«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұланқұстағы ұлы той (Арнайы репортаж)

8031 0
Ұланқұстағы ұлы той (Арнайы репортаж)
Биыл Моңғолияның қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгий аймағында той дүбірі жаз бойы тарқамады. Мемлекет тойынан басталған шара аудандардың (сұмын) тойымен жалғасты.

Делун ауданының 90, Тұлба, Бұлғын аудандарының 80 жылдық тойлары осындағы азғана қазақтың мерейін асырып, мейманасын тасытып, сән-салтанатын паш етті. Осы тойлардың сіргежияры – жері киелі, тарихы терең, шежірелі аудан Ұланқұстын жерінде өтті. Осы тойға Атажұрттан арнайы барған сапарымызда көрген-білген, ойға түйгенімізді қағаз бетіне түсірген едік.

Моңғолия қазағының қарашаңырағы

Моңғолияның ең батыс өлкесіндегі Бесбоғда шыңдарының баурайында, Атажұртқа ең жақын орналасқан Ұланқұс ауданының (сұмының) тарихы Қобда бетіндегі Моңғолия қазақтарының тарихымен тамырлас. Алтайдың теріскей бетіне алғаш асып келген қазақтардың табан тіреген қасиетті мекені де  осы – Ұланқұс немесе Қызылқайың жері. (Ұланқұс – «ұлан» – қызыл, «құс» – қайың деген сөзден шыққан атау)

1940 жылы дербес әкімшілік бірлік Баян-Өлгей аймағы орнағанға дейін Қызылқайың өлкесі Қобда беттегі қазақтардың тұңғыш әкімшілік, саяси, мәдени орталығы болды. Қызылқайыңда тұңғыш қазақ мектебі, қызыл отау (қазіргі қазақ музыкалды драма театрының бастауы), кеден, өндіріс орындары бой көтерді. Ұланқұс сұмыны алғаш 1922 жылы қазіргі орталығында Шеруші қошуыны (қошуын – хошуун – мәнжі билігі тұсындағы аудан дәрежесіндегі әкімшілік құрылмы) болып орнапты. Ол уақытта орталық аты – Ақбалшық деп аталыпты. Олай аталатын себебі – сыртын ақпен боялған орыс көпесі Иванның сауда лавкасын ел солай атапты. Ол кезде әкімшілік атауы – ру атымен аталыпты. 1923 жылы Қазақ хошууны Шеруші, Шыбарайғыр деген екі хошуунға, 1925 жылы Шеруші, Шыбарайғыр, Жәнтекей, Ботақара атты 4 хошуунға бөлініп Батыс Монғолияның орталығы Қобда қаласына қарайды.

Осылайша 1922 жылы Моңғолия қазақтарының алғашқы әкімшілік басқару орталығы Шеруші хошууны дүниеге келіп, іргетасы Ақбалшықта қаланды.

1924 жылы Моңғолияның Мемлекеттік алғашқы Құрылтайына Шеруші хошуунынан Дәуітбай Тауданбекұлы қатысып, Моңғолияның алғашқы заңын бекітуге ат салысады. Осы құрылтайда ел астанасының атын қою ұсынылғанда, коминтерн өкілі Тұрар Рысқұлов Ұланбатыр (Қызылбатыр) деген нұсқа айтып, оны Дәуітбай Тауданбекұлы бірден қолдап қол соғады. Осылайша, бір мемлекеттің атын екі қазақ қойған тарих дүниеге келеді.

1938 жылдан бастап ру атымен атау жойылып, Шеруші хошууны атауы өзгертіліп Ұланқұс сұмыны деп аталды.

1940 жылы Қобдадан бөлініп, Баян-Өлгий аймағы орнап, орталығы Өлгий қаласы болып бекітілді. Осы тұстан бастап Моңғолия қазақтарының әкімшілік орталығы болған Шеруші хошууны бұдан былай аудандық (сұмындық) әкімшілік бірлігі ретінде қызметін бастады.

Моңғолияның ең биік шыңы – Ұланқұста

Ұланқұс ауданының (сұмын) жері негізінен таулы, қыратты болып келеді. Әлем таушылары үшін әйгілі Бесбоғда шыңы осы ауданның жерінде орналасқан. Аудан батыс оңтүстігінде Қытаймен, батыс-солтүстігінде Ресей мемлекетімен және Сағсай, Бұғыты, Цэнгэл, Ногооннуур аудандарымен шекараласып жатыр.

