Қазақ тарихы – әлем өркениеті қалыптасуының, дамуының мыңжылдықтар бойы жалғасып келе жатқан аса күрделі салаларының бірегейі. Ежелгі сақ, ғұн патшалықтары, түркі қағанаттары, Алтын Орда, Моғолстан, Қазақ хандығы дәуірлеріндегі халықтың елдік мұраттары жолында қаһармандық, азаматтық-қайраткерлік, еңбексүйгіштік қызметтерімен ұлттық және жалпыадамзатық абырой биіктігіне көтерілген тұлғалар тағылымы ғасырлар бойы жалғасып, қазіргі заманымызға ұласты.
Халық тағдыры сынға түскен қанды майдан шайқастарындағы ерліктерімен дараланған тұлғалардың батырлық-қаһармандық дастандардағы көркемдік-эстетикалық тағылымы әлем әдебиетінің жаңа буын қаһарман ұрпақ қалыптасуының тарихи-танымдық, тәрбиелік негізі. Бұл – соғыс оқиғалары негізінде халық тарихындағы жауынгерлік-қаһармандық, қолбасшылық қасиеттерімен ұрпақтардың жадында мәңгі сақталған батырлар есімдерінің көркем шындықпен бейнелену көрсеткіштері.
Бұл орайда, Қазақ хандығы (ХV-ХIX ғасырлар) дәуірінің, одан кейінгі қазақ тарихындағы қолбасшы батырларды және одан кейінгі ұлт-азаттық көтерілістерінің, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырларымызды ұрпаққа үлгі етіп келеміз.
1979-1989 жылдары Ауғанстанда болған қанды шайқастар кезеңінде «Панджшер патшасы», «Қара майор» атануымен мәлім болған Борис (Бақыт) Керімбаев және ол басқарған «Мұсылман батальоны», «Қапшағай батальоны» атанған арнайы жасақталған әскери отрядтағы ержүрек жауынгерлер есімдерін де қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс.
Ауғанстандағы соғыс кезінде ерен ерлігімен ерекшеленіп, есімі ерекше аталған, қазір отставкадағы полковник Борис Керімбаев Қазақ елі тарихындағы даңқты қаһарман батырлардың бүгінгі ұрпағы десе де болғандай. Ол Ауғанстанда және Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 80-90-жылдары 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстанның жауынгерлік-қаһармандық даңқын әлемге танытқан. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдулин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың және т.б. ондаған қаһармандардың есімдерін қайта жаңғырта ұрпақ санасын серпілтті.
Ержүрек батылдығымен, өлім қатерінен сескенбей намыс қуатымен шайқасатын, қолбасшылық-командирлік талантымен, қабілетімен қарауындағы батальон жауынгерлерінің өздерінен әлденеше есе көп дұшпан әскерлеріне қарсы шайқасуын шеберлікпен ұйымдастыра білген, нәтижесінде жауды қирата жеңіп, бірнешеуі қаза тапқан, бірақ негізгі жауынгер батальонын аман сақтаған Борис Төкенұлы – нағыз батыр-қолбасшы тұғырында болып танылған тұлға.
Борис Керімбаев 1948 жылдың 12 қаңтарында қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылындағы мұғалімдер отбасында туған. Батыр қолбасшының ғұмырнамасында – ХХ ғасырдың 70-90-жылдары арасындағы өмір кезеңдеріндегі әскери-жауынгерлік қызметтері жүйелене аталады. Әскери қызметі басталуында 1970 жылы Ташкенттегі В.Ленин атындағы жоғары жалпы жауынгерлік командалық училищені бітірген.
Кеңес әскерлерінің мотоатқыштар взводының, 1973 жылы сол бөлігіндегі барлау ротасының, одан кейін ортаазиялық әскери округтегі барлау ротасының командирі болғаны жауынгерлерді басқару тәжірибесінің алғашқы негізін салды. Әскери жасақтарды басқару ісіне мамандану жолында өзі қызмет ететін бөлімнің штаб бастығы, мотоатқыштар батальонының командирі (1977 жыл), КСРО-ның Қарулы Күштері 10-басқармасы Бас штабының Эфиопиядағы жаяу әскер бригадасының кеңесшісі (1980 жыл), арнаулы отряд командирі (1981 жыл) болып тағайындалды.
Арнаулы офицерлік теориялық білімін аталған командирлік-қолбасшылық тәжірибемен ұштастырған Борис (Бақыт) Төкенұлы Ауғанстандағы қанды шайқастардағы өзі басқарған тарихқа «Қапшағай батальоны», «Мұсылман батальоны» атауларымен танымал болған қанды шайқастар оқиғаларымен айрықша даралана танылды.
