Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІІ бөлім (Ә.Диваев)

6296
Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІІ бөлім  (Ә.Диваев) - e-history.kz

Қобыланды батыр — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп, ірі- ірі эпос айтушыларының қолынан өткен. Қобыланды жырының 29 нұсқасы бар, «Қобыланды батырды» Марабай, Мергенбай, Біржан Жасымбаев, А. Айтабанов, К. Еламанов, Сыр бойындағы белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған.  Айтушылардың осыншама көп болуы жыр сюжетінің халыққа кең тарағандығын көрсетеді.«Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар.

Төмендегі сілтемеде:  Қобыланды батырдың өмірбаяны 

Жалғасы... Басы өткен санда 

Қалың қыпшақ көп елден

Ондап, бестеп қасыма

Жігіт алсам не етеді?!

Мен ақымақтың басымнан

Қаңғырып жалғыз жүргенде,

Арманменен дариға-ай,

Дүние бір күн өтеді.

Шынымен шамдансам,

Өзі түгіл бұл қолдың

Жұртына әлім жетеді.

Жалғыз туған мен сордың

Алдымда сүйеу ағам жоқ,

Алладан басқа панам жоқ.

Тәңірі жалғыз жаратты,

Көппін деуге шарам жоқ.

Артымда таяу інім жоқ,

Жалғыздықтан мінім жоқ.

Көптік етер күнім жоқ,

Білмей қалдым басымнан

Өткенің бе дүние боқ?!

Мінәжат етіп жылаймын

Өзімнің нашар әлімді.

Жазым болып, көз жұмсам,

Халық талайды малымды.

«Атадан алтау екен» деп,

Өзімнен төмен жаманға

Болайын неғып жалынды.

Енді қашан көремін

Кемпір менен шалымды?

Бәндем десең, Құдайым,

Ойла менің қамымды.

Ойламасаң қамымды?!

Осы түннен шығармай,

Тағдырымды бітіріп,

Тауыс менің нанымды!

Таудың толды кенері

Батырдың алған жылқыға

Жер толмаған құлпыға.

Қобыланды сынды батырдың

Жүре алмай астында

Тайбурыл аты ақсақ боп,

Ат басындай жүрекке

Қайғы менен шер толып.

Бұл қайғыны көрген соң,

Артық туған Қобыланды

Есі кетті сандалып.

Бір Құдайға Қобыланды

Жылады түнде зар қылып.

Жанында жалғыз адам жоқ,

Көп қосынның шетіне

Қобыланды келді қаңғырып.

Жол шетінде Қобыланды

Тайбурылдан түседі.

Қатарынан Қобыланды

Асып туған кісі еді.

Құрбысында адам жоқ

Қобыландыдай мүшелі.

Жамандар қылды өсекті,

Жылап жүріп Қобыланды

Тоқымнан қылды төсекті.

Қараман қылды мастықты,

Жылап жүріп Қобыланды

Ерден қылды жастықты.

Тоқымын төсеп, ер жастап,

Артық туған Қобыланды

Етбетінен құлады,

Ұзынынан сұлады.

Алтын ерге сүйеніп,

Өксіп-өксіп жылады.

Жылап жатып батырдың

Көзі кетті ұйқыға.

Таң сарғайып атқанда,

Бір уақытта Қобыланды

Таң шолпаны батқанда,

Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,

Он сегіз мың ғаламның

Он бесі бар қасында,

Қобыландының өзінің

Жеті кәміл бабасы,

Жетіп келді қасына.

Отырды келіп басына

Жеті кәміл бабасы

Қобыландыға сөйлейді:

—Мінген атым бозды ғой,

Саған келген бәлені

Қорғаймын деп, Қобыланды,

Алтын тонның етегі

Тамтық қалмай тозды ғой,

Арқам жаман қозды ғой.

Құлағың сал, Қобыланды,

Құланнан аттым қодықты,

Көлден тарттым борықты.

Кешегі күн ішінде

Сенің атаң, шырағым,

Тоқтарбайға жолықтым.

Оқпанды сай жыра екен,

Асқар-асқар қыр екен.

Ыштаны жоқ бұтында,

Ақ табан болып жат елде

Қойшы болып тұр екен.

Алпыста шешең Аналық

Арқан есіп, жүн түтіп,

Қайғы менен қан жұтып,

Қасіретті көп тартып,

Тезек теріп анаңыз,

Құрт қайнатып жүр екен.

Қарындасың Қарлығаш

Дастарқаны белінде,

Пияласы қарында,

Әбдәстесі қолында,

Бөтен жаудың елінде,

Қызылбастың шетінде

Қызмет етіп жүр екен.

Өзіңнің Құртқа жарыңды

Қалмақтың ханы Алшағыр

Аламын деп тұр екен.

Дұшпан алды еліңді,

Қызылбасқа жеріңді.

Сындырып кетті беліңді,

Кесіп кетті желіңді.

Жалған айтар демеңіз

Жеті кәміл піріңді.

Өзіңнің осы сауыңда

Олжаға салып қоймаңыз,

Қалың қыпшақ еліңді,

Онда саған өлім-ді.

Өлгеніңше жәрдеммен

Алаулаған қалмақтан

Бір алып қал кегіңді.

Кей жаманның сөзі бар

Шағатұғын жыландай,

Айыр құйрық шайандай.

Жақсылардың сөзі бар

Асылдан ұшқан қаяудай.

Араласаң тоғайды,

Көрерсің қашқан қоянды.

Бабасының даусымен

Қобыланды шошып оянды.

Көзін ашып жіберсе,

Таң сарғайып атыпты,

Таң шолпаны батыпты.

Мақпал жастық мамық-ты,

Ойланып түсін қамықты,

Айнала көзін салыпты.

Соны біліп Тайбурыл,

Қайғыланып жүр екен.

Пірінен хабар жеткен соң,

Көзін салып қараса,

Түлеп тұрған Тайбурыл

Құландай ойнап тұр екен.

Биік-биік қыр екен,

Оқпанды сай жыра екен.

Жанында жоқ һеш адам.

Қобыланды жалғыз қалған соң,

Қарамандай жаманды

Толып жатқан көп қият

Артықша құрмет қылған соң,

Қыз да болса Қарлыға

Серікке жарар ер екен.

Тайбурыл атты жетелеп,

Сауғаға кеткен бейшара

Қарлыға бағып тұр екен.

Түрегелді Қобыланды

Көзінің жасы мөлтілдеп.

Мойны кетті батырдың

Қуатсыз болып былқылдап.

Қос бүйрегі солқылдап,

Көзінің жасын ағызып,

Артық туған Қобыланды

Қарлығаның қасына

Азар келді былқылдап.

Қобыланды келіп сөйлейді:

—Жылқыда құмай аламын,

Қылшаң жүнді қарамын.

Көмек берер демеймін

Сейілұлы Қараман.

Әйел де болсаң дана едің,

Мұңымды саған саламын.

Жау шауыпты елімді,

Жау кесіпті желімді.

Сындырып кетті белімді,

Қуартып кетті көлімді.

Жалған айтар демеймін

Жеті кәміл пірімді.

Рұқсат берсең, Қарлыға,

Бүлінген елге барамын.

Тәңірі оңғарса жолымды,

Алаулаған қалмақтан

Бір алайын кегімді.

Қарлыға сонда сөйлейді:

—Ер де сасар болар ма,

Етегін басар болар ма?!

Пайғамбарға үмбет бәндеден

Дінсізде асар болар ма?!

Мұндай іске қуанбай,

Батыр қашар болар ма?

Әуелі Құдай анайым,

Хақ жаратқан Құдайым.

Ата-анам, өз халқым

Бір садаға басыңнан.

