Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі. 1 бөлім.

3499
Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі. 1 бөлім. - e-history.kz

Ғасырлар бойына қордаланған, халқымыздың әлеуметтік-рухани өміріне барынша кіріккен қазақ күйінің тарихы тым әріде екендігі бүгінгі зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылып жүр. Сонымен

Біздің қарастырып отырғанымыз Шығыс Қазақстан күй мектебіне кіретін Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі. Мұнда әулден аша кететін жайт – біз тек Қытай халық Республикасына қарайтын Алтай мен Тарбағатай өңіріндегі күйшілік дәстүрді тақырып етіп алдық. Бұл өңір күйлері туралы зерттеулер санаулы, талдаулар шала болғандықтан, бұл тақырып әлі де өз деңгейінде зерделенбей жатыр. Бір жағы жалпы Шығыс күйлерінің соңғы кездерде ғана зерттеу нысанына ілініп, әлі толық қаралмай жатқаны болса, бір жағы алыстағы ағайынның ұзақ жылдардан бергі байланыс, барыс-келіссіз қалуы – екі жақтағы қазақ халқының мәдени мұрасын да жете тануға кедергісін келтірді. Жүйелі түрдегі жасалған зерттеулердің аз болуы себебінен қазіргі күнде де бұл кемтік толықтана қойған жоқ.

Тақырыптың өзектілігене тоқталсақ, жалпы Шығыс күйлері туралы Кеңес дауірінде орныққан ескі, көне, тым жадағай, қарапайым күйлер деп қарау себебінен, қаншама жылдар бойына бұл аймақтың күйшілік өнері туралы зерделей қарау тым кенже қалып қойды. Ал Шығыс мектебіне жататын Алтай-Тарбағатайлық мектеп мүлдем қарастырылған жоқ дерлік. Бүгінгі өткенге қайта үңіліп, шынайы асылдырымызды тергіштей бастаған тұста осы бір көне сарындардан дамыған тарихы терең көмілген, сырлы да, тоғақты шертпе күйлеріміздің өнер сахнасына қайтадан орын алып, өз мәртебесін тауып жатқан тұсында, әсіресе жаңа дәуірлік музыкадан шет, баяғы үлгіні берік ұстанып, оны орындаушылық, күйдің бейнелеу, суреттеу жақтарын жақсы дамыта білген Алтай-Тарбағатай күй мектебін ұмыт қалдыруға болмасы анық.

Тәуелсіздіктен кейінгі ұлттық болмысты іздеу, ұлттық мұраға қайта қайырылу үдерісі, және екі ел арасындағы жанданған барыс-келіс бүгінгі біздің осы тақырыпта сөз қозғауымызға себеп боп отыр. Шыңжаңдағы қазақтар арасында жазылған, зерттелген осы тақырыптағы материалдар толық жетпегенмен, арғы беттегі қазақ мәдениетін білуге жасалған қадамдар шүкір дегізерлік. Оның бір дәлелі «Қазақтың 1000 күйі» топтамасына Шығыс күйлері қатарында Алтай-Тарбағатайда сақталған, жиналған күйлердің енуі. Және соңғы кездердегі жан-жақтылы болмаса да, мүмкіндігінше қарастырылып жатқан зерттеу еңбектері. Зерттеу материалдарынан Мұрат Әбуғазының «Шығыстың шыңырау күйлері» кітабына Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің бір шама өкілдері енгізіліп, күйлері күй аңыздарымен қоса берілген. Мұнда негізінен толық қамтылды деуге тұрарлық жақсы жинақ болып шыққан. Алайда күйдің теориялық, ғылыми талдануы әлі де болса бардым-келдім. Және жалпы Шығыс және шерпе күй өнері турасында жазылған Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Мағауин, Жанғали Жүзбай, Таласбек Әсемқұлов шығармаларындағы Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі туралы санаулы пайымдар, жас күйші Ардаби Мәуліттің шағын мақалалары Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі турасында бір шама ақпараттар береді. Сонымен қатар Қытайда шыққан «Бейсенбі күйлері», «Кәсімбай ән-күйлері» және Қайрақбай Шәлекен, Дәулет Халықұлы қатарлы күйшілерге арналған мақала, зерттеу, топтамаларға назар саламыз.

Алтай-Тарбағатай күйлерінің түп негізі көне түркіде жатқанын негіз ете отырып, біз осы шағын зерттеуімізде осы мектептің жеткізушілері мен олардың артықшылықтары, жаңалықтары туралы сөз етеміз. Нәтижеде ғасырлар бойына тамыр тартып, әуелгі қалпын бұзбай дамып, бейнелеуде зор, үлкен биікке көтерілген Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің қазақ күй өнеріне қосқан өзіндік рөлін бағалаймыз.

Алтай-Тарбағатай күйлерінің көне түркіден жеткен халықтық күйлермен сабақтастығы

Күй тарихын зерттеген ғалымдар қазақ дәстүрлі күй өнерінің түп-тамыры тым әріде жатқандығын айтады. Жалпы түркі жұртына ортақ танымдық, рухани үндестік беретін сырлы сазды музыка тіпті сонау Ғұн, Сақ дәуірінен бері болған деген тұжырымдар да жиі кездеседі. Түркі тектес байырғы көшпенділер жасаған өзгеше бітімді өркениеттің тікелей мұрагері, өткен ғасырдың басына дейін, негізінен, көшпенділік өмір салтын ұстанған, кейін тіршілік ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы – сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы.

