«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Адамзат санитарлары

2118 0
Адамзат санитарлары
Көшпенділер іріп-шіріп бара жатқан қоғамды байқай қояды да, барып өзіне қаратып, өзінің дәстүріне сай етіп, мемлекеттігін қалпына келтіріп, қайта құрып береді

Адамзаттың озық технологиясы – көшпенділер армиясы

Соғыс, әскер – өлімнің бір аты. Бірақ, сол әскерилер болмаса, адамзат қазіргідей дамудың деңгейіне жете алмас еді. Қай заман болсын, жаңа технологияны ең бірінші ойлап табатын – әскерилер. Қазіргі ұшақ, телефон (смартфон), интернет ең соңғысы ғарыш аппараттары... Бәрі-бәрі ең бірінші әскерилерде болды. Кейін барып ол құндылықтар бейәскериленді. Сол кезде ғана қалың бұқараның қолы жетті.

Дәл осы секілді, қазіргі адамзаттың кейбір дәстүрін, әшекейін, тұрмыс бұйымдарын көне замандағы көшпендінің әскерилері ойлап тауып, бізге мұра етіп кеткен.

Сонымен, бас тақырыпқа оралайық. Бүгінгі дамыған әлем, неге көне көшпенділерге қарыздар? Жер-жаһанның тарихын өзгертіп отыратындай, көшпенділердің қолында «супер-қару» болды ма, дейсіз ғой! Иә, дәл солай.

Көшпендінің әр сарбазы – «спецназ»

Көне дәуірде отырықшы елдердің армиясының бір бөлігі найза ғана ұстады. Енді бір бөлімі тек садақ асынды. Яғни бір ғана қаруға бейімделген мұндай әскерде, найзагер садақ ата алмайтын.

Ал, көшпендінің әр сарбазы бір емес, бірден бес қаруға бейімделуі міндет болатын. Осы 5 қаруға қандай жарақтар жатады? Бес қару – бірінші кезекте қолданыс қызметі жағынан бір-бірін қайталамауы керек еді. Бірінші, алыстан жауды жайрату қаруы – садақ, кейіннен мылтық. Екінші, түйреу қаруы – найза. Үшінші, кесу қаруы – қылыш. Төртінші, шабу қаруы – балта. Бесінші, ұру-сұлату қаруы – күрзі не  шоқпар. Былай қарасаң, айбалтамен, қылыштың функциясы ұқсас көрінеді. Бірақ, айбалтаның үлкен айырмасы бар. Жаудың сермеген қылышын, балтаның құстұмсығымен іліп ап, қолынан жұлып түсіруге болады. Қарусыз дұшпан – тұтқын. Біздің бабалар жауды бет-албатты қырып тастауға ұмтыла бермеген.

Ескере кетер бір жайт: далалықтар ешуақытта, жапон, еуропалықтар сияқты екі қолмен ұстайтын қарумен жарақтанған жоқ. Себебі, ат үстіндегі олар сол қолымен тізгін ұстауы керек болды. Сондықтан, қарудың қай түрі де, бір қолмен ұстауға ыңғайлы, ең бастысы жеңіл болуы шарт еді. Көшпендінің өмірі жорық үстінде өтетін. 1 грамм болсын, артық салмақ алмауға тырысатын. Далалықтың бес қаруы – шағын, жеңіл, солай бола тұра жойқын еді.

Бес қару асынған көшпенділер соғыс стратегиясына мүлдем, алабөтен өзгеріс әкелді. Оған дейін, отырықшы елдердің стратегиясы – позициялық соғыс болып еді. Апталап, айлап (9 жыл қорғанған Троя) қарсы тұру. Әскер қырылып біткенше соғысу. Көп жағдайда тізе бүгіп, сауға сұрау. Азық-түлік пен ауызсу таусылғанда қамалдың қақпасын ашып, берілу.

Ал көшпенділердің стратегияның жаңа түрін – маневрлік соғысты өмірге әкелді. Даланың әр қыр-сайын ұрыс кезінде тиімді пайдалану арқылы номадтар соғысты мейлінше қатты, соншама жылдам аяқтауға тырысты. Отырықшы жұртпен соғыса қалса, кең далаға алып шығып, садақпен атып қырып кетіп отырды. Тиісінше, осындай маневрлік соғыстың негізгі қаруы садақ болды.