Құрбандық қылып шығып ем,

Шыққандағы ниетім:

«Сіз болар ма екен деп,

Тәңірі қосқан жұбайым».

Өзім сізден қалған соң,

Артықша жедім уайым.

Артық туған Қобыланды,

Талабыңнан қайтпаңыз,

Жалғыз жүре беріңіз.

Азырақ тоқтап артыңа,

Ерерге жолдас бар ма екен,

Қараман басы көп қият

Жамандарды сынайын.

Қайғыланып, қан жұтпай,

Запыран ішіп, май құспай,

Бәнде болған халқыңа

Тезірек жүріп жете гөр.

Мәдет берсе Құдайым,

Талапкер туған ер болса,

Жиып алып қолыма,

Жаңылмасам артыңнан

Мен де үш күнде барайын.

Артық туған Қобыланды

Тайбурылға мінеді,

Қарына найза іледі,

Беліне байлап болатты,

Жасыққа асыл жалатты.

Тайбурылдың маңдайын

Қараспан тауға қаратты.

Астындағы тұлпардың

Жел тимеген бауырын,

Күн тимеген сауырын

Қамшы ұрып қанатты.

Ертеңнен шапқан Қобыланды

Кешке шейін шабады.

Жете алмай жеріне,

Бара алмай еліне,

Түн ортасы болғанда,

Есіктің алды ағын-ды,

Бола жазды шығын-ды.

Шығын емей немене,

Епкіндеп шапқан Тайбурыл

Етбетінен жығылды.

Аттан түсе қалады,

Қолын салып Қобыланды

Жерді байқап қарады.

Батар күні батыпты,

Жазығы мал демесең,

Тайбурылдың ақылы

Адамзаттан артық-ты.

Артық туған қыз Құртқа

Екі мезгіл жем берген,

Жаныменен тең көрген,

Алтыннан соққан азбарға

Бурыл құлап жатыпты.

Мінген аты құла-ды,

Құланға шауып бұлады.

Жұртын танып Қобыланды,

Тоқымын төсеп, ер жастап,

Етбетінен құлады,

Ұзынынан сұлады.

Алтын ерге сүйеніп,

Өксіп-өксіп жылады.

Осы жерде Қобыланды

Таң атқанша жатады,

Таң сарғайып атады,

Таң шолпаны батады.

Зарланып шығып түнімен,

Таң атқанда қараса,

Жұрты жатыр, елі жоқ,

Батпағы жатыр, көлі жоқ,

Қобыланды көріп жылады—

Қаңғырып жүріп дүниеден

Ешбір опа көре алмай,

Өткеніне дүние боқ.

Таң атқанда Қобыланды

Тағы мінді жарасқан

Тайбурылдың үстіне,

Алтын тұрман еріне.

Іздеген жауға Қобыланды

Іркілмей кірді көріне.

Ертеңгі сәске кезінде

Бұлаңдаған Бурылмен

Жүгіріп келді Құртқаның

Ордасын тіккен жеріне.

Жұртын көріп сол жерде,

Қобыланды және бұрсанды,

Көзіне батыр жас алды.

Атынан түсіп Қобыланды,

Қайғыланып, бойынан

Қуат кетіп сандалып,

Аяғын жөндеп баса алмай,

Омақасып Қобыланды

Оң етегін басады.

Бекітіп алып буынын,

Артық туған Құртқаның

Орнына таман барады,

Жұртына көзін салады.

Қараса күлдің ортасы

Көтеріңкі көрінді.

«Күл ішінде не бар?»—деп,

Қобыланды күлді қарады.

Ашып күлді қараса,

Жая менен жал екен,

Түрлі тағам бар екен.

Өзін қалмақ алғанда,

Көк арбаға салғанда,

«Кез болса бұған батыр деп,

Тауып азық қылсын» деп,

Ақылды туған Құртқаның

Бөтен нәрсе тастарға

Шамасы келмей сұлудың,

Көміп кеткен наны екен.

Күлдің алып ішінен

Нанды қолға ұстады:

«Бұйырғаны Құдайдың

Осы шығар бізге,—деп,

«Бисмилла» деп Қобыланды,

Шетінен нанның тістеді.

Тамағынан ас жүрмей,

Іші күйіп барады.

Өзгесін жемей батырың,

Ат қоржынға салады.

Енді мініп атына,

Жүрерге жолын таба алмай,

Қайсы жаққа кеткенін

Жаудың жөнін біле алмай,

Жапанда тұрып Қобыланды,

Зарығып тағы жылады:

—Жан жаратқан Құдайым,

Жалғыздық басқа түсіп тұр

Дүниедегі уайым.

Қайсы жаққа жүрейін,

Қай тураға барайын?!

Атқа мініп жасымнан

Серілікпен жүрсем де,

Ашылмаған екен талайым.

Ата-ана, көп халқым

Қайда барып табайын?

Бір басыма тар қылдың

Дүниенің кең сарайын!

Қобыланды батыр жаудың қай жаққа кеткенін білмей дағдарып тұрғанда, Тайбурыл жерді иіскеп-иіскеп алды да, кісінеп-кісінеп, күннің шығысына жөнелді. Қобыланды бұған таңданып, Тайбурылдың иіскеген жерін қараса, Құртқа сұлу өзін қалмақ алып кеткенде қай жаққа кеткенімізді Қобыланды

батыр біліп қалсын деп, Тайбурылдың сүйсініп жейтін жемін шұбатып төгіп кеткендігі мәлім болды. Қобыланды батыр бұған түсінгеннен кейін, жемнің ізіменен тауып берер деп, Тайбурылдың басын қоя берді.

Тайбурылдың жүрісінің сияғы:

Тайбурыл атты Қобыланды

—Әйт, жануар, шу,—деді.

Бурыл тұлпар гуледі,

Табаны жерге тимеді.

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Арандай аузын ашады,

Аяғын топтап басады.

Ертеңнен шапқан Қобыланды

Кешке дейін шабады.

Жете алмай қалаға,

Бекер шапты далаға.

Сілтеуді анық табады,

Түнге дейін шабады.

Түн ортасы болғанда,

Есіктің алды ағын-ды,

Бола жазды шығын-ды.

Шығын болмай не қылсын,

Екпіндеп шапқан Тайбурыл

Етпетінен жығылды.

Қобыланды түсе қалады,

Жерді байқап қарады.

Аллаға тілім жазықты,

Ат ауырса, қарны ашса,

Қылсын деген азықты.

Қыз Құртқа қағып кетіпті

Кез бойы алтын қазықты.

Қолын жерге салыпты,

Тайбурылдың астынан

Қобыланды тауып алыпты.

Ол қазықты бес бүктеп,

Ат қоржынға салыпты.

Атына Қобылан мініпті,

Тайбурылды тайдырмай

Табан жолға салады.

Артық туған Қобыланды

Таң атқанша шабады.

Елін шапқан дұшпанын

Адаспай Қобылан табады.

Таң сарғайып атқанда,

Таң шолпаны батқанда

Алшағырдың шәһарын

Батырдың көзі шалады,

Шәһарға жетіп барады.

Қақпасын тауып алмаққа,

Тайбурыл атпен шабады.

«Асылдан соққан найза деп,

Жақсы кісі жаманға

Көп тигізер пайда»,—деп,

Таң атқанша Қобыланды

Үш айналды шәһарды,

Кіруге тесік қайда, деп,

Енерге есік қайда? деп.

Мінген аты ала-ды,

Қылшаң жүнді қара-ды.

Күнде қойға барғанда,

Жоқтаушы еді Тоқтарбай

«Жалғызым» деп баланы.

«Уай, қозым» деп зарлаған,

Жас қозыдай маңыраған,

Саулы інгендей аңыраған,

Сыртта жүрген Қобыланның

Құлағын жарып барады.

