Жарияланымдар

Шыңжаң мәселесінде Ресей Қытайға жақтасты

18 Қазан 2018
3424
1
Шыңжаң мәселесінде Ресей Қытайға жақтасты
1876 жылдың көктемінде империя армиясын жетектеген Цзо Цзунтан Шығыс Түркістанға басып кіруге әбден дайын болды

Қытай мен Шыңжаң арасын бөліп жатқан 400 шақырымдық құмды шөлден цин қолбасшысы аз-аздап әскерін өткізіп, Баркөлге жинай берді, жинай берді.

Дұшпанның ел іргесіне жеткенін ести сала Жақып-бек әмірші Қашғардағы 13 мыңдық таңдаулы әскерді бастап, жауды күтіп алуға шықты. 1876 жылы мамыр айында шекара шебіне жетіп қалған «Бақ-Дәулеттің» гвардиясына жолай Сыздық төренің 10 мыңдық қолы келіп қосылып, біріккен армия Тоқсын дейтін құм шетіндегі қыстаққа аялдайды. Қытайдан кім келсін, тек осы қалашық арқылы ғана Шыңжаңға кіре алатын. Тоқсын қалашығы – Баркөл, Құмыл қалаларына 30 шақырым берідегі, маңызды, стратегиялық елді-мекен еді. Жақып-бек әмірші Цзо Цзунтанның қалың қолын осы жерде күтіп алмақ болды. Сөйтіп әскерін ұтымды позицияларға орналастыра бастады.

«Қытайлардың жақсылап соққы жасауына көмектесу...»

Шыңжаң жан алып, жан берісетін қанды майданға дайындалып жатқанда одан 5 мың шақырым алыстағы Петерборда да үлкен дайындық жүріп жатты. Бұл жиналысқа кіл қолынан қан тамшылаған генералдар мен қызылкөз саясаткерлер бас қосты. Талқыдағы тақырып: «Сохранение в Кашгаре господства нынешнего владетеля или, напротив, ниспровержение его и восстановление власти китайского правительства».

Азияның бір түкпіріндегі оқиғаның Ресей империясы үшін қаншалықты маңызды болғанын сол жиналысқа қатысып жатқан министр, губернаторлардан анық байқауға болатын еді. Атап айтсақ, Соғыс министрі Дмитрий Милютин, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Константин фон Кауфман, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Николай Казнаков, Бас штабтың генерал-адъютанты, граф Фёдор Гейден секілді кіл кеудесінен салпыншақ төгілгендер еді.

Бұл жиналғандардың арасында Орталық Азиядағы ахуалды «бес саусағындай» білетіндер көп болды. Нақты айтсақ, кеше ғана Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарын талқандап, территориясын Ресейге қосып алған генерал-адъютант Кауфманды айтса болатын шығар?! Сондай-ақ кіндік Азияда 15 жылдан бері әскери һәм саяси тыңшылық жасаған, Шыңжаңға 2-3 рет экспедиция жасаған  полковник Проценко дейтіндер де осы жиында баяндама жасап, пікір таластырды.

Түркістан генерал-губернаторы Константин фон Кауфман 

Жетішаһар мемлекетінің тағдырын қалай шешу керектігі туралы пікір пішен болды. Бірақ, министр-саясаткердің басым бөлігі – Жақып-бектің әмірлігін жою керек деген позицияға тастай беріктік танытты. Түркістанның генерал-губернаторы Кауфман Қашғар мемлекетінің не себепті өмір сүруге құқы жоқ екенін баяндамасында былай түсіндіреді: Себебі – Мұхаммед Жақып-бек Қашғар билігіне келгенге дейін-ақ, Қоқанның қолбасшысы болып, орыс армиясымен соғысып өткен. Былайша айтқанда, Ресейдің қас дұшпаны. Ол аз болса, 1868 жылы ағылшын, түріктен әскери-экономикалық көмек алып, арқа жүнін күдірейтін алған Жақып-бек түменбасы Сыздық төренің үгіттеуімен Бұқар әмірлігі екеуі Ресейге қарсы соғысуға уағдаласады. Осы мақсатта Тұрфан қаласында 9 мың таңдаулы әскерін сайлап, Жетісуді бөліп алуға жоспар түзген. Бірақ орыс әскерінің Бұқар хандығын аз уақытта талқандап тастауы, Жақып-бектің адуынды жоспардан бас тартуына әкелді.

Осылай деп пікірін фактілермен дәйектеген түркістан губернаторы, енді Жақып-бектің мемлекетін қалай жоямыз деген сауалға мынадай қызық ұсыныс айтады: Қытайдан бөлініп қалған Шыңжаңды орыс жасағы басып алуы керек. Тек мұны бүкіл әлемге, Шығыс Түркістанды Қоқан хандығы жаулап алғандай етіп, қоқандықтардың туының астында жасау керек. Қоқан монархы Құдияр ханның атын пайдаланып, Жақып-бектің көзін жоямыз әрі Түркістан аталатын географиялық аумақтың баршасы біздің қолда болады деді.