Күй – халқымыздың сол ұлан-ғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі. «Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этномузыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты психо-эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы іспетті айқын психологизм тән екендігін аңғарамыз. Әлбетте, бұл күй жанрының өзге сипатын: баяндаушылық, суреттеушілік, кейіптеушілік қасиетін жоққа шығармаса керек. Жинақтай айтқанда, күй – құрылымы жағынан шағын болғанымен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса.

Шығыс күйлері негізінен арғы түркілік сарындарды мұра қылған, өзіндік қағыс, шертістерімен ерекшеленеді. Осы шығыстық күй тарихына байланысты домбыраның шығуына мән берсек, домбыра – тым ертеде пайда болып, уақыт озған сайын түрленіп, дамып отырған, екі ішекті, шертпелі хордофон типіндегі аспап. Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Монғолия жерінен VI-VII ғасырларға жататын тасқа айналған домбыра тауып алғанын айтады. Домбыра тоғыз пернелі болған. Яғни күні кешеге дейінгі жалғасып келе жатқан қазақ домбырасының белгілі формаға түскен тұсының өзі тым әріде жатқаны көрініп тұр. Осы үлгідегі және атауы да, көп ретте, осы «домбыра» сөзіне ұқсас аспаптар татар, башқұрт, өзбек, алтай, қырғыз, түрікпен, мұңғыл, қалмақ, тәжік, халықтарында да сақталған (думбыра, думбара, думбрак, домбр, комуз, т.с.с.). Типологиялық және лексикалық ұқсастық аталмыш музыка аспабының әлмисақтан мәшһүр екендігінің және Орталық Азия халықтарына түгелдей дерлік табиғи болғандығының дәлелі ретінде де айтылады. Ал қазақ домбырасы – жұмсақ, қоңыр үнімен ерекшеленетін, дыбыстық диапазоны 1,5 октавадан 2 октаваға дейін жететін, мүмкіндігі мол, сонымен қатар ел-жер, орындаушылық дәстүр ыңғайына қарай сыртқы пішіні де сан түрлі болып келетін, заманында әр қазақтың дерлік үйінің төрінде тұрған аспап.

Алтай-Тарбағатай күйшілік дәстүрінде жиі кездесетін тағы бір аспап сыбызғы аспабы. Содан да болар, бұл өңірдің кейбір күйлері әрі сыбызғымен де, әрі домбырамен де орындала береді. Және домбыра күйлеріне де өзінше әр беріп ілесе жүретін сыбызғылық әуездер кездеседі. Сыбызғы аспабы ең ерте қолданысқа енген музыкалық аспап болса керек. Жасалуы да оңай, әрі сызылта дыбыс шығарып, іштегі көңілдің күйін дөп басатындығы бар. Ал Алтай-Тарбағатай күйлерінде кездесетін сыбызғылық сарынды міне осы көне арғы түркілікпен жалғастыруымздың да бір мәнісі осыдан. Ортақ бір ұқсастық орындау барысындағы байыппен, әр дыбыстың өз мінерін барынша сақтап, әр дыбысқа өзіндік ерекшелік бере отырып, кейбір дыбыстардың созылыңқы ырғағфн да үзіп жібермей, тербей жалғастыру – көне халықтық күйлерден тамыр тартып дами түскен орындау тәсілі екені байқалады.

Осыншама кең таралғандығы себепті, қазақтың дәстүрлі әндері түгелге жуық домбыраның сүйемелімен айтылады. Алайда домбыра аспабының тембрлік, диапазондық мүмкіндіктерін шегіне жеткізе ашқан жанр – көне ықылымдарда қалыптасып, ХІХ ғасырда өз дамуының шырқау шыңына көтерілген күй жанры еді.

Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің тамыры тереңнен бастау алып, аймақтық жағынан кең ауқымды болып дамыды. Бұл орындаушылық мектептің үлкен бір тармағы – Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы өлкесіндегі қазақтардың күйшілік мектебі. Шығыс күйлері туралы зерттеуші, күйші Мұрат Әбуғазы Шығыс күйлерінің түп-тамыры тым әріден, алғашқы домбыраның пайда болу кезеңінен басталатынын айтады. Оған Ақселеу Сейдімбеков келтірген «Тауқұдірет» күйінің аңызы арқылы дәлел келтіреді. Шынымен де осы күйдің шығыс өңірінде сақталуы, және де жалпы Шығыс күйлерінің орындалу ерекшелігінің ұқсастығы осыны дәлелдеп тұрған жоқ па.

Күйдің көне үлгісі қарапайым, жалқы сөйлем секілді, кейбір құбылыстарды, дыбыстарды өзіндей етіп беруге тырысқан тұстары да кездеседі. Кейін келе дамып, күрделеніп, ырғақ, тембр жағынан жаңа бейнелеулер көрінеді. Алтай–Тарбағатай мектебі де ән тектес, ойнақы, бір сазды ән регистрде қайталау.

