
Бұл жерде басын ашып айтатын дүние – тарихи деректерде немесе ауыз әдебиеті тәрізді фольклорлық мұраларда сақталып бүгінге жеткен мергендік сайыстардың барлық түрін қазақтың ежегі «жамбы ату» стиліне бағындырып баяндап отырмыз. Өйткені, өздеріңіз куә болғандай халқымыздың тілегей – теңіз жыр-дастандарында, ертегі – аңыздарында, қара өлең сияқты тұрмыс – салт жырларында жамбыға қатысты сан қилы деректер баршылық екен. Оған осы мақаланы оқу барысында өздеріңіз де куә боласыздар.
Демек жамбы ату стилі қазаққа тән болмаса жоғарыдағы фольклорлық мұраларда айтылмас еді. Сондай-ақ, жамбы ату стилі хақында көркем әдебиет нұсқаларында да жазылған екен. Мысалы, үлкен жазушы Iлияс Есенберлиннің 2004 жылы Алматы қаласында басылған үштомдық «Көшпендiлер» триологиясының бірінші кітабы «Алмас Қылыш» романының 158-бетінде былай деп баяндалыпты: «Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары «түн қату», «түйе жығу» секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталады. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді.
Оқи отырыңыз: Ділдәсы мен жамбысы мың түйе жүк болған
Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оқ қағары бардай, байлаған жерінен бірде-бір қозғалмай-ақ қойды.
Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді: - Жаған келе жатыр! Жол беріңдер! Жол беріңдер! Жаған жамбыны көздемей түсіреді. - әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт! Аққозы бикенің шабарманы «Бикем не бұйырады?» деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр.
Оқи отырыңыз: Жамбы ату – жауынгерлік өнер
Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасында тұрған жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен садақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де, астындағы ақбоз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз бозбала: «Жол беріңдер! Жол беріңдер!» деп ұран айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақбоз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді. Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұмтылды». Сол сияқты қырғыз халқының бай эпосы «Манас батыр» жырында:
Ат келгенше әлеумет,
Қызыққа бір батсын - деп,
Қызына жамбы атсын - деп,
Қасқара шыққан қарағай,
Қысқасына қарамай,
Ұзынынан қидырды,
Бір мыңдайын жидырды,
Алты жүз зәулім ағашты,
Жерге қадап орнатып,
Бұтақтарын қырнайды, - деп жырлаған екен. Оқырманға түсінікті болу үшін бұл мәтінді тәпсірлер болсақ, қасқара шыққан қарағайдың бір мыңдайын ұзынынан қидырып, бұтақтарын қырнап, сыптығырланған сырық ағаштарды бір-біріне жалғап алты жүз зәулім-биік ағашты жамбы атуға қолайлы арнайы алаңға орнатады.
Сырыққа байланған жамбын ату.
Суретші Қоңыр Мұхамәдиев
Шеңберден оқ өткізу.
Суретші Ж.Шәйкен.
Айқабақ ату.
Суретші Ж.Шtqкен.
Одан кейін тағыда осы жырда айтылғандай: «Темірді сымға тарттырып,
Жамбыны биік тау қылады, Сары алтынды бау қылады» да:
«Қарағайдың үстіне,
Жамбы-теңге байлатып,
Жалт қаратты даланы,
Жамбыны атып алсақ, - деп,
Әркімнің болды талабы», - деп жырлайды. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, сырық қарағайлардың үстіне арнайы дорба ыдысқа салынған «жамбы-теңге» байлатады да, оны әркімге аттырады. Қарағай басында ілулі тұрған тері дорбаның ішіндегі құнды бұйым алтын-күмісті оғы тиген мерген өзі алады. Бұл жерде ескеретін оқиға – көне деректерді жамбы ататын оқытың жебесі ағаш немесе сүйек болады. Өйткені, темір жебе жамбының дорбасын зақымдайтындықтан онымен атпайды.
