Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөкей Ордасының соңғы ханы

112
Бөкей Ордасының соңғы ханы - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

 Қазақтың арғы бергі тарихында, оның ішінде Алтын орданың бастауында тұрған Жошы ханнан кейін, Шыңғыс хан ұрпағынан тарайтын хандардың болғаны белгілі. Олардың әрқайсысының уақытында тарихи туындаған жағдайға байланысты да әртүрлі тағдырлар сәйкес келген. Біразы Жоңғар шапқыншылығымен сәйкес келіп аттың үстінде ақ найзамен, алмас қылыш ұстап қол бастағандары да бар. Үш жүздің басын біріктіріп үлкен мемлекетке айналдырған Абылайдан кейін, қайтадан әр жүздің өзінің хандары болған. Кіші жүзден Әбілхайыр-Мұхаммед-Ғазы-бахадүр 18 ғасыр басында Кіші жүз бен Орта жүзге ықпал жасап Түркістанды астана етті. Одан кейін ығысып Кіші жүзге хандық құрғаны белгілі. 

Әбілхайыр балалары әкесі қалдырған мұрагерлік жолды сан тарау өрбітіп, тақ иеленіп, билеуші сұлтандар, басқарушы әкімдер лауазымын қолдан шығармай өтті. Одан өте заманынан дорми мүшелері сайланып, халық комиссарлары қойылып – екі ғасыр бойы атадан дарыған билікті бекем ұстады. 

Соның жалғасы ретінде Жайықтан Еділ бетіне өтіп жер алып, ел қоныстандырып Бөкей хан – Бөкей ордасының басында тұрды. Бөкей небары үш-ақ жыл хандық қызмет атқарсада қазақта: «Еділді алды, елді алды, Жайықты алды, жерді алды» деген қазақтың жерін қайтарып, Ресей патшасынан рұқсат алып, ел қоныстандырды. Оның ұлы Жәңгір қазақтың ресми сайланған бекітілген соңғы ханы. Әбілхайыр бабасы Ресейге қол беріп, бодандыққа өткен соң қазақ хандарын Ресей патшасы бекітетін болған. Сонымен қазақты қайтадан Еуропа кеңістігіне алып өткен алғашқы Бөкей хан болса оны ары қарата Жәңгір лайықты өрбітті. 

1824 жылдың 26 маусымында Жәңгірді хан тағайындау рәсімі өтті. Жәңгірге арналған патша сарайының грамотасымен Жайықтың арғы беті мен Астрахан губерниясының далаларында қоныстанған Қазақ ордасының игі жақсылары мен халқына жариялау граммотасы жарияланды. 

Міне, содан бері екі жүз жыл өтіпті. Көзі қарақты азаматтар 1912 жылы Романовтардың таққа отырғанының 300 жылдығын өте жоғары халықаралық деңгейде өткізгені белгілі.  Өз жақсыларын ұлықтамаған ұлттың болашағы бұлыңғыр болатыны белгілі. Сондықтан қазақтың соңғы ханының таққа отыруына 200 жылдығында естіген, білген, оқығанымды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Айтаныны, 23 жасында хан сайланған Жәңгір 22 жыл хандық құрды. Бұл қазақ хандарының ішіндегі ең ұзақ уақыттың бірі. 

Жәңгір қалы кілемге тізе бүгіп, ант қабылдады, құранды сүйіп төбесіне көтереді. Ант қағазына қолын қойып мөрін басады. Орал войскосының артиллериясы хан құрметіне он бір дүркін залп берді. Патшаның сыйға тартқан бұлғын ішікті жамылып, белінен алмас қылыш байлайды. 

Жәңгірді ұлықтау салтанаты өткен ағашты жұрт «Хан тоғайы» атап кетті. Жәңгірдің білімдарлығы мен бекзаттығы талайлардың таңдайын қақтырды. Жайықтың далалық жағындағы Кіші жүзден 66 сұлтан, старшын, билердің өздері мойындап Жәңгірдің қарауына өтіп, Жәңгірді «Кіші жүз қазақ ордасының ханы» деп мәртебеледі.  Ханды мадақтаған бір жырда:

                   Түпкі бабаң белгілі

                   Баһадүр Шыңғыс хан екен

                   Арғы атаң атақты Әбілхайыр, Нұралы

                   Кіші жұздің елінде 

                   Жарық бір жанған шам екен.

