Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәрке батыр

Сәрке батыр - e-history.kz
Аты Сәрке батыр
Туған күні 1690
Сәрке батыр 1690 жылы Меңдібек Шоңмұрынұлы атты Жағалбайлы Біліс тарауынан шыққан, мыңдаған жылқы өсірген, күйлі адамның отбасында дүниеге келген.

10.04.15

Сәрке батыр 1690 жылы Меңдібек Шоңмұрынұлы атты Жағалбайлы Біліс тарауынан шыққан, мыңдаған жылқы өсірген, күйлі адамның отбасында дүниеге келген. Білістер ол кезде Жайық бойының салаларын, қәзіргі Қостанай облысындағы Жітіқара, Орынбор облысындағы Адамау, Новоорск, Орск, Ақтөбе өңіріндегі Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандары аумақтарын жайлаған.

Шоңмұрын баба ΧVΙΙ ғасырдың басындағы Алшын елінің беделді, күйлі, ықпалы бар, алдыңғы қатардағы азаматтарының бірі болған сыңайлы. Бірде Сәрке батырдан «Тегің кім?» деп сұрағанда былай дейтіні бар: 

Білмейтін бе едің сен бұрын, 

Арғы атам менің Шоңмұрын. 

Он бір мың жылқы айдаған, 

Мың бие сауын байлаған..... 

Шоңмұрынның ұрпақтарынан Бегетей, Ұлаң, Асан, Сәрке, Рысбай, Түкібай тарамдалады. Міне, осылардың ортасында қасиетті Жайық бойы өлкесінде өмірге келген, болашақта Алты алашқа белгілі, елдің қорғанышы болған Сәрке батыр халықтың қалаулы дәрежесіне жеткен. 

Батырдың жастық шағы қазақтың ең атақты хандарының бірі Әз-Тәукенің заманынан басталып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ел басқаруымен тығыз байланысты. Бақыт Сатаев жазып қалдырған деректерге қарағанда, жас кезінен атқа мініп ерлік көрсеткен Сәрке жас сарбаздардың алдыңғы қатарында болғаны байқалады. 1716 жылғы Бөкенбай бастаған Кіші жүз сарбаздарының қалмақ пен казактарға қарсы соғыстарында Сәрке батыр ерлігімен көзге түскен. 

ΧVIΙI ғасырдың басындағы қазақ қолдарының талай жорықтарында Тама Есет, Төртқара Жәлімбет, Жағалбайлы Төс және басқа батырлармен үзеңгілес болып, шыңдалған. 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен белгілі болған жоңғар шапқаншылығы заманында Тайлақ батыр бастаған Жағалбайлы сарбаздарымен киелі Ырғыз, Торғай өзендерінің арасында жоңғардың қалың қолын үш жыл бойы алға жылжытпай тоқтатып тастаған Алшынның 25 рулы елінен шыққан 25 батырдың бірі. 

Сәрке – 1726 жылы Жайық бойында болған 30 мыңнан астам қалмақтың жасақтарымен болған үш күнге созылған шайқаста Әбілқайыр хан мен Тайлақ батыр бастаған қазақ әскерінің құрамында болып ерлік көрсеткен халық батыры. Осы ұрыста ақ жалау көтеріп шыққан қалмақтар: «Бүгінгі туған бала ат жалын ұстап, жауға аттағанша соғыс ашпаймыз», – деп ант еткен. 1726 жылдың күзінде өткен Ырғыз бен Торғай төңірегіндегі «Қара сиыр» деп аталатын жерде жоңғардың жауынгерлерімен бетпе-бет кездескенде алғашқылардың бірі болып жекпе-жекке шыққан – «Алтын сапты, алмас қылышты» Сәрке батыр. 1729 жылы Балқаш көлінің маңында өткен Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолының ішінде Жағалбайлы сарбаздарын бастаған Сәрке батыр елімізге елеулі, халқымызға қалаулы батырына айналды орыс, қытай, түрікмен, өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдеріне аты шықты, беделі артты. Сәрке батыр - 1731 жылы Ресей патшасының елшісі Тевкелевті Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ордасына келгенде қарсы алған рубасылардың бірі. Уфа қаласынан шыққан елшілердің тобын хан ордасына дейін шығарып салған Жетіру сарбаздарын басқарып барған Сәрке батырдың інісі Рысбай болды. (Тевкелевтің қолжасбасынан). 

Ресей патшасы мен Әбілқайыр ханның арасындағы келіссөзден бұрын бұнымен келіспейтін ру өкілдерінің арасында айқай – шу шыққанда оларды сабасына түсіріге, шуды басуға бірінші болып ортаға шығып, сөз сөйлеген, халықты тоқтатқан Сәрке батырдың үлкен ұлы Тәңірберген еді (Тевкелевтің қолжасбасынан). Ресей патшасы мен Әбілқайыр ханның арасында жасалған шартқа Кіші жүздің 29 уәкілі, сол кездегі ел қалаулылары қол қойған, соның бірі – Жағалбайлы тайпасының атынан Сәрке батыр. 

