Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рим легионерлері ғұн ордасын қалай қорғады?

2614
Рим легионерлері ғұн ордасын қалай қорғады? - e-history.kz
Орайы келіп тұрғанда, бірнеше ұсыныс айтқымыз келеді. Біріншіден, осы тақырыпта арнайы көркем фильм түсіру. Жаңа ғана алдарыңызға үзінділер түрінде болса да дайын сценарий үлгісін паш етпедік пе?!

Рим легионерлері де қазақ тарихының бір бөлігі дегенге қалай қарайсыздар? Иә, иә, кәдімгі өздеріңіз кітаптардан оқып, шетелдік фильмдерден көріп жүрген, байрағы желбірей, сұлу қыздың тістеріндей тізіліп, сап құрған қызыл айдарлы сұр әскер.

Қалай... қалайша... дейсіз бе? Айтайық. Ол ол ма, тіптен, ғұн әскерінің құрамында ел астанасын қорғап, Қазақстан аумағында қытайлармен соғысқан десек сенесіз бе? Бірақ, ата тарих тұңғиығына үңілсек, шындығы да солай болған тәрізді. Дәл мұны ғылым толық мойындамағанымен, гипотеза ретінде өте салмақты деп санайды. Несін айта береміз, оқиғалар тізбесі сонау Месопотамиядан бастап Батыс Қытайға дейінгі аралықта жүріп өтетін бұл шытырманның шым-шытырығы голливудтық тарихи боевиктерден бір де кем емес.

 

Бұл жерде, ерлік баянымызды бастамас бұрын, ең әуелі басты кейіпкерлерімен таныстырып өтсек.

Ғұндар: ежелгі көшпелі ел. Түркі-моңғол халықтарының арғы тегі болып есептеледі. «Хунну», «сюнну» атауларымен де мәлім. Заманында Қытайдың солтүстігі мен батысын, Моңғолия, Манжурия мен Оңтүстік Сібір аумағын, Орта Азияны бауырына басты. Батыс Еуропаға дейні жетті. Тарихта жаулап алушылық жорықтарымен қалды.

Парфиялықтар: сақтардың дах/дай одағының бүгінгі Иранның солтүстік шығысын басып алып, кейіннен дербес шаңырағын көтерген мемлекеттің адамдары. Парфия – антикалық дәуірде Ұлы Жібек жолын бақылауда ұстаған аса ірі империялардың бірі және бір шеті – Рим, екінші шеті – ханьдік Қытаймен шекаралас болды.

Ханьдіктер: Хань династиясы билігіндегі Қытай тұрғындары. Қытай тарихындағы ең ұзақ жасаған династия. Олар құрған империя атауы кейіннен бүкіл қытайлықтардың этникалық атауына айналды. Батыс өлкелеріне қарсы басқыншылық саясат жүргізді.

Римдіктер: Аппенин жартыаралын жайлаған халық. Бүгінгі Еуроатлантика өркениетінің негізін қалаушылар. Билігі Еуропа, Азия мен Африка аймақтарына бірдей жүрген алып империя. Мәдениеті мен әскери өнері өте ерте дамыған жұрт.

Сонымен, б.д.д. 53 жыл. Таяу Шығыс. Дәлірегі қазіргі Түркияның Харран қаласының маңы.  

Рим консулы, Спартак көтерілісін басып жаншыған даңқты қолбасы Марк Красс 50 мыңдық темір құрсанған легиондарымен Сүрен бастаған Парфияның құрамында катафрактылары бар 11 мыңдық атты әскерімен ұрыс салуда. Камера ірі планмен жүзінде қобалжу бар Крастың дидарын көрсетеді. Парфиялықтар ашық шайқасқа шықпай, алыстан үсті-үстіне садақтан оқ жаудырып тұр. Легионерлер қалқандарына тығылғанымен, сусылдаған жебелерге бәрібір ілініп жатыр. Қынадай қырылды деген осы. Красстың ұлы атты кавалериямен тойтарыс бермекші болып еді, оның тобы негізгі әскерден бөлініп, жағдайды тіптен ушықтырып алды. Міне, парфиялықтар да шабуылға шықты. Бәрі бітті. Легиондардың жартысы жер жастанып, жартысы қашып кетті. Енді бір бөлігі, әнекей, тұтқынға түсіп, қаздай тізіліп, айдалып барады.