                   Бабаң Бөкей бас болып

                   Көлденең жатқан Жайықтан 

                   Көктей өтіп ел бастап

                   Қоныс алған хан Жәңгір.

Қазақтың ғасырлар бойы армандаған ойы-Астраханға дейінгі жерге көшіп-қонуға мүмкіндігі туындайды. Содан кейін екі ғасыр өткен соң Ресейдің Астрахан облысының Краснояр ауданындағы Кішіарал ауылында қазақ ханы Бөкейге шығыстың дәстүрлі сәулет үлгісімен кесене күмбезі көтерілді. 

1824 жылдың 12 қыркүйегінде Жәңгір Орынборда 1 Александр патшамен кездеседі. Оралда тәж киіп, Орынборда патшадан бата алған Жәңгір ордасында толық құқылы билеуші болады. Бұл кезде қазақты басқаруда реформалар жүргізіліп, хан атағы жойылып, аға сұлтан-правитель билігі енгізіліп жатқанда Жәңгірдің білімдарлығы, Астрахан губернатор үйінде тәрбиеленіп Еуропаша тәрбиесі соңғы хан ретінде билікте қалуына мүмкіндік берді. 

Хандық дәстүрді берік ұстанған әрі жаңа реформаларды жетік түсінген Жәңгір өз билігін жаңа басқару жүйесіне бейімдеді. Жәңгір ордасын 32 ұлысқа, 12 руға бөлді. Рубасына 10 сұлтанға ел ішіндегі ахуалды қадағалау, ханның барлық әмірін қалтқысыз орындау міндеттері жүктелді. Ұлыстарға старшындар тағайындалды, олар халықтан зекет пен соғым жеткізіп беруге тиіс болды. Елге сыйлы 12 биден хан кеңесін енгізді. Жәңгір өз ұйғарымымен еңбегі үшін «Тархандық» атақ енгізді. Ол адам алым-салықтан босатылды. Бұл кезде Жәңгірдің генерал-майор әскери атағы болатын.

Орданы жалпы басқару екі арнадан тоғысты. Бірінші –діни басқару болса, оны жолға қойған тікелей Жәңгірдің өзі еді. Жәңгірге дейін бұл небары он бес қара дүмше молда болған. Хан татардан ілім мен хадистың майын ішкен оқымысты молда алдырып жұртты имандылыққа бет бұрғызды. Арасынан ахун сайлады. Кейін осы елде білімді 128 молда болған. 

Екіншісі – азаматтық басқару. Жәңгір ордасында рулық-одақтастық құрылымды берік орнатты. Мысалы:

-Беріштен – 3600 түтін;

-Шеркеш – 2000 түтін;

- Алаша – 2300 түтін;

-Адай - 1600 түтін;

-Байбақты – 1200 үй;

-Тана – 1200 үй;

-Жетіру – 1200 шаырақ;

-Жаппас – 850 шаңырақ;

-Төлеңгіт – 500 үй;

-Қожа – 500 үй, барлығы 14 950 түтін.

Біртіндеп халықтың келуінің нәтижесінде Ішкі Бөкей ордасы Жәңгір ханның тұсында 23 мың түтінге дейін жетті. Жәңгір енді астана салуға рұқсат алып, Жасқұсқа табан тіреп, Орынбор әскери губернаторынан рұқсат сұраған. 

Губернатор Эссен Сыртқы Істер Министрлігінің Азия департаментінен рұқсат алып, құрылыс комитеті үйдің жобасын дайындап, қасбетін еңселендіріп, шығынды есептейді. Оған кететін құрылыс материалдары мен салу жұмысына 36 102 рубль қажет екен. Қаржы Министрлігі соны берген соң 

Жәңгір Мәскеуге келгенде патшаға ауызба-ауыз айтудың ретін тапқан. Содан жедел шешімін тауып, хан үйі бой көтереді. Жасқұстан астана сала отырып хан өз бастамасымен қазақ сұлтандарына отырықшылықтың үлгісін көрсетті. Алғашқы жылдары қиын болғанымен 1845 жылы Жасқұста 59 қарағаш, 32 сайсең кірпіштен салынған үй, 10 лавка, 15 қойма болды.