Бұл өңірдегі, негізінен, архаикалық үлгідегі аңыз-күйлерден тұратын күйшілік, домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады. Әсіресе, теріс бұрауда (квинта) тартылатын «Шыңырау», «Тауқұдірет», «Ақсақ марал», «Ақсақ қаз», «Ақсақ аю», «Бұлғын-сусар», «Балжыңгер», «Сұрмерген» сияқты күйлер – аңыз-әңгімелерімен астасып жатқан көне жәдігерлер. Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің «Сары өзен», «Беласар», «Қорамжан», «Ащы күй» сынды тағы бір бөлігі – қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи шығармалар. Ал «Салкүрең», «Телқоңыр», т.б. халық күйлері – өте ерте замандардан жеткен туындылар. 

Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі – Шығыс күйшілік мектебінің бір тармағы

Халық күйлерінен тамыр тарқан бүгінгі бізге белгілі болып отырған алғашқы қазақ күйшілері де осы Шығыстық күй мектебіне жатады. Қазақ халқының тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі – Кетбұға күйші. Қаһарлы Шыңғыс хан заманында өмір сүрген Кетбұғаның ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші ретінде есімі белгілі. «Кетбұғаның күйі» («Қара ала белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға») сол дәуірлерден жеткен тарихи туындылардың бірі.

Кетбұға (шамамен 1150 – 1225 жылдары өмір сүрген) – күйші, жырау, аңыз кейіпкер, қазақтың ұлы жыршысы, сазгер-күйшісі және халықтың тарихи аңыздарының кейіпкері. Оны көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы деп те атайды. Кетбұға жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы деректер "Түркі шежіресі" кітабы мен халық аңыздарында кездеседі.

14 ғасырда жазылған «Түрік шежіресі» атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша иісі Дешті-Қыпшақты аузына қаратқан Жошы хан аңда жүріп, мерт болғанда, осынау қаралы хабарды Шыңғыс ханға естіртуге ешкімнің батылы бармаса керек. Сонда Кетбұға жырау: «Хан ием, қайнар көзі лайланған теңізді кім тазартар?», «Түп-тамырымен қопарылған ағашты орнына кім қондырар?» – деген сауалдар қою арқылы әміршіні қаралы хабарға іштей дайындап алып, оның ұлы Жошының өлімін «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйін орындау арқылы жеткізген дейді аңыз. Күй тартылып біткен соң, қаһарына мінген хан Кетбұға жырауды жазалауға шешім қабылдайды. Алайда қайғылы хабарды домбыра жеткізгендіктен, оған ыстық қорғасын құюды бұйырады. Осылайша домбыраның беткі жағында кішкентай саңылау пайда болыпты-мыс. Бұдан домбыра жарамсыз боп қалмады, керісінше, оның үні нақышты болып, көркейе түсті. Кетбұғаның «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі мен оның орындалуы алдында оқылған өлең жолдары бізге жетті. Сол кезеңде халық арасында кеңінен таралса да, Кетбұға жыраудың басқа рухани мұрасы, әдеби шығармалары біздің заманымызға жеткен жоқ. Аңыздың тағы бір үлгісінде Шыңғыс Хан қаһарланып, бүкіл даладағы құланды орға айдатады. Сонда ақсақ құлан мына жағынан айдап келсе, ана жағына, ана жағынан айдап келсе, мына жағына секіріп өтіп, орға құламай қояды. Күйдің осы бөлігінде құланның қалай ордан ары-бері қарғып-шоршып жүргені бейнеленеді. Арғы түркілік күйлер секілді бұнда да ойнақтай қашқан ақсақ құланның жүрісін суреттеп тұрғанын байқауға болады.

Кетбұға сөз өнерінің дамуына да өзіндік үлес қосты. Ол көптеген қазақ жырауларының шығармашылығы мен стиліне игі ықпал етті. Мәселен, ХV-ХVӀ ғасырлар шегінде өмір сүрген Доспамбет жырау бір толғауында: «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!» — деп жырлайды, оның сөздерімен таныс екендігін білдіреді. Халық Кетбұғаны «Ұлы жыршы» деп те атаған. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан. Халық аңыздары мен өлеңдерінде ол халық қамқоршысы мен даланың дана биі бейнесінде сипатталған.Кетбұға жырау туралы аңыздар қырғыз фольклорында да кездеседі.

Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіт күйші. Абылай хан заманында өмір сүрген күйшінің жоңғар шапқыншылығы кезеңіне арналған күйлерін белгілі жазушы, тарихшы М.Мағауин қилы кезең симфониясы, тайғақ кешулі жаугершілік заманның музыкалық шежіресіне теңейді. Жаугершілік заман тынысы ғана емес, бейбіт тұрмыс лебізі де сезілетін Байжігіт күйлерінің тақырыбы әр алуан. Оның «Көкбалақ», «Қайың сауған», «Шаңды жорық» сияқты күйлерінен жаугершілік заманның елесі көрініс берсе, «Ерке атан» күйі мұңды тарихымен есте қалады. Семей өңірінің Шұбартау ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өмір сүрген күйші мұрасы Шұбартау, Аягөз өңірінде сақталған. Біздің заманымызға Байжігіт мұрасының дені Жүнісбай домбырашы арқылы жетті. Байжігіт күйлерін жаздырып, насихаттаған орындаушысы – жазушы, этнограф, дәулескер домбырашы марқұм Таласбек Әсемқұлов.

