«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қазақ» газетіне 105 жыл

7287 0
«Қазақ» газетіне 105 жыл
Орынбор қаласында қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени бағытындағы басылым 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап шыға бастады

Қазақ зиялылары отаршылдыққа қарсы саяси күрес жолында ағартушылық бағытты қызу қолдады, ол үшін халықтың саяси сауатын, тарихи санасын көтеретін басылымдар қажеттігін түсінді. Алаш лидері Әлихан Бөкейхан және оның ең жақын серіктері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының бастамасымен саяси аренаға «Қазақ» газетін алып шықты.

Алайда газет ашу идеясы 1905 жылы келгенімен, оны ресми түрде ашу, ұйымдастыру жұмыстары тек 1913 жылдан бастап мүмкін болды. 1905 жылы басталған ұлт-азаттық Алаш қозғалысының ақпараттық қолдауы жағынан қалайда бір басылымның қажет болғаны даусыз еді. «Қазақ» газеті  ағартушылықты басты мақсат етіп қана қоймай, Алаш ұлт-азаттық күресін белсене насихаттаған жалғыз да бірегей басылымға айналды.

Басылымда негізгі ұйымдастырушы үш тұлғадан (Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы) басқа, сол кезеңдегі қазақтың беткеұстар азаматтары: М. Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Ғ. Қараш, Р. Мәрсеков, Ж. Тілеулин, Ғ. Мұсағалиев, М. Жұмабаев, Х. Болғанбаев, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров, А. Мәметов, С. Дөнентайұлы, Х. Досмұхамедұлы т.б. өзекті де мазмұнды материалдарын жариялап отырды. Әсіресе, Ах. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеті мен фольклорына, тіл білімі ғылымына қатысты іргелі зерттеулері осы қарашаңырақ басылымда жабылғанша үзбей жарық көріп тұрды.

«Қазақ» 5 жылдың ішінде өзіне дейінгі жарық көрген барлық басылымдардың таралымынан да артық таралымға ие болды. «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап» журналы, «Серке» мен «Сарыарқа» секілді газеттерге қарағанда «Қазақтың» бәсі биік тұрды.

Ата басылымды сол заманның меценаттары, ұлттық буржуазия өкілдері қаржылай қолдап отырды, демеушілік танытты. Басылымның бас редакторы патшалық үкіметтің саясаты тарапынан А. Байтұрсынұлын бірнеше рет түрмеге отырғызылса да, оны қазақ байлары қомақты қаржымен кепілдікке шығарып алып отырды.

«Қазақ» газеті – ұлттық басылымның негізін салушы, қазіргі қазақ газеттерінің атасы. 1918 жылы большевиктердің саясатқа келуіне байланысты жабылған басылым ұзақ жылдар бойы тарих көмбесінде жатты. Белгілі жазушы, баспа ісінің үлкен қайраткері Қоғабай Сәрсекеев 2006 жылы «Қазақ» газетін қайта шығарып, оның кең таралуына, мазмұнды болуына барын салды. Сондықтан ата басылымның тарихын зерттеушілер екі кезеңге: 1913-1918 жылдарға және 2006 жылдан бастап бүгінге дейінгі уақытқа бөліп қарастырады. Газеттің қазіргі редакторы – Жасұлан Мәуленұлы. Басылым мазмұны мен түр жағынан байытылып, білікті мамандар тартылды, ұйымдастыру ісі де жылжып, басылым тарихына жақсы жаңалықтар енді.

XX ғасырдың басында елдің сүйікті газетіне айналған «Қазақ» газетіне бүгін тура 105 жыл толып отыр. Мерейлі датаға байланысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев мырза арнайы сыйлық тағайындайтынын жеткізген болатын. Елдегі барлық газет-журнал атаулының атасы «Қазақтың» ғұмыры ұзақ болғанын тілейміз. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English