Хан үйінің ішкі-сыртқы салтанатынан еуропалық тұрмыстың барша ауқаттылығы мен реттілігін табуға болатын. Жиырма үш бөлменің дүние мүлкі үлкен талғаммен жинақталды. Дүниеқорлық ханға жат қасиет еді. Оның жиған-тергені мәдениеттік заттың көрінісі, тарихи, рухани мұралар, қару-жарақ, кітапхана болатын. 

Төрт терезелі ханның қабылдау залы еуропа жиһазымен мұнтаздалды. Кіреберіс оң жақта астрономиялық сағат қойылған. Қызыл-күрең комод үстіне қойылған оның төрт бұрышында жер, аспан және екі глобусы, сағаттың соғуын орган үнімен бергенде ай глобустары қозғалып, аспан шырағының осы кездегі фазаларын көрсететін. Қонақ бөлменің төрінде Николай патшаның, Жәңгір ханның және болашақ мұрагер Сақыпкерейдің портреттері ілулі тұрды. Барлық өкім, ісқағаздар кеңседе тіркелетін еді.

Хан ордасын Жасқұста орнатуға оның орналасқан жерінің тиімділігін ескерген. Жасқұс Астрахан, Саратов губернияларымен және Орал шебімен үш жолдың торабында тұрды. Астрахан бағытына пошта жолы ыңғайладырылды. Үш жерге станция орнатылып, оларда үш жегін ат, бір салт мінетін ат дайын, пошта арбасы мен шанасы әбзелдерімен сай тұратын. 

Жасқұстан Оралға дейін 500, Орынборға дейін 805, Петербургке дейін 1976 шақырым жерді хан каретасы жүріп өтті. 250 шақырымдық Астрахан мен 350 шақырымдық Саратов патша жолы ретінде аса қашық саналмайтын.

1825 жылы сырқаттан қиналғандар шипа алу үшін аурухана салып, аптека ашып емдейтін, обаға қарсы егетін фельдшер мен Санкт-Петербург медицина-хирургиялық академиясында аттестаудан өткен тәжірибелі маманды ордасына қызметке шақырады.  

Хан Торғын өзенінің бойында жазғы ордасын салуды мақсат еткен. Торғын өзеніне бөгет тұрғызып, аңғарларға су шығарады. Торғын өзенінің арғы бетінде орыс селениесі болатын. Суармалы шабындыққа екі жақ бірдей кенелді, қуаң жерлерде шалғын жайқалды.

Жәңгірдің халықты отырықшылыққа икемдеуі нәтижесіз болмады. Жасқұсты қойып дала төсінде жертөлелер мен қыстаулар көбейді. Олардың есебін жүргізе келе, бір мыңға жеткеніне Жәңгір ерекше қуанды. 

Ресей патшалығының тарапынан қазақтың діни ұстанымына шектеу қойылған жоқ. Жәңгір таққа отырғанаға дейін Бөкей ордасында дін жолындағылар сирек болды. Ауқатты сұлтандар мен пайғамбардың үмбеті қожалар арасынан болмаса, ол тұста намазға жығылып, сәлде салып жүруді қыр халқы әдет қыла қоймаған. Ал Жәңгірдің өзі бес уақыт намазын құр жібермейтін тақуа адам еді. Жәңгірге дейін мұнда небәрі 15 молда болған екен. Олардың дені діни танымы шектеулі, кей жағдайда дүмше келетін. Көңілі толмаған хан татардан оқыған тоқығаны мол мұсылмандардың қағидаларын ғылыми уағыздай алатын бірнеше молда алдырады. Оларға қазақтарды шариғатқа, аят-хадисты баулауды тапсырды. Сынақтан сүрінбей өткендерден руларға молда етіп тағайындады. Ханның талабы бойынша молдалар ордадағы рухани саланы қадағалады. 