Байжігіт (мөлшермен 1705-1795 жылдары өмір сүрген) – күйші-компазитор, бостандық жолындағы күрескер. Сары Нияз төренің шәкірті. Байжігіт өмірі дені ат үстінде, қалмақ басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес кезеңінде өткен. Сол жорықтар әсерімен "Нарын", "Қылау батыр", "Алмажай" секілді күйлерін дүниеге әкелген. Эпикалық сарында тартылатын күйлерінде ел қорғаны болған жаужүрек батырлардың бітім-келбеті музыка тілмен өрнектелген. Оның «Секіртпе», «Бұлғын сусар», «Тоғыз тоты», «Қособа» атты күйлері тыңдаушыны ерекше нәзік сыршылдығымен елітеді. Бұлардан басқа «Азат», «Ақтабан», «Аңшының зары», «Беласар», «Қашқан қалмақ», т. б. күйлері бар. Байжігіт күйлері қазіргі Шығыс Қазақстан облысында (Семей өңірі, Шұбартау, Аягөз, Абай ауд.) және Шығыс Қазақстанда кең тараған. Оның күйлерін Манеке, Мыңғабыл, Бекжан, Рәш, Қоңыр, Құлыншақ, Жүнісбай, Ақжүрсін, Бодау, Қызай қатарлы күйшілер кейінгі ұрпаққа жеткізген.

Байжігіттің Руы - Абақ Керей ішінде Жастабан. Жастабан бір жағы Тарбағатайдың сыртын, бір жағы Шыңғыстың бауырын жайлаған. Бұл кезде Байжігіт Бердәулетұлы Жәнібек батырды сағалаған деседі. Күйшінің өмірі негізінен қазіргі Шұбартау  ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өткен.

Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші. Ел аңызы Абылайхан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарған дейді. Заманында «күй иесі Байжігіт», «Күй атасы - Бәжең», «күй перісі» атанған. Байжігіт өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға.

Артына мол мұра қалдырған өнер иесі Байжігіттің тәлім алған ұстаздарының бірі - Сары Нияз төре деген күйші адам екен. Байжігіт 13-14 жас шамасында киіз үйдің сыртында отырып, іштегі отырған, сол кезде елге атақты Сары Нияз төремен күй тартысқа түседі. Өзімен күй тартысқа түсіп отырған күйшінің орындаушылығына риза болып сыртқа шықса, жап-жас бала екендігін көріп қайран қалады. Осыдан бастап Сары Нияз Байжігітті шәкірт қылып домбырашылық өнердің барлық құпия сырына қанықтырыпты.
Тарихта «Ақтабан-шұбырынды» атанған кезеңде Байжігіт 18 жасар жігіт екен. Елмен бірге үрей кешіп, азап шекседе домбырасын тастамапты. Осы кезеңде «Ақтабан» атты күй шығарады. 

Байжігіттің қилы кезеңге арналған ең елеулі туындысы «Қайың сауған» күйі. Осы күй күйшінің есімін бүкіл елге әйгілейді. Жаңа өрлеп келе жатқан жас сұлтан Абылай, күйшіні ордаға алғызады. Байжігіт өмірінің бірталай уағы осы Абылай төңірегінде өтеді.

Күйшінің жоғарыда аталған күйлерінен басқа «Нарын» (төрт бөлімді), «Азат» (екі бөлімді), «Арман», «Көкейкесті» атты күйлері болған. 
Күйші 80 жасқа келгенде сіреспе деген ауруға шалдығып (сірә паралич болса керек) төсек тартып жатып қалады. Өлім сағаты таяған кезде сахара өнерпаздарының көне салты бойынша жұртпен күй арқылы қоштасады. Оң қолы шертуге келмеген себепті күйші ең ақырғы сырлы күйін алақанының қырымен қағып ойнаған көрінеді. Күй ұрпақ жанында «Көкейкесті» деген атпен сақталған. 

Күйшінің «Бұлғын сусар» күйі туралы мынадай бір аңызды Таласбек Әсемқұлов өзінің «Талтүс» романында жазады. Бір күні далада келе жатқан Байжігіт суырдың қыз ұзатуына кезігіп қалады (суыр да дәл қазақ секілді жоқтау айтып, қызын ұзатып салады екен дейді – мыс). Сосын дымын білдірмей бір дөңнен қарап жатады. Қызды суырдың інінен шығарып, шешесі жоқтауын айтып, жылап шығарып салады. Қызы кеткен соң да ана-суырдың зары басылмайды, өксіп-өксіп тұрып жылайды дейді. Сол кезде бір бұлғын келіп, оны жұбатады. Қанша жұбатса да суыр бәрі бір жылауын қоймайды. Енді бұлғын ойнақтап, секіріп, бірде артқы аяқтарымен, бірде алдыңғы аяқтарымен жүріп, әр түрлі қызықты ойын көрсетіп билей бастайды. Сонда ғана бағанадан бері өксігін баса алмай тұрған суыр жұбанып, сақылдап күліп, мәз болып қапты. Осыны көрген Байжігіт келесі барып түскен ауылында сондағы бұлғынның биі еді деп осы күйді тартыпты.

