«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өзбекке жер берген Юсупов

22719 0
Өзбекке жер берген Юсупов
ҚазССР бірінші хатшысы Исмаил Юсупов қазақты басқарғысы келмеді, Момышұлымен, Оңдасыновпен біраз ырғасқан, бірақ та тарихта қазақ жерлерін Өзбекстанға берген хатшы ретінде қалды

Исмаил Абдурасулұлы Юсупов Жетісу облысының бір кездері София деп аталған станицасында 1914 жылдың 12 мамырында өмірге келген. Сәби шағында анасынан айырылған Юсупов өгей шешенің тәрбиесінде болады.

Юсупов төрт жыл Суфи Зарват атындағы ұйғыр мектебінде оқиды, сол мектепте Дінмұхаммед Қонаевпен танысады. Мектеп жылдарында Қазақстан Компартиясы ОК-нің болашақ бірінші хатшылары арасында жылы қарым-қатынас болған сияқты: Юсуповтың естеліктеріне сүйенсек, ол Қонаевтың үйінде жиі болып тұрған көрінеді.

Мектептегі оқуын бітірген соң, Исмаилдың әке-шешесі бала оқу-жазуды үйренді, демек, өз нанын өзі тауып жей алады деп шешеді. Көп уақыт өтпей Юсупов Алматыдағы балалар үйіне келеді, ол жерде сол бір қиын шақта балаларды техникумға түсуге дайындайтын еді.

Екі жыл дайындық курсынан кейін Исамил Юсупов талғар ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі де, оны 1934 жылы бітіріп шығады. Оқуды бітірісімен жас агрономды Оңтүстік Қазақстан облысына, Түркістан МТС-на жібереді, ол жерде Исмаил Абдурасулұлы Юсупов агроном болып жұмыс істеп, бір жылдан кейін Ленинградқа кетіп, екі жыл жоғары агрономиялық курстарда оқиды.

1937 жылы Юсупов аға агроном лауазымында Түркістанға қайтып оралады. Тағы бір жылдан кейін, 1938 жылы Юсупов Түркістан МТС-ның директоры болады. Интеллигенция лидерлерін қырып жатқан осы бір қиын-қыстау заманда «халық жауы» қара бұлты Юсуповтың басына да үйірілген еді.

НКВД тергеушілерінің адам төзгісіз азаптауларынан оны құтқарған жалғыз ғана аудандық комитетінің бірінші хатшысы Каримовтың түсінігі еді. Каримовтың естелігі бойынша күн сайын атуға апарып, күн сайын Юсуповқа қарсы түсінік талап еткен. Алайда тергеушілерге уақыт жетпей қалады: көп ұзамай Каримовтың әйелі РСФСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Андрей Ждановтың қабылдауында болып, күйеуінің кінәсіздігін дәлелдей алады.

Исмаил Абдурасулұлын депутаттық мандатпен Шымкентке ауыстырады, бастапқыда ол Оңтүстік Қазақстан облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет етеді де, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы болады.

Ұлы Отан соғысы басталардың алдында Юсупов үшінші Тоғай су тармағының құрылысын басқарады. Құрылыс аяқталысымен, 1940 жылы, обком жас агроном Юсуповтан броньды алып, Минскіге Қызыл Армия қатарына жібереді.

Исмаил Юсупов қатардағы жауынгер болып көп жүрмейді, бір аптадан соң Юсуповты жүзінші дивизияның саяси бөліміне шақырып, әскери-саяси училищеге оқуға жібереді. Юсупов әскери-саяси училищедегі оқуын аяқтап үлгермейді, бітіруге екі-үш ай қалғанда оны мобилизацииялайды. 

Исмаил Юсупов кейіннен соғыстың алғашқы күндерінде ойсырай жеңілуге не себеп болды дегенді талқылай келе, жауапты Батыс әскери округінің сол кездегі қолбасшысы генерал Павловтың іс-әрекетінен табады, Павловты республиканың болашақ бірінші хатшысы Пантелеймон Пономаренко да айыптаған еді.

Соғыстың үшінші күні Юсупов майданға аттанады. 275-ші жеке батальонның комиссары болып жүрген кезінде соғыстың алғашқы күндеріндебелорустардың қанына бөккен Варшава тас жолын, шекаралық әскери округтер әскерлерінің бос патрондарын ол жиі еске алатын.