Ұланқұс – 6400 шаршы шақырым аумақты алып жатқан үлкен әкімшілік бірліктерінің бірі. 10 бақ (ауылдық округ) бірігіп бір ауданды қрайды. Халық саны 8800-ден астам. Мал саны 220 мыңнан асады. Баян-Өлгий аймағы бойынша аудандар бойынша адам саны бойынша екінші, мал саны бойынша үшінші орында. Аудан өлкесінің 90 пайызы теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте. Ең биік нүктесі Бесбоғданың «Хүйтэн» шыңы 4374 метр.

Ауданда Қобда, Үлкен Ойғыр, Қаражаматы, Борабұрғысын, Соғақ, Теректі, Үшбұлақ, Қаратас, Моңғол ғол, Білеу секілді тұнық сулы өзендер, Даян, Қаракөл, Тоғызкөл, Қақкөл, Жасылкөл, Түпкіркөл, Шүй ащы сияқты үлкенді-кішілі көлдер бар. Бесбоғданың баурындағы Потанин мұз өзені 20 шақырымға созылып жатыр. Қаражаматы өңірінде 10 шақырымға созылған аспа асты музейі – петроглифтер бар. Табиғаты керемет, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке.

Ұланқұстан түлеп ұшқан тарихи тұлғалар

Ауасы таза, суы арасан, киелі жер Ұланқұс-Қызылқайың өлкесінен талай-талай даңқты перзенттер өсіп-өнген екен. Ұланқұстан түлеп ұшқан сан ондаған тарихи тұлғалар көп-ақ. Олардың қатарында Шеруші хошуунының алғашқы басшысы болған генерал Дәлелхан Сүгiрбайұлы, 1934 жылы шақырылған Моңғолия Мемлекеттік VII Құрылтай өкілі, нәубет құрбаны Тұрды Төлекенұлы, Кіші Құрылтайдың басқарма мүшесі болған Мұқан Жылыбайұлы, Монғолия Парламентінің орынбасары болған Жәмила Әбселеңқызы, Баян-Өлгей аймағын алғаш құрушылардың бірі, мемлекет қайраткері Жеңісхан Дүзелбайұлы, ақиық ақын Имашхан Байбатырұлы, Моңғолия қазақтарынан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, профессор Қамбар Өмірбекұлы мен Сақай Ойнақбайұлы, алғашқы доктор Мініс Әбілтайұлы, құрылыс және құрылыс материалдары өндірісінің министрі Тілейхан Орынұлы, Моңғолия әуе күшінің алғашқы қолбасшысы, ұшқыш генерал Мүдәріс Зайсанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қашқынбай Мәлікұлы, Құрметбек Байтазаұлы, Мемлекеттік Ұлы Құрал депутаттары Ырым Жуанғанұлы, Кәрімбек Мұқанұлы, Мұсахан Қаматжанұлы, Нығмет Қалиасқарұлы, Қызырхан Құсбекұлы, Халық әртістері Қибатдолда Жұмапиұлы, Қабылаш Әбікейұлы, күйші сазгерлер Бейіс Назарұлы, Өсерхан Сағынбайұлы, Тайтас Мұхаммедұлы – өзге де майталмандар Ұланқұс топырағының тумалары.

Ұлаңқұсынның той басы – аламан айтыспен ашылды

Шілденің 25-і күні той шымылдығы «Қарашаңырақ – Қызылқайың» атты айтыспен ашылды. Монғолия қазақтарының алғашқы əкімшілік бірлігі – Шеруші хошууны орнауының 95, Ұланқұс ауданы (сұмыны) аталуының 80 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысы мен жыр мүшəйрасына Монғолияның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қазақстаннан жеткен талантты ақындар бақтарын сынауға жиналыпты.

Айтыс десе делебесі қозатын қазақ жұрты Ұланқұс сұмынындағы мәдениет үйіне лық толды. Жалпы саны 15 ақын қатысқан айтулы дода таңертеннен кешке дейін созылды.

