Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Омбы облысындағы біздің қазақ жерлестеріміз батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсетті, бүгінгі күні ол жақта 100 мыңға тарта адам тұрады. Омбы облысының Марьянов ауданы Амангелді колхозының 6 ауылынан тұратын бір ғана ауылсоветінен 176 адам әскерге шақыртылған. Оның ішінде қан майдан даласында көз жұмып, із-түзсіз жоғалғандары (майданнан келген құжаттар бойынша) – 72 адам, соғыс даласынан Домбай ауылына 52 адам қайтып оралды, ал қалғандары туралы осы күнге дейін еш ақпарат жоқ. Бұл жерде, біз, екі ауылдасымыздың көп жылдар бойы жақ ашпай келген ерлігі туралы айтсақ дейміз.
Тағдыр талайымен бұрынғы КСРО республикалары мен шетелдерде тарыдай шашылған өзіміздің қандастарымызды Президенттің «Туған жер» бағдарламасы аясында еске алу – біздің парызымыз. Олар – қазақ ұлтының және оның даңқты тарихының бір бөлшегі, бірегей және қайталанбас ұлттық кодты тасымалдаушылар. Сондықтан «Қазконтент» АҚ-ның «NDH» порталы шетелдегі қандастарымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеу мен насихаттау бағдарламасын іске асыруды қолға алғаны кездейсоқтық емес
***
Маемиров Альмух (1922-1989 жж.) – Даңқ Орденінің толық кавалері.
1965 жылдың жазғытұрымғы күндерінің бірінде Марьянов ауданының Домбай ауылына «Правда» газетінің тілшісі келді. Былғарыдан тігілген қара пәлте киген ер адам: «Сіздердің бөлімшелеріңізде Маемиров Альмух деген кісі бар ма?»,- деп сұрады. Ауылдың үлкені бар, кішісі бар, тілшіні бөлімше басқармасы Смағұлов Рамазанға алып барады, қысқаша таныстықтан соң, басқарма егістікте қар тоқтатып жүрген ауылдың ең қарапайым тұрғыны А. Маемировқа «лездеме» жібереді.
Әңгімеден түсінікті болғаны, көзге түсе бермейтін, көп сөйлемейтін тракторшы Альмух Маемиров соғыс жылдарында минометші болыпты, мерген деп те атаған екен, әр шайқаста жаудың зеңбірек пен пулемет есеп топтарын, жаяу әскерін қынадай қырыпты. Әр ұрыстан кейін жаралы, контузия алған ол госпитальге түседі екен де, әр кез оны ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ұсына берген екен. Алайда орден иесін таппай қояды, себебі жарасынан жазылған соң ол әр кез әр түрлі бөлімдерге, тіпті басқа майданға да түсіп қалатын.
Осылай үш рет қайталанады. Осы тілші, мұрағаттарда жұмыс істей отырып, қайталана беретін аты-жөн мен жәйттердің ұқсастығына назар аударады, сол кісінің ыждаһаты мен күш-жігерінің арқасында, майдандық марапат өз иесін тапты. Осы жағдайды ескере келіп, ССРО ЖК Төралқасы оны Даңқ орденінің барлық дәрежесімен марапаттайды. Бірақ оның өмірі еш өзгермеді. Ол орталық усадьбадан үлкен үй сұрауға ұялып, өмір бойы үлкен отбасымен шағын ғана жер үйде тұрды. Ол соғыстан қайтпаған майдангерлердің отбасылары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға лайықты деп санады... Батыр Ленинград, Волхов түбінде генерал Федюнинскийдің 54-ші армиясы құрамында шайқасты. Волхов қаласының іргесін қорғау кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғашқы ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Екінші орденді Рига қаласын азат еткені үшін, қарсыластың бірнеше дзоты мен үш зеңбірегін жояды, сол кезден бастап оны ХХ гвардиялық атқыштар полкінің «мерген»-минометшісі деп атап кетеді. Келесі Даңқ ордені, Альмухтың есеп тобы Германияның Ауст қаласының іргесінде немістің жаяу әскер колоннасын жойғаны үшін беріледі.
