Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жылқыға төнген зауал

3834
Жылқыға төнген зауал - e-history.kz
Совет өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде, 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты

Қазақты жуасыту үшін не керек?

Қазақ халқы үшін жылқы түлігінің тарихи-әлеуметтік маңызы өте зор. Атақты ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай:

Жанына халқымыздың жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы,

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан...

Яғни, қазақ халқы сонау ықылым замандарда ат үстінде жүріп, елін-жерін жаудан қорғаған және аламан жорықтарға аттанып, олжа әкелген. Аталарымыздың, «Ер қанаты - ат» немесе «Атқа міне, ердің арқасы қозады» дейтін тәмсілінде бағзы заманның сыры жатыр. Қазақ даласын отарлаушылар қай заманда болмасын, қазақ пен жылқының рухани-тұрмыстық һәм жауынгерлік байланысын жақсы білген. Мысалы, Сібір шебінің әскери бастығы генерал-майор Веймарн Сыртқы істер коллегиясына берген құпия баяндамасында: «Қазақты тыныштандырып, жуасыту үшін, білдіртпей, бірте-бірте қазақтың күші мен байлығының қоры – жылқысын азайту, кеміту керек, қазақтың жылқысы болмаса, бізге қауіпсіз болады. Қазақ амалсыз тынышталады»,  – дейді (Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1995. – 36-б.).

«Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіров ат үстінде ►

Сол сияқты, жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабай өзінің «Қазақ жылқысының тарихы» атты еңбегінде, ХІХ ғасырдың аяғында Зайсан маңында өмір сүрген орыс-казактарының атаманы Рябушкин: «Бұл қазақ дейтін атқа мінсе жынданып, есерленіп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Қазақты бағнышты ұстау үшін, аттан айыру керек. Қазақ қалай аттан айырылады - бұдан бағынышты, бұдан момақан, бұдан сорлы халық жоқ» дегенді айтады.

Дәл осы пікір 1930-ыншы жылдары Қазақстанды басқаруға келген Голощекиннің де аузынан шықты. Ол: «Ең бірінші, қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды» деген ұстанымынан еш айныған жоқ.

Жылқыны қасақана қырды

Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы өзінің кезекті бір сұхбатында: «Совет өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде, 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты аңғарған отарлаушылар қазақты мүлде жүген ұстатып, жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де, Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады... Ата-бабадан мұра болып келген төрт түлік «падишасы» жылқы түлігі Кеңес үкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды», – дейді.

Пулеметпен жусатқаны жайлы дерек

Қазақтың тағы бір қабырғалы қаламгері Қалихан Ысқақов өзінің жазбасында: «Біздің елде өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары ел асыраған зиялы азаматтарының бірде-бірінің қазір елде зираты да жоқ. Сол жылдары колхоз ұйымдастырамыз деп, белсенділер бытырап жүрген елді бір жерге жинағанымен, түн ішінде жүктерін артып алып, жан-жаққа қашып кетеді екен. Халық әлі тұрақтанып болмаған, киіз үйде отырған Қаратай елін күндіз әкеліп бір жерге қамаса, түнде үйлерін жығып алып Қытай асып, Моңғол асып кете берген.

Содан аудан бойынша әлгі белсенділер «маңқа» болды деп, жұрттың жылқысын жиып алып, әр ауылдың тұсына ор қаздырып, пулеметпен түгін қалдырмай қырып тастаған. Одан кейін соғыс келді. Он сегіз бен қырықтың арасындағы жастардың бәрі майданға аттанды. Ал қырықтан асқандардың бәрін «труд армияға» алып кетті. Содан біздің өлке «жетімдер мен жесірлердің өлкесі» деп атанды» деп жазыпты.

Қанша жылқыдан айырылдық?

Қысқасы, қазақ даласында 1916 жылы 4,3 млн. жылқы болса (1928 жылғы КСРО атласы құжаттамасынан) 1940-шы жылдың басында 1 млн.-ға жетер-жетпес жылқы қалыпты. Бұл жылқылардың 30 пайызын Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда зеңбірек сүйретуге майданға аттандырды.

Осылай қолындағы малынан айырылып, онымен қоса, ғасырлар бойы байы кедейін асырап, кедейі байдың малын бағып күн көріп келген көшпелі тұрмыстық жүйенің күйреуінен және мал басының орасан зор кемуінің салдарынан қазақ даласына бұрын-соңды болмаған сұмдық зауал, ешқашан орны толмас нәубет аштық дейтін сұрапыл келіп жетті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?