Қалайша жоқтар екен—деп,

Құлағын батыр салады.

—Келелі түйем ішінде

Қайырлы бура ұқсаған,

Жалғызым, сенен айрылдым.

Мың жылқының ішінде

Көзге түсер тұлпардай,

Қияғы бүтін сұңқардай,

Ботам, сенен айрылдым.

Ішім толған көп қайғы,

Аһ ұрсам да кетпейді.

Кәпірден киген тері тон

Тіземе тартсам, жетпейді.

Күнде «ал» деймін Құдайға,

Өлшеулі күнім бітпейді.

Жалғызым барда көңілім тоқ,

Жалғызым, сенен айрылып,

Табаныма жетті шоқ.

Басымнан өтті дүние боқ,

Мен қубасқа тимеді

Тағдырмен келген ажалды оқ!

Айы біткен ай да өтер,

Күні біткен күн де өтер.

Жалғызымнан айрылып,

Көрген күнім беп-бекер.

Опасыз дүние сырғанақ,

Он үш жасар Қобыланды,

Шынымен сенен айрылсам,

Өтірік емес Құдайдың

Шынымен мені ұрғаны-ақ!

Кәпірге бәнде болғанша,

Бұл бейнетті көргенше,

Жалғызымның артынан

Неге өлмедім мен шұнақ?!

Кемшілік берді бұл кәпір

Кәміл тоқсан жасымда.

Бенделікпен кәпірдің

Қойын бақтым мен пақыр.

Жалғызым менің келер ме

Сорым қайнап мен сордың

Иә болмаса, сол жақта

Қазасы жетіп өлер ме?

Тірі болса жалғызым,

Пірлері беріп хабарды,

Менің бүйтіп кәпірге

Бәнде болған жайымды,

Басыма түскен уайымды

Қобыланды қозым білер ме?

Қобыланды қозысы жақын жерден тыңдап тұра берді. Қобыландының атасы зарын айтып болғаннан кейін, іле-шала анасы Аналықтың айтқан жоқтауы:

—Тоғайдан қудым көжекті,

Етектеп тердім тезекті.

Жалғызымды жоқтайын,

Шаршағанда тоқтайын.

Жан қосағым Тоқтарбай,

Беріңіз маған кезекті.

Омар менен Оспан-ды.

Жан қосағым Тоқтарбай,

Жұмылған көзіңді ашқандай.

Ай мүйізді қошқардай,

Ішіміз толды пұшманға-ай!

Жалғызымнан айрылып,

Бәнде болдым дұшпанға-ай!

Пайғамбар—Тәңірі жолдасы,

Кәпірдің өтті бұл ісі,

Жан қосағым Тоқтарбай.

Түн ортасы болғанда,

Құбыла жақтан жел соқты.

Жаңылмасам деп едім,

Жалғызымның астында

Тайбурыл аттың тынысы.

Шырағым асты белеңнен,

Кетіп еді жау іздеп

Астында Бурыл дөненмен,

Көкке тойған көбеңмен.

Жұмысы болмай жөнелді,

Қараспанды жайлаған

Қалың қыпшақ көп елмен.

Өткізермін деуші едім,

Жасықты жанып болатқа.

Жалғыз туған жас қозым

Сапарланды талапқа.

Көзіңді сал, Тоқтарбай,

Алласы берген шыраққа,

Бұлты келді төбеңнен.

Бұлтың келді, өзің жоқ,

Жалғызым барда көңілім тоқ.

Жалғызым, сенен айрылдым,

Күйіп-жанып болдым шоқ.

Жалғызымның барында

Көшке жорға мінгенім,

Еруде қамқа кигенім.

Жалғызым сенен айрылып,

Осынша бейнет көргенім.

Құлағың сал, Тоқтарбай,

Иінім бүгін тартады,

Қараспанға ел қонып,

Еруде қамқа кигендей.

Тақымым жана тартады

Қараспан тауын қабаттап

Қалың қыпшақ ел көшіп,

Көшке жорға мінгендей.

Төсіме біткен қос тері,

Асылы жоқ, бос тері

Бұлақ болып есілді

Жалғызым келіп емгендей.

Мен бейшара зарлаймын

Ботасы өлген інгендей.

Ерінім және тартады

Он үш жасар шырақтың

Ақ бетінен сүйгендей.

Қуанамын мен сорлы

Кеткен қозым келгендей.

Оң қабағым тартады

Сапар шеккен қозымнан

Анық хабар келгендей.

Жұмылған көзім ашылып,

Жалғызымды көргендей.

Есіктің алды төбелік,

Бейшара болған біздерге

Кәпір қылды көп зорлық!

Алпыстағы шешең Аналық

Тезек теріп етектеп,

Құрт қайнатып, жүн түтіп,

Арқан ескен не қорлық?!

Өзге қорлық қорлық па,

Өзіңнің Құртқа жарыңды

Қалмақтың ханы Алшағыр

Аламын дейді, сол қорлық!

Шырағым келіп ат қояр

Алшағыр жиған нөкерге.

Кәпірден көрген бұл қорлық

Өлгенше естен кетер ме?!

Біз мұнда көрдік көп қорлық,

Жас қызым жүрді бекерге.

Зарланған менің дауысым

Шырағыма жетер ме?!

Бұдан кейін Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаш бір түс көрдім деп айтқаны:

Қарлығаш сонда сөйлейді:

—Жан шешеке, тұра тұр,

Жан көкеме түс көрдім.

Адыра қалған ақ балтам

Тасқа тиіп кетілді.

Тәңірі аямас болар ма

Мен бейшара жетімді?

Жан көкем болса елімде,

Қалмақтың ханы Алшағыр

Бүлдірер ме еді кентімді?!

Бүгін менің түсімде,

Өзімнің бабам ішінде

Қазанның Сырлы қаласын

Артық туған жан көкем

Жалғыз сайрап жүр еді.

Қазанды шауып, жау қашып,

Бірге туған жан көкем

Қаһарын тігіп, ақырып,

Қарт бурадай бақырып,

Қараманды шақырып,

Қатын деген бір сөзін

Бетіне айтып тұр еді.

Бөлінбеген ұйқысын,

Жыртылмаған құлпысын

Қараман менен жан көкем

Таң ата алып жүр еді

Көбікті ханның жылқысын.

Жамандатқыр Тарлан ат

Қашып барып еліне,

Ер салуға Көбікті

Тарлан атқа асығып,

Терлік салып беліне,

Қуып жетіп Көбікті,

Ағекемнің сынып наласы,

Ағекемді бәнде қып,

Ақымақ қырғыз желікті.

Бұл секілді бейнетке

Жан көкем неғып көніпті.

Жан көкемді қолдамай

Сиынып жүрген бабасы,

Ағекемнің бұл сапар

Болмады қабыл тобасы,

Көбіктінің асып айласы.

Өз аттасым Қарлыға

Көкеме тиіп пайдасы,

Қараман менен көкемді

Қолын шешіп, босатып,

Түн ішінде қашырып,

Қызметін асырып.

Өз аттасым Қарлыға

Артық туған көкемнің

Аяғына бас қойып,

Мұсылман болып жүр еді.

Биік-биік қыр еді,

Қарлыға менен үшеуі

Көбіктінің жылқысын

Және де айдап жүр еді.

Көбіктінің тарлан ат

Және де қашып шәһарға,

Көбікті мініп атына,

Бұрынғы тартып салтына,

Қуып жетіп артынан.

Пірлері қолдап жан көкем

Көбіктіні өлтіріп,

Сәтіне ісін келтіріп,

Қарлыға мінген сұр еді.

Қарамандай жаманға

Қарлығадай сұлуды

Сауғаға беріп жүр еді.

