«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ақмарал Арыстанбекованың мерейтойы

2261 0
Ақмарал Арыстанбекованың мерейтойы
2018 жылғы 7 маусымда ҚР Президентінің Архивінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған Дөңгелек үстел өткізілді

Іс-шара жұмысы Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан Ақмарал Хайдарқызының жауапты мемлекеттік қызметтердегі қажырлы еңбектерін айғақтайтын құжаттар құрамынан қалыптасқан, тарихи-құжаттық көрмемен сүйемелденді. Ақмарал Хайдарқызы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі,  еліміздің тарихындағы алғашқы әйел-елші, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының алғашқы Тұрақты өкілі сияқты беделді қызметтерді атқарды. А.Х. Арыстанбекова 30 жылдан астам уақыт халықаралық қатынастар саласында қызмет етіп келеді.   

1989-1991 жж. А.Х. Арыстанбекова Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі болды. 1991 ж. Ақмарал  Хайдарқызы БҰҰ жанындағы Ресей Федерациясының өкілдігінің аға кеңесшісі ҚР өкілі болып тағайындалды. 1992 ж. 15 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев А.Х.Арыстанбекованы ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі етіп тағайындады. А.Х. Арыстанбекова Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне қабылдану бойынша дайындық жұмыстарын жүргізді, ал тарихи маңызы бар күн – 1992 жылдың 2 наурызында ол ел атынан БҰҰ Бас ассамблеясының 46-сессиясында баяндама оқыды. 1994 ж. қыркүйегінен 1995 жылдың қыркүйегіне дейін Ақмарал Хайдарқызы БҰҰ Бас Ассамблеясының 49-сессиясының төрағасының орынбасары болып сайланды. 1996 ж. қазанынан бастап Ақмарал Хайдарқызы Куба Республикасында ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі жұмысын қоса атқарды. 1999 ж. 27 қазанынан 2003 жылдың 3 сәуіріне дейін А.Х.Арыстанбекова Француз Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі және оған қоса ЮНЕСКО-дағы ҚР Тұрақты өкілі болды. 2000 жылы маусымда Ақмарал Хайдарқызы Халықаралық дипломатиялық академиясының (Париж қ.) вице-президенті болып сайланды.  2003 ж. сәуірінен бастап, А.Х. Арыстанбекова ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.

Ақмарал Хайдарқызының ҚР Президентінің Архивінде мемлекеттік сақтаудағы жеке қор құжаттары қатарында, оның өмірбаяндық құжаттары, ғылыми еңбектері, комсомолдағы қызметтерін айқындайтын және қоғамдық жұмысының құжаттары, БҰҰ қызмет еткен кездердегі фотосуреттері,  сөйлеген сөздері мен ғылыми мақалалары мен монографиялары және басқа да құжаттар құрамымен толыққан.

Аталған дөңгелек үстелге белгілі қазақстандық ғалымдар, ҚР СІМ өкілдері, Қазақстанның дипломатиялық корпусының ардагерлері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушылары, Алматы қаласында орналасқан консулдық қызметтердің басшылары қатысты. Дөңгелек үстелде А.Қ. Қошанов, М.Х. Әбусейітова, Р.Е. Бөлтіріков, Б.Р. Ахметғалиев, Р.Т. Саурамбаева, Л.Д. Дегітаева А.Х. Арыстанбекованың қызметі туралы, жақындары жайлы, тарихи сәттер туралы өз естеліктерімен бөлісіп сөз сөйледі.

Бүгінгі танда Ақмарал Хайдарқызының ғылыми еңбектері бойынша қазіргі заманғы дипломатия саласының қыр сырын қазақстандықтардан бөлек шет елдердің де зерттеушілері зерделеу үстінде.

ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Әлікенұлы Жапаров өз сөзінде, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің өсуіне, ұлттық дипломатияның қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосқан Ақмарал Хайдарқызының еңбегі жайлы айтып және оның жеке архив құжаттары Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасуын зерттеу көздері ретінде ғылыми-тарихи тұрғыдан маңызы зор деп атап көрсетті.

Іс-шараны қорытындылау барысында Ақмарал Хайдарқызы өмір жолында қызметтес болған замандастарына өз алғысын білдірді. Өзінің көп жылғы дипломатиялық қызметі жайлы айта келе, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауының арқасында сыртқы саяси қызметтің халықаралық аренада өз мүдесін сәтті жүргізіп жатқандығына тоқталды. Сонымен бірге, Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың шешілуі сәттерінде өзінің де қатысы болғанын мақтан тұтатының айтып өтті.

Жәнібек ЗЕЙНЕЛОВ, ҚР Президенті Архивінің басқарма басшысы

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English