Борис Төкенұлы 1980 жылы Қапшағай қаласында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған, 1981 жылдың 29 қазанынан 1983 жылдың 25 желтоқсанына дейін командирі болған осы 177-отряд «Мұсылман батальонын» басқарған кездегі қолбасшылық біліктілігімен жауынгерлерінің қаһармандық-жауынгерлік ерлігімен әлемдік соғыстар тарихындағы дара болмыстарымен бағаланды.
Ауғанстанның Меймене қаласының Фарьяб өңіріндегі Панджшер шатқалы үшін болған үлкен шайқас кезеңінің тарихи деректі шындығын сол соғыстың бел ортасында болған танымал ақын, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Қазақтың «Қара майоры» атты кітабында баяндаған: «…Кеңес әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Панджшерге шабуылды бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылды. Бұл батальондардың 20-сы кеңестік болса, 16-сы Б.Кармал билейтін ауған өкіметінікі еді. Мұның сыртында шабуылға тек Кеңес тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысты. Бір аптаға созылған қиянкескі шайқаста екі жақ үлкен шығынға ұшырады. Өз шебін жеті күн бойы ұстаған Ахмед шах ақырында Панджшерді тастап шықты.
…Айрықша ерлік көрсетіп, көзге түскен, ұрыс қимылдарын жіті меңгерген «Қара майордың» батальонын Панджшерді ұстап тұруға қалдырады. …«Қара майордың» батальоны тек жоғары тұрған әскери басшыларды ғана таңғалдырмай, бүкіл алқапқа, аймаққа аты аңыз болып тарады. …Ахмед Шах Масудтың «Қара майордың» басына бір миллион доллар тігетіні де – осы кез. Тікпеске амалы жоқ, «Қара майордың» батальоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан тегеурінді соққы беріп, шығынға ұшыратып, сонан кейін орнын сипатып кетіп отырды. Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иеленіп алып, өліспей-беріспей тістеседі. Ахмед шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзады. Моджахедтерді бас көтертпей атқылап, оларды ұдайы шегінуге мәжбүр етумен болды» (Смағұл Б.Қазақтың «Қара майоры», Алматы «Атамұра» корпорациясы ЖШС-ның Полиграф-комбинаты, 2014.-160б.; 36-40-бб.).
Борис Төкенұлы өзінің «Қапшағай батальоны» атты құжатты-деректі повесінің тарауларында («Ерекше тапсырма», «Отрядтың құрылуы», «Ауғанға жол», «Меймене», «Дарзоб», «Панджшер», «Жауынгер достар», «Соңғы шайқастар») Ауғанстандағы соғыс кезіндегі аса күрделі шайқастардағы жеңісті, жемісті қызмет оқиғаларын баяндаған.
Қазақ халқының көпғасырлық тарихындағы туған жерінің, атамекенінің, байтақ Отанының және жер бетіндегі жалпыадамзаттың баянды бейбітшілігі, амандығы үшін жан алып жан беріскен қанды майдан шайқастарда танылған батыр тұлғалары мәңгілік ұлықталып келеді. Соғыс психологиясы – жауынгерлер мен оларды басқаратын майдан қолбасшыларының, бөлімше, взвод, рота, батальон, полк, дивизия командирлерінің ержүректігі мен стратегиялық-тактикалық іс-әрекеттері тоғысуындағы күрделі болмыс. Бір-біріне қарама-қарсы шеп құрып, екі жақтың да жеңіске жетуіне қолдау жасайтын авиациялық бомбалауларының, артиллериялық атқылауларының, танктер шабуылдарының ортасында жүрген жаяу әскерлердің өлімді емес, өмірді ғана ойлап арпалысқан шайқастары – соғыстар кезіндегі трагедиялық болмыстың ақиқаты.
Әрине, теңіздердегі кемелерге мінген матростармен қолбасшы қомандирлер (майдан адмиралдары, кеме капитандары, т.б.) де құрғақтағы шайқастарымен үндес күрделі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Ауғанстандағы соғыс шайқастарындағы Борис (Бақыт) Төкенұлы басқарған «Қапшағай батальонының» және басқа да әскери бөлімдердің соғысу әрекеттері адамзат тарихындағы бұрын-соңғы соғыс шайқастарынан мүлдем өзгеше болды.
