Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың үміті болған Арынғазы хан

3192
Қазақтың үміті болған Арынғазы хан - e-history.kz
Ресейге Арынғазының күшеюi қауiптi болды. Барлық жоспары қазақтың саяси билігін құрту болып табылатын патша саясатына Арынғазыға үмiт артуға болмады

Біз қазір ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық күресінің басшысы болған ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметін жақсы зерттеп жатырмыз. Бұл өзімізге де, болашаққа да өте керекті шаруа. Дегенмен осы бертіңгі кезендегі күрестің астарында ХІХ ғасырда өз өмірін қазақ тәуелсіздігі үшін қиған бірталай тұлғалар бар екенін ұмытпауымыз керек. Отаршылдық қамыты қазақ мойынына іліне бастаған сұм заманның ырқына көнбеген азаматтардың бірі Арынғазы сұлтан болатын. 1816-1821 жылдардағы деректерде Арунғазы сұлтан, Арынғазы, Абдулғазы атымен жүрген тарихи тұлғаны кездестірсеңіз сол Арынғазы деп білесіз. Ол Әбiлқайырмен қырғи-қабақ қатынаста болған Кiшi Жүздiң атақты сұлтаны Батырдың шөбересi және Хиуадағы қазақ ханы атанған Қайып ханның немересi болған. Оның әкесi Әбiлғазы да Сырдария қазақтарының ханы болып сайланған. Қайып та, Әбiлғазы да Ресейдiң бодандығында болмаған. 

1815 жылы әкесi өлгенде Арынғазы 30 жасқа толған еді, ел тізгінін қолына алды. Орта Азияның билеушiлерiмен тығыз байланыста болған жанұяда тәрбиеленiп өскен Арынғазы шариғатты жақтады, мемлекеттiлiктi азиялық деспотияға сәйкес келетiн формаларда қайта жаңғыртуды жоспарлады. Өзiнiң карьерасының басынан бастап ол өте қиын iшкi және сыртқы саяси қатынастарда болды. Қазақ хандығы әлсіреп, қазақ төрелері өзінің билігін жоғалта бастаған еді, оның үстіне Орта Азия басщылары да бейбіт елге маза берген жоқ. Осындай қиын жағдайда тек қана мiнезiнiң қаталдығы Арынғазы атын Қазақстан тарихының иiрiмдерiнде жоғалып кетуiнен сақтады. Оның замандасы Е.К. Мейендорф былай деген:

«Арынғазының барлық iстерi, оның мақсаты, оның жоспарлары қарапайым халықтан көрі биік көтерiлген адам екенiн көрсетедi. Ол қатаң, бiрден әрекет етуге бейім, қоғамды білетін қызметкер, бiрақ менiңше ол бiздiң әкiмшiлiгiмiздi өзiнiң мазасыз мiнезiмен, көптеген фантазияларымен жалықтырып жiберетiн едi».

Бұхар миссиясының бастығы А.Б. Негри де тура осылай деп жазған: «Аталмыш сұлтан өзiнiң адалдығымен заңдылықты және өжеттiлiктi, қоғамдық белсенді қызметтi бiрiктiредi».

Бұхар әмiрi оны әдiл заңның әмiршiсi «Әмiр Әл-Муслемин» деген титулмен атаған, оны жалғыз хан деп мойындап, Кiшi жүз территориясы арқылы өтетiн барлық бұхар саудагерлерiне Арынғазы ханға ғана жалғыз өзiне «баж салығын» төлеуге бұйрық берген. Арынғазы Орта жүзге де айтарлықтай белгiлi болған ел басшысы. Әсіресе, Хиуамен ауыр соғыстардың кезінде елге ықпал етушi сұлтандарды қолдап, олармен Хиуаға қарсы шайқасқа күш бiрiктiру жөнiнде келiссөздер жүргiзген. Ол қазақ хандарының арасындағы, Жәдiгенiң қатарындағы өте күштi сұлтандармен, Орта Жүздiң топтарымен тығыз қарым-қатынаста болған. Көптеген фактiлер Арынғазының атағының көпшiлiкке жайылғанын дәлелдейдi, елдің де осы төрені қолдағанын көрсетеді. Сондықтан оны «Тыным-хан» (елді бiтiстiрушi хан деген мағынаны бередi) деп атаған.

Арынғазы хан қанша күш салғанымен  қазақ  территориясында бейбiт қатынастар қалыптасқан жоқ, ішкі билікті қолына алғанымен сыртқы жаугершілікті ол тоқтата алмады. Әсiресе Арынғазы басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа және қайта жаңғырған хан билігіне Хиуа жағынан төнген агрессия қауiптi болды.