Жалпы бұл жерде біз жамбы атудың ежелгі ережелері хақында жазылған нақты деректі қолжазбаны кезіктіре алмасақта, тарихи тақырыпта жазылған көркем туындылармен, халық фольклорында нұсқаларында сақталған әдеби нұсқаларды көріп отырмыз. Соның бірі – 1994 жылы Қарағанда қаласында жарық көрген этнолог – тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Бұқар жырау» атты монографиясы. Осы туындының 226-бетінде: «Екі жақтың да намысқа тырысқаны «алтын қабақ» ойыны. Алғашқы бетте мергендер көп болды. Көз ұшында биік баған басында жамбының әртүрі болды. Іріктеле келе қалмақтан Шешен қыз, қазақтан Нарбота қалды. Шеше қалмақ арасында белгілі Очирту Цецен Шолайдың қызы. Оның қолындағы садағы ерекше көсем жасалған – иіні мүйіз, кәдімгі Алтайдың иір бұтақ бұғысының мүйізі, екі жақ басы жылан бейнелі, қатырып, кептіріп, жыланның өзін кигізе қойған, кірісі – зерлі қайыс жіп. Не қаруында, не киімінде, не тал бойында бір кемшілік жоқ. Нарбота көрген жерде ғашық болды.
Бәсекенің ең ауыры – тайтұяқ алтын жамбы болды. Көзі қызықтырып екі жүз қадам жерден күн сәулесіне шағылысып жарқ-жұрқ етеді, бір-ақ оқ дарымайды. Бас бәйге осы алтын жүлденің өзі. Шарт бойынша жамбының өзін емес жібін қиып түсіру керек. Қыздың садағы ауыр болды ма, әлде осыған дейнігі жарыстың қалжыратты ма, әлде «Цецен» деп айқайлап тұрған қалмақ жігіттерінің дауысы абыржытты ма, әйтеуір бір мүдірген қолы осы жолы да мүлт кетті. Содан кейін кезегі келген Нарбота «шешінген судан тайынбас» деп қорамсаққа қол салып, күшіген жүнді, түрі доғал, қайыңның өзегінен жасалған қызыл жебені алып шығып, тарамыс кіріске оқты салып жіберіп, иінін толғап атып жіберді» деп жазады.
Өздеріңіз көріп отырғандай жоғарыдағы көркем жазбада танымал этнолог-этнограф Жамбыл Омарұлы оқиғаны ойдан құрастырып отырған жоқ, бұл кісі көне деректі құжаттармен жұмыс көп жыл жұмыс істеген адам әрі халқымыздың ауыз әдебиетін де жеттік біледі. Демек, бұл кісі оқиғаны барынша дәлдікпен жазып отыр. Ескеретін дүние – бұл жерде жамбыны емес, оны іліп қойған жіпті қиып түсіру тәсілі.
Дәл осы үрдіс қазірдің өзінде үш дүркін қайталанғаны қуантады. Нақтылап айтар болсақ, сөреден 50 метр қашықта, 4 метр биік сырыққа жылқының қылын қабаттап бау тағып іліп қойған диаметрі 12 см «Тайтұяқ» жамбыны алғаш рет 2023 жылы маусым айында Жамбы атудан Көкшетау қаласында ұйымдастырылған республика чемпинонатында 16 жасар қарағандылық мерген Нұрасыл Оралхан тайтұяқтың қылын қиып түсірсе, келесі кезекте Алматы қаласында өткен республикалық турнирде Ілесбек Ғұмыр атты 14 жасар түркістандық мерген қылды қтып атса, үшінші дүркін 2024 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында өткен жарыста тәжірибелі мерген Сарыбай Айтбек қара қылды атып түсірді.
Қазіргі заманның «Тайтұяқ» жамбысы
Жамбы атудың ежелгі тәсіл-ережесі. Халқымыздың мергендік өнері жамбы ату туралы жазу барысында ойға алған дүниеміздің бірі – көне заманда жамбы атудың қандай түрі және оның нендей ережесі болғаны хақында. Жамбы атуды көне жазбаларда «шеңбер ату» немесе «доп ату» деп түсіндірілгені туралы кітаптың басында айттық. Тіпті сонау ежелгі дәуірден бізге жеткен деректе: бір қатарға арасы 40 оқбойы қашықтыққа, көмеден 20 оқбойы алыс, биіктігі аты адамның бойына шақ үш биік сырық орнататыны жазылған. Жоғарыдағы сырықтардың басына жамбыны қадап қоюға немесе арнайы көлденең ағаш орнатып оған салбыратып іліп қояатын тәсіл-ережесі болған екен. Сонымен қатар, орыс зерттеушісі М.В.Гореликтің еңбектерінде, ортағасырлық көшпенділер арасы 20 метр қашықтықта орналасқан биіктігі атты адамның бойымен бірдей биік сырыққа байлаған 3 немесе 4 нысананы атпен шауып келе жатып, ағаш жебелі қысқа садақпен ататыны айтылады (Горелик М. В. Оружие Древнего Востока. IV тысячелетие — IV век до н. э).
