Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отызында орда бұзған ойлылар

2490
Отызында орда бұзған ойлылар  - e-history.kz
2019 жыл – Жастар жылы. Елдің дамуы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін отыз жасқа дейін тер төккен ерлер қаншама

«Қазақстан тарихы» порталы жаңа жобасының алғашқы топтамасында ғылым саласында өлшеусіз жетістіктерге жеткен ғұлама ғалымдар жайлы сыр шертеді.

1. Шоқан Уәлиханов (1835-1865)

Оқу-ағарту ісінде біздің есімізге бірінші оралаттын тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов. Бар-жоғы отыз жыл ғұмырында ол қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл әлемдік ғылымда зор табыстарға жетті.

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Күнтимес ордасында дүниеге келген.

Шоқан бр болғаны 12 жасында Омбы кадет корпусына оқуға түседі. Ш. Уәлиханов жағрапия мен шығыс философия пәндерін тез меңгеріп алған. Шоқанның дамуына әдебиетшісі мен шығыс зерттеушісі Н.Ф. Костылецкий мен тарих мұғалімі В. Гонсевский ықпал еткен. Кадеттік корпуста оқығанда Шоқан Уәлиханов белгілі ғалымы Г. Н. Потанинмен кездесіп, олар өмір бойы достар болып кеткен. 1853 жылы 18 жасында кадет корпусын бітіріп, корнет деген офицерлік атақ алған.

Отанына қызмет етуге әрдайым дайын тұрған жас Шоқан 1854-1857 жылдары ұлы жүз қазақтарының және қырғыздардың буғу, сарыбағыш және солту руларының Ресейге бейбіт жолмен қосылуы туралы мәселені шешуге зор жігермен қатысты. Ол уақытта Шоқан 19 жаста болған.

Дәл осы жасында Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады.

1855 жылы 20 жасында Батыс Сібір генерал губернаторымен бірге Қазақстанның біраз өңірлеріне барып қайтады. Сапардан қазақ, қырғыз, ауыз әдебиет үлгілері, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап жүреді. Кейінен бұл материалдарды өзінің ««Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектерінде жазады.

1857 жылы ақпанның 27 күні Шоқан орыс жағрапиялық қоғамның мүшелігіне қабылданды. Бұл мүшелікке қабылдануы 22 жастағы Шоқанның орыс ғылымына қосқан еңбектерін мойындауды білдірді.

1858-1859 жылдары 24 жасында Шоқан Қашғарияға саяхат жасайды. Ол кезде Ресей тарапынан Қашғария зерттелмеген болатын. Саудагер кейіпінде құпия барған Шоқан ол өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп, оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқарияға сапарынан «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді.

2. Санжар Жапарұлы Асфендияров (1889-1938)

1889 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында дүниеге келген. Оқу санасын Ташенкент қаласындағы математика, жаратылыстану пәндерін тереңдете оқытатын реалдық училищеде оқыған.

С.Ж. Асфендияров тұңғыш қазақ кәсіби дәрігерлерінің бірі болған. 1907-1912 жылдары Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық академияны тәмамдаған. Санжар академияны әскери-теңіз министрлігінің стипендиясына оқыған болатын. Сол себепті әскери қызметтің ауыртпалығын басынан кешті. Алдымен Термезде, кейін Түркістан полкінің әскери дәрігері болып жұмыс атқарды.

Лодзья түбінде ол герман тұтқынына түсіп, 1916 жылдың басында тұтқынға түскен әскери азаматтарды алмастыру нәтижесінде Швеция арқылы елге оралады. 30 жасқа да толмаған Асфендияров Термездегі және Бұхарадағы Кеңестердің жұмысына қатысады. Ташкент облыстық, ал онан кейін жұмысшылар мен жауынгерлердің округтік Кеңесіне сайланады. Ташкентте ол мұсылман жұмысшы депутаттары алғашқы Кеңесінің ұйымына мүше болады.

Ал 1919 жылы тура отызға толғанда Санжар Асфендияров денсаулық сақтау халық комиссары болып сайланды. Қазірі тілмен айтқанда, бұл министр дәрежесіндегі қызметті атқарды деген сөз. 1920 жылы Түркістан АКСР көгеріс су шаруашылығының халық комиссары болып тағайындалады.

3. Қаныш Сәтбаев (1899-1964)

Профессор, қазақ металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясын құрушылардың бірі және тұңғыш президенті және Лениндік сыйлықтардың лауреаты 1899 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған екен.

1920 жылы бар болғаны 21 жасында Баянауылда халық судьясы қызметін 1941 жылға дейін атқарады. Отыз жасқа дейін «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған.

1926-1929 жылдары, Қаныш небәрі 27-29 жасында кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде көптеген жұмыстар атқарды. Сол жылдары бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. Оған қоса минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және тағы басқа да аймақтарды зерттеген.

4. Әлкей Марғұлан (1904-1985)

1904 жылы Павлодар облысы, Ақбеттау болысында дүниеге келген. Алғашында ауыл мектебінде білім алған. Павлодар қаласында мұғалімдер курсын бітіріп, туған ауылында мұғалім болып істейді. 17 жасында Семей педагогикалық техникумының студентi бола жүрiп‚ «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында (1921-1925) қызмет атқарған. Осы жылдары ол М.О. Әуезовпен‚ М. Жұмабаевпен танысты. Ленинград (қазiргi Санкт-Петербург) қаласындағы Шығыстану институтының түркiтану және тарих-филология факультеттерiнде (1925-1929) қатар оқыды.

КСРО ғылым академиясының академигі А.Е. Ферсман мен профессор С.И. Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының жұмысына 22 жасында Ә. Марғұлан қатысады. 1928 жылы қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинаумен айналысқан.

5. Шапық Шокин (1912-2003)

1912 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы Орта-Азиялық инженер-техниктердің ирригация институтында 1931-1933 жылдары оқыды. Кейін 1937 жыл Омбының С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылық институтын үздік тәмамдаған.

1937-1943 жылдары 25 жасында ол Қазақ КСР ауыл шаруашылығын электрлендіру мекемесінің бөлім бастығы, бас инженері болып жұмыс атқарған. 1943-1944 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының энергетика секторының меңгерушісі қызметінде болды.

Энергетика және су шаруашылығының болашақ дамуы мен отандық энергетиканың баланс мәселелеріне арналған 170-тен астам ғылыми еңбек жазған.

Қазақстанның ғылымы мен энергетикасын дамытуға сіңірген аса зор еңбегі үшін, жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлкен үлесі үшін жоғары ерекшелік белгісі - «Халық Қаһарманы» атағы берілген.

 

Ал сіз 30 жасыңызға дейін не істедіңіз?

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?