Садақтың авторы кім?

Бұл садақты Австралияның аборигендерін өзге, күллі адамзат ұлыстары біледі, тым ерте заманнан-ақ қолданған. Сондықтан тап басып, садақты алғаш ойлап тапқан мынау мекеннің адамдары деп айту қиын іс. Десе де, неміс ғалымдары садақты жазықтың тұрғындары ойлап табуы мүмкін деген теория айтып жүр. Бекер емес: жер ьбедері жар-жықпылға толы Африка, Еуропаны мекен еткен ежелгі адамдарға садақтың қажеті болмады. Жықпыл-жықпылмен жасырын келіп, аңға найза сүңги алатын. Ал, Сарыарқа секілді мидай жазықта аңға жасырын келу мүмкін емес. Аңды алыстан атып алу үшін садақты дала жұрты ойлап табуы мүмкін деседі.

Садақтың басқа емес, Ұлы Дала да алғаш пайда болғанын ьбабаларымыз да тасқа таңбалап кеткен. Ұлытауға барсаңыз, «жебе», «садақ тартып тұрған салт атты адам» бейнелерін көресіз. Сол белгілер, керек десеңіз, қазіргі қазақ руларының тайпа-таңбасы. Әне, садақтың авторы біз дегенге бұл да бір заттай дәлел.

Сонымен, ең алғашқы садақтар осыдан 5 мың жыл бұрын пайда бола бастады. Мылтық шыққанған дейін бұл ату қаруының 150-ге жуық түрі өмірге келді. Осы көптің ішіндегі ең ерекшесі – көшпенділердің құранды садағы. Басқа садақтар берік ағаштан қалың яки ұзын етіп жасалуымен ғана өзгешеленсе, түріктердің адырнасы – жай ағаштан ғана құралмай, бірнеше компоненттен тұрған. Құранды садақтың екі басы, белі әртүрлі ағаштан жасалып, иіні серпінді болу үшін мүйіз, белі берік болу үшін сүйек қабаттастырылып, өн бойы тарамыспен шандып байланады, сырты қайыңның тозымен қапталады. Былайша айтқанда, қазақтың адырнасы – тұтас тырсылдап тұрған серіппе ғой. Енді осы садақ қанша метрге атты екен?!

Құранды садақтың жебесі қанша метрге жетті?

Далалықтардың садағының оғы қанша алысқа ұшты екен? 2006 жылы 6-сыныптың тарих оқулығына: «Сақтардың садағы 1 мың метрге дейін атты» деген ақпарат түсті. Спектиктер, көшпенді тарихына сенбейтіндер ду ете қалды: «Калашников автоматының тікелей атқан оғы 900 метрге әзер барады. Адам күшімен атылатын, қарабайыр садақ қалай ғана жебесін мың метрге жеткізеді? Өтірік!» деп, қарсы уәж келтірген болды. Сөйтсе, 1980-ші жылы түріктің ғалымы, құранды садақты атып, тәжірибе жүргізіпті. Сол кезде атқан оғы 1200 метрге ұшып барған. Бұл нені көрсетеді? Көшпенділердің ату қаруына жер бетінде 5 мың жыл бойына ешкім бәсекелес болмады дегенді білдіреді.

Арман Жұмаділов, тарихшы-этнограф: – Иә, алысқа ұшатын, сауыт бұзатын, француз, неміс әскерін дірілдеткен ағылшынның 2 метрлік садағы бар. Оны тартқан кезде, садақ кіресіне (жібіне) 35 кг салмақ түсіреді екен. Көп садақшылар тартқан кезде иегіне дейін тартады. Біреулер құлағына дейін тартады. Ал, түріктер келесі иығына дейін тартады. Сөйтіп 45 градуспен жіберсең, ағылшынның садағы 200 метрге емін-еркін тікелей ұшып барады. Ал, түрік мергенінің 45 градуспен жіберген 90 келілік тартылу күші бар жебесі қанша метрге шаптырады дейсің? Мың метрді еркін алады.