Айтыстың ашылу салтанатында Ұлаңқұс ауданының (сұмының) әкімі сөз алып, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген айтыскер ақындарға сәттілік тілеп, аудан тұрғындарын мерейтоймен құттықтады.

«Шараны өткізудегі басты мақсат – Баян-Өлгей аймағы, Ұланқұс сұмының шежірелі тарихын, көшпенді өмір салтын өткізген бабаларымыздың ерліктерін, осы сұмынның киелі топырағында дүниеге келген тарихи тұлғаларымызды дәріптеу, сондай-ақ ақын Мұрат Пұшатайұылының рухына тағзым етіп, Ұланқұс сұмыны аталуының, алғашқы әкімшілігік бірлігінің орнауының мерейтойлық шараларын ұлықтап, айтыс өнері арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау болып табылады. Сондықтан барша Ұланқұстықтарды бүгінгі торқалы тоймен қызу құттықтаймын. Айтыскер ақындарға сәттілік тілеймін», - деді аудан әкімі Нұрлан Оңашбайұлы.

 

Айтыстың әділқазылар алқасының төрағасы ақын Ербол Бейілхан, құрамында айтыскер ақын Оңашыбай Кәденұлы, Қайратхан Жаманұлы, «Казконтент» АҚ «Қазақстан тарихы» порталының редакторы Алтынбек Құмырзақұлы, ақын Алаш Кеңшілік – әр айтыс жұбының өнерін мұқият қадағалап баға берді.

Жиналған жұртшылық алдында іркілмей, астарлы сөзбен ақиқатты жеткізген жас ақындар халықтың көңілін серпілтіп тастады. Жүректері жыр деп соққан жас ақындар да айтыстан шет қалмады. От ауызды, орақ тілді өнер иелері көрермендер залында халықтың аз жиналғанын дұрыс насихаттың жүргізілмеуінен деп біледі. Сондай-ақ бұл күні айтыскер ақындардың көңіл-күйі ерекше болды.

Айта кетерлігі – ақындар айтысы ақын, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлы атында өтті. Айтыстың жүлде қорын Мұрат ақынның баласы Ғалымбек Мұратұлы көтерді.

Айтыскерлер ақын Мұрат Пұшатайұлы мен Ұлаңқұстан түлеп ұшқан бабаларымыздың ерен ерліктерін, ұлт үшін жасаған жақсылықтарын дәріптей келе, Ұланқұс сұмынының бүгінгі жай-күйін де сынға алып, шешуін таппаған мәселелердің мұңын билікке жеткізуге тырысты.

Айтыстың ақтық сыны қайым айтыс үлгісінде өтіп, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Нағыз ақындық өнердің тапқырлығы да, суырыпсалмалығы да осы кезеңде танылды. Төрт ақын, екі жұп болып ақтық сынға шығып, айтыстың өзі делебені қоздырып, қолапштап қоштаған қиқуға, қол шапалаққа ұласты.

Сонымен, халықаралық деңгейде өткен ақындар айтысы да мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен Ұлаңқұстың намысын аламан айтыстарда қорғап, талай рет аймақтық айтыстарда бас жүлде иелегенген Бақытхан Қаңтарбайұлының бұл жолғы айтыста да бағы жанды. Бірінші орынды Қарағандыдан келген, Ұлаңқұс тумасы Гүлшекер Батай жеңіп алды. Айтыс өнерінде шоқтығы биік, арқалы айтыскер ақын Қабдыжәлел Сахарияұлы екінші орыннан көрінді. Қабдыжәлел ағамыз Ұлаңқұстың тойына Қазақстаннан арнайы келген екен. Үшінші орынды Ұланқұстық Айдос Рәшәтұлы, Алтайлық Ерлан Дәулетұлы, Моңғолия қазақтарына белгілі айтыскер, жергілікті ақын Сүйеніш Жеңсікбайұлы еншіледі. Бұдан бөлек арнайы жүлде тапсырылып, айтысқа қатысқан барлық ақындарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Ақындар жырға қосқан Қызылқайың

Шеруші хошунының орнауының 95 жылдық және Ұланқұс сұмының 80 жылдық мерейтойларына арналған «Қарашаңырақ–Қызылқайың» мүшəйрасы да сол күні мәресіне жетті. Қазылар алқасының төрағасы Ербол Бейілхан мен Ұланқұс ауданының әкімі Нұрлан Оңашбайұлы жүлделі орындарға ие болған ақындарды марапаттар тапсырды.  

