«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қанқұйлы да қатыгез жендет

1772 0
Қанқұйлы да қатыгез жендет
Ұйымдастырушылық қабілеті, партия құрылымындағы рөлі мен функционердің алғышарттары көп жағдайда Филипп Исаевичтің Қазақстан ОК-дегі орнын алдын ала шешіп қойған еді

Дәл осы қасиеттері мен Голощекиннің арсыздығы 1932-1933 аштық жылдарындағы миллиондаған қазақтың тағдырын шешті.

Шая Ицикович немесе Филипп Исаевич Голощекин 1876 жылы Витебск губерниясындағы Невельде мердігерлік жұмыстармен айналысқан ауқатты ұсақ буржуаздық еврей отбасында дүниеге келген. Әкесі қалалық мал сою орнын ұстаған және отын саудасымен айналысқан.

Замандастары мен Невель уездік училищесіндегі сыныптастарының еске алуынша, Шая Голощекин жеңілтек мінезді жас жігіт болған, алайда бұл мінезі Витебскідегі гимназияны тәмамдап шығуына кедергі келтірмеген.

Курстасы Захар Пиратинскийді тергеу хаттамасына сәйкес, Шая Голощекин ол жерде 1894 жылдан 1896 жылға дейін оқыған. Гимназияны бітіргеннен кейін Шая Ицикович Саратовта ағасының қағаз сататын кеңсесінде сауда агенті болып істеген, Екатеринославльдегі округтық соттың сот приставының хатшысы болған, кейін Ригадағы тіс дәрігері мектебіне оқуға түседі, оны тәмамдаған соң тіс технигі болып істейді.

1904-1906 жылдары Шая Голощекин Петербургте социал-демократтармен танысады. Шая Голощекин Ресей социал-демократтық жұмысшылар партиясына 1903 жылы кірді деп саналған, алайда, көп жылдан соң, НКВД-дағы тергеу кезінде ол басқа датаны – 1905 жылды көрсетеді. Дегенмен де, революционерлермен алғашқы кездесуі тап осы 1903 жылы болады.

Чекистермен болған әңгіме кезінде ол былай деген:

«Революциялық қозғалысқа мен белсенді қатысқан жоқпын, тек 1903 жылы дантист атағын алу үшін Әскери-медициналық академиядағы емтихан кезінде мен революционер Струнскиймен кездестім, ол мені РСДЖП (РСДРП) ұйымының мүшесімен байланыстырды, тегі есімде жоқ. Соңғысының тапсырмасы бойынша мен Санкт-Петербургтегі РСДЖП (РСДРП) 3 аудандық ұйымына үгіт парақшаларын апардым. Бұл жұмысым ұзаққа созылған жоқ, өйткені өз жеке шаруаларымды ыңғайлау үшін мен Санкт-Петербургтен өз елім, Невельге, кеттім. Елімде аз уақыт болғаннан кейін мен тіс дәрігері мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істеу үшін Вятка қаласына жүріп кеттім, бұл жерде 1905 жылдың көктеміне дейін жұмыс істедім».

Петербургке тұрғылықты тұруға көшіп, сол баяғы революционерлер Струнский мен Пиратинскиймен кездескеннен кейін, 1905 жылдың көктемінде Шая Ицикович РСДЖП (РСДРП) ұйымына мүшелікке өтеді де, Филипп деген лақап атқа ие болады. 

Осыдан кейінгі алты жыл ішінде, 1912 жылғы Прага конференциясына қатысқанға дейін Филипп жеті рет патша полициясының қолында болып үлгереді.

Алайда, жер аударулар арасында ол мансап қызметінде де сәтті жетістіктерге жеткен: 1906 жылы РСДРП Петербург комитетінің мүшесі болып сайланады, 1907 жылдан бастап РСДРП Петербург атқарушы комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, 1909 жылдан бастап РСДРП Мәскеу комитетін басқарған. РСДРП Мәскеу комитетінің басшысы болып жүрген кезінде тұтқындалып, Нарым өлкесіне жер аударылады. Осы жер аудару кезінде ол қолөнершінің қызы, революционер Берта Иосифовна Перельманға үйленеді.

1910 жылы Филипп Голощекин тұтқыннан қашады. Осыдан соң әйелін 1917 жылы ғана, әйелі өзіне-өзі қол салардың алдында кездеседі. Осы жағдай бойынша Голощекин «Уральский рабочий» газетінде былай деп жазған:

«Ол өмірден бақытты боп өтуге өзінен ерік-жігер таба білді».

