«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

АЛАШҚА ТҰРАҚ БОЛҒАН ҒИМАРАТТАР

1249 0
АЛАШҚА ТҰРАҚ БОЛҒАН ҒИМАРАТТАР
"Қасиетті Қазақстан" деген бағдарлама түздік. Жақсы-ақ. Бірақ, қайбір әкімдіктер - қастерлі мекендердің тізімін толтыра алмай, аққу-сұңқар дейтін сектаның үңгір-апанына таласып жүр дейді ғой.

Айдаладағы мола-мазаратты мазалағаннан гөрі, оның орнына, Семейдегі Алаш Ордашыларға тұрақ болған, офиске жараған үй-мекемелерді неге қамқорлыққа алмасқа?! Неге жұрт келетін, көретін мекенге айналдырмасқа? 

СЕМЕЙ – АЛАШ ҚАЛАСЫ

Семей  десе – Алаш, Алаш десе – Семей қат-қабаттаса ойға оралады. Бекер емес. Бұл шаһарда Алаш арыстары тұрды, жұмыс істеді, қалың қазақты қабылдап, кездесу өткізді дейтін ғимараттар – көп, өте көп. Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбекұлының дерегінше, Алаш тарихына қатысты онға тарта ғимарат бар.  Бұрын, одан да көп болған. Кеңес Үкіметі – Алашқа тұрақ болған үйдің барлығын сүрді, құлатты.

 

Жә, қызыл бүлдөзер қанша мұрамызды бүлдіріп, бұзып тастағанын шамаласын деп, бір дерек қыстырғалы отырмыз. Астананың сол жағалауы – Үкіметтік мекемелерге толы ғой. Тура солай, 100 жыл бұрын, Ертістің арғы бетінде – Алаш Ордаға тиеселі 32 үй болыпты. Бірінде – Алаштың атты әскері тұрақтаса, екінші мекемеде қаржыға жауапты кісілер отырған, енді бір шаңырақта қазақ газеттері, тағы бірнеше үйде, Алаш мектептері орналасқан еді. Былайша айтқанда, Үкіметтік орам ғой. Қазір «Жаңа Семей» атап жүрген бұл шағынауданның, бір замандары «АЛАШ» қаласы деген есім-сойы да болыпты.

Тұрдықұл Шанбай – Алаштанушы

1917 мен 1927-ші жылдар аралығында АЛАШ аталған, ауқымы 2-3 микроауданға жетеғабыл қалашықты коммунистер тып-типыл етіп талқандады. Орнына базар соғып тастады.

                    АЛАШОРДА ҮЙЛЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ ХӘЛІ

Жә, қираудан аман қалғандары бар. Шамамен 7-8 мекеме. Бірақ, соның тек біреуін ғана – мүзей ете алыппыз. Ол - Алаш Үкіметінің қаржы министрі болған Әнияр Молдабаевтың шаңырағы. Қалғандары тұр. Бірақ, Алашқа еш қатысы жоқ сияқты. Мысалға, Алашқа біраз уақыт тұрақ болды дейтін үй – монастырь боп кеткен. Алашорда үкіметімен келісім бойынша шетелден келіп, қазақ жігіттерін соғысуға үйреткен офицерлердің үйінде, энергетиктер отыр. Ал, ең бастысы Алаштың бостандық декларациясын қабылдаған үй – краеведический музейге айналған. Краеведический дегеннен шығады. Ресей үшін, бұл Семей бұрындары «край» болса, болған да шығар?! Бірақ біз үшін СЕМЕЙ - ОРТАЛЫҚ қой. 

Америка үшін, «бостандық декларациясы» қабылданған үй қандай құнды болса, қазақ үшін – Семейдегі мынау БОСТАНДЫҚ ҮЙІ тура солай қастерлі, бағалы болуы керек еді. Дәл осы ғимаратта Алаш көсемдері тәуелсіздікті қайта қалпына келтіріп, қайта егемен елміз деп жария етті. Осы үйде, алаш көсемдері қазаққа қат, қажет талай дүние, қаулы, шешімдер шығарды. Бірақ, тағдырлы шешімдер қабылданған ғимаратта әлі күнге «бұл жерде Әлихан Бөкейханов болған, кездесу өткізген» дейтіндей бірде-бір белгі жоқ.