Жүректі жаралаған жебе көшпенділерден шыққан

Садақтың негізгі қызметі соғыс даласымен шектелмейді. Ол бейбіт уақытта да, үлкен рөл ойнаған. Мысалы, көшпенділер арасында бір-біріне сыйлыққа жебе жіберу дейтін дәстүр болған. Бұл – аңшылыққа шақыру, майданға шақыру немесе ғашықтықтың белгісі. Ғашықтық белгісі дегеннен шығады. Тарихтың атасы саналатын Геродот өз кітабында сақтардың көп салт-ғұрыптарын сипаттай келіп, мынадай дәстүрге арнайы тоқталады. Егер сақ жігітінің көңілі бір қызға түссе, әлгі сұлудың босағасына жебе толы қорамсақ іліп кетеді екен. Егер қыз қорамсақты үйге кіргізіп қойса, оның да көңілі түсіп тұр деген сөз. Көріп отырсыздар, жебе бұл жерде махаббаттың, ғашықтықтың символы рөлін ойнап тұр. Әлемде ғашықтықтың белгісі ретінде жүректі тесіп өткен жебе таңбасы бар ғой?! Міне бастауын қайдан алады дейсіздер? Сол сақ заманынан, далалықтардың дүниетанымынан алып отыр.

Ал жарайды, ұнатқан қызың көрсе, жақсы. Ал көнбесе ше? Ол кезде жігіт қыр-соңынан қалмай қояды. Сол кезде, қыз шарт қояды: – Егер жеңсең сендікпін. Егер жеңілсең, менің құлым боласың, – дейді. Көнген жігіт күреседі. Жеңсе алады. Жеңілсе, анау қыз мойнына арқан салып ап, өзімен бірге ертіп кетеді екен.

Ал қазақта мынадай сөз бар: «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді». Міне, айтқан сөзін орындаған кісіні, мейлі жеңілсе де, халқымыз құрметтеген. Содан келіп, ержігіттің мойнында қыл арқан шірімейді деп тұр. Айттың ба – бітті! Қараңызшы. Сақтардың кезіндегі дәстүр мен іс-әрекеттен айырылғанымен, сөз ретінде біздің заманымызға жетіп отыр.

Саусақ ишаралары нені білдіреді?

Күллі әлемге етене таныс, мынадай✌белгі бар. Не мағына береді? Біз мұны жеңістің символы деп білеміз, иә? Ал бұл, бір кездері ағылшын садақшыларының белгісі болатын. Өйткені олар садақты екі саусағымен тартып атады. Жүз жылдық соғыс кезінде француздың талай рыцарьлары ағылшынның садақшылар жасағынан қырылып қалып отырған. Сол себепті, ағылшынның садақшылары тұтқынға түссе, бірден қос саусағы шабылатын. Мұны білетін ағылшындар соғыс алдында екі саусағын шошайтып жауды мазақтайтын болған. Қорқыңдар, әлі-ақ қырып тастаймыз деген ишара болған.

Ал, басбармақтың жоғары көтерілген ишарасы – бұл таза көшпенділердің белгісі. Түрік-моңғол жұрты садақты басбармақпен тартады. Әне, басбармағын жоғары көтеру – бұл садақ ататын саусағым аман, соғысқа дайынмын деген сөз. Сондай-ақ, өзара хал сұрасқанда да, осындай ишаратты көрсетеміз. «Жақсы» дегеніміз ғой. Көшпенді үшін басбармағының аман болуы – садақ атуға мүмкіндік береді. Садақ ата алса, жаудан да қорғанады, азық таба алады. Енді, жақсы болмағанда несі қалды. Түсінікті ғой. Айтпақшы, басбармақпен атудың тағы бір пайдалы тұсы, ат үстінде «ағылшын стилінде» атыса алмайсың. Екі саусақпен ғана ұстаған жебең, адырнадан сырғанап кете береді. Мұны бір деп қойыңыз. Екі саусақпен ары кетсе, иыққа дейін тарта аласың. Ал, басбармақтың күші көп, онымен келесі иыққа дейін аңыратып созып, оқты алысқа зулата аласың. Мұны екінші артықшылық деп, түртіп қойыңыз.

