
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында әлемдегі саяси мәселелер тым күрделене бастады. Сан жылдарға созылған патша үкіметінің дәуірі аяқталып, Ресей империясының құрамындағы түркі халықтарының да өз алдына автономия алып, дербес ел болуына айрықша мүмкіндік туды.
Алайда, қазан төңкерісінен кейінгі Уақытша үкімет билігінің әлсіздігі, азаматтық соғыстың тұтана бастауы, ақтар мен қызылдардың соғысы қазақ зиялыларының ел ішінен милиция шығарып, сыртқы жаулардан қорғануды мәжбүр етті.
1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында Жалпықазақ сиезінде 14 қаулы қабылданды. 14 қаулының бірі қазақ даласында «халық милициясын ұйымдастыру» мәселесіне арналған болатын. Жалпықазақ сиезінде халық милициясын құру мәселесі сыртқы жауларға шабуылдау үшін емес, керсінші сыртқы жаулардан қорғану үшін талқыға түскен болатын. 1917 жылғы 21 қарашада жарияланған «Алаш» партиясының 10 тармақтан тұратын бағдарламасындағы 6-ншы тармақ әскер құруға арналды: «Ел қорғау үшін әскерді осы күнгі түрінде ұстамау. Әскерлік жасқа жеткен жастар өз жерінде үйретіліп, өз жерінде қызмет ету: әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару» [1].
1917 жылы «Сарыарқа» газетінде ел ішінен милиция алу мәселесін халық басқаша түсенеді деп ойлап едік, бірақ халық дұрыс түсінді дей отырып, халық милициясының міндеттерін былайша атап өтеді: «Милитсияның керек жері мынау: жаңа тәртіпке қарсы қимыл болса қарсы тұру үшін, ел ішінде жанжал, бұзақылыққа тию салып, ел арасына тыныштық орнату үшін, соғыстан қайтқан әскерді өткізісіп, жол маңайындағы елге оларды тигізбеске күзетші болу үшін. Азық-түліктің кемтарлығынан, соғыс шығынының күннен-күнге орасан көбейіп бара жатқандығынан Уақытша хүкімет соншама әскерді мына қымбатшылықта ұстап тұруды ауырлап, үш бөліктің бір бөлігін қайтармақшы болып отыр. Егер сол әскерлер бет-бетімен қайтып, біздің қазақ жерінің үстінен жүретін жолдардың бойында әлгі милитсия сияқты күзетші, қарауылшылар болмаса, сол қайтқан солдаттар елге білгенін істеп кетеді» [2].
Бұл кезде қазақ даласынан милиция жинау ісі қиынға соққан еді. Бірақ 1916 жылы Түркістан мен Дала өлкесінен алынған 19-43 жастағы қазақ азаматтары Минск, Пинь аймағына барып, соғысқа көмектесіп, қара жұмыспен айналысып біраз тәжірибе жинаған болатын. 1917 жылы Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Бірімжан, Ғұмаров, Досжановтар Семейге Орынбордан жіберген телеграмда «Кел, алаштың баласы! Талаудан шула қалам десек, өзіңді өзің бақ, өз алдыңа жеке бақылаушы (милиция) жаса! Сенетін елің, бекем тұрар ерің жоқ. Һәркім өз басының қамында, қапысында! Кідіріп, кешеңдеуге орын жоқ. Басқаға тиме, елікпе, желікпе. Бірақ басыңды қорға, сотқарлық, содырлықты таста!» [3], – деп хат жолдайды. Бұл Уақытша үкіметтің әлсіреп, қазақтың өз алдына автономия мәселесі күн тәртібінде тұрған уақыт еді. 1918 жылы «Қазақ» газетінде милицияға адамның қалай алынатындығы жайлы: «Милицияға адам алу ісі екі түрлі. Бірінде милицияға жалданатын адам шықса, ол адамды ақсақ, соқыр, саңырау, я аурулы болмаса, тиісті ақыға волосной управалар жалдап алады да сонымен милицияға алу жұмысы бітеді. Егерде жалдануға кісі шықпаса, онда ауылған қараған елдің ішіндегі жасы 20 мен 35 арасындағы жігіттер таланға түседі. Милиция алу мәселесі таланмен шешілетін болса, адам алынатын ауылдан таланға түсетін жігіттермен бірнге ақсақалы да шақырылады. Шақырылған ақсақал волосной управаның жігіт алу мәжілісіне ағза есебінде кіреді. Ауыл жігіттерінің жасалған списогын қарап, қатасы болса, түзетіп, управа ағзалары һәм ақсақал қол қойып бекітеді. Сонан соң списоктағы шақырылған жігіттердің ақсақ, соқыр, ауру мүгедектері ішінен шығарылады. Қалғаны таланға түседі. Талан салу тәртібі былай: әр жігіттің есім фамилиясы бір-бір жапырақ қағазға бөлек жазылып, жазуы ішіне қарай бүктеліп, бір ыдысқа салынады. Бұл