Жоғарыда айтылған деректі-пайымдарды қортындылап айтар болсақ, жамбы атудың түрлері көп екені байқалады. Мысалы:
Біріншіден, жамбы атудың классикалық үлгісі сырық басына қойылған немесе көлденең ілінген нысананы ату. Ішіне құнды бұйым (алтын - күміс) салынған нысананы оғы дарыған мерген өзі олжалайды.
Екіншіден, мергендер арнайы тігілген нысананы (тері, қайыс, сұр, жалау, т.б.) атады. Оғы дарыған адам бәйгелі болады. Яғни, осы сайыс үшін тағайындаған жүлдені (алтын – күміс немесе асыл бұйымдар) жеңіп алады.
Үшіншіден, мергендер шеңбер нысанадан оқ өткізіп жарысады. Оғы дарыған мерген тағайындалған жамбы-сыйлықты алады.
Төртіншіден, мергендер оқ оздырып жарысады. Оғы алысқа түскен мерген арнайы тағайындаған жамбы-сыйлыққа ие болады.
Бесіншіден, «Айқабақ» немесе «Алтын қабақ» ату тәсілі. Яғни, биік сырықтың басына ілінген нысананы (Айқабақ – Алтын қабақ) мергенде ат үстінде шауып келе жатып атады. Нысанаға оғы дарыған мерген арнайы тағайындалған қымбат сыйлық жамбыны алады.
Бұл жерде мергендерге берілетін сыйлық жамбы хақында айтар болсақ, бұл жүлденің түрі көп. Адам баласына қажет бағалы заттың бәрі жамбының рөлін атқара береді. Сол себепті, жамбының арнайы дайындалған нұсқасы және әртүрлі қымбат бұйымдарды жинап, дорбаға салып жамбы ретінде дайындаған нұсқасы барын айтқан дұрыс. Демек, жамбы дегеніміз қатып қалған дүние емес, адамдардың жағдайына, дүние-мүлкінің деңгейіне байланысты өзгеріп отыратын бұйым. Жамбы бірде нысана рөлін атқарса, бірде сыйақы міндетін атқарады.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, жамбы ату өнері сан-саналы әрі әлеуметтік маңызы бай мұра. Бұл өнерді дамыту арқылы біз халқымыздың генеологиялық болмысы мен түйсігінде сақталып келген жадысын жаңғырта аламыз.
Алты торпақ, төрт тайға,
Тоғыз жамбы, тоғыз ат,
Атып алған ақ семсер
(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 75-б)
Бастады Сары батыр енді тойын,
Жамбы ату, күрес, көкпар болды ойын.
Шашуға ағайыны әкеп жатыр,
Біреу ат, біреу түйе, біреу қойын
(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 61-том. 60-б)
Шешесімен көрісіп,
Енді атына мінеді,
Жамбыға қарай жүреді.
Садақты қолға алады,
Жамбыны атып қалады.
Жамбыны атып түсіріп,
Ұлтанға жетіп барады.
(Алпамыс батыр жыры: 1939 жылы С. Мұқанов құрастырған «Батырлар жыры» кітабында жарияланған нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 33 – том. 318-б).
Раушан болды бiр күнi,
Кiсi едi патша ақылды.
Жүктi болды әйелi,
Той қылып, халқын шақырды.
Жамбы тiгiп аттырып,
Күрестiрдi батырды.
Ырза қылып қайтарды
Алыс пенен жақынды
(«Қисса Шеризат – Күлшат» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 18 – том. 161-б)
Ал жамбының түбіне,
Садағымен үңіле,
Мергендер келді жалақтап,
Мергендер қызық істепті,
Қамшыларын тістепті,
Аттарынан түсіпті,
Көкірегі ісіпті,
Мойындары ұзарып,
Білтелері қызарып,
Жамбыға қадап көздерін,
Ұмытқандай өздерін,
Қызығымен, дуымен,
Жұмысы жоқ өзгенің,
(«МАНАС». Екінші кітап: Қазақ Мемлекетік Көркем Әдебиет Баспасы. Алматы – 1962 жыл. 62-б)