«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дагваадорж Сухбаатар: Шыңғысхан қорымын әзірше зерттеуге тыйым салынған

6103 0
Дагваадорж Сухбаатар: Шыңғысхан қорымын әзірше зерттеуге тыйым салынған
Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих және археология институтымен халықаралық Түркі академиясы бірлескен экспедиция жұмыстарын жалғастырып келе жатыр

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумында Моңғолия мемлекетіндегі түркі мұралары және археология кешендері жайында археолог ғалым, профессор Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадорж Сухбаатар мырзамен сұқбаттасудың сәті түсті.

Құрметті Дагваадорж мырза, Қазақстанға қош келдіңіз?

Қош көрдік. Астана әлемнің керемет астаналарының бірі екен.

Дагваадорж мырза, Моңғолиядағы түркі мұрасына қатысты археологиялық зерттеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Моңғолияда археология жұмыстары өте қарқынды жүріп келе жатыр. Әсіресе Орхон мен Селенга бойындағы табылған көне түрік ескерткіштері, Тоныкөк, Білге қаған ескерткіштері, өзгеде түрік дүниесіне жататын  ғұрыптық кешендер жақсы зерттелу үстінде. Оның ішінде «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенін айтып кетсем болады. «Шивээт улаан» Моңғолияның орталық ауданында орналасқан түркі дәуіріне жататын ерекше ғұрыптық кешен. Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих және археология институтымен халықаралық Түркі академиясы бірлескен экспедиция жұмыстарын жалғастырып келе жатыр. Осы бірлескен жоба барысындағы қазба жұмыстары ерекше қарқында жүргізіліп келеді. Өйткені бұрын-соңды бұл ескерткіште қазба жұмыстары жүргізілмеген.

«Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің ең айрықша табылған құнды жәдігерлер жайында айтып өтсеңіз?

Ең бір ерекше айтарымыз «Шивээт-улаандағы» таңбалы тастар мен тасқа қашалған құлпытастар бар. Бұл таңбалардың барлығы тарихи құнды деректер қатарына жататынына дау жоқ. Бұл таңбалар мен тастағы жазулар болашақ зерттеуді қажет ететін құнды тарихи мұраның бірі деп білеміз. Бұл ғұрыптық кешеннің ерекшелігі, табиғи апатқа ұшырамай, алғашқы қалпын сақтай отырып, қайталанбайтын жәдігерімен ерекшеленеді. Сондықтан осы ғұрыптық кешендегі бұрыңғы зерттеулер мен қазіргі жүргізіліп жатқан бірлескен зерттеулер қорытындысында жаңа бір тарихи қорытындылар болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл ғұрыптық кешенді Моңғолия тарапы аспан астындағы ашық музей ретінде құру мақсатын алдыға қойып отыр. Ендеше болашақта бұл жерде туристік тұрғыдан үлкен жоба қолға алына отырып, зерттеуші ғалымдар тарапынан құлшыныстар арта түсетіні анық.

Көне түріктер тарихына қатысты өзге де зерттелмеген тарихи кешендер Моңғолия жерінде жетерлік. Алдағы уақытта жаңа бір археологиялық олжалар табылар бәлкім.

«Шивээт улааннан» басқа көптеген ғұрыптық кешендер тарихи ескерткіштер Моңғолия жерінде көп. Моңғолия Ұлттық музейі және халықаралық Түркі академиясы бірлесіп, жаңа бір ғұрыптық кешенге қазба жұмыстарын жүргізу келісім шартына қол қойдық. Өйткені бұл Моңғолияның шығысында орналасқан ерекше бір тарих олжасы десек те артық айтқанымыз емес. Бұрын-сонды еш зерттелмеген тарихи кешен.

Тарихи олжаның нақты мекен-жайы қай төңірек?

Ол жаңадан ашылған жаңа ғұрыптық кешен болып табылады. Моңғолияның Хентий аймағы, Баянмөнкх сумында орналасқан. Ескерткіштердің қасында бір-бірлеріне жақын ескерткіштер өте көп. Олардың барлығы түрік дәуіріне жатады.  

Дагваадорж мырза, Моңғолияда сақ-ғұн дәуіріне қатысты археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді ме? Бұл сұрақты қойып отырған себебім, сақ-ғұн тарихы көшпелі халықтарға ортақ тарих, ортақ мұра.  