Десе де, басбармақпен атқанда адырнаның кіресі саусақ терісін жырып әкететіні бар. Сол үшін ежелгі көшпендінің садақшылары басбармағына арнайы сақина киетін. Бір қызығы, жігіт қолынан сақина көрсе, қыз-қырқын құлай кететін. Себебі, алдарында мерген, ханның арнаулы сарбазы тұр деген сөз еді. Міне, жүзіктердің, сақиналардың сән ретінде қайдан шыққанын көрдіңіз бе? Садақшылардың қолына тағып жүретін элементтері, атрибуттары. Соның бәрі азаматтық өмірге келді.

Сұрмергенге сыйлық

«Нысанаға дөп тигізген мергенге қызымды, жарты патшалығымды берем». Ертегілерде хан осылай деп жатушы еді ғой! Былай қарап тұрсаң, жамбыға тигізгені үшін күллі байлығын бере салатын патша ақымақ емес. Сонда мергенді осыншама қадірлеудің не құпиясы бар? Былай екен: Тек миының екі жартышары да жұмыс істейтін адам ғана діріл үстінде (атпен шауып келе жатады ғой енді) төбедегі затқа дәл тигізе алады екен. Миының екі бөлігі де жұмыс істейтін адамның интеллекті де жоғары, ақылды кісі деген сөз ғой.

«Ақсерек-көксерек» ойыны һәм рыцарлар

Баланың ойыны және темір құрсанған салт әскердің не қатысы бар дейсіз бе? Мәселе былай. Садақтың артықшылығын көрген мемлекеттер дереу ату қаруын көбейтіп жіберді. Осының кесірінен жауласқан екі жақтың әскері қылыштасуға жетпей, садақ оғынан қырылып кететін болды. Осы кезде көшпенділер жаудың шебіне аман жету үшін, арнайы сарбаздарды басынан бақайшағына дейін темір сауытпен аптай бастады. «Сүгір» деп аталған әскердің бұл түріне жаңбырша бораған садақ еш кедергі келтіре алмайтын болды.

Уақыт өте соғысу ісінде әжептеуір есейген отырықшы елдер майдан даласына адам бойындай қалқан, 4 метрлік найзаларды ұстаған жаяу әскерді шығарды. Садақ оғы дарымайды, жақын келсең, ормандай найзасымен түйрейді. Осы кезде көшпенділер тағы да темір құрсанған атты әскерді алғы шепке шықты.

Сүгірлердің негізгі міндеті – 3-4 метрлік найзаларын алға ұстап, тікенек боп келе жатқан жаудың сап-қатарын бұзып, хаос жасау. Қатар бұзылып, бытпырық болғанда, көшпенділердің жеңіл әскері қойып кетеді де, соғыстың соңғы штрихын солар қояды.

Жау шебін қай жерінен соққанда, бұзып-айыруға боларын сүгірге ұқсас ойын тауып, көшпенді балалары кішкентайынан ойнап өседі. Иә, ақсерек-көксерей ойыны – қазақтың болашақ рыцарьларының ойыны. Қолдарын мықтап қысып, қатар түзіп тұрған қарсыластың қай адамы әлсіз, қай тұсты екпінмен соқса, үзілерін, ойнап жүріп үйреніп алады. Есейгенде  рефлекстік күйде-ақ, дұшпан шебінің әлсіз жерін біліп тұрады. Сол маңды қақырата соғады...

Көшпенділердің әскери дисциплинасы

Әскерилерде «бұйрық талқыланбайды, орындалады» деген қағида бар. Ол қайдан шықты деп, кітап ақтарсаңыз, көшпенділерге барып тірелесіз. Кезінде, Ғұн патшасы қытай әйелінің айдап салуымен туған ұлы Мөдені мұрагерліктен тайдырып, қытайдан туған баласын қаған етіп тағайындамақ болады. Бұл ісі – Ғұн империясын құрдымға құлатудан бөлек түрік жұрағатын ұлт ретінде жоюмен пара-пар еді.