Стоп кадр. Біздің әңгімеміздің ұйытқылары міне, осы міскіндер. Тарихшылар сол соғыста қолға түскен легионерлердің жалпы санын 10 мыңның о жақ, бұ жағы деседі. Олардың бұдан арғы тағдырына қатысты бірнеше теория бар. Оның ең қисындысы – қолға түсіп, пұшайман болған жауынгерлер отанынан өте алысқа, Парфияның шығыс шекараларын күзетуге жіберілді деп келеді. Яғни, құлға айналдырылып, Маргиянаға (қазіргі Түркменстан, Өзбекстан, Ауғанстаннның жекелеген бөліктері) көшірілген-міс.

Айта кетейік, әлемдік әскери жылнамалар үшін ол сарбаздар өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарына дейін сол кеткеннен мол кетіп, хабарсыз жоғалған болып есептелген еді. Алайда, қытай тарихы бойынша Оксфорд профессоры Гомер Дабс сол уақытта олардың дерегін жоғарыда суреттелген оқиғадан 20 жылдан кейін, яғни, б.з.д. 36 жылы қазіргі Жамбыл облысы аумағында Чжичжичэн үшін ғұн және қытай әскерлері арасында болып өткен Талас шайқасынан шығарды (H. Dubs. An Ancient Military Contact Between Romans and Chinese. American Journal of Philology, 1941). Оның пайымдауынша, легионерлер Парфия қамытынан азат болу үшін ғұндар ордасына не өздері қашып барған, не сыйға берілген немесе жалдамалылар ретінде тартылған. Қалай десе де, римдіктер үшін ата жаулары – Парфия мүддесіне жегілгеннен гөрі бұл қызмет ең оңтайлы нұсқа болғандай.

Осы тұста аталған шайқасқа себеп болған аймақтағы геосаяси жағдайды тарқатып өтпей болмайды. Дәлірек айтқанда, б.д.д. 49  жылы Хунну державасындағы азамат соғысы кезінде тақ мұрагерлерінің бірі – Чжичжи-шаньюй (Хутуусы) билік үшін күресте өзінің бауыры Хуханье-шаньюйден (Қытаймен ниеттес) жеңіліс тапты. Мұның салдары Чжичжидің 3 мыңға жуық өз жақтасымен мемлекеттің батыс шекарасынан ары шығындап кетуге әкеп соқты. Сол жақта ол Қаңлы елімен одақ құрып, жергілікті үйсіндер мен ферғаналықтарды бірнеше қақтығыстарда жеңіп шығып, мол олжаға кенелді. Сондай-ақ төңіректегі бірқатар тайпаларды бағындырды. Бұдан соң жаңадан күш алған бірлестігін орталықтандыру үшін Талас аңғарында жаңа ордасын салуға кірісті. Ол қорғанды 500 жұмысшы 2 жыл бойы салды және айналасының барлығына ор қазылып, үшкір қадалар мен қазықтар қағылып, ықтималды жаулаушыларға қарсы бүкіл қорғаныстық құрылыстармен бекітілді (Mc. Govern. The Early Empires of Central Asia. London, 1939).

Бұл уақыттағы қытайдың Хань династиясының батыс аймағында әлдебір қылмысы үшін жер аударылған офицер шеніндегі Чэнь Тан есімді шенеунік болды. Бір ғажабы, ол Император алдындағы айыбын жуу үшін орталықтан әскер алдырмай-ақ, осындағы басшыларды көндіріп, қытайлықтар мен жергілікті тұрғындардан құрылған 40 мыңдық әскери экспедиция ұйымдастыра алды. Бұл жорыққа Чжичжидің бұған дейін Қытай елшісін өлтіруі себеп болды. Жазалаушы әскер б.д.д. 36 жылы алдымен одақтас үйсіндер жерін көктей басып өтіп, Шу аңғарында қаңлы атты әскерінің соққысына төтеп берді, көп ұзамай шаньюй ордасының өзін де қоршауға алды.

Біз енді өз легионерлерімізді ғұн аламанымен бірге орда қорғаушылары рөлінде көреміз. Жақсылап қарап алыңыз. Камера. Прожекторлы жарықты түсіріңдер! Мотор!

