Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балпық би

Балпық би - e-history.kz
Аты Балпық би
Туған күні 1694
Қайтыс болған күні 1784
Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше.

Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылдиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек. Жалайыр руынан шыққан. Әкесі мол дәулетімен атағы шыққан бай, анасының есімі — Ақбалық. 

Сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр ретінде Балпықтың аты Ескелді бимен қатар айтылған. Балпық жоңғар шапқыншылығы кезінде өзінің аға достары Ескелді, Қабан жыраумен бірге Іле мен Қаратал арасындағы Жалайыр, оған көршілес Найман, Суан, Ысты руларының біраз бөлігін шабуыл өтінен дер кезінде әкетіп, қырылып кетуден сақтады. 

Хантау мен Қаратаудан әрі асып, Сыр бойында тұрақтаған соң бірқатар жорықтарды басынан кешірді. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қалалары маңындағы соғыстарға қатысқан. Әділ сөзімен Жалайыр мен Жаныс руларын табыстырған. 

Балпықтың ұлы Тіленші де беделді би болған. Әкелі-балалы билердің еліне сіңірген қызметі туралы Ш. Уәлиханов, Құнанбай Өскенбайұлы жазған, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Сара Тастамбекқызы т. б. ақындар жыр еткен. Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Аңдас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырдың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған: 

Сырдарияның бойында, 

Қазалының ойында, 

Халқын түгел жинаған. 

Қараталдың бойына 

Текелінің ойына 

Қоныстанып тойлаған. 

Нақтылы деректерге сүйенсек, Балпық, Ескелді, Орақ батыр Аңырақай шайқасында Жалайырдың қолын бастап, қалмақтарды Іле дариясына тоғытқан. Жаудың негізгі күші Талдықорған жаққа қашқанда үлкен бір тобы қасқа жолдан шалғайда жатқан Іле, Балқаш, Қамау жақты паналамақ болады. Ұлы қолбасшылар Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Жаныс Өтеген, Албан жайратуды Ескелді, Балпық, Орақ батырлардың жасағына тапсырса керек. Қапшағайдың аузында аңыз, әңгіме көп. Осы күнге дейін Іле, Жиделінің құйылысында, Балқаш теңізіне жақындау аймақта Үш қалмақ деген шұрайлы жер бар. Сол үшеуі өз еркімен жалайырдың қолбасшыларына тыңшылық қызмет етсе керек, содан сол жер үшеуіне сыйға берілген тәрізді. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. Б. Тоғысбаев, А. Сужиков. «Тарихи тұлғалар»/ — Алматы. «Алматыкітап» баспасы, 2011. — 113 бет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?