Сұрағын өте маңызды. Моңғолия археологтары да бұл ескерткіштерді кешенді түрде зерттеп келеді. Мәселен бір ғана ғұн дәуіріне қатысты мұраларды зерттеуде 5000-нан астам құнды жәдігер қазба жұмыстары кезінде табылды. Бұл дегеніміз үлкен олжа емес пе? Сақ-ғұн дәуіріндегі зерттеулер әлі де жалғасын табады. Өйткені ол ескерткіштер ұшан-теңіз. Мысалы өткен жылы біз 107 ескерткіштерді анықтадық. Соның 10 шақтысына  археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Ең қызықты тұсы сақ-ғұн дәуіріндегі ескерткіштерге зерттеу жүргізгенде бұрын темір сауыт, оқ жебе, қыш ыдыстар, жерлеу ғұрыптық кешендерінің заттары, ат әбзелдері секілді заттар табылатын болса, енді тіпті сол замандағы құрылыстың материалдары, құрылыс құрамдас бөліктері сонымен қатар басқа да шыны ыдыс-аяқ, мата, тіпті музыкалық аспап секілді жаңа артефактар табылып жатыр. Бұл ескерткіштерді біз Моңғол тарихына тиісті емес, күллі көшпелі халықтарға ортақ бір мұра ретінде қарастырамыз.

Десе де, көне түріктер мұрасына Ресей, Қытай тарапынан қызығушылықтар туындап отырған шығар?

Әрине Ресей, Қытай тарапынан бірлескен жобаларымызда бар. Олармен кешенді археологиялық жұмыстар жүргізіп келеміз. Бірақ біздің тарихшы ғалымдарымыз, археологтар табылып жатқан құнды жәдігерлер болсын, ғұрыптық кешендер болсын барлығын жете тексеріп, жан-жақты салыстыра отырып, қорытынды жасаймыз. Сол арқылы нақтылы зерттеу қорытындыларын жасаймыз. Бұл табылып жатқан сақ-ғұн, көне түрік мұралары Моңғолияның ежелгі дәуір тарихына тікелей қатысты. Сондықтан да біздің тарихымызбен де тамырлас.

Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) мен Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы, Моңғолия тарих және археология институты өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеді. Болашақта түркі жәдігерлерін және көшірмелерін беру жайында мәміле қарастырмадыңыздар ма?  

Біз кеше ғана халықаралық Түрік академиясымен бір мәмілеге келдік. TWESCO мен Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы өзара ынтымақтастық меморандумын бекітті. Құжатқа сәйкес екі тарап ғылыми зерттеу саласында ортақ маңызды жұмыстарды жетілдіріп, тиімділігін арттыру мақсатында ортақ ғылыми-зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Сондай-ақ Моңғолия көне түрік мұраларының ғылыми-зерттеу жұмыстарынан кейінгі атлас альбомын шығаруды жоспарладық. Ол кітабымыз жарыққа шықса, тек қана түркітанушылар ғана емес, жалпы оқырман қауымға, көпшілікке арналған альбом болар еді. Алдағы уақытта олда оқырманға жол тартатын болады.

Өзіңіз басқарып отырған Моңғолия Ұлттық музейінде түркі дәуіріне қатысты қанша жәдігерлер саны бар?

Біздің Ұлттық музейімізде 1800-ден астам түркі дәуірінің мұрасы сақталған. Олардың барлығы қайталанбас дара жәдігерлер санатына жатады. Түркі дәуірінің деген арнайы экспозиция бөліміміз бар. Ұлттық музей әрқашан барлығына «ашық есік» жобасын ұсынады. Келушілерге ашық түрде қызмет атқарамыз.   

Музей қорындағы түркі жәдігерлерінің ерекше құнды мұралары деп қайсыларын айта аласыз?

Ерекше айтарымыз Орхон мен Селенга бойындағы ескерткіштерді айтар едік. Көне түрік сына тастары бар. Тоныкөк пен Білге қаған ескерткіштерінен әкелінген балбалдар бар. Сондай-ақ Білге қаған ғұрыптық кешенінен табылған алтын тәж,  күміс бұғы тағы басқа құнды артефактарды айта аламыз. Бұл Моңғолияның ерекше қайталанбас жәдігерлер тізіміне енген, айрықша мұралар. Біз оны ерекше қайталанбайтын мұралар тізімінде болғандықтан әр зерттеуші жұмыстарын жүргіземіз десе біз ынталымыз.

Соңғы сауалымыз, Шыңғысхан жерленген деп топшылаған Бурхан-Халдун тауына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу ойларыңызда бар ма?

Бұл да жоғарыда сөз еткен Хентай аймағында орын тепкен тау. Бурхан-Халдун тауындағы обаға Мемлекет Президентінің бұйрығымен ескерткішті әзірше зерттеуге тыйым салынған. Оны зерттеуге де мүмкіндік қарастырылмаған. Болашақта зерттеліп қалуы да мүмкін. Бірақ қазір жүргізуге болмайды. Негізі сол жер сырын сақтап жата берсе де болады ғой. Әлемге құпиясын бүгіп.  

Сұқбатыңызға рақмет!!!

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English