«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

25 қараша - көне түрік жазуының құпиясы ашылған күн

975 0
25 қараша - көне түрік жазуының құпиясы ашылған күн

Осыдан тұп-тура 126 жыл бұрын яғни 1893 жылдың (кейбір деректерде 1891 жыл) 25 қараша күні екі ғасыр бойы ғалымдарды айран-асыр етіп келген Түркі жазуының құпиясы ашылды. Дәл осы күні белгілі дат ғалымы Вильгельм Томсен Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған көне ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін тапқанын хабарлады.

Ғалымның екі жүз жыл бойы сырын ашпай келе жатқан көне ескерткіштен ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер еді. Ол әуелі бұл сөздерін Гейкельдің қытайдағы орыс елшісінің көмекшісі, аудармашы П.Поповка жіберіп, оқытып алған.  Попов қытай тілін жақсы білгенімен ол көне мәтінді дұрыс оқи алмаған. «Түрік» сөзін  «Тукию» деп оқыған. Кездейсоқ түрде ашылған бұл екі ғана сөз бүтіндей бір көне дәуірдің құпия құпиясын ашуға жол ашты. Яғни түрік жазба ескерткіштерін толық аударып шығуына мүмкіндік туды

Томсеннің бұл жаңалығына қуанғаны соншалықты ашқан дүниесінің барлығын «мынаның құпиясы былай екен, әр таңбаның мәні осындай» деп өзінің жақын досы В.Радловқа хат арқылы жіберіп отырған. Алайда Радлов Томсеннің ашқан жаңалығын пайдаланып, Күлтегін ескерткішіне өзінше тәпсір жасап өз атынан жариялап жібереді. Осыған қатты ренжіген Томсен ауырып қалады. Бір жарым жылдай ауруханада жатып шығады. Шыққан соң Радловтың әлгі еңбегін мұқият қайта қарап, өрескел қателіктер жібергенін көреді. Осыдан соң Томсен жаңа көне ескерткіштердің оқылымын қайта жасап, Радловтың қателіктерін дәлелдеп тұрып байырғы түрік тілінің грамматикасын қоса жасап еңбегін толықтырып қайта жариялаған. Бұған «жауап» ретінде Ражлов тағы біраз дүниелер қосып өзінше еңбек жасап көреді. Тағы бір орыс ғалымы О.Доннер жазудың кілтін табуға тырысты. Дегенмен бұл екеуі де Томсеннен асып ары бара алмады.

1893-1900 жылдар аралығында Күлтегін ескерткішінің мәтіні төрт рет оқылады. Кейін атақты алтайтанушы ғалым Г.Рамстедт моңғолия даласынан тағы бір жазу ескерткішін тапты. Осыдан кейін ғылыми қауымдастық аумағы қазіргі  Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия – Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөлi, Лена, Саха, Шығыс Түркiстан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, сонымен қатар, Қазақстан – Ертiс, Талас, Iле, Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Ферғана, одан ары Солтүстiк Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтитын көне өркениеті ескерткіштердің барлығы түріктердің мұрасы екенін амалсыз мойындады.

Әрине, алғашында басында айтып өткеніміздей бұл ескерткіштерге біраз ел таласты. Алғашында бұл жазулар әлемдік атластар мен ғылыми жинақтарда «руна жазулары» деп аталды. Себебі зерттеушілердің басым көпшілігі бұл жазулардың бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсастығына қарап оларды «Руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп атады. Яғни олар бұл жазуларды көне Угор тайпаларының (Орал халықтарының ата-бабалары) мұрасы деп есептеді. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады.

Бұл жазуларды әсіресе орыстар, готтар, ирандықтар, славяндар, немістер таласып әркім өздерінің ата-бабасының қалдырған мұрасы етіп дәлелдеуге тырысты. "Түркі әлемі Таң мәде­ние­тімен сусындап, дамыды" деп білетін қытай жұрты да басында біраз үмітпен қарағанын айта кету керек. Тіптен арғы тегін Сібірден тарататын финдер де бұл ескерткіштегі таңбаларды төл ата жазуымыз деп санады. Осы мақсатта Финляндиядағы Финоугор қоғамы арнайы зерттеушілер тобын құрып, зерттеу жұмыстарын жасады. Керек болса, 1889 жылы арнайы атлас та шығарып тастады.