Бұдан басқа «Беласар» секілді басқа да күйлеріне байланысты әр түрлі қызықты күй аңыздары кездеседі. Байжігіттің шәкірті болған Қызылмойын Қуандық та аса үлкен күйші болған деседі. Оның Байжігіттің 300 күйін толық білумен қатар, өзі де 90 ға жуық күй шығарған деседі. Біздің заманға оның «Қоскөмей – терісқақпай», «Шыңырау» күйлері ғана жеткен. Оның Тәтімбетпен күй тартысқа түскені туралы да аңыздардың бар екенін Мұхтар Мағауин айтады.

Жалпы Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі қазақ күйінің түп тамыры көне түркі дәуірінен бері келе жатқан дәстүрге мұрагерлік етіп, оның үлкен өкілдері Кетбұға, Байжігіт, Қуандық және Тәттімбеттердің үлгісін алған, өзіндік ерекшелігі сақталған үлкен күйшілік мектеп.

Алтай күйшілік мектебінің өкілдері

Біз қарастырып отырған Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілдері Алтай және Тарбағатай аймақтарының, Іле өңірінің күйшілік, орындаушылық ерекшеліктерін негіз етеді. Шығыс Қазақстан күйшілік өнерінің бір бөлігі Шығыс Түркістан өңірінде дамыған. Алтай-Тарбағатай, Іле аймағына дейінгі аралықты қамтиды. Шығыс Түркістан күйшілік дәстүрі екі мектептен тұрады. Алтай және Тарбағатай күйшілік мектебі. Алтай күйшілік мектебі пентатоникалық үндестікке жақын, ал Тарбағатайлық күйшілік мектеп диатоникалық дыбыс қатарына құрылған. Алтай күйлері көбінесе құрылымдық жағынан көбінесе транспозициялық формаға құрылса, Тарбағатайдың домбыра күйлері әуендік, біртіндеп құбылмалы (варияциялық) даму жүйесіне құрылған. Алтай күй мектебінің өкілдері Бейсенбі, Шақабай Шалап, Мүкей, Тайыр Белгібайұлы. Ал, Тарбағатай күйшілік мектебіне Қайрақбай, Бәзғалам, Бейісбай, Кәсімбай т.б. күйші-композиторлар жатады.  

Шығыс Қазақсатан домбыра күйлері жөнінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесінде» еңбегінде алғаш жазып Тәттімбет шығармашылығына тоқталған болатын. Шығыс Қазақстан күйлерін жинақтап, зерттеп, тартып насихаттау жолында күйші, зерттеуші Уәли Бекеновтың сіңірген еңбегі айрықша. Осы орындаушылық мектептің күйлері мен күйші-композиторлары туралы «Күй табиғаты», «Күй керуені», «Шертпе күй шеберлері», атты еңбектерінде көп деректер жазып, бірқатар күйлердің ноталық нұсқасын беріп елеулі еңбек сіңірген. Сонымен қатар өнертанушы, ғалым Талиға Бекхожина да бұл жөнінде көп еңбек етті. Зерттеуші, ғалымның еңбектерінде жазып қалдырған мәліметтері құнды дүниелер болып саналады. Күйші, зерттеуші, профессор А. Тоқтағанның «Күй керуені», «Күй қастерлі әуез», сондай-ақ домбырашы А. Райымбергеновтың «Күй қайнары» күй жинақтарында осы аймақтың бірнеше күйлері жарияланған болатын. Сол сияқты С.Бегалин, М. Мағауин, А. Сейдімбеков, Т, Әсемқұлов т.б. жазушы ғалымдар осы орындаушылық мектеп жөнінде құнды деректер жазып қалдырған. Бұл аймақтар туралы айтып отырғанымыз, әуелде айта кеткеніміздей, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің бір тармағы болғандығы. Қызыл мойын Қуандықтан кейінгі Тәттімбет кезеңінде арғы бетке де қазақтардың бір шама бөлігі қоынстанып болғандықтан, енді Қытайға қарайтын Алтай өңіріндегі күйшілік өз алдына бөлек дамиды.

Алтай аймағы Шіңгіл ауданы, Көктоғай ауданы, Бурылтоғай ауданы, Жеменей ауданы, Қаба ауданы, Буыршын ауданы қатарлы алты аудан бір қаладан құралып, орталығы – қазіргі Алтай қаласы. Айбынды Алтай тауының шығысы Моңғол Халық Республикасына, батысы Қазақстанға сұғынады. Жоғарыда аталған аудандарда қазақта орта жүз – арғын, найман, керей, уақ рулары жиі қоныстанып ұлтымыздың салт-дәстүрімен рухани мәдениетінің қаймағын бұзбай сақтап келеді. Алтай аймағы күйшілік мектебі, Қытай Халық республикасына қарасты Алтай өңірі мен қоса Алтай тауының арғы бетіндегі Моңғол Республикасына қарасты қазақтарда сақталған күйшілік мектепті қамтиды. Бұлай дейтініміз Моңғол Республикасындағы қазақтардың дені Алтай асып барған. Алтай аймағы күйшілік мектебінің арыдағы өкілдері Бейсенбі Дөненбайұлынан басталып төмендегі мұрагер домбырашылар арқылы бізге жетті:

Бейсенбі Дөненбайұлы 1802 жылы туып, 1872 жылы қайтыс болған. Алтай өңірі күйшілік мектебінің негізін салушылардың бірі. Онын туып өскен, өмір сүрген жері Қытайдағы Алтай аймағы, Буыршын ауданы. Бейсенбі кезінде сөз иесі шешен, ел иесі әділ би, күй иесі домбырашы, қайрат иесі батыр, құс иесі құсбегі, сергек ойлы азамат болған.