Ақ бөкендей жосылып,

Көп қосынға үшеуі

Жылқы айдап келіп қосылып.

Тайбурыл аты ақсақ боп,

Ат басындай жүрекке

Қайғы менен шер толып.

Нәсілі жоқ көп қият

Ағаекеме қарамай,

Үдере көшіп жүр еді.

Хабарланып пірінен,

Неше шауып жан көкем

Қараспанның тауында

Жұртына келіп жүр еді.

Жеңешем көмген ақ нанның

«Бұйырғаны осы» деп,

Шетінен тістеп тұр еді.

Алла Тағалам жазыпты,

Ат ауырса, қарны ашып,

Қылсын деген азықты.

Бурыл тауып жүр еді

Кез бойы алтын қазықты.

Мінген атым сұр еді,

Оқпанды сай жыра еді.

Сырт болмаса пірлерім,

Осы күні ағекем

Түсімді тыңдап тұр еді.

Құртқа:—Сұлу бикеш, тұра тұр,—деп, Қарлығашты

тоқтатып

қойып бір сөз айтқаны

Құртқа сұлу сөйлейді:

—Бұғалық салдым саяққа,

Пұл өтпейді бұ жаққа.

Перзентім болған Тайбурыл,

Менен кеттің қай жаққа?

Анаңыздан туғаннан,

Анаңның жүзін көрсетпей,

Бауырыма салып бала етіп,

Алғалсыз болсын бедеу,—деп,

Қулықтың сүтін еміздім.

Әлім сол деп қалма,—деп,

Маңқа, құлқа болма,—деп,

Жана байлап жеңіме

Қызыл дәрі жегіздім.

Құртқа баққан Тайбурыл

Қара жалды, қыл құйрық

Жылқыдан қалмас дегіздім.

Сенің анаң мен едім,

Менің балам сен едің.

Бір көрсетпей қараңды,

Ғайыптың құсы сен болып,

Қай тарапқа жөнедің?!

Артықша еңбек қылып ем

Осындай қиын жерлерде.

Үстіңдегі сұлтанды,

Тарықтырмай, біздерді,

Көрсетер ме екен?—деп едім.

Көңілімдегі арманым—

Болмашының сөзімен

Қырық үш күнің кем еді.

Қартаудың жылғасы,

Бауырыңда ойнар құлжасы.

Тәңірі неден жараттың

Төмен етек ұрғашы?!

Аламын деп қинайды

Діні бұзық болмашы.

Шырағым сүйген ақ дене

Болар ма жаудың олжасы?!

Қозысы өлген саулыққа

Қой теліген барлық-ты.

Ботасы өлген інгенге,

Нар теліген зорлық-ты,

Кәпірден көрдім қорлықты.

Сұлтаным келіп саламат,

Кәпірге салып әлемет,

Осы жалған дүниеден

Өлер едім армансыз,

Алаулаған қалмаққа

Өзінікін келтіріп,

Бір көрсетсе қорлықты.

Қақпалы үлкен есікті,

Пайғамбардай несіпті

Шәһардың тұрып ішінде

Қыз Құртқаның зарланып,

Шығарған қатты дауысын

Періштеден жалғасып,

Сыртта тұрған тұлпардың

Құлағы анық есітті.

Қыстың басы қауыс-ты,

Артық туған Қобыланды

Он үш жасқа келгенше,

Ерегескен дұшпанның

Басын жойып тауысты.

Анасын тұлпар білген соң,

Қайта-қайта кісінеп,

Шығарды қатты дауысты.

Кісінеген дауысы

Қыз Құртқаға келеді.

Тайбурылдың дауысын

Құртқа анық біледі.

Даусын танып тұлпардың,

Келгенін біліп сұңқардың,

Артық туған қыз Құртқа

Ақсұңқар құстай түледі.

Сол бойымен сұлудың

Көңілі тасып, шат болып,

Алшағыр ханға келеді.

Келе сұлу сөйледі:

—Әй, Алшағыр, құлақ сал,

Мінген атым кер ме едім,

Сұлтанымның барында

Сырттан келген дұшпанға

Намысымды бермедім.

Сұлтанымның жоғында

Сен едің менің ергенім.

Ап келдің де, қинадың,

Жарық сәуле көрмедім.

Құртқа шығып далаға,

Бойын жазсын демедің.

Рұқсат берсең, Алшағыр,

Далаға шығып азырақ

Бой жазайын деп едім.

Елімді алған, Алшағыр,

Сөзіме құлақ сал, Шағыр.

Сақтағаны Құдайдың

Саған дағы бар шығар.

«Қашады» деп сенбесең,

Екі құл мен екі күң

Бақташыңды сал, Шағыр.

Ала қапты алайын,

Беліме арқан салайын.

Тезек теріп, бой жазып,

Шәһардан тысқа барайын.

Алшағыр хан да ер еді,

Сұраған соң сұлуға,

«Аламын» деп қашаннан

Үмітпен жүрген Алшағыр

Рұқсатты әбден береді.

Беліне арқан салады,

Қашпасын деп сұлуға

Екі құл мен екі күң

Бақташыға салады.

Шәһардың шығып сыртына,

Төрт бақташы қасында,

Қыз Құртқа кетіп барады.

Қалама көйлек қаттысын,

Ғазиз жанның тәттісін.

Келіп Құртқа сұрады

Алшағыр ханның сатысын.

Сұраған соң қыз Құртқа,

Хан сатысын береді.

«Мені қабыл көрді» деп,

Жауабына ереді.

Артық туған қыз Құртқа

Сатыны қолға алады.

Баспалдақты көтеріп,

Тамға сүйеп салады.

Баспалдақпен өрмелеп,

Тамның шығып басына

Қыз Құртқа кетіп барады.

Шыққаннан соң биікке,

Жан-жаққа көзін салады.

Тұлпарды байлап терекке,

Бір дуадақ атып ап,

Отқа салып Қобыланды,

Шала піскен кезінде

Қанды көбік тарамай,

Ортасынан бір кесіп,

Дәм көрмеген көп күннен

Артық туған батырың

Аузына алып салады.

Бір тоғайдың ішінде

Отырғанын батырдың

Сұлудың көзі шалады.

Көріп сұлу сөйлейді:

—Әуелі Алла—«Әл-хамым»*

Атып мылтық өткізбес

Басыңда тіллә қалқаның.

Кеткен жері қуарған,

Келген жері қуанған,

Тұлпар мініп, ту алған,

Туын қанға суарған,

Дұшпан іздеп жол шеккен

Келген екен салқамым.

Шәһардан тысқа барады,

Бойын жазып кәпірден

Қыз Құртқа әбден алады.

Төрт бақташы қасында,

Келді сайдың қасына.

Қыз Құртқа бір сөз бастады,

Құл мен күндер қостады.

Бір құл менен бір күңді

«Ойнай тұр»,—деп тастады.

Құлдар күңді ұстады,

—Құртқа кетті, біз қалдық,

«Бола ғой» деп қыстады.

* «Әл-хам»—Фатиха сүресінің қысқаша аталуы

Жана бір сайдың басына

Бір құл менен бір күңді

«Сен де ойна»,—деп тастады.

Бұлардан халас болған соң,

Бойын жазып алған соң,

Қолындағы ақ балта

Тасқа тиіп майрылды,

Дұшпанынан айрылды.

«Тоғайым көрген осы,—деп,

Не болмаса тұсы»,—деп,

Бір тоғайға қайрылды.

Тоғайға келіп енеді,

Терекке басын байлаған,

Шығыршық атып ойнаған

Бурылды сұлу көреді.

Бұлаңдаған Құртқаны

Тайбурыл анық біледі.