Сол жылы Н.Ядринцев есімді сібіртанушы ғалым Моңғолияға экспедицияға шығады. Ол осы сапарында руника әріптерін өз көзімен көріп, тастың келесі бетіндегі қытай тіліндегі нұсқасын қосып көшірмесін (эстампаж) жасап алып еліне қайтады. 1890 жылы қаңтар айында Санк-Петербургтегі Ресей Императорлық академиясында археологтардың сегізінші халықаралық конференциясында Ядринцев өзі тапқан дүниелерін пайдаланып арнайы баяндама жасайды. Бұл әрине үлкен сенсация болды. Әлем ғалымдары таңғалысады.

Сөйтсек, бұл конференцияға О.Гейкель бастаған бірнеше Фин ғалымы қатысқан екен. Олар да көп ұзамай 1890 жылдың маусым-шілде айында Моңғолияға жетеді. Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің эстампажын алып, суретке түсіреді, бәрін егжей-тегжей жазып сызып алады. Еліне барады да оларды үлкен атлас етіп шығарып жібереді. Міне, осы күннен бастап көне ескерткіштеріміз үлкен зерттеу обьектісіне айналады. Ал былайша көне ескерткіштеріміз батыс әлеміне 1723 жылдан бері белгілі еді.  Сібір жерінен ғажайып өркениет ізін кездестірген олар әрине басында аң-таң болды, бұл неғылған жазу, кімдікі деп бас қатырды. Бірақ ешқайсысы 200 жыл бойы бұл жазудың құпиясын аша алмады.

Енисей өзені аңғарынан құпия жазуы бар құлпытастар табылғаны туралы алғашқы хабарды Н.К.Видзен, С.У.Ремезов, сондай-ақ Сібірде айдауда жүрген швед офицері И.Т.Страленберг пен немістің белгілі ғалымы Д.Г.Мессершмид, т.б. бергенін ХVIII ғасырдың бас кезінде жазған мақалалары мен хаттарынан білеміз.

Расы керек, көне түрік дүниесін ең әуелі Батыстың ғалымдары зерттеді. Кейін орыс, фин ғалымдары кірісті. Содан кейін ғана өзіміз қолға алдық. Нақтысын айтқанда зерттеуге мүмкіндік берілмеді. Осының салдарынан өз тарихымыз екенін біле тұра, зерттеушілеріміз көп дүниені өзгеге теліп келді. Кеңестік жүйе көк түріктің дүниелерін қазақ халқына ешкім жақындатпады. Барлығын орыс ғалымдары зерттеді. Қазақтардан дұрыс маман шығармауға тырысты. Түркі жазбаларының соңынан шам алып түсіп, ерекше қызықтаған Ғұбайдолла Айдаров, Алтай Аманжолов секілді ғалымдарды көк түріктің мұралары сақталған Моңғолияға жібермеді. «Есесіне В. В. Радлов, Н. М. Ядринцев, С. Е. Малов, П. М. Мелиоранский сынды ғалымдарға «емін-еркін» зерттеу жұмыстарын жүргізуге барынша жағдай жасалды. Бұлардың барлығы да орыс ұлтының ыңғайына қарай жұмыс жасады. Сол секілді батыс ғалымдары да еуропацентристік көзқарастан аса алмады», - дейді белгілі турколог ағамыз Қаржаубай Сартқожаұлы. «Соғыстан кейін орыстың шовинистік көзқарасы күшейіп кетті. КСРО деген елде тек орыс тілі болуы керек деген идеология белен алды. Орыстан басқа ұлтта ұлттық мақтаныш болмауы керек. Төбеден ұрып кеп, ұрып кеп отырды. Байырғы көне түрік мұрасын зерттеуге талпынғандарды қыспаққа алып отырды. Көне түрік жазуын зерттеуге Қазақстаннан бірде-бір ғалым Моңғолияға бара алмады. 1982 жылы алғаш рет Қазақстанға келіп Ғ.Айдаров ақсақалмен таныстым. Бірде моңғолдың белгілі ғалымы Чой Лувсанжав еліміздегі тарихи ескерткіштер моңғолдікі емес, сенің мұраң! Иесі сенсің. Бұл сенің ата-бабаңның дүниесі, осымен айналыссаң қайтеді деп мені осы жұмбақ бір әлемге алып келді. Сөйтіп жүріп көне түрік жазуын игеріп кеттім. Біз орыстың көзқарасы дегенді білмедік. Таза ұлттық тұрғыдан зерттедік» деуі де осы сөзіміздің дәлелі болса керек.