Мінекейіңіз, хуннулар шапқыншыларды күмбезінде бес түсті ту қадалған қамал қабырғаларынан ары қуып тастамақшы. Қап! Нәтиже бермеді. Осы уақытта төрт бұрышты қалқандарын балықтың қабыршақтарындай, бір саңылаусыз қиюластыра ұстаған, түрі де, сипаты да бөлек әскер қорғанның екі қақпасын қорғауда. Алайда, қытайлықтар өздерінің сандық басымдығына үстеме, техникалық басымдығының бірі – арбалеттерден жебелерін боратып, оларға қатты шығын келтіре алмаса да кері серпіп тастады. Жауған жебеден қорғаушылар бас көтере алар емес. Бір кезде, о жаратқан, ордасын ерлікпен қорғап жүрген Чжичжидің мұрнына оқ келіп тиді. Камераны жақындата түсеміз. Масқара! Әміршінің бет-жүзін қан жуып кетіпті. Серіктері оның денесін көтеріп, ішкі сарайға алып барады.

Тағы бір эпизод керек пе? No problem!

Осы түні қаңлы әскері қытайлардың ту сыртынан келіп ұрып еді, әттең, тағы да болмады. Арбалетшілер бет қаратпады. Сонымен қатар, қытайлар қорған айналасындағы шұңқырларды көме бастады.

Үшінші эпизод...

Қытай армиясы тіке шабуылмен қорғанды қаланы алды. Қорғаушылардың қарсылығы басып жаншылды. Көсем сарайына басып кірген сарбаздар шаньюйдің өлі мүрдесінің үстінен шықты. Дереу императорға жөнелту үшін басы кесіліп алынды. Ізінше, оның әйелі мен ұлының да басы алынды.

Мінекей, қытай шенеунігінің есеп парағы көрінді. Үлкен планмен, онда қолға түскен 1518 хуннудың өлтірілгені және 145 бөтен нәсілді сарбаз бен мыңнан аса адамның тұтқындалу деректері көрініс тапты.

 

Бұдан әрі мінекей, қытай әскерлері көгендеп алып кетіп бара жатқан адамдар арасында тағы да баяғы римдік тұтқындардың сұлбалары көрінеді. Тағдыр шығар, тағы да жесір болып, тұтқынға кетті.

Көріп тұрғандарыңыздай, мұның барлығы «Ертедегі Хань тарихы» атты тарихи хроника мен Г. Дабстың, Н.Я. Бичурин ((Иакинф), Тун-цзян Гань-му за, 1936 г.) мен Л.Н. Гумилёвтің (Исследования по истории культуры народов Востока. Сборник в честь академика И.А.Орбели. М.-Л., 1960 г.) ғылыми еңбектеріндегі осы қорғанның алынуының көркем бейнеленген түрі ғана. Шындығында, орданың талқандалуының дәл осылай болғаны анық. Бірақ, біз өзіміздің легионерлермізге қайта ораламыз.

Жоғарыда атап өтілген Хань тарихындағы «Чэнь Танның өмірбаяны» атты бөлімде аталған шайқас барысында «өзгеше әскердің пайда болғандығы» және олардың «145-нің қолға түскені» жазылған.

«Ғұндарға шабуыл кезінде Чэнь Тан жаяу әскерлерге тап болды. Біртүрлі әскер. Олар балық қабыршағы тәрізді сап құрып, қалқандарымен өз-өздерін жапты. Олар тасбақаның сауыты тәрізді жүріп отырды. Оларға оқ өтпеді, қылышпен де шабылмады» (еркін аударма) делінген тарихи хроникада.

«Б.д.д. 36 жылғы Талас шайқасы» атты зерттеуінде Л. Гумилёв те: «Балық қабыршағы тәрізді сап құрған жаяу әскерлер екі қақпаны қорғап тұрды. Бұлар римдіктер болған тәрізді. Алайда, қытайлықтар өздерінің жіңішке жебелерін жұмсап, қарсыластарын қорғанға қарай қуып тықты» (еркін аударма) дейді.

Азиядағы римдіктер ізін табушылардың алғашқысы болған қытайтанушы ғалым Дабс та мұның римдік атышулы әскери сап «тасбақа» (testudo) тактикасына сілтеме беретінін айтады.

Жалпылай алғанда, көптеген тарихшылар мұндай орындалуы күрделі, сирек қолданылатын әскери маневрді ежелгі Рим әскерінде ғана қолданылғанын алға тартады. Демек, ғұндардың ордасын қорғауға қатысқан жаяу әскерлердің Каррада апат тапқан легиондардың қалдығы болуы әбден мүмкін.

Бұл версияның пайдасына «балық қабыршағы» деген сипаттау жанама дәлелдің біріншісі болса, екіншіден, қорғанның суреттелуі де (ордың болуы, екі қатарлы шарбақ, күзет мұнаралары) өзі үшін өзі сөйлеп тұр (Г. Дабс). Яғни, олардан гректік-парфиялық және римдік фортификацияның ықпалы байқалады. Өкінішке қарай, осындай әскери айла-шарғы, жоғары кәсібилікке қарамастан шетелдік әскерлер бәрібір де қытайларға тұтқынға түсті. Бұған Чэнь Тан жылнамалары бұлтартпастай нақты айғақ береді.