Мұнан бөлек Шығыс Түркістанды басып алу – Россияны экономикалық тұрғыдан да мол пайдаға кенелтуі де генерал, экономист-саясаткерлерді қыздыра түсті. Иә, Шыңжаң – керуен жолдың үстіндегі мекен еді. Әрі Қашғарды жаулап алсаң, Қытайға да, Ұлы Британияның Үндістанына қауіп төндіруге, сес көрсетуге болады деген дәлелді уәждер келтірілді.

Не керек, 1871 жылы генерал Герасим Колпаковский 2 мыңдық таңдаулы жасақпен Шыңжаңның Іле аймағын басып алады. Тараншы сұлтанатын қиратып, территориясын Ресейге қосып алады.

Осы оқиғадан соң, Александр ІІ Бейжіңге хат жолдап,  бұл ешқандай да жаулаушылық еместігін дәлелдеуге тырысты. Керісінше Цин империясынан бөлініп қалған өлкені тыныштандырып, уақыт өте, негізгі иесіне қайтарып береміз деп уәде төкті.

Шын мәнінде бұл бар-жоғы алдаусырату еді. Орыстар әліптің артын бақты. Қытай Шыңжаңды жайына қалдыра ма, әлде қарызға батып, қару сатып ап, Қашғарды бағындыруға келе ме?! Осыны көргісі келді. Қалай болғанда да, екі нұсқаға да жоспар бар еді.  

Қадірменді оқырман, Цин шенеуніктері Шыңжаңға қатысты пікірлері екіге бөлініп, қызу талас жүргенін айтқанбыз. Провинция әкімдері мен министрлердің дені – «тайпин» көтерілісі және «апиын соғысы» Қытайдың әлеуетін талқандап тастағандықтан, Шыңжаңға жорық жасаудан бас тартып, Жақып-бектің формалды бағыныштылығына разылық танытайық десті.

Тараншы сұлтанатын жоюшы генерал Г.А. Колпаковский

Бірақ, осыған дейін айтқанымыздай, соғыс тілеген партия бұл таласта жеңіп шығып, 1876 жылы Бейжің Шыңжаң өлкесін қайтарып алуға бел буды. Дәл осы кезде Ресейдің де сыртқы саясаты өзгере бастады. Әне-міне Осман империясымен соғыс басталуы кәдік. Александр ІІ алыстағы Қашғардың шаң көтерілген, шөл даласынан гөрі, Қара теңіз бен  Балқанның бал бықыған территорияларын басып алуды көкседі. Сондықтан күллі «Шығыс Түркістанды жаулап алу» идеясынан да бас тартуына тура келді.

Бірақ, сол түріктен жер тартып алам деген орыстың үміті дәме күйінде қалуы да мүмкін. Себебі Жақып-бек, бұл кезде өзін Осман империясының вассалы ретінде мойындап, Стамбұлдан «әмірші» деген титул алып қойған. Яғни, Түркияға Ресей соғыс ашар болса, Қашғар әмірі тыныш отырмайды. Орыс әлі де болса, толық игере алмай отырған Жетісу, Мәуренахр өлкесіне Жақып-бек қауіп төндіруі мүмкін. Ол кезде Ресей екі жақта соғысуға мәжбүр болады. 45 мыңдық ағылшын винтовкасымен қаруланған Жақып-бектің армиясы әжептеуір күш. Одан қалды, бұл армияны орыспен соғысып көрген, орыс генералдарының айла-тәсілін жақсы білетін, керек десеңіз бірнеше ұрыста жеңіп кеткен Сыздық төре, Махамбет датқа секілді тұлғалар басқарады. Иә,  Қытай секілді империяның әскерін талқандап тастаған Жақып-бекпен санаспау мүмкін емес еді.

Қытай шенеунігі тұрған сарайдың қирандысы. 1871 жыл. Орыс суретшісі В.В. Верещагин. Шашылып жатқан бас сүйектерге қарап-ақ қандай қырғын болғанын елестетуге болады.