Анасын танып Тайбурыл,

Теректегі шылбырын

Жұлып алып жөнелді.

Ат шапқан соң «тәк-тәк» деп,

Артынан Қобылан жүгірді.

Ұмтылғанда Тайбурыл,

Артық туған қыз Құртқа

Омырауындағы ақ түйме

Ағытып бәрін жіберді.

Есіктің алды ағын-ды,

Бола жазды шығын-ды.

Шығын болмай не қылсын,

Омырауына Құртқаның

Тұмсығын тыға жығылды.

Ат тоқтаған мезгілде,

Бұлаңдаған Құртқаны

Қобыланды батыр көреді.

Артық туған қыз Құртқа

Қол қусырып түрегеп,

Иіліп сәлем береді.

Құртқа сұлу сөйлейді:

—Дүниедегі іңкәрім,

Екі саулық, бір тоқты

Баһар айда қырқарым,

Бұрын жетті өзіңнен

Астыңа мінген тұлпарың.

Тұлпар мініп, ту алған

Аман-есен келдің бе,

Жұрт иесі сұңқарым?!

Қалмақтың жектім тұлпарын,

Сақтадым жаудың қаласын,

Дұшпанның көрдім аласын.

Құдай қосқан сұлтаным,

Әлде қандай қыласың?

Жаманның көрдім жаласын,

Үкімменен қияды

Көп дұшпанның баласын.

Сөзге қайым келеді

Қаусырма иек тіл мен жақ.

Қауыстырды саламат

Бұларды сақтап Жаппар Хақ.

Ала қапты бес бүктеп,

Ішіне тықты қыз Құртқа,

Арыстанды сынамақ.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Артық туған қыз Құртқа,

Қандай заман баяғым?

Кім ұстамас жылқының

Жекелеп қашқан саяғын.

Бірді таппа, мыңды тап,

Көріп келдім бұл сапар

Жалғыздықтың азабын.

Адам болып, ер жетсе,

Өзімнің соғар таяғым.

Батырың ерлік бастады,

Ерлігін Алла қостады.

«Тұл болсын» деп ақ қапты

Артық туған қыз Құртқа

Қобыланды сынды батырдың

Көзінше алып тастады.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Көптен бері жол жүріп,

Сағынған жарың мен едім.

Кәпірден көріп кемшілік,

Сарғайған жұптым сен едің.

Арманым жоқ дүниеден,

Есен-аман қауыстым,

Құдай қосқан қосағым!

Ата-анам, көп халқым

Көре алмаспын деп едім,

Ақылды туған Құртқажан.

Қыпшақтың мекен жайлауы—

Қараспан еді өркені.

Көп болып еді Құртқажан,

Көріселік, кел бері.

Құртқа келіп көрісті,

Осы келген сапардан

Қайғы менен машақат

Қобыланды көрген көп істі.

Екеуі де келісті,

Көріскелі келісті.

Көрісіп болып екеуі:

—Арманымыз жоқ Құдайға,

Аман-есен көрдік,—деп,

Көңілдегі қашаннан

Қайғы-зарын шығарып,

Екі сұңқар кеңесті.

Әлқисса, екеуі біраз сөйлескеннен кейін Қобыланды батыр тоғайға қарап жүре бастап, қыз Құртқаға:—Жүр,—деп еді, қыз Құртқа:—Жаманның сөзі ашшы, деген. Ертең Құдай қалап еліңді қолыңа қаратқан күні ата-анасын, ел-жұртын қолына алмастан бұрын қатынын алды деген атаққа қаларсың, сақтаған Құдай өзі сақтар, мен әзірге қала тұрайын, дұшпаныңмен ұрысып, теңдесіп алғаннан соң ата-ана, ел-жұртыңмен бірге қолыңа келермін, әзірге сабыр етіңіз,—деді. Онда Қобыланды тұрып:—Сұлтаным сағынып келгенде қолына ала қоймады деген сөзге қалам ба деп, сені Қараспанға апарып тастап қайтып келіп, ұрыс қылмақшы едім,—деп мынау сөзді айтады:

—Болғай-ды, болғай, болғай ма,

Болғайдың түбі тыңғай ма?

Өтірік айтқан оңғай ма,

Түлкі киген тоңғай ма?

Бұл ақылың, Құртқажан,

Падишаға бітсе болмай ма?

Сөзің дұрыс, Құртқажан,

Тапсырдым сені Құдайға.

Құртқа сонда сөйлейді:

—Жарылқасын Құдайым,

Сұлтаным, сенің бетіңнен!

Ойын балық кетпейді

Жазғы судың шетінен.

Шырағым, жаның сау болса,

Шыға алмас дұшпан бетіңнен.

Сұлтаным, бұршы мойныңды,

Бір сүйейін бетіңнен.

Мойнын бұрса Қобылан нар,

Аузынан сүйді Құртқа жар.

Көбірек тұрды құшақтап,

Қобыланды ерге ынтызар.

Жаз мінгенің жалды еді,

Қыс мінгенің қоңды еді.

Жасаған Құдай оңдаса,

Сүйгенімнің алды еді.

Артқаным қайың қос еді,

Асқаным алтын мосы еді,

Оңдамаса Құдайым,

Сүйгенім соңы осы еді.

Ашық боп сүйген қыз Құртқа

Аузын сүйді аймалап,

Бетінен сүйді қармалап.

Дұшпанға тиер Қобыланды

Жеті пірді даралап.

Мауқын Құртқа басқан соң,

Қобыланды тұрып сөйлейді:

—Әбзел салдым алаға,

Жау іздедім алыстан.

Ағайын-туған қарындас,

Қарамай қатын, балаға.

Мұнша Құртқа бой жазып,

Неге шықтың далаға?

Жеңіп алған ит қалмақ

«Келінің қашып кетті» деп,

Барғанша қорлық көрсетер

Атаң менен енеңе.

Құртқажан, енді, кешікпей

Қайт тезірек қалаға.

Құртқажан, сәлем айтқайсыз

Ата менен анаға.

Әсіресе қалың қыпшақтың

Жасы үлкен ағаға,

Жасы кіші балаға.

Сұлтаным келді дегейсің

Қаланың сырты далаға?

Жанын қиды дегейсің

Ағайын, жұрттан садаға.

Хош-аман бол, Құртқажан,

Ертеңге шейін тапсырдым

Бір жаратқан Аллаға!

Ертеңге күн таң атса,

Тұлпар туған Бұрылды

Талауым деп мінейін.

Дәуіт соққан беренді

Кебінім деп киейін.

Сіздерді алған дұшпанға

Жалғыз да болсам тиейін.

Мінері болса байласын,

Біздің қыпшақ баласы

Қойсын бүгін ұйқысын.

Түніменен сайланып,

Бітіре берсін жұмысын.

Ер басына тоғайдан

Кесіп алсын бір келтек.

Арғымақ аттай жарасын,

Аш қарында шыққанда.

Еске алған қарындас

Зор қақпадан табылсын.

Құртқа сонда сөйлейді:

—Қайт десең, сұлтан, қайтайын

Алшағыр соққан қалаға.

Көргеннен соң шығып ем,

Шыдай алмай далаға.

Сұлтаным, сенен айрылып,

Ішім толды сәнаға.

Шыбыныңды тапсырдым

Бір жаратқан Құдайға!

Хандай қара басыңнан

Мендей сорлың садаға.

Амандасып қыз Құртқа,

Шәрге қайтып жөнелді

Қобыланды сынды балаға.

Мінген аты қара-ды,

Ішкен асы сұлудың

Бойына енді тарады.

Көңілі тасып, шат болып,

Ұлы бесін кезінде

Шұбалаңдап қыз Құртқа

Шәрге кетіп барады.