Мөде ханзада өзіне бек сенімді 10 мың жасағын ертіп, ел шетіне кетіп қалады. Елге келіп, қытайдың тыңшы ретінде ұзатқан ханшайымын садақпен көздеп, күллі әскеріне ат деген бұйрық береді. 10 мың сарбаздың ішінде ойланып қалған, атпай қалғандарын өлім жазасына қияды. Ақыр соңында ғұн ұлтының мүддесін сатқан әкесіне садағын оқтап... тағы да сарбаздарына «ат!» деген әмір береді. Бұл жолы қалт еткен ешкім болмайды. Қытай деректері патша тиген оқтан кірпі боп қалды дейді. Иә, ауыр, қасіретті. Бірақ, әскери дисциплинаның негізі осылай қаланып еді.

Көшпенділердің соғыс өнеріне берген тағы бір сыйлығы – әскерді әп-сәтте жорыққа дайындау тәсілі. Василий Янның «Шыңғыс хан» атты романында мынадай эпизод бар. Бірде Шыңғыс өз әскерінің дайындығын тексермек болып, түн ішінде жорыққа аттанамыз деп бұйрық береді. Алғаш дабыл қағылып, аламандар ертоқымдарын алып жылқыға қарай жүгіргенде Шыңғыс қаған оң қолына бір уыс тас алып, соны бір-бірлеп сол алақанына сала бастайды. Тастың барлығы сол қолға өтіп болғанша жүз мың қарайлас, мұздай қаруланған жер қайысқан қол қосар-асар атымен, неше күндік азығымен жорыққа әзір тұрады. Сонда қаған жер бетінде «мұндай әскер менен басқа кімде бар?!» деп түн қараңғысында риза болып жымиыпты.

Бір опасыз үшін мың өлім   

Көшпенділер соғыс ісінде адамзаттан мыңдаған жыл алда жүрді. Соған бір дәлел, Еуропа әскерін батальон, взвод, полкке бөлуді ХІХ ғасыр соңында ойлап тапты. Ал, армияны бұлай бөлімдерге бөліп тастау сонау Көктүріктер заманынан бар еді. Шыңғыс хан ондық, жүздік, мыңдық жүйесін бір ретке келтірді. Айтпақшы, осы Шыңғыс хан емес пе «ондықтың ішінде біреу опасыздық жасаса, сол ондық түгел өлім жазасына кесілсін!» деп әмір берген. Жүздіктің ішінде, бір ондық майдан даласынан қашса, бүкіл жүздікті қырып тастау керек. Солай-солай кете береді. Әділетті ме? Мүйізі қарағайдай тарихшыларың өзі түсінбей дал. Біреу үшін қалған ондық неге өлу керек деп қарсы шығады.

Бір нәрсені түсіну керек. Шыңғыстың заманындағы армия 15 одақ мемлекеттен келген баяғы совет әскері емес қой?! Ол кезде ондық – бір үйдің балаларынан құралатын. Сол ондықта әке, баласы, ағасы, інісі жүреді дегендей. Ағайынды кісілер, бір үйдің балалары қалай опасыздық жасайды? Егер ондай факті болды, сол ондықтың ішінде (ағайындар арасында) тіл байлау бар, ымыра бар деген сөз. Бәрі сол үшін жауап беруі керек. Ал, жүздік дегенің де, осындай жеті атаға толмайтын, қыз алыспайтын туыстардан құралады. Оларға бір ондық опасыздық жасауы мүмкін бе? Жоқ. Яғни, бүкіл жүздік ол қастандықтың боларын білген, ымыра бар деген сөз. Міне, мәселе қайда? У ішсең руыңмен деген мақал әскери себеппен шыққан тәмсіл сөз еді.

Көшпенділер – адамзат санитарлары

2000 жыл басталғанда әлемнің ғалымдары жиналып, әр мың жылдық адамын таппақшы болды. Соларға кім жатты дейсіз ғой? Біздің заманның І мың жылдығының адамы Атилла деп танылды. Көшпелі, әскери істің маманы. ІІ мыңжылдықтың адамы – Шыңғысхан. Екеуі де әлемге жаңалық, өзгеріс әкелді. Инновация әкелді.

Еуропалық оқулықтарды оқысаңыздар, көшпелілер туралы бір жылы сөз естімейсіз, бір жақсы талдау көрмейсіз. Мысалға, Еуропаның қолбасшылары, императорлары туралы, олардың соғысы, жорығы туралы әлем таңғалып, тамсанып жазады. Цезарь патшаны алайық. Ол – Рим мәдениетін таратушы. Қандай әдемі, ә?! Ең соңғысы, Ресейдің Сібірді жаулап алуын жаңа жерлерді игеріп жатыр деп әдемі түсіндіреді. Ал көшпенділердің соғыс-жорықтарын қаныпезерлік, ашкөздік деп бағалайды.