Әскерден 1945 жылдың қарашасында қайтады. Жұбайы екеуі 8 бала тәрбиелеп-өсірген.
***
Мұсабаев Шахуали (1918-1985 жж.) – батыр-майдангер
Мұсабаев Шахуали Галеевич – «Александр Невский» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған батыр-майдангер, өмірде өте қарапайым адам болған, соғыстың алдында Алматы пединститутын тәмамдап, Алматы облысындағы Қызылту мектебінде тарих мұғалімі болып жұмыс істеп те үлгерген. Берлинді шабуылдауға қатысқан. Ерлігі мен батылдығы үшін Ш.Г. Мұсабаев «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған, бірақ, мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1-ші гвардиялық танк армиясының сол кездегі қолбасшысы генерал-полковник М.Е. Катуков пен Армия әскери кеңесінің мүшесі генерал-майор Н.К. Попель бұл атақты бергізуден бас тартып, «Александр Невский» орденімен алмастырған. Гвардия кіші лейтенанты Мұсабаев Шахуалидің взводы ұстап тұрған Сандомир плацдармы кейін Висла-Одер операциясы кезінде шабуыл үшін бастапқы аудан ретінде қолданылды.
Мұсабаев Шахуалиды марапаттау парағынан:
«...1944 жылдың 22 шілдесінде Сан өзенінен өту кезінде Мұсабаев жолдас қарсыластың жаудырған оғына қарамастан, бүкіл бригада ішінен бірінші болып өзеннен өтті, оның осы үлгісін 3-ші ротаның жауынгерлері қайталады. Арғы бетке барлығы 10 адам өтті. Селоның шетіне бекініп алған қарсылас, басқаларына өзеннен өтуге мүмкіндік бермей, оқты қарша боратты. Осы кезде Мұсабаев жолдас бір топ жауынгерлерімен қапталдан айналып өтіп, қарсыластың траншеясына баса-көктеп еніп, қол гранаталарымен, автомат оғымен қарсыластың 70 сарбазы мен офицерінің көзін құртып, 22-сін тұтқынға алды, 4 орнықты және 5 қол пулеметін қолға түсірді, қарсыластың басқа сарбаздары бытырай қашты. Бұл уақытта батальон және басқа да бөлімдер Висла өзенінен өтіп жатты... Самотно деревнясы үшін болған ұрыста Мұсабаев жолдас қарсыластың автоколоннасы орналасқан орынға бірінші болып басып кірді, жараланғанына қарамастан ұрысты жалғастыра берді, жалғыз өзі қарсыластың 15 сарбазының көзін жойды, басқалары автоколоннаны тастай салып, қашты».
Совет Одағының Батыры жоғары атағына ұсыну үшін Мұсабаев Шахуалиді марапаттау парағы
Басты суретте Домбай ауылының ардагерлері бейнеленген. Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Ахметов Мәули, ..., Оразов Әлібек, Шмакова Мария, Мұсабаев Шахуали; екінші қатар - ...., Сәрсенбаев Балтабай, Елубаев Қадырбай, Хасенов Мұқанғали; үшінші қатар - Нұрпейісов Жұмажан, Серғазин Боранбай, ....
Зиябек Қабылдинов, т.ғ.д., профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
Мұхамедияр Нұрпейісов, отставкадағы полковник, өлкетанушы
Редакция атынан: Еліміздің тарихында өз кезегін, жариялануын күтіп тұрған ақтаңдақтар әлі де көп-ақ. NDH порталы тарихтың ұмыт болған парақтарын жариялауды өзінің міндеті, аға буын алдындағы парызын орындауы деп санайды. Осындай жарияланымдар оқырмандарымыз арасында тиісті бағасын алады деп үміттенеміз.