1912 жылы Филипп Исаевичті Мәскеу комитеті РСДРП-ның Прагадағы VI конференциясына делегат ретінде жібереді, нәтижесінде Голощекин ОК мүшесі болып сайланады. Конференцияда Халықаралық социалистік бюро туралы баяндама бойынша Ф. Голощекин Владимир Ильич Ленинмен сөзге келіп қалады, алайда жарыссөз кезінде делегаттар бірауыздан пролетариат көсемін қолдайды. Төрт айдан соң, 1912 жылдың сәуірінде ОК-нің жаңа мүшесі тағы да тұтқындалып, Тобыл уезінің Демьянское селосына жер аударылады.

1912 жылдың желтоқсанында ол тұтқыннан қашып, Екатеринбургке жол тартады, ал 1913 жылдың наурызында қайтадан тұтқындалып, Сібірдің Турухан өлкесіне жер аударылады. Бұл жолы қаша алмай, Ақпан революциясынан кейін ғана босауын тосуға тура келеді. Орталық Сібірдің солтүстігі, Турухан өлкесі революционердің тағдырында тағдырын шешкен сәтке айналды: сол жерде – Монастырское селосында, басқа да революционерлермен бірге өз жазасын Иосиф Сталин мен Яков Свердлов та өтеп жатқан еді. Революционер Ф. Голощекиннің мінезін айтқан кезде Яков Свердловтың әйелі К.Т. Новгородцева-Свердловаға жазған хатына көз жіберіп көрсек:

«Бірнеше күн Ж-мен болдым («Жорж» – Голощекиннің лақап аттарының бірі), оның жағдайы нашар. Ол нағыз неврастеник болып кеткен, мизантропқа айналып барады. Жалпы адамдарға деген, абстрактілі адамдарға деген жақсы қарым-қатынасы бола тұрса да, ол өзі жанаса кеткен нақты бір адамға тым соқтыққыш, міншіл. Нәтижесінде – бәрімен контра... Ол бұзылып барады, өзіне-өзі адам төзгісіз жағдай жасап жүр».

Қазан революциясынан кейін 1917 жылдың қарашасында Яков Свердловтың бұйрығымен Филипп Голощекин Оралға жіберіледі, ал желтоқсанда РСДРП (б) Екатеринбург комитетінің мүшесі болып сайланады. Екатеринбургте Голощекин патша отбасын атуға тікелей қатысқан. Ақпан революциясының нәтижесінде Николай II тақтан бас тартады.

А.Ф. Керенский басқарған Уақытша үкімет Николай II мен оның отбасын Царское Селодан Тобылға ауыстыру туралы шешім шығарады, өйткені осы Тобылда совет үкіметі патша отбасына сот өткізу туралы ұсынысты талқылауды жоспарлаған еді. Ақырында патша отбасы қашып кетеді деп қорқып, Советтер оларды Антанта мен Германиядан әжептәуір алыста орналасқан Екатеринбургке ауыстырады. Дегенмен де, патшаның тағдыры шешіліп қойылған еді.

1918 жылғы 30 сәуірде Орал әскери комиссары ретінде Ф. Голощекин Николай мен оның отбасы мінген пойызды қарсы алады. Император отбасын вокзалдан әйгілі Ипатьев үйіне әкелген жүргізуші былайша еске алған:   «Бұл жерде барлы істі Голощекин басқарды. Біз үйге келген кезде Голощекин патшаға: «Азамат Романов, кіруіңізге болады» деді. Патша үйге кірді. Дәл осындай тәртіппен ол Патшайымды және Князь қызын және бірнеше қызметшіні кіргізді... Патшаны үйге әкелген кезде үйдің жанына халық жинала бастаған еді».

1918 жылдың шілдесінде Филипп Исаевич II Николайдың тағдырын талқылау үшін Мәскеуге жол тартады. Голощекин ақ гвардияшылардың патша отбасын тартып алуы мүмкін екендігін алға тартып, патшаны еш сотсыз, еш тергеусіз атып тастауды ұсынады. Бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсылық танытылып, 14 шілдеде ол қайтадан Екатеринбургке оралады.