Айрылған соң Құртқадан,

Жұмысы бітіп құл мен күң,

Жатыр екен ұйықтап.

Келе жатқан жолынан

Оятып Құртқа алады.

Төрт бақташы қасында,

Бұлаңдаған қыз Құртқа

Алшағырдың қалаға

Тезірек жүріп барады.

Қобыландының келгенін

Тоқтар басы көп қыпшақ

Есіткен соң Құртқадан,

Көңілі тасып қуанып,

Шаттанысып қалады.

Қыз Құртқаның соңынан,

Күннің батыс астынан

Шұбалған қалың шаң шықты.

Шаң астына қараса,

Ақмоншақ аты астында,

Кәмшат бөркі басында,

Екі бөрі қасында,

Ақмоншақ атпен бұлаңдап,

Қарлыға сұлу бұл шықты.

Қарлығаның соңынан

Қаражал құла атпенен

Қобыландыға қосылды

Сейілұлы Қараман.

Қараманның соңынан

Айдынды Орақ, айлы Орақ,

Айбалтасы қанды Орақ.

Балалы тауда бар дұзақ.

Есіктің алды балдырған,

Нан піседі тандырдан.

Кәпірлердің көңілін қалдырған,

Қазақтың атын жандырған,

Жіңішке жирен аты бар,

Аллаға жеткен даты бар,

Бірге келді ер Орақ.

Қобыландының көп халқын

Кәпір алды деген соң,

Шақырушы—Қарлыға

Жеткен екен сол шырақ.

Артық туған Қобыланды

Еркінше шауып көсілді.

Келеді деген бұларды

Жоқ еді ердің есінде.

Артынан келіп үш көкжал

Қобыландымен бас қосып,

Есендік-саулық айтысып,

Амандасты бесінде.

Әлқисса, Қобыланды, Орақ, Қарлыға жана Қараман төртеуі бастарын қосып, көңілдері өсіп: «Бүгін тынығалық, ертең Алшағырдың қаласын шабалық» деп, мауықтарын басып жата берісті. Бұлар сөйтіп өздеріменен өздері мәз-майрам болып жатқанда, Алшағыр ханның қарт шешесі бал ашып отырып,

баласы Алшағыр ханға айтқаны. Кемпір келіп сөйлейді:

—Жалғыз ботам, Алшағыр,

Сөзіме құлақ сал, Шағыр,

Басыңды көтер жан балам!

Қастары төмен салынған,

Іздеген дұшпан жиылған,

Жалынбаса жойылған—

Бейне Қобыланға ұсайды,

Келді, балам, тұр-сәна!

Қоңқақ мұрынды, қой көзді,

Орта бойлы, нұр жүзді

Қараман келгенге ұсайды,

Келді, балам, тұр-сәна!

Жіңішке жирен аты бар

Аллаға жеткен даты бар

Орта жүздің бегі еді,

Орақ келгенге ұқсайды,

Келді, балам, тұр-сәна!

Алшағыр сонда сөйлейді:

—Қызыл тілді сөйлеткен

Қаусырма жақ пен иегім,

Сырық тартқан білегім,

Бұл сөзіңе, әй, шеше,

Қозғалмайды жүрегім.

Жоқ сөзді айтып қинама,

Қайдан келсін бұл жерге

Көбікті батыр жоқ қылған

Қобыланды батыр сүйегін.

Кемпір сонда сөйлейді:

—Жіңішке жирен аты бар,

Аллаға жеткен даты бар

Орақ келгенге ұсайды.

Ақмоншақ ат астында,

Кәмшат бөркі басында

Қарлыға келгенге ұсайды.

Қыр мұрынды, қой көзді,

Орта бойлы, нұр жүзді.

Келді, балам, Бурылмен

Қобыландыға ұсайды.

Су түбінде торқамын,

Ақ бөкендей жортамын.

Келді, балам, Бурылды

Қобыланды деп қорқамын.

Бөлінсе, балам, біздің халық,

Басыңнан көшер әруақ.

Астыңдағы алтын тақ

Сол мінер деп қорқамын.

Таңбасыз жатқан тайыңды

Таңбалар деп қорқамын.

Енсіз жатқан қойыңа

Ен салар деп қорқамын.

Шәрі байтақ жұртыңды

Сол билер деп қорқамын.

Үстіңдегі ақ сауыт

Бұйырып соққан ер Дәуіт

Сол киер деп қорқамын.

Ылдидан шапса, түсте озған,

Ертеңнен шапса, кешке озған

Томаға көзді қасқа азбан

Сол мінер деп қорқамын.

Тамыры жерге тараған,

Жапырағы әммесі

Сом алтыннан жараған

Киік пе екен деуші едім,

Тау текедей маңыраған,

Сол кесер деп қорқамын.

Атаңның жиған байтақ жұрт

Бүлдірер деп қорқамын.

Қанікейдей көрікті қыз,

Тінікейдей текті қыз

Күлдірер деп қорқамын.

Шағалаға шәулі сап,

Ілдірер деп қорқамын.

Менің өзім нашармын,

Шәрдің аузын ашармын.

Сен жатсаң да, мен жатпан,

Қанікейдей көрікті қыз,

Тінікейдей текті қыз

Жау қолында жылатпай,

Күймеге салып екеуін,

Бұл шәһардан қашармын.

Ат жеккізіп қу кемпір,

Қызын салып күймеге,

Қолына тисе сұлу қыз

Әркім әуес сүймеге.

Қарамады қу кемпір

Алтын-күміс дүниеге.

Мінген аты ала-ды,

Ұлы бесін кезінде

Қызын салып күймеге,

Қақпадан шығып далаға,

Кемпір қашып барады.

Қызын салып күймеге

Қашқанын біліп кемпірдің,

Көбіктінің Қарлыға

Қиядан көзі шалады.

Артынан барып Қарлыға,

Қу кемпірге білдірмей,

Қанікей менен Тінікей

Екі қызды бір жола

Ұрлап алып қалады.

Қарлығаның алғанын

Сейілұлы Қараман

Қиядан көзі шалады.

Қызды алғанын білген соң,

—Қарлығажан, сауға,—деп,

Қарлығаның алдынан

Қараман кетіп барады.

Қарлыға сонда сөйлейді:

—Көлге біткен желкенсің,

Бүршігі жоқ тікенсің.

Артық асқан бағың жоқ,

Құдайдан сұрар ойың жоқ.

Өзіңе біткен мал-жанды

Сауғадан жиған екенсің!

Ақмоншақ атпен желейін,

Байытқалы келіп пе ем

Қияттың жарлы-кедейін.

Қараман, саған не дейін,

Өзімнің басым сауғадан

Құтыла алмай жүргенде

Мен кімге сауға берейін?!

Қараман сонда сөйлейді:

—Мұсылманға мұраттық,

Кәпірге қылса ғазаттық,

Шырағым, сауға сұрадым

Қанікей менен Тінікей—

Екі қызды бер маған.

Қарлығажан, сені алмайын,

Басыңа бердім азаттық.

Қылшаң жүнді қара-ды,

Шығара алмай барады

Ішіне толған сәнаны.

Қарлыға сынды сұлудың

Көңілі қатты сүйеді

Қобыландыдай баланы.

Қанікей менен Тінікей

Қос сұлуды бір беріп,

Артық туған Қарлыға

Қарамандай жаманнан

Басын сатып алады.

Басын қосып төрт көкжал

Кеш болған соң жағалап,

Бір төбеге жетеді.

Күліп-ойнап төртеуі,

Қоржынға салған азықтан

Бұйырған дәмді татады.

Кірпік ілмей төрт көкжал,

Таң сарғайып атады,

Таң шолпаны батады.

Асылға жасық сақтады.