Арынғазы ханның қоғамдық қызметi негiзiнен алғанда орталығы Сырдариямен қоса Кiшi жүздің билеушiлерiнiң арасында өтiп жатты. Арынғазы ханның күшейiп-нығаюы тәуелсiздiк үшiн болған белсендi саяси күрестен Қаратайдың кетуiмен байланысты болды. Арынғазы хан болса, неғұрлым кең көлемде ойлады. 1816 жылы ол орда iшiнде тыныштық пен тәртiптi қалпына келтiрудi шешiп, Сыр жағалауларын артқа қалдырып, қырға бағыт алды. Арынғазы бiрден старшындардың билiгiн шектеп, сұлтандардың өзiн-өзi басқаруларын жойды. Оның билiгi қазақ руларынан шыққандардан хан сайлаған есаулар арқылы жүзеге асырылды. Оларды бағып-қағу үшiн арнайы алым-салық болды. Билер сотының өкiлеттiлiгi де шектелдi, сот шариғат бойынша iске асырылды. Бақылаушылар «халықты өзiне тарту үшiн ол  – әдiл, бiрақ оның соты ата-бабаларының заңы бойынша емес, мұхамедтiк шариғат бойынша» дейді. Молда-қазылар оның бұйрығы бойынша, өткен замандарда тек күштi  хандар ғана өздерiнің билігімен жүргiзе алатын өлiм жазасын қолданады, хан әдет-ғұрып заңдарын шариғатқа үнемi ауыстырып отырады деген де мәліметтер бар.

Келесi кезекте барон Е.К. Майендорф ханның сырт бейнесiн былай деп суреттейдi:

«…Жүздеген қазақ нөкері жан-жғынан қоршаған сұлтан, генерал Негримен кездесуге салт атпен келдi. Басына бұл жерде қабылданбаған шалма киген, бiрақ ислам  бағытынан алып қарағанда ол құрмет көрсету балып саналады»

(Мейендорф Е.К. Путешествие из Оренбурга в Бухару. М., 1975, 28-б.).

1816-1819 жылдары Арынғазының билiгi көп алға басты. Байұлы, Әлiмұлы, Жетiру ұрпақтарының көптеген старшындары орыс императорының атына Кiшi жүздiң ханы етiп Арынғазы ханды бекiту туралы арыз жазды. Арынғазының халық алдындағы беделi күннен күнге өсті. Кiшi жүздің сол кездегі ханы Шерғазы хан халыққа әсер етуден қалды, оның сыртында тұрған орыс үкіметі өздері сайлаған ханның  күншiлдiкпен толған хаттарын алумен ғана болды. Ресей екі төренің арасындағы қақтығысты күшейтуге тырысты, бұл ішкі биліктің дағдарысының  алғашқы себебi болды.

1816-1821 жылдардың аралығында Арынғазы Хиуа агрессиясына қарсы қанды шайқас жүргiздi, бiрақ үнемi болып жатқан шабуылдарға, күштi қаруланған көптеген әскерге қарсы тұру өте қиынға соқты. 1820 жылы оның iнiлерi өлтiрiлiп, шешесi мен қарындастары хиуалықтардың тұтқыны болды. Шабуылдар кезiнде ауылдар аяусыз тоналуға, жойылып кетуге ұшырады. Жүрексiз қорқақ адамдар Хиуа ханына бағынуға дайын тұрды, солардың қатарында Хиуа жағына ауысып кеткен сұлтан Шерғазы Қайыпұлы да болды. Кейiннен оның адалдығына сенбей  Хиуа ханы Мұхамед Рахымның бұйрығымен  өлтiрiлдi.

Арынғазының жоспарында Хиуа агрессиясына қарсы тұру ғана емес, сонымен қоса бiртұтас хандық құру да болды, бiрақ сыртқы саяси жағдайдың салдарынан ол мұны тек қана Ресей протекторатының қатысуы арқылы ғана iске асыра алатын болды.

Сондықтан Ресеймен бiрiгу жолын шеше отырып, Орынбор әскери губернаторы П.К. Эссенмен және шекара комиссиясының өкiлi А. Веселицкийлерге сүйене отырып, орыс патшасынан қолдау сұрамақшы болды. Арынғазы хан Санкт-Петербургке аттанды. Орыс шенеунiктерi: «Оның келуiнiң басты мақсаты өзiн, өзiнiң жанындағы адамдарды императорға таныстыру болды» деп жазады. Ол императордан «тұтқынға түскен, өлтiрiлген жанұясының атынан өшiн алу үшiн  Хиуа хандығына қарсы әскер берудi» өтiнiш еттi. Оның сүйенiш еткен үмiтi ақталмай, Хиуа және Бұхар хандықтарының өкiлдерiмен кездесу ұйымдастыру кезiнде Петербургте ұсталып, Калугаға жер аударылып, қамаққа отырғызылды.

Ресейге Арынғазының күшеюi қауiптi болды. Барлық жоспары қазақтың саяси билігін құрту болып табылатын патша саясатына  Арынғазыға үмiт артуға болмады, осыдан келiп, орыс патша өкiметi қазақ арасындағы әрбiр мемлекеттiлiктiң белгісін, қазақ халқының саяси тәуелсiздiгiнiң соңғы қалдықтарын жоя бастады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?