бірінші талан қағаз болады. Сонан соң бірінші талан қағаз нешеу болса, сонша ақ қағаздан үлкендігі бірдей етіліп екінші талан қағаз жасалады. Екінші талан қағаздың ішіне ауылдан алынатын жігіт санына қарай «милиция» деген сөз жазылады. Мысалы, ауылдан алынатын милиция саны 5 болса, 5 қағаз ғана милиция деген сөз жазылады, басқалар ақ болады. Бұлардың бәрі бірдей етіліп бүктеліп, өз алдына басқа бір ыдысқа салынады. Екі талан қағазда бүктеліп, ыдысқа салынып болған соң, қопарыстырылады, араластырылады. Сонан соң управаның бір ағзасы бірінші талан қағаз салынған ыдыстан қағаздың біреуін алады. Кімнің аты шықса, сол келіп, екінші талан қағаз салынған ыдыстан өз қолымен қағаздың біреуін алады. Алған қағазында «милиция» деген жазу болса алынады» [4] –деп жазады. Егер талан қағазында «милиция» деген жазу болмаса, ол адам милицияға алынудан құтылатын да еді. Милиция алу жұмыстары Семей қаласынан басталады. Семей және Ақмола облыстарында милиця жинау ісі шұғыл орындалып, олардан арнайы отрядтар құрылады. Ол отрядтардың бір бөлігі атты казак әскерлер және ақ гвардиямен қосылып, Жетісу облысындағы большевиктерге қарсы соғысады. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінің №45 санында халық милициясына өз еркімен қосылып жатқан азаматтар жайлы жеделхаттар жарияланады. Газеттің осы санында «А.Б» бүркеншік есімімен «Асығу керек» атты мақала жарық көреді. Мақалада милицияға қосылу үшін аттылар атын, малдылар малын беру керегін айтып, қазақ азаматтарына милицияға қосылу керек екендігін ашық үндейді. «Сарыарқа» газетінің №45 санында Алтай губерниясы Славгород уезі Саралқада Сағдат Желкілдектің басшы болып, 50 милиция жасақтағанын, Алашордадан Жетісуға баратын әскерді жинауға, қазақ әскеріне бастық болуға Тұрағұл Абайұлы, Шөпіш Әзімбай баласы кеткендігін, Жетісуге баратын қазақ әскеріне басшы болып Бейсамбайды тағайындалғанын баяндайды. Бейсамбайдың осы газетте 1916 жылы майданға өз еркімен барғандығын және милицияға жалғыз баласын беріп отырғандығын жазады. Алашордадан Жетісуға әскер жинауға баратын Тұрағұл мен Шөпіш Құнанбайдың төл немерелері, қалың тобықтының бастаушылары еді.
Алашорда жалпықазақ-қырғыз қатысқан екінші сиезден кейін алынған азаматтарды әскери өнерге оқыту мәселесін күн тәртібіне қояды. Әскерді оқыту ұлттық қор қазынасынан есептеледі. Есеп бойынша, 100 милиция қызметкеріне бір офицер және 50 милиция қызметкері үшін 1 нұсқаушы қарастырылды. Бұл жайлы Б.Әбдіғали «Алаш әскері» еңбегінде: «Съезге 1-інші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлері – капитан М. Аблайханов пен М. Бекімов шақырылды. М. Бекімов Алашорда үкіметі құрамына кандидат болып сайланды. Съезде сонымен бірге мобилизациялау жоспары бекітілді, оған сәйкес өңірлер бойынша 13500 милиционер шақырылды, оның ішінде облыстар бойынша: Бөкей ордасы – 1000, Орал – 2000, Торғай – 3000, Ақмола – 4000, Семей – 1500, Жетісу – 2000 адам. Облыстардағы милиция қызметкерлерін әр уездерге бөлу бойынша ақпаратты облыстық ұйымдарға, ал болыс пен ауылдық округтер бойынша уездік ұйымдарға берілді. Бұдан басқа, милицияны ұйымдастыру шығындарының алдын ала есебі ұсынылды, оған сәйкес 68 960 000 рубль жинау қажет, оның ішінде мылтық, оқ-дәрі және қылыш сатып алу үшін 16 300 000 рубль керек болды.
Жылдық жалақы:
– офицерлерге
– 810 000 р.,
– нұсқаушыларға
– 810 000 р.,
– милиционерлерге арналған үй-жайларды жалдауға – 1 620 000 р.,
– милицияны басқаратын органдарды ұстауға – 720 000 р. Аталынған қаржы алты облысқа бөлінді, олар өз кезегінде уездер мен болыстарға сәйкесінше бөліп, салық жинауды ұйымдастыруы қажет болды» [5, 24] – деп жазады. 1918 жылы «Қазақ» газетінде әр үйден милицияға алыну шартын былайша атап көрсетеді:
«Торғай облысының қазағынан милиция алу тәртібі:
Алашорда бұйрығы бойынша Торғай облысының Алашорда бөлімі милиция алу туралы төмендегі тәртіптерді шығарды.