Ауғанстандағы соғыс кезеңінде екі жақтың шеп құрған майдан атырабында көбінесе екі жақ та бірін-бірі бетпе-бет көре алмайтын. Үлкен таулардың биік жоталарына, қойнауларына, қалтарысты шатқалдарына, құмды төбелердің сайларына, жыраларына бекінген шайқаушы жақтар жасырына аңдысқан жағдайда соғысты. Кеңес әскерлері жерге, құдықтарға, бақшаларға, жүзімдіктерге көмілген миналардың, бомбалары бар кездейсоқ заттардың (магнитофон, сіріңке қорабы, сағыз резинасы, т.б.), белгісіз жақтан келіп түсетін снарядтардың жарылуларынан, кеңес әскерінше киініп алып араларына қосылған дұшпандардың шабуылдарынан, т.б. тұтқиыл жағдайлардағы саналуан әдіс-тәсілді шайқастарда жеңіске жету қиындығын бастан кешірді.
Осы арада, Ауғанстандағы соғыста «Панджшер арыстаны» атанған Ахмед Шах Масудтың бір айдан кейін бұл өңірден бүкіл кеңес әскерін жоқ қылатынын Құран ұстап ант беруінен кейінгі қанды шайқас кезіндегі соғыс психологиясы туралы Борис (Бақыт) Төкенұлының «Қапшағай батальоны» кітабында барынша тәптіштеп баяндалған.
Майдан далаларындағы шайқастарда өзінің жеке ұйымдастырушылық басшылық-командирлік талантымен жауынгерлерін аман сақтай отырып, жеңістерге жету мұратын жүзеге асырған «Қара Майор» Борис Төкенұлы – әлем өркениеті кеңістігіндегі атақты командирлер дәстүрімен үндес көрнекті әскери қолбасшы. Өзінің батальонындағы офицерлердің, қатардағы жауынгерлердің Ауғанстанның географиялық ортасының күрделі жағдайындағы жеңісті ұрыс қимылдарын шебер ұйымдастырды. Ең бастысы, соғыс шайқастарының жеңісті нәтижелерін жүзеге асырудағы әскери стратегиялық-тактикалық заңдылықтарды ұрыс сәттеріндегі тосын жағдайлармен үйлестіре білу арқылы жауынгерлерінің аман-сау сапта болуын қамтамасыз ете білді. Әрине, қапы кеткен сәттердегі жекелеген жауынгерлерінің қаза тапқандығы – оны үнемі күйзеліс құрсауына түсіретін, бірақ қайта серпіле ширығып, басқаларының қаза болмауын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсады.
Осы орайда қазақ өркениетіндегі ұлттық және жалпыәлемдік дәстүрлер тоғысындағы әскери ғылымның негізін салушы, батыр-қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» атты іргелі еңбегіндегі тұжырымы да Борис (Бақыт) Төкенұлының командирлік-қолбасшылық қызметін дәйектей түсетіні анық. Демек, Ауғанстандағы соғыс шайқастарында командирлік-қолбасшылық жемісті қызметі арқылы Борис Төкенұлы көпғасырлық қазақ өркениеті тарихындағы әскери командирлік-қолбасшылық қызмет дәстүрінің үздіксіз жалғасып келе жатқан айбынды ұлағатын дәлелдеді.
Әлем өркениетінің ежелгі дәуірлеріндегі түркі батыр-қағандары Күлтегін, Тоныкөк, Білгенің, Ғұн империясы батыр-патшасы Аттиланың, Алтын Орда би-батырлары Орақ, Мамай, Едігенің, Қазақ хандығы батыр-хандарының, қолбасшы батырларының ерлік дәстүрі осындай тұлғалы батырларымызбен кейінгі толқын ұрпақтарға жалғасты. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы – ата-бабаларымыздың бұған дейінгі мыңжылдықтар ғасырларында қалыптасқан құндылық дәстүрлерінің жаңғыра жалғасу жолы.
Сондықтан ХХ ғасырдың 80-жылдары Ауғанстандағы қанды майдан шайқастардағы дарынды қолбасшы-командир, батыр-жауынгер тұғырында танылған Борис Керімбаев қазіргі кезде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамасы қоғамға серпін беріп келе жатқан тұста, «Халық Қаһарманы» атағымен марапатталса Тәуелсіз Қазақ елі ұрпақтарының азаматтық-отаншылдық рух ықпалымен тәрбиеленуіне әсер ететінін де толық сезінеміз. Ұлы дала елі ұрпақтарының Мәңгілік ел дамуы бағдарындағы жаңа тарихында батыр ардагерлер ұлағаты ұлықтала бергей!
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор
https://aikyn.kz