Руларға тағайындалған 126 молда ел ішінде халықтың ұлтқа тән мінез-құлқын, салт-дәстүрі мен мұсылманшылық қағидаларын сақтауға ұйытқы болды. Жәңгір молдаларға Қазанда басылған құран кітаптарын, христоматия оқулығын қымбаттығына қарамай әрқайсысына екі-үш қойдан бағасын беріп алып берді. 

Жәңгір 1826 жылы Орал қаласынан мешіт үйін салдыруға рұқсат алды. Қаланың шетінен Қарауыл Қожа Бабажановтың қаржысына ағаштан қиылған мешіт салдырды. Жәңгірдің бастамасымен халықтан жиылған қаржыға Орынборда үлкен мешіт салынды. 1825 жылы өзінің ордасы Жасқұста ең көрікті құрылыстың біреуі саналған мешіт салдырды. 

Мешітті көбейту үшін тер төккен Жәңгір керісінше ордада православие дінінің әрекет етуіне үзілді-кесілді қарсы болды. Жәңгір мақсат еткен рухани сенімділік, мінез-құлық, тәрбиелік, ағартушылық бағыты ұзақ жылдар халықтың мүддесіне қызмет етті. Қазан төңкерісіне дейін Бөкей ордасындағы 128 мешітте Мекке, Қазан, Уфа, Орта Азия діни орталықтарында білім алған мамандар қызмет етті. 

Алыс-жақыннан келген меймандар әсіресе Жәңгірдің қарулар жинағына таңдай қағатын болатын. Жеке бір бөлме қару-жарақпен жасандырылды. Қызыл ағаштан шкафтар жасатып, шынылатып, ішіне азиялық сауыттар, қалқандар, дулығалар қойылды. Қабырғада самсаған салы, күрзі, жаркескен, қылыш, қанжар, алуан түрлі мылтық сән өрді. Сирек кездесетін нәрселерді білгір Жәңгір оларды алуға ақша аямайтын. 

Ресей патшалары Анна Иоановнаның Әбілқайырға, Елизавета патшаның 1742 жылы Әбілқайырға, 1749 жылы Нұралыға, Екатеринаның 1775 жылы Нұралыға, Александрдың 1802 жылы Бөкейге, 1823 жылы өзіне берген атаулы-жазулы қылыштары Жәңгір сарайының төрін қазақ билігінің айбынындай асқақтатты. Қару-жарақ көрмелігінің бас мұрағатшысы Жәңгірдің өзі еді. 

Мұндай қару-жарақ жинағымен сол тұста осы аймақта Жәңгірден басқа тек екі адам – Орынбор губернаторы Перовский мен іргедегі Хошеут ұлысының билеушісі 1812 жылғы Напалеон соғысының батыры, қалмақ князі Сербеджад Түменов қана мақтана алатын.

Пятигорскіге барып, ыстық қайнарға емделгенде шеркештердің қолынана шыққан қару-жарақ, ер-тұрмандарға қызығып, сол жақтан шеркеш отбасын көшіріп алып келіп, халыққа қару соғуды, зергер өнерін үйретеді. 

Хан қайтыс болған соң мұрагерлік жолмен ұрпақтары бөліп алады.  Бұрыннан да орда халқы мен Ресей елінің сауда-саттығы Сарыөзен сағасында өтетін. Әдетте, ортадағы делдал дәнекер ретінде татар саудагерлері жүретін. Жәңгір таққа отырған жиырмасыншы жылдардың орта шенінде ресейліктер орда қазақтарынан үш жүз мыңдай қой, қой майын, ешкі түбітін, қойдың, жылқының терісін алатын. Татарлар терілерді қазақтардан арзанға алып, Ресейге қымбатқа сатып көп пайда табатын. Орал қазақтары Сарыөзенде отыз мекен салса, татарлар қырық қыстау салып, сауданы қыздырып, қазан, қараша, желтоқсан айларына дейін жүретін еді. Малды алысқа айдап барған қазақтар алданып келген, тілмаштардың жетегінде жүруі сияқты қолайсыздықтарды ескеріп Жәңгір Сенатқа хат жолдап, сенатор Энгельге жәрмеңкені Жасқұсқа ауыстыруға рұқсат алды. 