Николай II және оның отбасы  

Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатының Халық комиссарлары қорында 1918 жылғы 16 шілдеде Екатеринбургтан Петроград арқылы Мәскеуге жіберілген мынадай жеделхат сақталған:

«Петроградтан. Смольныйдан. Мәскеуге, Кремль, Свердловқа, көшірмесі Ленинге. Екатеринбургтан тікелей желі бойынша келесі беріледі: Мәскеуге хабарлаңыз, Филипповпен уәделескен әскери жағдай бойынша сотты кейінге қалдыруға болмайды. Күте алмаймыз. Егер де сіздердің пікірлеріңіз қайшы болса, дәл қазір, еш кезексіз хабарын беріңіз. Голощёкин, Сафаров. Осы мәселе бойынша өздеріңіз Екатеринбургпен хабарласыңыздар. Зиновьев. Белгі: Петроград Смольныйдан 16.7.1918 ж. 21 сағат 22 минөтте қабылданды 14 22 8».  

Патша отбасының жеті өкілі (патша Николай Александрович пен патшайым Александра Федоровна, олардың балалары Ольга, Татьяна, Мария, Анастасия және Алексей), олармен бірге төрт қызметші (лейб-медик Евгений Боткин, аспаз Иван Харитонов, камердинер Алексей Трупп және қызметші қыз Анна Демидова) 1918 жылдың 16 шілдесінен 17-не ауған түнде атылды. Атуды ұйымдастырған Голощекин жазаны іске асыру кезінде болмаған, бірақ мәйіттерді көмуге қатысқан.

1922 жылдың қазанында Филипп Голощекин Самара губерниясының Жұмысшы, қызыләскер және шаруа депутаттары Кеңесінің төрағасы болып жіберіледі, сонымен қатар ол аштық зардабымен күрес жөніндегі губерниялық комиссияны да басқарады. Келе салысымен Голощекин губерниядағы әскери жағдайды жояды, аштықты, індетті жойып, толықтай құлдырауға жол бермейді. Ф. Голощекин губернияның экономикасын көтеріп, сауатсыздықты жойып, мәдениет мекемелерін құрған.

1925 жылдың қазанында Ф. Голощекинді Қазақ өлкелік комитетінің БКП (б) хатшысы етіп тағайындайды. Қазақстан 1921-1922 жылдардағы аштықты енді-енді ұмытып, астық пен мал басын біртіндеп көбейте бастаған кез еді. Мысалы, 1922 жылмен салыстырғанда астық 92 млн пұтқа, ал мал басы екі есеге өскен. 1923 жылмен салыстырғанда тауар айналымы төрт есе өсіп, 255 млн рубльге жеткен. Қазақтар өнеркәсіптегі маңызды жұмыс орындарын иелене бастайды: тау-кен өнеркәсібінде этникалық қазақтар жұмыс орындарының 45%, жеңіл өнеркәсіпте 30% артық жұмыс орындарын иемденген.

Филипп Исаевич желтоқсанда өткен конференцияда

«Қазақстанда ешқандай да совет үкіметі жоқ»

дегенді айтып, республикада қызу жұмысты жандандырып жібереді. Осыдан соң ол Сталиннің атына «Кіші Октябрьге» рұқсат етуді сұрап хат жазады. Осы идеяның фарватерінде өлкелік комитеттің екінші хатшысы И. Құрамысов болғанын айта кету керек: «Октябрьдің дауылы қазақ ауылына аса тиіспей, оның жанынан өтті».

Дәл осындай аласапыран кезеңде Смағұл Сәдуақасов ұсынған сияқты Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп құру туралы ұсыныстар табалдырықты аттамай жатып-ақ күресінге тасталып, ал олардың авторлары ұлттық буржуазия өкілі ретінде айыпталды. Өзінің саяси қарсыластарын, олардың ішінде Т. Рысқұлов, С. Қожанов, О. Жандосов, С. Сәдуақасовтарды ұлтшыл және түрікшіл деп айыптады.

Голощекиннің «Кіші Октябрі» қазақ ауылдарына 1926-1927 жылдары келіп, егіндіктер мен мал жайылымдарынан құйындата өтіп, 1360 мың десятина шабындық жерді, 1250 мың десятина егістік жерді тартып алып, байлар мен мал иелерінің мүліктерін тәркілеп, өздерін ауданнан алыс шетке қоныс аудартып жіберді.