Мүшəйраның жүлде қорын (Арнайы жүлдеден басқа) Алматы қаласында тұратын кәсіпкер, Ұланқұста дүниеге келген Серікжан Өміртай көтерді.

Ұланқұстағы мерейтойлық шараның бірінші күні айтыс, жыр мүшәйрасымен аяқталған жоқ. Аудан орталығындағы қазақ мектебінің спорт залындағы спорттық шаралармен жалғасты.

Той думаны тарқамаған - Қызылқайың

Монғолия қазағының алғашқы шаңырағы әкімшілік бірлігі орнауының 95 жылдық, Ұланқұс сұмыны болып аталуының 80 жылдық торқалы тойы келесі күні Қызылқайың ауылының іргесіндегі стадионда жалғасты.

Қызылқайың – Ұланқұс ауданының орталығы. Таулы қыраттардың аңғарында орналасқан жазықтағы ауыл. Ойпаңды жоғарылы-төмендi қаз-қатар тiгiлген ақ шаңқан киiз үйлер мен тұрғын-жайлар ауылдың сәнiн келтiредi. Бұл көрініс мерекелік шарада ғана көрініс таппайды. Төрт түлiкті мыңғыртып, өрістетіп отырған ел ауыл іргесіне киіз үйді де тігіп, жаз жайлатады. Ол көріністі біздің жазғанымыздан естігенше, көзбен көргеніңіз бір ғанибет болар еді.

Сонымен шілденің 26-сы күні Ұланқұстың айтулы мереке той қарсаңында ғана салынып біткен жаңа стадионда өтті. Стадионнан 100 метр қашықтықта ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тойдың ас берілетін орны белгіленді. Стадионның ортасында балуандар бәсекесі қызып, екінші шетінде ән мен күй төгіліп, Ұланқұстың меретойлық мерекесіне арналған салтанатты жиын баталды. Тойдың шымылдығын аймақ әкiмi Ғылымхан Айыпұлы ашып, ұланқұстықтарды торқалы тойымен құттықтады.

«...Ұланқұс сұмыны елімізге әйгілі үлкен сұмындардың бірі.. Бұл өлкеден алғашқы Мемлекеттік Ұлы құрылтай мүшелері, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан тұңғыш әйел депутат, алғашқы доктор, профессор, еңбек сіңірген мұғалім, дәрігер, министрлер, аймақтың алғашқы басшылары Ұланқұстан шыққан. Бұлар аймағымыздың мақтаныштары. ...Қадірменді ұланқұстықтар, елім, жерім деп келген қадірменді қонақтар той тойға жалғассын, еліміз аман, жұртымыз тыныш, жазымыз жайлы, тойымыз құтты болсын», - деді аймақ басшысы А.Ғылымхан. 

Аймақ басшысынан соң сөз алған Аймақтық құрылтай төрағасы Бауыржан Дәлел тойға жар айтып, ұлаңқұстықтарды мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ауданның бірқатар азаматтарына төсбелгі мен марапаттар ұсынды. 

Келесі кезекте Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Құрылтай депутаты Солтан Гомбожай сөз алып, Ұланқұс сұмының тарихын тілге тиек етіп, осы сұмыннан түлеп ұшқан майталман тұлғаларға тоқтала өтті. Мерейтойдың мән-маңызын айтып берекесін арттырып тойлап отырған аудан жұртшылығын құттықтады. 

 

"Ұланқұс сұмыны аймағымыздағы тұңғыш сұмын. Және де осы сұмыннан туып-өскен мықты азаматтарымыз көп. Біз олармен әрқашан мақтанамыз. Бүгін міне 95 жылдық торқалы тойымызды тойлап отырмыз. Осы тойға келген барлық халыққа балуандарыңыз білекті болсын, жүйріктеріңіз бәйгелі болсын, тойларыңыз құтты болсын айтайын деп келдім",-деді Г.Солтан. 

Сұмын әкімі Нұрлан Оңашбайұлы сұмын тойына келген барша халықты құттықтап, ауданның жетістіктері мен табысты істері бойынша жетістіктері жайында баяндама жасады.