Осы лауазымда жүріп алғашқы жарақатын алады. Күзде, Юсуповты госпитальден Саяси бюроға шақырады да, шаңғы-десант батальонын құруға тапсырма береді, осы батальонмен Юсупов Макаровская пустынь қаласын басып алады. Көп ұзамай немістер қайтадан қаланы өздеріне қайтарады, ал Юсуповтың батальоны жау тылында партизандық соғысын жалғастырды.

1942 жылдың күзінде Юсупов екінші рет жараланады, бұл жолы жарақаты ауыр еді. Осымен Юсуповтың Ұлы Отан соғысына қатысуы тәмам болады. Аяғының жарақаты туралы Юсупов былайша еске алатын:

«Аяғымды тізеден төмен кесу керек болатын. Менің бұған қарсылық білдіргенім сонша, хирург госпитальдің бас дәрігерін шақырды. Ол қарап шықты да, операция жасамаудың жүзден бір мүмкіндігі бар – егер кешке дейін жағдайым нашарламаса, онда аяғымды сақтап қалады. Менің ниетім бе, әлде дәрігерлердің шеберлігі ме, бірақ операция жасамады, көп ұзамай қасыма медбикені ертіп, мені үйге аттандырды».

Соғыс жағдайында емделіп жатуға уақыт болмады. Юсупов Оңтүстік Қазақстан партия обкомына шақырылып, алдымен ауыл шаруашылығы бөлімін, кейін 1943-1944 жылдары Ильич аудандық комитетін басқарады. Исмаил Абдурасулұлы Юсуповтың мансабының өсуі осы жерден басталады. Ұлы жеңісті Юсупов Оңтүстік Қазақстан обкомы хатшысының лауазымында қарсы алады.

Шымкентте жұмыс істеп жүрген кезінде республика ОК-нің сол кездегі бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Юсуповқа елдің су шаруашылығын басқаруды ұсынады. Су шаруашылығы министрінің лауазымын 1945 жылдан 1951 жылға дейін Юсупов 6 жыл басқарады.

Соғыс елдің барлық техникасын, құрал-жабдықтарын құртып кетті. Сондықтан да жаңа сайланған су шаруашылығы халық комиссары (1946 жылдан бастап – министр) бәрін жаңадан бастауы керек болатын, бірақ осындай жағдайдың өзінде де Юсупов суармалы егіншілік көрсеткішін жақсартты.

Кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасыновпен қарым-қатынас нашарлай түсті. Юсуповтың айтуынша, Красноярсктан Юсуповтың арнайы алдырған жиырма вагон ағашын Оңдасынов Алматыға жібереді. Бұл жанжалда обкомның бірінші хатшысы Шаяхметов Министрлер Кеңесі төрағасының жағына шығып, Юсуповты КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді.

Жоғары партия мектебін бітіруге екі ай қалғанда Исмаил Абдурасулұлы қайтадан Қазақстан КП ОК шақыртады. Тың және тыңайған жерлерді игеру басталысымен Юсуповтың агрономдық қабілеттері қажет болып, Қостанай обкомының екінші хатшысы лауазымына тағайындалады.

Юсуповты екінші хатшы лауазымына тағайындардың аз алдында облыстың бірінші хатшысы лауазымына осыған дейін алты жыл бойы Қазақстан ОК үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған ауыл шаруашылығы аса түсінбейтін Иван Петрович Храмков тағайындалады. Жас маман Юсупов тың игеруге Храмковқа көмектесуі керек болған.

Сонымен Юсупов Қостанай облысына кетеді, осы жерде ол облысқа бірнеше рет келген Никита Хрущевпен жақын танысады. 1955 жылдың маусымында И. Юсуповты Оңтүстік Қазақстан партия обкомын басқаруға жібереді.

Дәл осы жылдары Қазақстанның мақта егетін үш ауданын Өзбекстанға беру туралы шешім қабылданады. Кейіннен Юсуповтың өзі совхоздарды Өзбек ССР-нің құрамына уақытша беру туралы мәселені Қазақстан ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың алдына қойғанын мойындайды. Бірақ, Юсупов бұндай шешімдер обкомның бірінші хатшысының құзыреті тұр ғой, ел басшысының құзыретіне де кірмейтінін айтып,  аудандарды берудегі өз кінәсін мойындамайды.