1928 жылдың 28 тамызында «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» Декрет шықты, ол бойынша «жартылай феодалдық, патриархалдық және туыстық қатынастарын сақтай отырып, өзінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды советтендіруге кедергі келтіріп отырған байырғы тұрғындар арасынан мейлінше ірі мал иелерін қоныс аудару» көзделді. Декреттің күші Адай округі, Қарақалпақ автономиялық облысы мен бұрынғы Жетісу мен Сырдария губернияларының мақта өсіретін аудандарынан басқа Қазақстанның барлық жерін қамтыды.

Голощекинді білген, революция тарихшысы В. Л. Бурцев ол туралы былай деген:

«Ол – лениншіл адам. Бұл адамды қан да тоқтатпайды. Бұл ерекшелік оның мінез-құлқынан да байқалатын: азғындаудың кейбір элементтері бар қатыгез жендет. Партия жұмысында ол менмен, демагог, арсыз болатын. Қазақтарды ол мүлдем адам деп санамайтын».

1933 жылдың жазында Филипп Исаевич Голощекин Мәскеуге қайтып оралды, бұл жерде оған Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы бас мемлекеттік арбитр лауазымы ұсынылады. ССРО-ның Ішкі істер халық комиссары, ал сол кезде Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысының орынбасары болған Ежовпен достығы Филипп Исаевичке ұжымдастыру кезіндегі миллиондаған адамның өлімі үшін қорықпауға мүмкіндік беретін. Алайда Лаврентий Павлович Берия келісімен Голощекиннің қалтқысыз өмірі тәмам болды.

Голощекин 1939 жылдың 15 қазанында тұтқындалады. Оған троцкизмді аяушы, террористік актіге дайындалды, ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушілігі үшін айыпталды және т.б. басқа да айыптар тағылды. Атыларының аз-ақ алдында Филипп Исаевич Сталиннен көмек сұрауға тырысты:

«Жеке өзіне.

БКП (б) ОК хатшысы, халықтар көсемі И.В. Сталинге 

Филипп Исаевич Голощекиннен

(Бутырка түрмесіндегі тергеудегі)

 

өтініш

Сізге, Ұлы Сталин, және Сіздің тұлғаңызда БКП (б) ОК мен ССРО Үкіметіне, адам нанғысыз жайт, бірақ әбден дұрыс және күмән келтірмейтін жайт туралы толықтай жауапкершілікпен айтамын.

Мен, Филипп Голощекин 36 жыл бойы (яғни, партияға өткен 1903 жылдан бастап тұтқындалған 1939 жылдың 15 қазанына дейін) лениндік-сталиндік большевиктік коммунистік партияның сенімді, адал, айнымас мүшесі болғаныма қарамастан; партия тарихының барлық кезеңінде мен жұмысшы табының барлық жауларымен, совет үкіметі мен социализмнің, большевизм мен Ленин-Сталиннің жауларымен болған күресте алдыңғы қатарда болғаныма қарамастан; мен большевистік партияның, совет үкіметі мен социализмнің құрылысына белсене қатысқаныма қарамастан, осылардың ешқайсысына қарамастан мен совет жерінде, большевиктер жерінде 1939 жылдың 15 қазанында тұтқынға алындым, түрме отырғаныма 22 ай болды, оның 12 айында Суханов түрмесінің ауыр жағдайын бастан кешірдім, 140-150-ден астам физикалық соққылар және моральдық ауыр тергеулерден өттім...

Не үшін?

Халық жаулары Ежовтың, Сафаров пен Голюдовтың маған қарсы өтірік, жалған түсініктері қарапайым көзге де көрініп тұр ғой... Большевисттік ақиқаттың жеңіп шығатынына кәміл сенемін.  Сізге тұңғыш рет жазып тұрмын, себебі түрмеде отырған уақыт ішінде осындай мүмкіндік бірінші рет беріліп отыр. Филипп Голощекин. 12.VIII-41 ж. Бутырь түрмесі, 224-ші камера.

 

Мен партияда кездейсоқ адам болмағандықтан, менің ісім тек жеке сипаттағы іс болмағандықтан, И.В. Сталиннің Секретариатынан менің өтінішімді Сталиннің жеке өзіне жеткізуді сұраймын».

1941 жылдың қазанында вермахт Мәскеуге жақындап келгендіктен, ол Куйбышевқа ауыстырылады. 1941 жылдың 28 қазанында ол басқа да тұтқындармен бірге Куйбышевтың жанындағы Барбош кенті маңындағы Барбошина Полянаға шығарылып атылады. 1961 жылы ақталды.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English