Бейсенбі жас кезінде бүкіл Жанат руының (Абак-Керей) ортаға шығар қосбасшысы болған. Сол кезден бастап монғол-қазақ ортасындағы дау-шарды бітіріп, екі ұлт арасына таныла бастаған. Жаугершілік заман мен даугершілік өмір Бейсенбіні әр жақтан сынға салады. Жанат елінін он мыңдаған жылқысы мен қаптаған қосына иелік етіп, кедей-кепшікке қолының ашықтығымен мырза атанған. Бейсенбі би 88-ге қараған жасында өмірден қайтқан.

Бейсенбі күйінің көбі аттың жүрісі мен аңның аттарына байланысты болып келеді.

Бейсенбінің "Кеңес" күйінің бірнеше түрі бар. Өйткені Бейсенбі Керейдің төрт биінің бірі болып сайланғаннан кейін кеңесті күймен бастайтын болған. Шежірешілердің айтуына қараганда "Кеңесте" талқыға түсіп, шешім етілетін істің мән-жайын күй сарынмен кеңес басталғанша толғап отырады екен.

Әр өңірдің күйлері бір-бірімен байланысты, сабақтасып жатады. Қазақ күйлерін жеке-жеке бір-біріне қатысы жоқ дара құбылыс ретінде қарау қиын. Күй тамыры терең бәйтерек сияқты. Кез-келген күйшінің басқа өңірдің күйшілерімен ешқандай тікелей байланысы болмағанымен, оның күйлері жалпы ұлттық сарыннан көктейді. Сондықтан, қазақ күйлеріне тән ортақ мотивтен алыс кетпейді. Солай бола тұрса да, қазақ күйлері қалыптасқан аймақтық ұяларына қарай дара-дара болып келетін өзіндік ерекшеліктерге де ие. Әр өңірдің, әр күйшінің күйлерінің болмыс-бітімі, философиясы, бейнелеу тәсілі, тартылу ерекшелігі бір-біріне ұқсай бермейді. Бірақ, бұл – салыстырмалы айырмашылық. Қазақ күйлерінің сарыны, тақырыбы, мән-мағынасы, тарихи тамыры, психологиясы бір желіден көктеген. Кейде тарту тәсілінде де тектестік, ұқсастық анық аңғарылып отырады. Бұл тұрғыдан қарағанда, әр өңірдің күйлері сөзі басқа, ойы ортақ шығарма тәрізді.
«Күйлер өзінің дәстүрлі орындаушылық ерекшелігіне байланысты, орындау мәнеріне, құрылымына, қағыс түріне, саз әуені мен екпін ырғағына қарай, екі үлкен мектепке жатады… Шертпе күйлер ежелден Қазақстанның Шығысы: Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Қаратау және Сыр бойына дейін ел арасына кеңінен тараған, ел арасында шертпе күй деп те, нақысты күй деп те айтылған.

Қалыптасқан дағдыға сай, Бейсенбі күйлері шертпе күйлерге жатады. Бежең жасаған өңір – Алтай тауының күнгейі. Сондықтан оның күйлерін Арқа және Шығыс Қазақстан күйшілік ұясынан шыққан күйлерге жатқызуға болады. Бұл ұяның күйлері шертпе күйлер екені жұртқа мәлім. Жеке адамның күйшілік өнері көрген, игерген дәстүрінен тамыр тартады. Ешбір күйші өзі көрген дәстүрден алшақ кете алмайды. Егер ол дәстүрден қол үзіп, мүлде бөлек, сол өңірдің елі естімеген әуен, сарынға бой ұрса, оның сарыны қабылданбайды. Тіпті ол басқа бір елдің сарынында күй шығарса да, оған өзі жасаған ортаның дәстүрлі ерекшеліктерін, дыбыстық бояуларын қосуы керек. Сонда ғана оның күйлері тыңдаушыға жетеді. Ал дәстүрден көктеген жаңашылдық сол өлкенің дәстүрлі музыкасынан алынады да, оған жаңаша бояу, реңк беріледі. Алтай-Тарбағатай күйлері де арқа күйлерімен жақын, сарындас келеді. Айырмашылық олардың дыбыс бояуында, тартылу ерекшелігінде. Бұл айырмашылықтар аса күрделі емес. Бежең күйлерінің Арқа күйлерімен ортақтық ерекшеліктері көзге ұрып көрініп тұрады.
Мысалы Бежең күйлерінің көбінде бірнеше такт кіріспе болады. Ол көбінде бос қағыспен тартылады. Бұл кіріспе күйдің негізгі сарынына жақын еліктірме дыбыстардан тұрады. Мұндай тәсіл Арқа күйшілерінің көбіне ортақ. Сондықтан мұны Бежең күйлерінің бір ерекшелігі дейміз, алайда тек Бежеңе ғана тән ерекшелік дей алмаймыз.