Жағдайдың қаншалықты ауыр екендігін генерал Венюков былай суреттейді. Эмоциялық реңкі сақталу үшін, баяндамасын аудармай беріп отырмыз:

«Только Россия является препоной честолюбивому эмиру в его стремлении основать большое мусульманское государство в Средней Азии… С нашей стороны, конечно, нет никакого резона содействовать осуществлению его планов и, напротив, должно желать, чтобы усилению Еттишара был положен, наконец, предел. Всего бы лучше, по-видимому, было содействовать китайцам в нанесении ему хорошего удара с востока, для чего достаточно упрочить их положение в Чжунгарии и Хами и снабдить их оружием и другим военными запасами. Китайцы – соседи испытанного миролюбия и притом имеют одинаковый с нами интерес в Средней Азии: сдерживать волнения номадов, столь вредных для их оседлых соседей. Их соседство в Кашгаре было бы выгодно для нас уже потому, что заслонило бы нас от британской Северной Индии, откуда идут не только неприязненные нам внушения Якуб-беку, но и оружие, далеко превосходящее луки со стрелами и фитильные ружья среднеазиатцев…»

Қысқасы, Бас штабтағы жиналыстың қорытынды сөзі, Венюковтың баяндамасы болды. Барлық спикер – Жетішаар мемлекетін жою керек. Қытайға осы тұрғыда көмекті аямау қажет деген ұстанымды бекітті.

Иә, сол кездегі Ресей үшін, Цин империясының Шығыс Түркістанды билеп-төстеуі, орыстың кіндік Азиядағы иеліктеріне қауіп төндірмейтін еді. Бірінші өте әлсіз, екінші Шыңжаңның әманда бөлініп кету мүмкіндігі жоғары. Ал, Жақып-бектен келер зауал көп. Ол қазір, құдіретті мұсылман мемлекетін құруға талпынып жатыр. Ішінара жоспары жүзеге асса, Ресейге бағынышты түрік-мұсылмандарды еліртер еді.

Цзо Цунтан мен Жақып-бектің айқасы

Ақтық айқас алдында орыс «саяхатшылары» екі жақтың да басшыларымен сөйлесіп, кім олар, қандай қасиетке ие, бәрін-бәрін түртіп ап, жоғарыға жөнелтумен болды.

1876 жылы Жетісу арқылы Николай Пржевальский шағын топпен Шыңжаңға енеді. Орыстардың бұл жүрісін Сыздық төре де, Жақып-бек әмірші де жақтырмайды. Бірақ, ызасын көрсетпеуге тырысады. Қытаймен шайқас алдында орыспен араздасып қалмас үшін «қашғар қожайыны» саяхатшыны қабылдап, сұхбат құрады. Осы сапарынан келе сала, Пржевальский Жақып-бектің мемлекеті қытай армиясының ауыр бір соққысынан-ақ күйреп қаларын жазып, бас штабқа жөнелтеді.

Дәл осы уақытта орыстың тағы бір экспедициялық тобын бастаған Юлиан Сосновский Цзо Цзунтанның лагеріне бас сұғады. Иә, Жақып-бек туралы, оның қолбасшылары, уәзірлері жайлы орыс тыңшылары там-тұмдап хабардар болса, ал қытайдың жазалаушы армиясын басқарып келе жатқан Цзо туралы ештеме білмейтін еді. Сосновский осы олқылықты жою үшін қытай генералы туралы, тәптіштеп барлығын жазып отырған. 

Полковник Ю.А. Сосновский Қытай генералы жайлы: «Цзо мырза  – бойы тапал, толық келген, 60-ты алқымдаған кісі. Байсалды түрінен ақылды кейіп байқалады» деген сипаттама қалдырыпты.

 Полковник Ю.А. Сосновский

Цин қолбасшысы орыс «саяхатшыларымен» кездесердің алдында «апиын» шегіп алғаны байқалады. Себебі, қадірлі елшілер келгенде дипломатия шарты бойынша, мейлінше сабырлы, салиқалы кейіп таныту орнына қытай губернаторы күлумен, меймандарды мазақтаумен болған. Мысалға, Иван, Александр деген орыстың есімдері қандай қызық деп күлкіге қарық болса, енді бірде еуропалық жазу үлгісін әжуа еткен. Одан қалды, тауда ұшып жүрген айдаһарларды көргенін айтып, мұңайған.

«Ақымақ шал» боп көрінген Цзо Цунтан бірақ кездесуді өте сәтті нәтижемен аяқтайды. Әңгіме соңы – Шыңжаңға кірген қытай армиясына азық-түлікпен орыстар көмектеседі деген шартпен бекиді. Иә, Жақып-бектің 45 мыңдық әскеріне әрең нан тауып беріп отырған Шығыс Түркістан қытайдан келген 90 мың солдатты асырай алмайтыны анық еді. Жергілікті жұрттың қолындағысын тартып ап, тонаушылық жасасаң да, мұншама көп армияға ол тапқаның түк болмайды. Ал, азық-түлікті ішкі Қытайдан тасу өте қиын шаруа. Екі ортада шөл дала жатыр. Сондықтан да Қытайдың 90 мың әскеріне азықты Ресей беретін болды. Орыстар бірден аванс сұрады. Цзо Цунтан екі арбаға күміс толтырып, азық сатып алуға жасақ жібереді. Олар Шыңжаңды Моңғолия арқылы айналып өтіп, Верныйға келеді. 150 түйеге азық артқан керуен келген жолымен кері кетеді. Жетісулық қазақ-қырғыздардың шабуылынан қорғау үшін керуенді 200-ге тарта казак және моңғол кавалериясы еріп жүреді.

