Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Перовскідегі баскөтерулер

2839
Перовскідегі баскөтерулер  - e-history.kz
Орта Азия және Қазақстан бойынша Кеңес үкіметі алғаш орнаған қаланың сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы

Ақмешіт 1853 жылы Ресей патшасының қол астына өтіп, Перовск аталды. Перовск уезінің алғашқы бастығы П.П. Панкратовтың тұсында көркейіп, питомник ашылып, қаланы айналдыра тоғай, көшелеріне ағаштар отырғызылып, ол көше бойлап аққан сарқырамалар суарылды. 1807 жылы қалада 5058 адам тұрған. Қалада 1880 жылы 2 кірпіш зауыты, 2 желдиірмен, май құрылғылары, 2 монша, жүйке аурулары емханасы болған.

XX ғасырдың басында салынған Орынбор-Ташкент теміржолы өлкеге капиталистік қатынастармен бірге революциялық идеялардың енуіне бірден-бір себепкер болды. 1905-1907 жылдарда бірінші орыс революциясының əсерінен Орта Азия жəне Қазақстанда Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы толқулар басталды. Теміржол бойындағы станциялардың көпшілігінде ереуілдер өтті. Жұмысшылар тек экономикалық қана емес, сонымен қатар, саяси талаптарды да ұсынды. Қараша айының бас кезінде Перовскіде, Қазалыда, Түркістанда ереуілшілер комитеті пайда болды. Жұмысшылар бір ай бойы теміржол желісіне, азық-түлік, телеграфқа иелік етті. Перовск ереуіл комитеті Түркістан жəне Көбек станциялары арасындағы қозғалыстарға басшылық жасады.

Бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырағаннан кейін патша өкіметі шешуші шабуылға шықты. Ереуілдерге қатысқан жəне оларды қолдаған адамдарды сотсыз, тергеусіз жазалау басталды. Перовск, Жосалы, Қазалы станциялары саяси сенімсіздігі үшін патша өкіметі жер аударғандардың тұрағына айналды. Н.В. Шумилов. А.В. Червяков, Н.Ф. Селиверстов, Н.В. Виторский сияқты бір топ саяси қуғындар паналады.

1907 жылы 28 мамырда Перовск депосында барлық жұмыс тоқтатылып, жұмысшылар депо бастығына өз талаптарын қойды, себепсіз жұмыстан қуылған жолдастарын өз орнына қайтаруды сұрады. Оған қосымша жұмыс жалақысын қайта қарауды ұсынды. Өйткені, жаңа бастық келгеннен кейін жалпы еңбек ақысы 30 пайызға төмендеп кеткен еді. Перовск жұмысшыларының ереуілін басу үшін депо басшыларының өтініші бойынша Жосалыдан жедел түрде жандарм əскерлері шақырылып, олар 29 мамыр күні таңертең депо алаңында болды. Жандармдар жұмысқа келген адамдарды қақпа алдында қарсы алып, олардың ішінен 17 адамды қамады. Ал, дүниежүзілік империалистік соғыс жылдарында еңбекшілердің материалдық жəне құқықтық жағдайы жылдан жылға нашарлай берді. Жергілікті жерлерде салық 3-4 есе, ал кейде 15 есеге дейін көтерілді. Патша өкіметі шенеуніктерінің зорлық-зомбылығы мен арандатушылық саясаты адам төзгісіз ашықтан-ашық тонау жағдайына жеткізілді. Мысалы, соғыстың үш жылында тек Қазақстанның оңтүстік обылыстарынан Орынбор-Ташкент темір жолы арқылы майданға 20 899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 104 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 229 мың пұт сабын, 70 мың бас жылқы, 12,7 мың бас түйе, 38 мың аршын киіз, 13 441 киіз үй, тағы басқа заттар жөнелтілген. Бұған шыдамаған жұмысшылар большивектердің бастауымен көтерілістерге шықты. Сонын бірі 1916 жылғы Перовскіде болған солдат əйелдерінің көтерілісі. Қала халқының қолдауымен болған бұл көтерілістін артынша Қазалы, Жосалы, Шиелі станцияларында тұратын халықтар да жергілікті өкімет орындарына салық төлеуден бас тартқан.

1916 жылғы 25-шілдедегі əскер жасындағы ер-азаматтарды майдандағы қара жұмысқа алу жөніндегі патша жарлығы қалың қазақ ішіндегі жаңа дүрбелеңнің басталуына себепкер болды. Патшаның указы бойынша майдандағы тыл жұмысына Перовск уезінен 6,672 адам, ал Қазалы уезінен 9,744 адам алынуға тиісті болды. Перовск, Қазалы уездерінде жағдайдың шиеленісі түскенін сезген облыстың соғыс губернаторы «Жергілікті халықтардың жағдайы бұрынғыдан да бетер нашарлап кетті. Əрбір минут сайын үлкен нəрсені күтуге болады... Жаппай көтеріліске дайындалып жаткандай», деп Түркістанның генерал-губернаторына хабарлауы тегін емес-ті.