Өйткені, Қазақстанның түрлі өңірлері, тіпті одақтас республикалар да мақта жинауға көмек көрсету үшін адамдар жіберетін, бірақ, тың игеру басталысымен қосымша адам ресурстары тыңайған жерлерді игеруге жұмсалды. Юсуповтың айтуынша, осындай шешім қабылдауға дәл осы басты себеп болған.

1959 жылдан 1962 жылға дейін Юсупов Юсупов қазақстан ОК хатшысы болады, ал 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің хатшысы лауазымына аз уақытқа қайтып оралады. 1962 жылдың 26 желтоқсанда Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы лауазымына Д. Қонаевтың орнына  Исмаил Юсуповты тағайындайды.

Бұл лауазымға Юсупов бірден келісе кетпейді:

«Бұрынғыдай орысты немесе қазақты тағайындаған дұрыс болар. ОК-дегі жалғыз ұйғыр қалайша бірінші хатшы болмақ? Бұны жергілікті ұлт өкілдері қалай қабылдар екен?»

Юсуповтың бұл сұрақтарына Никита Сергеевич Хрущев жауап береді:  

«Исмаил, мен сені сауатты қызметкер екен десем. Біз ұлттарды жоюға келе жатырмыз. Одақта болашақта бір ғана тіл болады. Жақында республикалар арасындағы шекаралар да болмайды... Республика басшысы кім болатыны маңызды емес. Бар да, жұмыс істе».

Қазақстан ОК бірінші хатшысы Исмаил Юсуповтың командасында Алматы обкомының бірінші хатшысы Рақым Байғалиев, ОК идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдин, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Исағали Шәріпов және Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Бернад Дворецкий болды.

Республиканың бірінші басшысы болып тұрған кезінде Юсупов 1962 жылы Никита Хрущевтің Маңғыстау түбегін Түркмен ССР-нің құрамына беру туралы еркіне қарсы шығады. Осының аз алдында түбектен мұнай мен газдың бай қоры табылған еді, сондықтан Хрущев бұл жерлерді мұнай өндіру саласында дамуы жақсы Әзірбайжан мен Түрменстанға беру туралы шешім қабылдайды. Бірақ Юсупов Қазақстан бұл мәселені өзі шеше алатындығына Хрущевті көндіреді.

Бірінші хатшы лауазымындағы Юсупов Бауыржан Момышұлымен арадағы жанжалмен де есте қалды. Бұл жанжалға Момышұлының даңқты әртіс Шахан Мусиннің әйелі Ғайникамал Баубековамен некесі себеп болды. Бұл жағдай Қазақстан Жазушылары одағының партия бюросында талқыланып, нәтижесінде Момышұлына «бейәдеп қылығы үшін» қатаң сөгіс жарияланады.

Бұл істі қарауға республиканың бірінші хатшысы ретінде Исамил Юсупов та қатысады. Юсупов коммунист Момышұлын шақырып, түсініктеме жазуын талап етеді. Момышұлы Юсуповтың төте жазуды білмейтіндігін біле тұра,  сол жазумен төрт жол өлең жазады да, жақ ашпастан шығып кетеді.

Юсупов көмекке Қонаевты шақырады: ол ішек-сілесі қата күледі, бірақ Юсуповқа алғашқы екі жолды да оқып береді. Өлеңнің қалған тармақтары өте бейпіл сөз еді.

Бауыржан Момышұлы мен Ғайникамал Баубекова отбасымен. Мәскеу, 1962 жыл

1964 жылдың 14 қазаны ССРО басшылығына Брежнев келеді. Ташкенттегі жиналыста Брежнев Юсуповты шақырып, жергілікті халықпен тіл табыса алмадың деп кінә артады. Дәл сол күні Юсупов отставкаға өтініш жазады. Бұл 1964 жылдың 7 желтоқсаны еді.

1965 жылы Юсупов Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады. Бұл жер де Юсупов 1966 жылға дейін ғана қызмет етеді. 1966 жылдан 1971 жылға дейін Исмаил Абдурасулұлы Жүзім совхоздарының республикалық трестінің (Казспецвинтрест) директоры болады. Бұл трест Шымкент, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарын біріктіреді.

Осы жерде Исмаил Юсупов зейнетке шыққанға дейін, 1971 жылдың қарашасына дейін жұмыс істейді. Исмаил Абдурасулұлы Юсупов 2005 жылдың 17 мамырында Алматыда қайтыс болды.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English