1) Әрбір 25 үйден бір жігіт алынады. Үй саны 25-ке толмаса, жігіт алынбайды. Мысалы, бір ауылнайда 124 үй болса, 100-ден 4 жігіт алынады, 24 үйден алынбайды.
2) Милицияға алынатын жігіттің жасы 20-дан кем, 35-тен артық болмасқа керек.
3) Милицияға дені сау, мүшесінде кемшілік жоқ жігіттер алынады.
4) Бір үйдегі жалғыз жігіт алынбайды. Бір үй деп – списокта алым төлейтін үй айтылады. Бір үйдегі жалғыз жігіт деп – әкесі я ағасының жасы 60-тан ??? озған, інісі 17-ден кем болғандар айтылады. Әкесі, ағасы, яки, інісінің жастары 45-тен кем, 17-ден артық болса да, бойларында шаруаға жарамайтын кемшілігі болса, ол үйдің жігіті қызметтен азат.
5) Бір үйде неше жігіт болса да, біреуден артығы алынбайды.
6) Ел ішінде отырған қонақ сол елмен бірге есептеледі.
7) Милицияға өздері тіленіп кірген азаматтар алынады. Тіленіп кірген жігіттер елден алынатын міндетті милицяның санынан тысқары болады.
8) Комиссия алдында жеребе түсіп, милицияға алынған жігіттер сол сағатында орнына кісі жалдп беруге ерікті. Жалданған жігіттің жасы 20-35-те, дені сау, қызметке жарамды болуы шарт.
9) Милицияға алынған жігіттер алты ай қызмет етуге міндеткер.
10) Милицияға алынған жігіттерга айлық қақы беріледі. Милицияға берілетін қақының мөлшерін Алашорда кеседі.
11) Әр ауылнайдан алынған жігіттерге ат, ертоқым тауып беру сол ауылдың өзіне міндет.
12) Қызметке алынған жігіттің үйі ат шығынынан азат.
13) Бір ауылнайдан алынуға тиісті жігітті сол елдің адамдары ынтымақпен шығарып берсе жарайды. Егерде ынтымақ қылмаса, жеребемен (таланмен) алынады.
14) Ел адамдары жігіттерін ынтымақпен шығарып бере алмаса, жеребемен алу үшін ауылни комиссия құрылады.

Ауылни комиссияға кіретін адамдар 3-тен кем, 10-нан артық болмайды. Комиссияның председателі волосной комитет председателі болады. Өзге мүшелері сол ауылдың өз адамдарынан болдаы. Комиссияға әр атадан, әр партиядан адам кіреді. Комиссия өз арасынан біреуді хатшылыққа сайлап алады.
15) Елді белгілі срокқа бір жерге жинау, күн бұрын список даярлату һәм комиссия құру волостной комитет председателіне міндет.
16) Милиция алу жұмысы уезьдный һәм облостной Алашорда бөлімдерінің бұйрығы бойынша болады. Алашорда бөлімдерінің бұйрығын орындамаушылар жауапқа тартылады.
17) Списоктан жасырынып қалған жігіттер жеребесіз, кезексіз қызметке алынады. Біруді списоктан жасырып қалдырған ауылнайлар сотқа тартылады.
18) Бұл тәртіп жарияланбастан бұрын милициясын өзге ретпен беріп қойған елдер бұрынғы қолданған тәртіптерін өзгертпейді» [6].