Ел ішіндегі осындай əрекеттерден көтерілістің туатындығын сезген облыстың соғыс губернаторы Қазалының уезд басқармасына Қазалыда тұрған 4-ші Сібір полкінің бір ротасын Арал қыстағына тезірек жіберуді бұйырған. Осындай көтеріліске дайындық жұмыстары Перовск уезінде де жүргізілген. 1916 жылы шілде айының 26-нан 27-не қараған түні Перовскіге жақын Қаракеткен станциясы бастығының жоғары орындарға берген телеграммасына қарағанда Боғазақ болысындағы №5 ауылдың адамдары казарманы жəне темір жолдарды талқандап кетуге дайындалып жатқанын Бұлақбай деген қазақ станция бастығына келіп хабарлаған. Қазалыға жақын №71 бекетте көтерілістің болатындығына көзі жеткен оның бастығы Түркістан соғыс округінен шұғыл жəрдем сұраған. Сырдария соғыс губернаторының тағы бір мəліметіне қарағанда «24 маусым күні таң алдында 50 адамдай қазақтар Перовск уезіндегі Масловск болыс басқармасының үйіне шабуыл жасап, болысты жəне оның хатшысын өлтірген». Осындай жағдай Қазалы уезіне қарасты Қармақшы участогында да болды. Мұнда патшаның өкілдері өлтірілді.

Перовск жəне Қазалы уездері еңбекшілерінің көтерілістері күшпен басылды. Ол орыс жұмысшы табы мен шаруаларының жер үшін, 8 сағаттық жұмыс күні үшін, империалистік соғыс пен патша өкіметіне қарсы күресімен ұштасты. Көтеріліс 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан буржуазиялық революциясына ұласты. Патша өкіметі құлап, жер жерде Уақытша үкіметтің жергілікті органдары мен жұмысшы жəне солдат депутаттарының кеңестері құрыла бастады. Алғашқы кезде Уақытша үкімет пен жергілікті органдары қолдау тапқанымен, халықтың жер шаруаға, ал зауыттар мен фабрикалар жұмысшыларға беріледі деген үміті ақталмады, ең бастысы Уақытша үкіметтің соғыс тоқтатылады деген уəдесі орындалмады. Олар құлаған патша өкіметінің саясатын жалғастырды. Міне осының барлығы Уақытша үкімет беделінің шұғыл құлдырауына алып келді, жер-жерде «Бүкіл үкімет кеңестерге берілсін!» деген ұран жиі-жиі ұсынылды.

Перовск мен Қазалыда жұмысшы жəне солдат депутаттарының кеңестері наурыз айының басында құрыла бастады. Уақытша үкімет осы уездерде де ескі отарлық аппаратты сақтап қалғысы келді. Дегенмен революцияшыл жұмысшылар патша үкіметінің белсенді жақтаушыларын – уезд бастықтарын, полицейлік шендерді, болыс басқарушыларын орындарынан алды. Бұл жұмыстарда жергілікті жерде құрылған социал-демократиялық ұйымдар басшылық жасап отырды. Уақытша үкімет пен большевиктердің арасындағы бірнеше айлық күрес 1917 жылғы 25 қазандағы Петроградтағы төңкеріске жалғасты.

Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы 1917 жылы қазан айының соңынан басталып 1918 жылдың наурызына дейін жалғасты. 1917 жылы 29-қазанның түнінде өкімет билігі Перовск жұмысшы жəне солдат депутаттары Кеңесінің қолына өтетіні туралы қарар қабылданды. Бұл тарихи оқиға большевик көшесіндегі үйде болды. 30-қазанда (12-қараша) Перовскіде қала еңбекшілері мен жергілікті гарнизон солдаттарының бұқаралық митингісі болып, онда Кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Сол күні Ташкент жұмысшыларына көмекке қызыл гвардия отряды жедел түрде жүріп кетті.

Перовск Кеңесі үкімет билігін алғаннан кейін бірін-бірі қолдау қажеттігі туралы нақты іс-шараларын ұсынып, Ташкент Кеңестеріне хат жазды. Өзара көмек көрсету шараларын жасау мақсатында келісім жасау үшін Қазалыға бес адамнан тұратын делегация жеберілді.

Сөйтіп, Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып, Кеңес үкіметін орнатқан Перовск Сыр өңірі тарихының жаңа бір белесіне жол тартты.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?