Бейсенбі күйлері қарапайым, тыңдауға жеңіл, мазмұны терең. Тағы бір ерекшелігі бүкіл Алтай-Тарбағатай күйлеріндегі секілді сыбызғы сарыны қосылып жүреді. Бежеңнің «Қарақұлақ аттың жүрісі», «Қымыз күйі», «Ажар» т.б күйлері сыбызғыда тартылады екен. Онан да маңыздысы, бұл күйлердің дыбыстық ерекшелігі сыбызғыда тартуға өте бейім. Зерттеушілер бұл туралы тым ертеден қалып қойған Түркі-Моңғол дәуірінен қалған сыбызғымен орындалатын алғашқы күйлермен сабақтастығы деп қарайды.

Алтай күйлеріндегі сыбызғы сарынының өзі екі түрлі болып келеді. Мысалы, Бежең, Қайрақбай сияқты таяу заман күйшілерінің күйлерінен сыбызғының ашық та, қоңыр үні естілсе, теріс бұрауда тартылатын ескі күйлерден қурайдың ащы үні мен бұрлығыңқы көмекей әуені қатар жарысып отырады. Бұл Алтай күйлеріне тән басты ерекшелік деуге болады. Кейбір теріс бұраудағы ескі күйлерде көмекей әуені күшейіп кететінін байқамыз. Қазақ күйлерінің ішінде теріс бұраудағы күйлердің көбін тарихы ұзақ ескі күйлер деп мөлшерлеуге болатын сияқты. Алайда, Бейсенбі күйлеріндегі сыбызғы сарыны Сүгір күйлеріндегі қобыз сарынындай күшті емес, анық байқалмай қалатын кездері де болады. Жеке күйшінің күйшілік өнеріне сол өңірдің ескі күйшілері мен олардың күйлері әсер етіп отырған. Бежең күйлері туралы да осыны айтуға болады. Бежең күйлері арысы көне түркі-моңғол дәуіріндегі, берісі қазақтың бізге аты жетпеген ескі күйшілерінің әуендерін жаңғыртудан туған тәрізді. Ондағы тыңдаушыға анық естіліп тұратын сыбызғы сарыны сақталуы соны көрсетсе керек.

Бейсенбіде «Кеңес» күйлері бір шама мол кезігеді. Ел ішінде Бейсенбінің «40 кеңесі» деген сөз де бар. Бізге жеткен «Кеңес» күйлерінің көбі ХІХ ғасырдың күйшілерінен қалған мұралар. Бұл ретте Бейсенбі сол күйшілердің бәрінен жасы үлкен, аға күйші екені тағы рас. Осы ерекшеліктер Бежеңнің біздің заманға жеткен «Кеңес» күйлерінің негізін қалаушы екенін айқындайды.

Алтай күйшілерінің танымал өкілдерінің бірі Шалап Саудагерұлы 1860 жылдар мөлшерінде Қытай халық Республикасы, Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Керей ішіндегі Жәнтекей руынан Шақабай атасынан тарайды. Әйгілі күйшіні халық Шақабай Шалап деп атап кеткен. Өз өмірінде елуден астам күй шығарған, әрі шебер орындаушы болған.

Шалаптың халық арасында біршама күйлері кең тараған. «Зәурен», «Толғау», «Жігіт жирен» қатарлы күйлері ел ішінде жиі орындалады. Күйшінің ұрпақтары қазір Қытай халық Республикасы, Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында тұрады. Шалаптың күйлерін кейінге таратып, жеткізушілер Ғабдылхақ Барлықов, Дәулет Халықұлы, Сайраш Жармұхамедұлы, Мұқаш Таңғытұлы т.б. күйші, домбырашылар.

Алтай күйшілік мектебінің тағы бір өкілі – Бәзғалам Айқынбайұлы (1860-1932) Бәзғалам Айқынбайұлы 1860 жылдары Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінде туып, 1932 жылы сол жерде дүние салған. Сүйегі Уақ екен. Мандыған ауқаты болмағандықтан етік тігіп, өрімшілік істеп, ер-тұрман жасап және аңшылықты тіршілік өзегі еткен. Кейбір деректерге қарағанда Бәзғалам алтайда өткен Бейсенбі Дөненбайұлының туған жиені екен дейді. Уақ елі Жайыр тауына келіп қоныстанғаннан кейін он бес жасқа іліне қоймаған Бәзғалам жолаушыларға ілесіп Алтайға барады. Ел шетіне жетіп, сұрастыра жүріп ымырт жабыла, нағашысы Бейсенбінің ауылын табады.