Сонда римдік легионерлердің ұзақ сапары былай болып шығады екен: Алдымен парфиялықтардың тұтқынында, сосын ғұндардың қызметінде яки тұтқынында, одан әрі қытайлардың тұтқынында. Уақыт өте келе олар Шығыс Түркістанда бостандық алып, сол жақта тұрақтап қалды деген де дерек бар. Бірақ, бұл енді бізге қызықсыз және Қытай тарихының «юрисдикциясындағы» мәселе. Өйткені, бабаларымыз ғұндармен бірге иық тіресе соғысқаны ғана құндылық болып табылады.

Орайы келіп тұрғанда, бірнеше ұсыныс айтқымыз келеді. Біріншіден, осы тақырыпта арнайы көркем фильм түсіру. Жаңа ғана алдарыңызға үзінділер түрінде болса да дайын сценарий үлгісін паш етпедік пе?! Кемшін тұстары болса, жетілдіріп ал. Несі бар, батыстық та, шығыстық та аудитория үшін тартымды болады деген ойдамыз. Ішінде Рим де, Таяу Шығыс та, Парфия да, бір сөзбен, ұлан байтақ Еуразия – бәрі-бәрі баршылық. Аздап экшн қосып, үстіне драма мен махаббат романтикасын себелесе, «дозалатып» өзіміздің көшпелілік рухымызбен суғарып қойсақ, қай-қайсы көрермен құшырлана қылғытатын әп-әдемі «киноторт» болғалы тұр. Сосын, осының негізінде Жамбыл облысы аумағында туризмді дамытсақ...

Айтпақшы, бір нәрсені айтуды ұмытыппыз. Қалай айтсақ екен... мұның бәрін Қытай орысша айтқанда, «уже» жүзеге асырып тастапты. 2015 жылы Қытай киностудиясы көне Рим мен Қытай өркениеттерінің беттесуін суреттейтін, басты рөлде Джеки Чанның өзі ойнаған «Айдаһардың қылышы» атты фильм түсірді. Сосын олар 90-ыншы жылдардың соңында Гансу провинциясының Юнчан уезіндегі Лицянь қалашығын сол ғұндармен соғыста қолға түскен римдік тұтқын сарбаздар негіздеді деп жариялап жіберді (Бұл енді римдіктердің қытайлықтарға тұтқынға түскеннен кейінгі сагасына қатысты). Ол жердің тұрғындары да хан ұлтынан болғандығына қарамай (кей тұрғындардың түркілермен араласуы нәтижесіндегі көк көзділігі мен сары шаштылығын бұлдап), асқан пафоспен өздерін римдіктердің ұрпақтары ретінде мойындады. Сенбесеңіз «гуглге» салып көріңіз. Дәл мұның престиждік жағын айтпағанда, қытайлықтардың аймақ үшін экономикалық пайдасын бағамдап үлгергені анық.

Әрине, бізге өз-өздерін ұрымдықтар тұқымы ретінде жариялауға әзір бүтін бір ауыл я елді мекенді табу қиын болар. Дегенмен, алыс-жақын туристер мен қонақтар үшін Талас өзені маңында декоративтік тарихи ауыл құрып қойсақ, нұр үстіне нұр. «Осы жерде атышулы соғыс болған» деп негіздеп жіберсек те, «ал  мынау қираған ғұн ордасының орны» деп бір төбені атап қойсақ та жаман емес. Бізге тек шығыстағы алып көршімізді қайталау ғана қалып тұр. Қайталағанда да сауатты түрде өз колоритімізді қосамыз. Сөйтіп қана ерекшелене аламыз.

Хош, біздікі титімдей ой ғана. Қалай десе де, бұл деректер – әрі ақша жасап, әрі Қазақстан тарихын тартымды етудің бір жолы. Қырғыз бауырларымыз қозғалмай тұрғанда («Талас» десе таласа кететін әдеттері бар ғой), жамбылдық кәсіпкерлер мен «Қазақфильм» киностудиясының құлағына алтын сырға. Тегін кеңес. Ақы да, үлес те талап етпейміз. Біздің идеялық дастарханнан алыңыздар, алыңыздар. Кеңқолтық қазақпыз ғой өйткені!

Ерболат МАМЫРАЙХАН

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?