Бұл Алашорданың дала қазағына қолайлы етіп жасаған негізі шарттары еді. Бұл шарттардың негізінен бөлек, алаш милициясына қосылу үшін жан-жақтан ерікті азаматтар да ниет білдірген-ді. Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай өңірінен милицияға алынған азаматтардың дені 1916 жылы Әлихан Бөкейхан бастаған азаматтармен бірге тыл жұмысына алынып, ел, жер көріп, әскери тәжірибе жинап келген азаматтар еді. Милицияға алыну мақсаты «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттеріне жиі жарияланып, автономияның бүгіні мен болашағы жайлы маңызды үкімет аралық шешімдер хабарланып тұрды. Мысалы 1918 «Жас азамат» газетінде Ахмет Байтұрсынұлы және Халел мен Жаһанша Досмұхамедұлы Самара үкіметінің сыртқы істер министрі Видинапинмен сөйлесіп, екінші жалпықазақ сиезінің қаулысын көрсеткенін, Видинапин екінші жалпықазақ сиезінің қаулысын алып, басқа үкімет мүшелеріне көрсететіндігін айтады. Вольский «Алаш Орданы» Башқұрт, Орынбор, Оралдыкі сияқты қазақ жұртының үкіметі деп танимыз дегенін жазады. Ал қазаққа Самара үкіметінің қазаққа қару-жарақ беру мәселесін:
«Қазақтың милиция – әскеріне қару-жарақ беру жағынан бұлар тоқтау қылатын емес. Жоғарыда Досмұхамедовтер Орал қазағының әскері үшін Самар үкіметінен 600 мылтық, бірнеше пулемет алып, Орынбор арқылы елдеріне жіберді. Досмұхамедовтер осыдан Челябі қаласында болатын государственное совещаниенің алдыңғы жиылысына бармақшы. Ол жиналысқа Самара үкіметінің члендері тегіс бармақшы. Бастығы Вольский мен Видинапин болып, Башқұрт үкіметінің бастығы Зәки Уәлиди де бармақшы» [5,41], – деп жазады. 1918 жылы «Жас азамат» газетінде милицияға өз еркімен алынғысы келетін азаматтардың көптігін айта келіп, «Қостанай уезінен қазір жиналып, қалаға келген милиция саны 400-ден асты. Тіленіп кіріп жатқан ұлтшыл азаматтар көп. Ақтөбе уезі 2-нші Бөрте болысынан 57 жігіт алыныпты. Мұнда да тіленіп жазылушылар болыпты. Халық ықыласты дейді. Бұл елден милиция жиналуына көз ашық азаматтар, әсіресе Бақыткерей [Құлманов] мырза, Кейкіұлы өте ыждаһат етті» – деп жазады. Бұл қысқа хабарламалар Бақтыггерей Құлмановтың ғұмырының соңғы кезеңдеріндегі қоғамдық-саяси қызметін айшықтай түседі. Сол жылы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы милицияның не үшін керектігін, былайша нақтылай түседі: «Милиция неге керек?
Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек. Большевик секілді жүгенсіздер көп, солардан елді қорғау үшін керек.
Ішкі губерниялардан күні ертең аш-жалаңаш босқындар келеді, солардың аяғының астында қалмау үші керек.
Ана жылғыдай оп-оңай алдына салып айдап кетушілер болмау үшін керек.
Қазақ-қырғыз жерін оңай олжа қылғысы келгендерге шаңыраққа қара деу үшін керек.
Автономиялы жұрт екенімізді жат елдерге көрсету үшін керек» [9].
Халық милициясы ел ішіндегі тыныштықты сақтауда, үкімет бөлінісі уақытында автономия жариялауда, қазақ даласын бүлікшілтен сақтауда айрықша қызмет етті. Уақытша үкімет орнаған уақытта ел ішіндегі тыныштықты сақтауда милиция жинау үлкен күш болды. Бұл жайлы алаштанушы, ғалым Б.Әбдіғали өз еңбегіңде: «Ішкі істер министрі П.Ф. Коропачинский төрағалығымен өткен 1919 жылдың 11 ақпанында өткен комиссияның отырысында Ә. Бөкейхан «біздің милициямыз – біздің әскеріміз. Ол қазіргі таңда нақты бар: біздің 700 жігітіміз Жетісу майданында, 540 адам Троицк түбінде, ал 200 адам Орал облысында. Жетісу майданындағы жетістіктер туралы хабарламаны оқыған кездеріңізде, ол жетістіктерге біздің бөлімшелердің арқасында қол жеткізілгендігін біліңіздер» [5,4], – деп мәлімдегенін жазады.
Алаш милициясы – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың алғашқы алғышарттарын жасай отырып, ұлттық әскердің негізін қалады. Алаш милициясы жобасында қазақ зиялылары милиция құру, милицияға алынатын сарбаздардың денсаулығы, хақы, отбасылық жағдайы негізге алына отырып, жеке жағдайын жасау, ішкі, сыртқы киіммен қамтамасыз етіліп, айлық еңбекақы төлеу бағдарламасы жасалған болатын. Сондықтан алғаш құрылған халықтық милицияның тарихтан алар орны ерекше.
Әдебиеттер тізімі:
1) Алаш қозғалысы. – Т.1.. – А., 2004. – С.440, 505.
2) «Сарырақа» газеті, 1917 жыл, №14
3) «Сарырақа» газеті, 1917 жыл, №20
4) Қазақ» газеті, 1918 жыл, №260
5) Әбдіғалиұлы Берік.Алаш әскері. 1918-1920 жж. – Астана: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, 2017. – 392 бет.
6) «Қазақ» газеті, 1918 жыл, №263
7) «Жас азамат» газеті, 1918 жыл, №5 сан
8) «Жас азамат» газеті, 1918 жыл, №5 сан
9) «Қазақ» 1918 жыл, №264 сан