Балуандар белдесіп, тұлпарлар жарысқан күн

Қазақтың тойы ұлттық ойындардың көркімен қызып, дәстүрін жоғалтпай жалғасып келеді. Ұланқұстың тойында да балуандар белдесіп, тұлпарлар тартысты.

Ауыл іргесіндегі стадионда өткен салтанатты жиын аяқталысымен, халық нөпірі биік төбенің басындағы аламан бәйге мен топ бәйгені тамашалауға аттанды. Қиқулап, ұраңдап тұрған қалың жұрттың дүбіріне біз де қосылдық. Төбе басына жиналған халықтың санын көріп, бас шайқадық. «Сағынайдың асынан несі кем» деп қоямыз ішімізден.

Бұл тойда Баян-Өлгей аймағының барлық сұмындарынан ат қосылған екен. Бəйгеде тай, құнан, дөнен, бесті, жуан ат, жорғасы бар, жалпы жиыны 300-ге жуық ат шапты. Шашасына шаң жұқпастай жарауы келген жүздей ат аламан бəйгеге қосылды. Бұл жақтың бәйгесі біздегідей айналымдық кезеңнен тұрмайды. Ұзынынан ұзақ шабатын шақырым. Бірінен-бірі жарыса шапқан тұлпарлар бәйгесінің аламанында Цэнгэл сұмынан келген атбегінің сәйгүлігі бірінші келді. Жеңімпазға 3 миллион төгрөг (моңғол ақшасы) берілді.

Сұмын тойы балуандар бәсекесімен аяқталды. Қазақ күресін жеттік білетін қазақ балуандар моңғол күресімен өнер көрсетті. Алқалы тойда 128 палуан күш сынасты. Бiр-бiрлеп күресiп, жеңiлгенi шығып, жеңгендер өзара белдеседi. Ортаға палуандар билеп келiп, билеп кетедi. Мұның өзi біз үшін таңсық болғанымен, ұланқұстарға жарасымды көрінді.

128 палуанның ішінен 64 балуан суырылып алға шықты. Одан 64 палуан қайтадан күресiп, одан қалған 32 палуан екеуара күш сынасқанша біраз уақыт болды. Бір қызығы моңғол күресінде салмақ дәрежесiне орай күреспейдi екен. Жеңіл салмақ болсын, ауыр болсын бір-бірімен күш сынаса береді. «Күш атасын танымастың» керi осында жатса керек. Апайтөс балуандар мен шынашақтайы күрескенін де көрдік. Ең бастысы сабырлық пен төзімділік қатар жүрмесе болмайды екен. Уақыттан көп дүние жоқ. Қарсыласынды шыққанша қанша уақыт болсын жүре бересің. Бір сағатқа жуық белдесіп, демалып, күресін қайта жалғастырғандарды да көрдік.

Ұланқұстың балуандар бәсекесінде мемлекеттік, аймақтық, сұмындық атақ-дəрежелері бар палуандар саны – 87. Кілең мықтылар мен жайсаңдар қатысқан моңғол күресінде мемлекеттік лашын Серік Бердімұратұлы жеңімпаз атанды. Серік балуан Ұланқұстың тумасы. Екінші орынды 2 мәрте аймақтық арыстан атанған Береке Ұлықпанұлы иеленді. Аймақ арыстаны Мұстафа Нұрланұлы үшінші орын алса, тағы бір мемлекеттік лашын Баатарцол Батчулуунұлы төртінші тұғырдан көтерілді.

Осылайша, тарих қойнауына Ұланқұстың 80 жылдық торқалы тойы сіңіп кетті. Моңғолия қазақтарының алғашқы қарашаңырағы болған Қызылқайыңдағы дүбірлі тойдан тәбәрік алып, ұланқұстықтарды торқалы тойларымен қызу құттықтап, Баян-Өлгейге бізде бет алдық.

Алтайдың күн бетінде мекендеген өр қазақтың ортасында, қасиетті Қызылқайыңда осындай бір той дүбірлеп өткен еді. «Қазақ – қайда да қазақ». Жат елде тұрып жатса да, салты мен дәстүрін берік ұстаған, бірлігі бекем, түтіні түзу елге деген риза сезіммен Атажұртқа аттандық.

Астана-Баян-Өлгий-Улаанхус-Астана

Фотосуреттер автордікі

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English