Цзо Цзунтан, ескі фотосурет

Соғыс басталды...

1876 жылдың жазында Жақып-бектің армиясы қытай әскері осы жермен өтеді-ау деген жолдың бойына орнығып, жауды күтіп жатыр еді. Алайда, Цзо Цзунтан Баркөлге ақырын-ақырын әскерін жинап алды да, тіке Қашғар армиясымен соғысудың орнына Шыңжаңды айналып, Ресей шекарасына қарай жүрді. Ресейге жақын ауданға барудың бір сыры – орыстан үздіксіз азық-түлік алып тұруға ыңғайлы еді. Екіншіден солтүстік бағытты

дүнгендер қорғауы керек болған. Бірақ олардың әлеуеті әлсіз екенін Цзо генерал білді. Білді де, шабуылға шықты...

Бірнеше күнде 90 мыңдық цин корпусы Үрімші қаласының іргесіне ілінді. Үрімші ауданын дұшпаннан Мұхаммед Бо Яньху есімді дұңған қолбасшысы бірнеше мың сарбазымен қорғауға міндет алды. Жақып-бек қорғанушы дұңғандарға көмек ретінде мың ұйғыр жігітін жіберіп, өзі әлі де болса, жалғыз аяқ жолмен қытайдың негізгі армиясы келеді деп, соны тосумен болды.

1876 жылдың 10 тамыз күні дұңған сарбаздары жауды ыңғайлы позицияда ұстап алмақ болып, жорыққа шыққан бетте 3 жақтан бірдей тиіскен жаудың шабуылына тап болды.  3 күн бойы соғыса жүріп,  ұйғыр-дұңған сарбаздары Үрімшіге бір күндік Гумуди дейтін бекініске барып тығылады. Асығыс шегінгендіктен, ас-су алу ешкімнің есінде болмапты. Бекіністегі сарбаздар ашықса да, сыр бермеуге тырысады. 90 мыңдық дұшпан 5 тәулік бойы күндіз-түні тынымсыз шабуылдай бергендіктен, бекініс құлап тынады. Осы шайқаста Жақып-бектің ең мықты полковниктерінің бірі қазақ Әзімқұл қалмақтың оғынан мерт болады. Бұл өлім – Қашғар мемлекеті үшін құны тым ауыр өлім болып еді. 

Қалмақтардан құралған кавалерия. Бұл фотография 1906 жылы К. Г. Маннергеймнің экспедиция кезінде түсірілген. Баяндалып отырған оқиғадан 30 жыл бұрын да Цин империясының провинциалдық әскері осындай болатын.

Гумуди бекінісінен тек жүз шақты батыр қан кеше жүріп, сытылып шығып кетеді. Ал қорған ішінде нағыз қырғын басталып еді. Цин корпусы қалашық басып кіріп, тұтқынға түскен 6 мың дұңғанды қырып тастайды. Үрімшінің айналасы терекке тербелген өліктер, өртенген үй-жайға толып кетеді. Қытайлықтардың аяр тірлігін көріп тұрса да, орыс көпестері шімірікпестен, кіл кәззаптан тұратын армияға нан, бидай жеткізіп тұра берді. Себебі 1 пұт астықты Цзо-Цунтан 40 есе қымбатқа сатып алатын. Қытайлар ағылшыннан қарызға алған ақшасын шашып-төгіп жүріп, Жыңжаңды кері қайтаруға тырысты. Шығынмен ешкім санасқан жоқ.

Жалғасы бар...

(Келесі мақалада Сыздық төре Қашғардан неге кеткенін сөз етеміз. Бірақ, ол оқиғаға дейін соңғы сұлтанның Цин армиясымен ұрыс кезінде қолданған, соғыс тарихында теңдесі жоқ стратегиялық маневрлары мен ерліктерін сөз етеміз. Күтіңіз...)

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Жалгас Шадаев Жалгас Абилкасимович06.11.2018, 17:02

Саламатсыздар ма! ШЫҢЖАҢ МӘСЕЛЕСІНДЕ РЕСЕЙ ҚЫТАЙҒА ЖАҚТАСТЫ Источник: https://e-history.kz/kz/publications/view/4578 © e-history.kz Жалғасын қашан шығарасыздар,күтудеміз...

Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?