Масыл, масыл, масыл ма,

Аққа құлпы жасыл ма?

Ғашық боп жүрген Қарлыға

Қараманнан шыға алмай,

Қашаннан бері қан құсып,

Басын қосқан сықылды

Қобыланды қыран асылға.

Таң атқан соң төрт көкжал

Қаруларын киініп,

Бір Құдайға сиынып,

Аттарына мінеді.

Үстіне сауыт киеді,

Беліне байлап болатты,

Қарына найза іледі.

Алшағыр соққан шәһардың

Туын алып батырлар,

Қақпасына жүреді.

Қақпаға жақын келгенде,

Артық туған Қобыланды,

Ақсұңқар құстай түледі.

Жаны төзбей Қобыланды,

Жалғыз өзі шәһарға

Ат қоюға ойланды.

Ата-ана, қарындас

Қалың қыпшақ көп елі

Жатқаннан соң кәпірге.

Қақпаның келіп аузына,

Қобыланды батыр ақырды,

Қарт бурадай бақырды,

«Алшағыр» деп шақырды.

Қобыланды келіп сөйлейді:

—Ей, Алшағыр, Алшағыр,

Сөзіме құлақ сал, Шағыр,

Менің атым—Қобыланды.

Қара қасқа атың міне шық,

Ақ сауытыңды кие шық,

Қарыңа найза іле шық,

Әуелі бастан ойлай шық,

Алды-артыңды қармай шық,

Арманда ғапыл болмай шық.

Белес-белес бел еді,

Хан болғалы Алшағыр

Халқына тиіп пайдасы,

Қатарынан Алшағыр

Асып жүрген айласы.

Мұсылманнан қанша ердің

Басын жойған ер еді.

Алшағыр деп шақырған

Қобыландының дауысы

Құлағына келеді.

Шыдай алмай Алшағыр,

Үстіне сауыт киеді.

Беліне байлап қылышты,

Қарына найза іледі.

Ертеңнен шапса, кешке озған

Томаға көзді қасқа азбан

Алтын тұрман ер салып,

Атына батыр мінеді.

Қара қасқа тұлпардың

Құйрығын шарт түйеді.

Шақырып тұрған батырдың

(Қорықты дер бармасам)

Алдынан жүре береді.

Қара қасқа бедеумен

Алшағыр шықты қаладан.

Түлкідей көзін жайнатып,

Тасқа шанышқан сүңгісін

Қарыс сүйем бойлатып.

Көргенше жүрген шыдамай,

Алшағырды көрген соң,

Тайбурыл атты көсілтіп,

Қобыланды шапты даладан.

Екі батыр екпінмен

Жақындасып қалысты.

Өшігіп жүрген батырлар

Бөтен жауап айтыспай,

Шегінісіп екеуі,

Емен найза салысты.

Ат тізесін бүгісті,

Бүге-бүге тұрысты.

Бір-біріне ұмтылып,

Тақымдары құрысты.

Бірін-бірі ала алмай,

Бірі дүние сала алмай,

Қақырғаны қан татып,

Түкіргені жын татып,

Жаннан күдер үзісті.

Аш күзендей бүгілді.

Қанжарменен қармасты,

Семсерменен серместі,

Семіз тайдай ойнады.

Артық туған Қобыланды

Ерегескен дұшпанын

Басын жоймай қоймады.

Семсер қалды майысып,

Қанжар қалды қайысып,

Бір уақыттар болғанда,

Қобыланды сынды-ай еріңіз

Найзасын ырғап ендірді.

Алшағырдай кәпірді

Ат сауырына міндірді.

Қаһарланып Қобыланның

От шығады ұртынан.

Үмітін үзбей Алшағыр

Шәрлі байтақ жұртынан,

Ұлы сәске болғанда,

Жұмарланып барып жоқ болды

Қарақасқа аттың сыртынан.

Шәрдің қалың ішінен

Алшағыр шықты түбектен.

Қатуланып Қобыланның

Түгі шықты білектен.

Етке тоқтар қайрат па,

Шаншығанда шықты сүйектен.

Тартып бақты, шықпады

Қобыланды ердің найзасы

Қанмен қатып жібектен.

Алшағыр ханды өлтіріп,

Кәпірдің күнін қуырып,

Артықша тартып күш етіп,

Найзасын алды суырып,

Бір уақыттар болғанда.

Есіктің алды балдырған,

Нан піседі тандырдан.

Қарауыл отын жандырған,

Мұсылман көңілін қалдырған.

Қызылбастың жұртында

Тағыболат, Тасболат

Құртқаны алар сапарда

Бір өзінің әкесі,

Жеті үлкен ағасын

Бірден қырып салдырған.

Ағанас бенен Тоғанас

Алшағырдың соңынан

Қаладан шықты екі жас.

Әке, ағасын өлтірткен

Ежелден кекті бұлар қас.

Ағасы еді Ағанас,

Інісі еді Тоғанас.

Таптырмай ақыл-айланы,

Қобыланды ерге Ағанас

Келе салды найзаны.

Қараспанның тауында

Бір қызылбас, бір қазақ

«Бермейміз,—деп,—намысты»,

Екі батыр шегініп,

Найзаларын салысты.

Найза қанға майысты,

Итерісіп тұрысты,

Ат тізесін бүгісті.

Мінген аты ала-ды,

Атына оқшасын жіберді.

Іздегені қызылбас,

Дұшпанын Қобылан табады,

Пірлері кәміл қолдады

Қобыланды сынды баланы.

Көңіліме болмаса,

Ағанастың найзасы

Қобыландының бөксесін

Қисайтып кетіп барады.

Қобыландыдан қуаты

Басымырақ болғанын

Көбіктінің Қарлыға

Қиядан көзі шалады.

Қобыланды аттан ауғанша,

Ағанасты Қарлыға

Іліп тастап барады.

Артынан келді Тоғанас,

Түзеліп алып Бурылға

Қобыланды іліп тастады.

Тоғанастың артынан

Көк қасқа атты Ақтайлақ

Ұрысқа кірді жағдайлап.

Орақ бенен ұрысып,

Ақтайлақты сол жерде

Орақ іліп тастады.

Ақтайлақтың соңынан

Баласы еді Нарқызыл

Келіп еді ұрысқа,

Қараман іліп тастады.

Қазан басты Қара дәу

Шығып еді қаладан,

Қарлыға іліп тастады.

Қалмақтың Қара батыры

Шығып еді қаладан,

Қобыланды іліп тастады.

Мұсылман көрсе оқ атқан,

Қызылбас көрсе жан тартқан,

Қырық құлаш Қызыл дәу

Шығып еді қаладан,

Қараман іліп тастады.

Осынша ердің артынан

Күмбезді найза қолында

Ағын судың сағасы,

Аққайырдың жағасы

Көп қызылбастың ағасы,

Көбікті ханның баласы,

Кәмшат бөркі басында,

Нөкері бар қасында,

Өзі он бес жасында,

Күйеу болып жатқан осында.

Үстіне дұшпан келген соң,

Ұрыспасқа айла табалмай,

Соғыспасқа дұшпанмен

Жана шықты шәрден

Көкала атты Біршымбай.

Келуіменен Біршымбай

Бөтен сөзге қарамай,

Қобыланды бір шанышты,

Қарлығаны бір шанышты,

Қараманды келіп бір шанышты,

Сол бойымен Біршымбай

Сыпыртып өтіп жөнеді.

Қайта айналып шапқанда,

Орақты келіп бір шанышты,

Қарлығаны бір шанышты,

Қараманды бір шанышты,

Қобыланды бір шанышты,

Сыпыртып өтіп жөнеді.

Етіне киген жейде еді,

Маңдайы шып-шып терледі.

