуропаға қарай жылжыды. IV ғасырдың 70 жылдарының аяғында ғұндар Солтүстік Қара теңіз өңірінде пайда бола бастады.

Ғұндардың соққысына бірінші болып жығылғандар – Азов теңізі өңірін мекендеген алаңдар еді. Көшпелі аландардың біраз бөлігі қазіргі Кубань өзені бойындағы ғұндарға бағынды. Ғұндар екі бағытта ілгері жылжыды.

Біріншісі – қыста мұзды жолмен, яғни Перекоп және Тамань түбегі арқылы қазіргі Керчь бұғазы мен Қырымдағы Боспор патшалығына беттеді. Мың жылдан аса өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды.

Оқи отырыңыз: Әркім білуге тиіс Ғұндар туралы 6 дерек 

Екіншісі – батыс және солтүстік батыста орналасқан сармат-алан және гoт немесе швед тайпасына бет түзеді. Сонымен, батыс ғұндарға Еділ мен Дунайға дейінгі жерлерді мекендеген түрлі тайпалар мен халықтар бас ұрды.  

Осыдан кейін 376 жылы ғұндар Рим империясымен көршілес мемлекет болып, көп ұзамай оған күш көрсете бастады. 395 жылы ғұндар Закавказье мен Месопотамия аймағында шабуыл жасады.

Ежелгі дәуір тарихшысы Аммиан Марцелин: «Олар ешқашан ақсақалдарының айтуынан шықпайды. Ақсақалдарының бір ауыз сөзі үшін олар жан беруге дайын.

Өздеріне қауіп төнсе, соғысуға шақырады. Соғысқан кезде жауын шеңберлене құрсауға алып, қатты ашулы дауыстар шығарады, жеңіл және айлакер олар қасақана бытырап кетіп, бірақ майдан шебін бұзбаған күйі, жауларын оп-оңай қынадай қырады. Олардың жау бекінісін қалай алғанын бақылау мүмкін емес. Олар кас қағым сәтте-ақ дүниенің астаң-кестеңін шығарады.

Әскери өнері жағынан оларды нағыз жауынгер халық деуге тұрарлық. Соғысты алыстан, арнайы жасалған ұшы өткір жебе мен мықты садақ арқылы жүргізеді. Қоян-қолтық шайкаста олардай ешкім қылышпен шебер соғыса алмайды. Жауының қашып құтылуына мүмкіндік бермес үшін олар арқан мен тұзақ алып жүреді, сол арқылы ұстап алады», – деп ғұндар жайлы тамаша жазба қалдырып, ерлік істеріне тамсана қарайды.

V ғасырдың басында ғұндар Дунай жерін басып алды. Поннонияны да қол астына қаратты. Осы жерден олар атақты Ғұн державасын құрды, орталығы қазіргі Венгрияның жері болды. Басып алған жерлерінің алтын және тағы басқадай бағалы заттарын тонап, адамдарын өздеріне бағынышты етті. 433 жылы қартайған ғұн патшасы билігін немерелері Белде мен Аттилаға береді. Ағайынды екеу 12 жыл патшалықты бірге басқарып, герман тайпаларын бірінен соң бірін алды. Бір ігіп басқарған 12 жылда Бургун патшалығын да Рейн бойында тас-талқан етіп жеңді.  

Алайда Аттила 455 жылы ағасын өлтіріп, жеке-дара билеуге өтті. Ол туралы гoт тарихшысы Иордан: «Бұл адам өмірге келгенде халықты тік тұрғызу үшін, дірілдету үшін жаралған» деп көрсетті.

Оқи отырыңыз: Аттила

Тарихшылардың айтуынша, Аттила әскер басы болуға, саясаткерлікке қабілетті адам болған. Мұның бұл айрықша қабілетін римдіктер де еріксіз мойындаған еді. Римдіктердің жазып қалдырған деректерінен Аттиланың қандай екенін нақты білуге болады: «Ол орта бойлы, кең кеуделі, үлкен басты, қысыңқы көзді, сирек сақалды болған». Сонымен бірге Аттила достарын сыйлай, тыңдай, еркелете де білген. Қымбат қазынаның иесі бола тұра, қатардағы әскері сияқты киініп, олармен бірдей тамақ ішкен. Кәдімгі ағаш ыдыспен тамақтанған. Әрине, дарынды қолбасшының жеке басының айрықша қасиеті оның зор табыстарға жетуіне септігін тигізгені анық.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English