Үлкен ақ ордада ән айтылып, күй шертіліп жатқанын сырттай ұғады. Бдірақ нағашысы отырған ордаға кіруге батылы жетпей, іргеде жатып домбырасын тыңдайды. Алыс жолдан арып-шаршап, арық құланмен келген Бәзғалам сол жатыста ұйықтап қалады. Ертеіңінде таң намазына тұрған Бейсенбі, іргесінде ұйықтап жатқан жиенін танып, оятып алып мән-жайды ұғысып, баланың арт жағына хабар жіберіп, алаңсыздандырады. Бәзғаламды панасына алып, үш ай шамасы қасына ертіп жүріп, жиын-тойларда домбыра шерткізіп, өресін байқап, оның домбыраға деген құштарлығына және алғырлығына дән риза болып, батасын беріп, ат-көлігін жабдықтап, адам қосып, еліне жеткізіп салады.

1920 жылы Таңғыт үкірдай сауын айтып, арғы бет, бергі беттен ел шақырып той жасайды. Бұл тойға Уақ елінен Әбеуолла қажы бастаған, Маужырбай, Бәзғалам, Мұстари қатарлы он жеті адам барған. Бұл тойда Таңғыт үкірдай ел басылары мен игі жақсыларды айырма отырғызып сауық-сайран құрғанда Бәзғалам күй шертіп, Әріпжан ақын ән салған.

Бәзғаламның «Жолаушы» күйі туралы төмендегідей аңыз бар. Бұл күй өзінің өмір жолын суреттейтін туынды болса керек. Күйшінің қысқаша дерегіне қарап отырсақ, үнемі бір жерден, екінші жерге тұрақтай алмай жолаушылап көшіп жүргенге ұқсайды. Салт атты жолаушының сайын дала төсінде, көз ұшында сағымдай бұлдырап бара жатқан көрінісін еріксіз көз алдыңызға әкеледі. Ел аралап, көрген-білгенін айтып жүрген шежіре адамның әңгімесі секілді. Төменде Бәзғаламның «Жолаушы» күйінің нотасы берілген.

Алтай күйлерінің көрнекті өклі Мүкей (XIX-XX ғ. жасаған) Алтай алабын қоныс еткен теріс таңбалы Найманның күйшісі. XX ғасырдың бас кезінде Кеңес үкіметінің қыспағынан қашып шығып өмірін Шығыс Түркістанда өткізген. Баркөлден топырақ бұйырған. Мүкейдің күйлері өз басынан өткен шытырман оқиғалармен байланысты туындап отырған. Шыңжаң халық баспасынан 1994 жылы жарық көрген «Күй аңызы» атты кітапта Мүкей күйшінің мынадай күйлерінің аңыздары берілген: «Әттең жалған дүние», «Жетім қоңыр», «Жетім торы», «Зарқытым», «Қос қағу», «Қос басқан», «Күзетші қыз», «Сағыныш сазы» т.б.

Мүкей күйлері сарыны жағынан өзгеше дамыған. Яғни күй басталып тартылғанда орташа екпінде ойлы толғана басталып, кенеттен жүрдек екпінде жорғалап кетеді. Мысалы: Мүкейдің «Қосбасқан қоңыр», «Құр ойнақ», «Қосбасар» сияқты күйлерінде әуен бастапқы да бір қалыпты  басталып күйдің ортасына қарай желдіртіп жорғалатып кетеді. Бұл ерекшелік тек Мүкей күйлерін де ғана кездеседі. Екі ішекте алма-кезек үздіксіз теріліп тартылып отырады.

Сондай-ақ Мүкей күйлері қазақтың би өнеріне де өте жақын, күй тартылып келе жатып кенеттен кілт тоқтап, қайтадан жорғалай жөнелуі бейне бір әсем құстың, немесе бір жануардың жорғалап жүргенін көз алдыңызға елестетеді. Сондай күйлердің бірі Мүкейдің «Қосбасқан қоңыр» деген күйі, бұл күйге елімізге танымал биші Шұғыла мың бұрала билеген. Осында Алтай өңірінде көптеген күйлерге биленетін буын биі, бүркіт биі деген билер жиі кездеседі. Ал аңыз күйлер шоғыры да Алтай өңірінде оң және теріс бұрауда өте ертеден дамыған. «Алакөз аттың жүрісі», «Ақсақ марал», «Аққу», «Шыңырау» сияқты аңыз күйлер шоғыры көптеп кездеседі. Бұл күйлердің орындалу ерекшелігі өте өзгеше, ескіден келе жатқан перне басу әдістері мен қоса қазақы дыбыс бояулары асқан шеберлікті қажет етеді.

Шертпе мәдениетін шет жерде жүріп жалғастырған дарынды күйшінің бірі Тайыр Белгібайұлы (1920-1984) Алтай аймағының Ақарал ауылында дүниеге келген. 1956 жылы жазда Шыңжаң ән-би үйірмесінің құрамында Мәлік Жүнісұлы, Дәнеш Рақышұлы, Байақын қатарлы өнер жұлдыздарымен бірге бұрынғы Кеңес одағының бес республикасында бес ай бойы өнер сапарында болады. Осы сапарында академик Ахмет Жұбановпен кезігеді. Тайыр Белгібайұлы өмірінде көптеген күйлер шығарған. «Ақарал», «Жаңа шабыт», «Еңбек думаны», «Сахара саңлағы», «Сайгүлік», «Салкүрең», «Мақпыш», «Қанас толғауы», т.б. Тайыр Белгібайұлының «Ақарал» күйі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің репертуарына енген.

Есбол Нұрахмет

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?