Қазақтың бостандығын жариялаған үйдің алдында үлкен көше жатыр. Күні кешеге дейін Ленин аталып келді. Семейлік ғалым-тарихшылар, бұл көшеге Қазы Нұрмұхамбетұлының есімін бермек болып, біраз талпынып еді. Қазы Нұрмұхамбетұлы?! Ол кім, білмейсіз бе?! Ол алаштың алғашқы шейіті. Ол – Алаш милициясының командирі еді. Қазақтың Кенесарыдан кейінгі құлап қалған мемлекеттігін қайта тұрғызам деп жүрген батырды, коммниустер атып кетеді. Алаш әскері Қазының кегін сол күні-ақ қайтарды дейді тарихшылар...

Бекен Теміров – Алаштанушы

Большевиктерді қуып жетіп, талқандау үшін жасақ құралды. Қазының кегін қайтармаққа аттанған әскер тізімінде Тұрағұл Құнанбаев бар, Мұхтар Әуезов атамыз да жүр. Алаш жасағы, жауды қуып жетіп, тас-талқан етіп жеңеді. Сол айқаста біраз большевикті тұтқындап, жүзшақты винтовка, пулемет олжалап қайтады.

Жә, Алаш Орда үкіметіне тұрақ болған үйлер жайында айтып жатыр ек қой?! Үй бар. Үйдің иесі бар. Ол ғимараттарды Әлихан, Міржақыптар өз қаржысына сатып алғаны жоқ. Қазақтың байлары берді.

Болат Жүнісбеков – Абай мұражайының директоры

Қазақ байларының тікелей қамқорлығының, жанашырлығының арқасында – Алаш Орда – Үкіметке айналды. Өйткені, ақшасыз, қолдаусыз құр идеямен, құр инциативамен ештеңе шешілмес еді. Мынау үйлердің құны қазіргі коттедж, тұрғын үй кешендеріне пара-пар.  Қазақтың бай-бағландары еш ойланбастан, Алаштың атына аудара салған. Ол кездің байлары – ұлт дегенде, жүрегін де жұлып беруге бара алатын, жомарт, мәрт еді.

                АБАЙ – АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ҮЙ СЫЙЛАҒАН

Алаш Орда үкіметіне ең алғаш рет үйін тарту еткен, үй сыйлаған кім? Білесіз бе? Абай Құнанбайұлы. Иә, бас ақынымыз – қазақтың ең алғашқы банкирі, уақыт өте Алаш Орданың қаржы министрі болған Әнияр Молдабаевқа осы үйді 35 жылқыға сатып алып берген екен. Абайдан кейін, қазақтың мықты, біртуар азаматтарына осылай үй алып беру, керек жағдайын жасап беру, көпестер, байлар арасында – мода, трендке айналды. Саудагерлер 5 бөлмелі, он пәтерлі үйлерін сыйға ьеріп жатты. Алаш Үкіметі отыратын ғимарат етіңдер,-деп. Ал, қазақтың байлары, Алаштың әскері салт мінсін деп, мыңдап жылқы айдап әкеліп жатты.

Иә! Егер қазақтың байлары болмағанда, Алаш қайраткерлері – Үкімет құрап, әскер ұстауға, қазақтың ұл-қыздарын еуропаша оқытқан Алаш мектептерін ашуға шамасы келер ме еді, келмеспе еді? Жә, сол байлардың тарту еткен, Алашқа тұрақ болған көп үй құлатылды, қиратылды. Ал барын – бағалай алмай жатқанымыз өкінішті. Заманауи Қазақстанның қалыптасуына сол АЛАШ отырған үйлердегі жиын-жиналыстар, құпия кездесулер себепкер емес пе? Сол үйлердегі басқосулардың барысында, шекарамыз сызылды. Ахаң, Міржақыптар қазаққа қажет ғылым-білімді қазақшаға аударды. Сөйтіп, ғылым-білімге негіз жасап берді емес пе?

Сөз соңында айтарымыз. Алашқа тұрақ болған үйлерді мемлекет қамқорлығына алсақ. Жәй мұражай етіп қана қоймай, қазіргі тәуелсіздікке тікелей осы арыстар себепкер деп, насихаттасақ. Нұр үстіне нұр болар еді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English