Көне түрік жазбаларының құпиясы ашылғалы 130 жылға жуықтаса да әлі де зерттеліп толықтырылып жатыр. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Қаржаубай Сартқожаұлы бастаған ғалымдар біз сөз етіп отырған көне жәдігерлерге қатысты біршама тың дүниелер жасап келгені белгілі. Нақты айтар болсақ, біздің заманы­мыздың VIII ғасыры жәдігеріне жататын тоғыз-оғыз мемлекеттік одағының билеушісі Ел-Етміш Білге қағанға арналған Мойын – чор немесе ғылымда Селенга тасы деген атаумен белгілі болған атақты мәтінге қатысты тың жаңалықтар ашылды. «Бұл ескерткішті 1909 жылы фин ғалымы, профессор Г.Рамстедт тапқан болатын. Кейін тастағы 53 жолдан тұратын мәтіннің оқылымы мен аудармасын, түсініктемесін жасады. Алайда ғалымның қателік жібергені анықталып отыр. Яғни, Рамстедт жазулардың бірінші бетінің 4-жолындағы сөйлемді «түрік қыпшақтары елу жыл билік жүргізді» деп оқыған болатын. Бүгінге дейін солай қабылданып келді. Алғаш ұстын бетіне мәтін қашап түсірген кезде, бәдізші (тас қашаушы) қателесіп «еліг он жыл» (елу он жыл) деген сөйлемдегі «он» сөзін ұмытып кетіп, келесі кезектегі «жыл» сөзінің «ж» әрпін ойып жазып қойған. Тасқа ойып жазылған мәтінді қайта түзеу мүмкін болмағандықтан, бәдізші «ж» әрпінен кейін «он» сөзін кіші қаріптермен ойып жазып, содан кейін ғана «ыл» таңбасын қалаған. Біз осы қателікті тауып, жөнге келтіріп, елу жыл емес, бес жүз жыл ел басқарыпты деп аудардық. Яғни, тастағы жазулардың транскрипциясын жасау барысында кеткен қателікті түзетіп, бұл жазуды «түрік қыпшақтары елу он жыл билік жүргізді» деп өзгертіп отырмыз. Яғни, бабаларымыз 50 емес, 500 жыл билік жүргізген екен. Яғни, бірінші және екінші Түрік қағанатының тізгінін толықтай қыпшақтар ұстап келді деген сөз. Оның сыртында ұстынның төртінші бетіндегі мәтін жолдары ауысып кеткенін анықтап, жөнге келтірдік. Мәтін жазылған тастың ұзындығы шамамен 330 см. Жоғарғы 120 сантиметрі сынып түскен. Осы бөлікті құрастыру барысында біраз бөлшектерін ауыстырып алғаны белгілі болды. Осы олқылықтың орнын толтырып, ауысып кеткен бөлігін қалпына келтіріп, шатасып кеткен 15 жолын қайтадан оқып, жөнге келтірдік. Бұл – түсінген адамға тың жаңалық», - дейді ол.

Қаржаубай ағамыздың айтуынша, бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітап деуге болады. Көптеген тарихи, мәдени, жағраппиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған.

Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары болып шықты. Жырға арқау болған негізгі мәселелер - елдің тәуелсіздігі, береке-бірлігі. Күлтегін жырында сегіз оқиға баяндалған.

· Біріншісінде, қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі,

· Екіншісінде Түрік Қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді,

· Үшіншісінде түркілердің әскери жорықтары,

· Төртіншісінде көршілес табғаштардың қастандық әрекеттері туралы әңгіме,

· Бесіншісінде табғаш тайпасымен қатысу түркілерге қауіпті екендігі жөнінде,

· Алтыншысы түркі халқының болашақты болжай алмауына өкіну,

· Жетіншісі түркі халқының даңқын асырған қаған жөнінде,

· Сегізіншісінде осы ескерткішті жыр қып жазуға түрткі болған жағдайларға тоқталады.

Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды: 1. Енисей ескерткіштері. 2. Талас ескерткіштері. 3. Орхон ескерткіштері. 

1. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (бәрі де Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның қолданылған, жазылған жылдары 5-7 ғасырлардың аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150-дей. 

2. Талас ескерткіштері. Бұл аймақтағы жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай 8 ғасыр. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты. 

 3. Орхон ескерткіштері. Монғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі 7-8 ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше.

Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айрмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Жазылу үрдісі, таңбаларының қолданылуы ұқсас, оқылуы біркелкі. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English