1742 жылы Сәрке батыр елінде, Жайық бойында үлкен той болғанға ұқсайды. Жалаулары іргелес жатқан Табын елінен атағы жер жарған Бөкенбай батыр Сәрке батырдың жанұясына құда болып келген. Қолына қару алып, Жағалбайлының төрт туының бірін ұстап, қалмақтарға қарсы шапқан Қарқара апамызды Табынның жас батыры Сатыбалдыға атастыру жолындағы іс – шара болатын бұл. Қарқара – Сәрке батырдың қызы. Келесі 1743 жылы құдасының шақыруымен Сәрке батыр Табын еліне қонаққа барған. Қарқара жас босанып отырса керек. Құдаларының сұрауы бойынша жас сәбиді етегіне салып, азан шақырып, атын қойған екен. Кім білсін, аузына түкірген шығар, жиен ғой! Міне, осылайша, кейіннен елге тірек болған Барақ батыр өмірге келген. 

Ол кейніректе өзін таныстырғанда: 

Бір Алланың құлымын, 

Мұхамбеттің үмбеті, 

Шын мұсылман өзімін. 

Атамның атын айтайын, 

Сатыбалды ұлымын, 

 Анамның аты – Қарқара, 

 Қазақтың бір туымын. 

 Нағашым Сәрке батыр-ды, 

Ежелгі ердің соңы мен, 

Руым қазақ – табын – ды, – деп тұжырымдаған екен. 

1749 жылдың 1750 жылға ауысар қысында Орск қаласынан шыққан губернатордың елшілері Жақсы Қарғалы өзенінің бойында орналасқан Сәрке батыр қыстауына келіп тоқтайды. Бұлар хан ордасына бағыт алған уәкілдер болатын. Ертеңгісін тұрса, күн боран екен, содан қонақтарға сол қыстауда сегіз күн кідіруге тура келген. Олардың есептеріне қарағанда, Сәрке батыр жаңа бекітілген Ңұралы ханның халыққа жасап отырған қолайлыз шараларын, ел басқарудағы кемшелектерін бетке тіке айтқанға. 

1755 жылдың жазында орыстардың отаршылығына қарсы шыққан башқұрттар (естектер) пана іздеп, Жайық бойындағы Кіші жүздің Жетіру еліне қашып келген. Тарихи деректер бойынша, 50 мың башқұрт қазақ жерінен пана тапқан. Жетіру жігіттерін біріктірген Сәрке батыр бірінші болып қарсы алып, башқұртарды қуып келген қалмақтардан, казактардан қорғаған. Сол қарсы алған төбе Сәрке төбесі деп аталады. Ол бүгінгі Орынбор облысының Беляевский ауданының орталығынан 15 шақырым, Жайық бойынан 5-6 шақырым жерде. Сәрке батырдың жанында Табын Тіленші батыр (Бөкенбайдың баласы), Тамадан шыққан Кәдір, Сабыр есімді батырлар аталады. 

ΧVIΙI ғасырдың алпысыншы жылдарында ер жете бастаған Барақ жиендігін алға салып, Сәрке батырдың алдына келіп, батырдың адал досы, атағы бүкіл халыққа әйгелі болған «Алтын сапты, алмас қылышын» сұрайтынын айтады. Жиен қалауын жауапсыз қалдырмайтын қазақ, жетпістен асып кеткен қарт батыр жиені Бараққа қылышын ұсынып, батасын берген екен. Барақ батырдың ерліктері де осы қылышпен тығыз байланысты. «Асау барақ» дастанында бұл туралы былай айтылған: 

Тәуекел-ердің жолдасы, 

Пірлер болды сырласы, 

Төңірегін қамады, 

Сыйынын жүрген баланың, 

Алла ұранды қожасы, 

Нағашысы Сәркеден, 

Қалап алған бар еді, 

Алтын сапты алмасы, –  деп бұның құдіретін жырлаған. 

Талай сауытты талқан еткен жебесі мен садағын төртінші баласы Көтей батырға батасын беріп сыйлаған екен. «Әке - балаға сыншы» дегендей, «садағымды дұрыстап тартатын осы Көтей», –  деп айтып кеткен деп қарттар айтып отыратын. Найзасын Жайық бойында шекараны бақылайтын Нәдірәлі, Түменбай есімді балаларына қалдырған. Бұл найза арқылы қарсы төбенің басындағы жаудың шамасын білетін еді, –  дейді ескі жазбалар. 

Найзаның қақ ортасынан ұстап, қолын созып тұрып, жаудың шамасын білген. Егер қарсы төбедегі жаудың көлемі найзаның сыртына шығып кепесе, шағын қолмен, көмек шақыртпай айқаса беретін болған. 

Сәрке батырды өзінің өсиеті бойынша, 80 жасқа жуықтаған шағында дүние салған соң Жем өзенінің Темір өзені құятын шамасында Қожалар қорымына жерлеген. Сол қожалар Сәрке батырдың пірлері деп есептеледі. Бұл қорымды іздеп табұға атсалысқан, қолдаған, демеу берген еліміздің үлкен азаматы, Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов. Бұл қорым Мұғалжар ауданының Шенгелши аулының қасында 1,5 шақырым жерде.

Баянғали Құлтаев — өлкетанушы, тарихшы, мемлекет қайраткері, Ақтөбе облысы бойынша Жағалбайлы шежіреші

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?