Біршымбайдың қайраты

Барған сайын өрледі.

Қайраты артық Біршымбай

Самсап тұрған ерлерді

Бір адамдай көрмеді.

Үш-үштен найза тиген соң,

Төрт көкжал да меңдеді.

Әлқисса, Қарлыға Біршымбайдың күшін көргеннен кейін, қарсылық қылып жеңудің бекерлігін, айламенен құртудың жөн екендігін айтқаны:

Қарлыға тұрып сөйлейді:

—Сіздер кейін тұрыңыз,

Барайын жалғыз мен,—деді.

Әуелі Алла анайым,

Хақ жаратқан Құдайым.

Мал шыдамас жауырға,

Ер шыдамас бауырға.

Сіздер кейін тұрыңыз,

Бірге туған ит еді,

Жалғыз өзім барайын.

Мінген аты ала-ды,

Атасы әйел демесең,

Қарлыға қыз да ер еді.

Қараман, Қобылан, Ораққа

Жолдастыққа жарады.

«Есебін тауып айламен

Өлтірмесек болмас»,—деп,

Бөркін жұлып алады.

Шашын жайып Қарлыға,

Ақмоншақ атты қамшылап,

Ерлердің шығып қасынан,

Біршымбайдың алдына

Қарлыға шауып барады.

Қарлыға барып сөйлейді:

—Бірге туған Біршымбай,

Сен кеткен соң, шырағым,

Шәрді басып көп дұшпан.

Дұшпанды қырып, шырағым,

Шәрді алдым босатып,

Бір жанымды аямай.

Жалғыздық түсті басыма,

Қайратқа атаң жарамай.

Көп дұшпанның ішінен

Қашып еді үш батыр,

Жалғыз қудым шыдамай.

Өлсем де жоқ арманым,

Есен-аман, саламат

Көрсетті сені бір Құдай.

Мені танып, жалғызым,

Атыңның басын бұрмадың.

Қайратыңнан айналсам,

Жалғыз бауырым, Біршымбай,

Болайын сенің құрбаның.

Менен қашқан үш дұшпан

Мынау келіп тұрғаны.

Сөзімді тыңда, әй, ботам,

Жалғыздық түсіп басыма,

Көңілімде көп қапам.

Осы келген батырлар

Менен қашқан үш адам.

Бұл дұшпаннан ала алмай,

Басымды саған қоса алмай,

Ақыл-айла таба алмай,

Жаралы болды сорлы апаң.

Бір туғызған, шырағым,

Екеуімізді Құдай-ды.

Жақыны көрсе кемшілік,

Кімнің жаны шыдайды,

Жара қатты, жан тәтті.

Басынан бөркін жұлып ап,

Бірге туған Қарлыға

Алдына келіп жылайды.

Әлқисса, Қарлыға Біршымбайға келіп:—Сен кеткен соң мұсылмандар келіп біздің шәрді түн ішінде басып, ойран ботқасын шығарайық деп жатқанда, әкең атқа қайрат қылып міне алмай тұрғанда, өзім мініп, жаудың бетін қайырып, мынау үшеуін қуып мұнда келіп тұрғанда, мені бұларменен бірге

шанышқандай мен не қылып едім,—деп, бөркін жұлып алып, шашын жайып, «ой, бауырымды» салып, аттан құлап кетті. Тумасы Қарлығаның бұл қылығын көргеннен кейін, Қарлығаны тауға алып барып тастап, келіп қойға тиген бөрідей жауға тимекші болып, Қарлыға қыздың алдына түсіп, қызды соңынан ертіп алып жүре берді.

Жол-жөнекей бара жатқанда Қарлыға қыздың Біршымбай тумасын өлтіргені.

Тозады көрпе мақтадан,

Назары арман ауғанда.

Біршымбайды Қарлыға

Найзамен салды желкеден.

Біршымбайдың мінгені

Айқын төбел құла ат-ты.

Біршымбай сынды батырды

 «Жан апа!» деп жылатты.

Өз апасы Қарлыға

Інісін аттан құлатты.

Біршымбайды Қарлыға

Айламенен өлтірді,

Сәтіне ісін келтірді.

Белес-белес бел еді,

Атасы әйел демесең,

Қарлыға қыз да ер еді.

Біршымбайды өлтіріп,

Көкала атты жетектеп,

Қараман, Орақ, Қобыланды—

Үш батырға келеді.

Келгеннен соң Қарлыға

Өз інісін өлтіріп,

Көңілі түсіп, шат болып,

Батырлар қызға сенеді.

Көрген адам таң қалар

Қарлыға қыздың пормына.

Көп дұшпанын мұқатып,

Құдай қалап ерлердің

Істері келді орнына.

Қарлыға мінген кер ме еді,

Қапыда өлді Біршымбай.

Қарлыға айла қылмаса,

Күшті туған Біршымбай

Дұшпанға болар ер ме еді?

Қарлыға менен Қобыланды

Қараман, Орақ төртеуі

Бастарын қосып батырлар

Намыстарын бермеді.

Қобыланды ердің бақыты

Барған сайын өрледі.

Біршымбайдың соңынан

Баспақты сиыр, танадан,

Алтын-күміс шарадан,

Қалмай қатын, баладан

Қара қала ерлері

Түгесіліп болған соң,

Тоқтататын адам жоқ,

Тоқтар басы көп қыпшақ

Шулап шықты қаладан.

Ел жайлауы Есіл-ді,

Ақ бөкендей жосылды.

Ұлы қақпа аузында

Қаладан шығып көп қыпшақ,

Қойдай маңырап шуылдап,

Қобыланды ерге қосылды

Шуылдап-жылап бесінде.

Қабыл болды бұл сапар

Қобыланды ердің мұраты,

Ата-ана, көп халқы

Дұшпаннан шығып саламат.

Қобыланды ерге көрісіп,

Есендік-саулық сұрады.

Көп дұшпанын мұқатып,

Ерлердің көңілі тынады.

Алшағыр ханның қаласын

Он жеті күн шабады.

Қобыландының көп халқын

Жалғыз шапқан Алшағыр

Бүтін жұртын жалмады.

Алтын-күміс, бар малын

Ырғап-жырғап алады,

Артық бақыт табады.

Байдың қызы жамылар

Масаты шекпен, беренді.

Қият, қыпшақ қосылып,

Көп олжаға кенелді.

Қазаннан алған көп малды

Қараспан тауын бет алып,

Ерлер алып жөнелді.

Артық туға Қобыланның

Келмеді дұшпан шеніне.

Ойлаған оның мұратын

Келтірді Құдай жөніне.

Үш ай, он күн дегенде,

Қараспан тауын жағалап,

Азулы деген көлдерге

Тоқтар басы көп қыпшақ

Келіп қонды баяғы—

Алшағыр шауып, зарланып,

Бүлініп көшкен жеріне.

Көлден тарттым борықты,

Ел қонысқа қоныпты.

Кемшілік көріп кәпірден,

Бәнде болып байланған,

Жылаған қыпшақ баласы

Бұрынғыдан екі есе

Бақ-дәулетке жолықты.

Келіп қонды көп қыпшақ

Азулы деген көліне.

Бұрынғыдай толықсып,

Дәулет бітті еліне.

Артық туған Қобыланның

Ісі келді жөніне.

Келмеді дұшпан шеніне.

Кәпірден алған көп олжа

Әділдікпен Қобыланды

Жиып алып көп халқын,

Бөліп берді қолынан

Пақыр, кедей кеміне.

Азулыға қондырды

Қобыланды жиып көп елді.

Қият, қыпшақ баласы

Көп олжаға кенелді.

Халықпен қатар олжаны

Үлестен көп алған соң,

Жарлысы байға теңелді.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?