1832 жылдың тамызында патшаның «Нарын құмында Жасқұстың солтүстік-батыс кемерінде тұрақты жәрмеңке ашылсын» деген жарлығы шықты. 1833 жылы 14 қаңтарда «старшындарға, қарамағындағы елдің сататын малын, айырбастайтын заттарын ұйымдасқан түрде жәрмеңкеге жеткізуге жауаптысыздар» деген жарлығы шықты. Сөйтіп, Жәңгір ордасында жылына екі рет, 15 сәуірден және 15 қыркүйектен бастап жәрмеңке өткізле бастады.  Онда қазақтар мал мен оның өнімдерін сатып, айырбастап отырды. Ханның өзі бұған үлкен мән беріп, ол өтетін кездері ешқайда сапарламастан ордасында болуға тырысты. 

Жәрмеңкеге Жәңгір ордасына Ресей империясының түрлі губернияларынан саудагерлер ағылды.  Тауарын теңдеп әкелген капиталистер қазаққа керекті заттарды жәрмеңке сөрелеріне аямай төкті. 1835 жылы айналымдағы ақша капиталын айтпағанда екі миллион рубльдың тауары әкелінеді. Жасқұстың маңында екі жүзге жуық киіз үй қалашығы бой көтерді. Сырттан келушілер өздеріне баспанаға, тауарларын сақтауға отыз рубльге қазақтың үйін жалға алатын болды. Қырдан жүз мыңға дейін қой, алты мың ірі қара, екі мың жылқы келіп ақшаға өтіп кетті. Жылқы мен сиыр, қой терісі, елтірі, түбіт жабағы, түйе жүн, аттың жал-құйрығы, киіз бен текемет, аң терісі ерекше сұранысқа ие болды. Жәрмеңкенің дүбірі алысқа жетті. Жеке саудагерлер емес, өнім шығаратындардан ұсыныстар түсе бастады. Бірқатар кәсіпкерлер ханның жеке қамқор-кепілдігін алуға тырысты. Ірі көпестер Ішкі Ордада сауда компанияларын құру туралы ұсыныстар жасады, хан оларды құптады.

Хан жәрмеңке ұйымдастыру, сауда жасау мәдениетіне көп мән берді. Сүйінішқали Жаналиев сұлтанды базарбасы тағайындап, қолына «Хан ордасында жәрмеңке өткізудің ережелерін ұстатты».  Жиырма бір баптан тұратын ережені ханның енгізген сауда заңы деп қарауға болады. Жаналиевке үлкен өкілеттік бере отырып, заңдық тәртіппен қоса адамгершілік құқықтың сақталуын қатаң талап етті. Ру басшылары мен старшындарды жинап хан жұрттың тауар таңдауда басқаларға желінбеуін түсіндіріп, оңаша сыр айтты. 

Жәрменкедегі сауда-саттық, айырбас, сұраныс-тапсырыс қатынастары бір империя ішіндегі екі елдің экономикалық шаруашылық байланысын нығайта түсті. Жылына келетіндер саны 2-5 мың дейін жетті. 1887 жылы Уақытша Кеңес жәрменке орнын Мұратсай мекеніне көшіруді ұйғарды. Кей жылдарда жәрменке үш рет өткізілді. 1832 жылы Жәңгір хан ұйымдастырған жәрменке осылайша дәл бір ғасыр дүбірлеп тұрып, 1929 жылы Кеңес үкіметі ауқаттыларды кәмпескелеп, елдің басқа өңіріне жер аударған кезде жабылды. 

Шынында қазақтың жаңашыл ханы Жәңгір жәрмеңкесі халыққа қат нәрсенің бәрі табылатын, баршаға бай-құт, игілік еді. Халқына Жәңгірдей қызмет еткен хан бола қоймаған шығар.  

 Ерғали ДІЛДӘБЕК  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?