Батыс армияларының жорыққа шығуы мәдениет тарату, жаңа жерлер игеру екен. Ал, көшпенділердің жорығы – олжа талау үшін шыққан қарақшылар рейді етіп көрсетеді. Экономикасы жаугерліктен тұратын халық еді деп қоя салады. Кешіріңіз. Ежелгі дүниеде де, ортағасырда да жаугер емес халық болған жоқ. Әрбір мемлекет, әр ұлт өзінің әскери ісін дұрыс жолға қоюға тырысты. Өйткені әскери ісі дамымаған ел әркімнің олжасына айналушы еді. Бұл – бір. Екіншіден, соғыс-жорықты қай мемлекет қандай идеологиялық атаумен бүркемелесе де, оның арт жағында олжа табу, экономикалық ресурстарын көбейту жатыр. Қазақ оны бірақ ауыз сөзбен айтты: «Қара қазанның қамы, қара баланың қарны үшін» деп. Оны антикалық тарихшылар да жазып кетті. «Сақтар көрінген нәрсе үшін емес, салық үшін соғысады» дейді.

Ең қызығы, көшпелілердің қол астына кірген мемлекеттер келесі даму сатысына өтеді. Таңғаларлық жайт, иә! Қасқырларды – дала санитары дейді. Көшпенділер де солай. Адам қоғамының санитары десек те болады. Іріп-шіріп бара жатқан қоғамды байқай қояды да, барып өзіне қаратып, өзінің дәстүріне сай етіп, мемлекеттігін қайта қалпына келтіріп, қайта құрып береді.

Жоғарыда сөз қылған Аттиланы алайық. Иә, ол – Рим империясын құлатқан адам. Бірақ, ол кезде Рим империясы гүлденіп жатқан империя емес. Іріп-шіріп, құрдымға кетіп бара жатқан уағы болатын. Аттила сол тамұққа құлап бара жатқан, өзімен бірге сол тамұғына күллі Еуропаны сүйреп бара жатқан империяны құлатты. Бірақ артында нәтиже қандай? Жаңа формация келді, феодалдық құрылым келді. Күллі Еуропаны құл еткен Рим құлады. Еуропада азат корольдіктер пайда болды. Мінеки, адамзат жаңа кезеңге қадам басты.

Шыңғыс хан жайлы да, осыны айтуға болады. Көшпенділер армиясы Руське сор, бәлекет әкелді дейді. Бірақ, Русь – біртұтас мемлекет емес еді. Шыңғыс армиясының басып кірген уақыттағы адам шығыны, орыстардың қала-қала болып, өзара қырылысып жатқан соғыстарынан қарағанда жүз есе аз болды. Сол қиюы кеткен елді біртұтастандырып, бір мемлекет еткен осы көшпенділер болатын.

Арман Жұмаділов, тарихшы-этнограф:Адамды қырып жою деген болмаған. Ол – миф, ол – өтірік. Әйтпесе орыс кінәздіктері неге «озбыр» моңғол билігіне қарсы бірде-бір рет қарсылық көрсетпеген? Егер расымен сонша жапа шегіп отырса? Орыс ғалымдары, кінәздер Алтын Ордаға қандай көлемде салық беріп отырды деп зерттеу жүргізді. Адам басына шағып жіберсе, болар-болмас ақша дейді. Әуелде, әр қала бөлек-бөлек Сарайға салықты әкеп тапсыратын. Кейін Иван Калита атты кінәз – күллі орыс жерінен салықты жинап беруші орталық ретінде Мәскеуде жасады. Сөйтіп салықтың біразы Мәскеуде қалып, шаһар көтеріле бастады.

Бір қызығы, Ресей мынау І Петр заманына дейін ордалық мемлекет болған. Ордалық құндылықтармен өмір сүріп келген. Орыс ғалымдарының өзі мойындайды. Орыс дворян, ақсүйектерінің 90 пайызының аттары, тегі түрік.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English