Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ баспа ісінің тарихы

4582
Қазақ баспа ісінің тарихы  - e-history.kz
Ұлттық негізде құрылған жаңа баспаның алғашқы өнімі – «Әліппе». Бұл – қазақ баспа ісінің қарлығашы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделе отырып жасаған төте жазуы

Қазақ баспа ісінің тарихынан сөз қозғау үшін алдымен баспа және кітап, баспасөз деген ұғым-түсініктердің мағынасын білуіміз шарт. Қазақтың төл жазбасында жарық көрген кітаптардың шығуымен кітаптардың тарихын бастай аламыз. Ұлттың жазуының тарихы тым көнеде, ерте заманнан басталатынын ескерсек, тек жаңа заманғы үрдістердің қалыбымен жарық көрген кітаптарды, ілгерішіл басылымдарды, оны дайындап шығаратын ортаны (баспа ісін) осы мақаламызда арнайы сөз етеміз. 

Қазақ баспа ісінің қарлығашы 

Жазба әдебиетінің дамуынан болған кітаптар шығару ісі Алаш ұлт-азаттық қозғалысының кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алайда осы орайда қазақ ақын-жырауларының шығармалары мен көне хисса-дастандардың, ертегілер мен батырлар жырының жарияланып тарағанын жоққа шығармаймыз. Фольклорлық мұралардың бірнеше мәрте бастырылып көршілес Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент, Астрахан және Санкт-Петербург қалаларындағы жеке меншік баспалардан жарық көргені белгілі. Алайда өзімізде жеке баспа болмағандықтан ұлттың ұлы ақыны Абайдың жырлары кітап болып 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көргенін айта кетуіміз лазым. Бұл уақытта Ресейде баспа ісі жанданып, біршама жетіліп, бір ғана жазушы, баспагер Н. Новиков баспахана, кітапхана, мекемелер ашып, кітап дүкендерін ұйымдастырған. 

ec0d57c8d3fd62f273ffe48f223943e7.jpg

Қазақтың оқыған азаматтарының топтасып, елі мен жерінің қорғанына айналу және жас қазақ баласының көкірегіне сәуле құю үшін газет ашып, баспа ісін жандандыру үшін ұлттың саяси көсемі Әлихан Бөкейханның тікелей басшылығымен Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарды. Алғашқы қазақ журналы «Айқаптың» бас редакторы Мұхамеджан Сералиннің де түпкі мақсаты қазақтың санасы ояту, патшалық отаршылдықтың зардаптарын елге көрсету, оқыған қазақ жастарының пікір алуандығын жариялау. 

Дегенмен, баспасөз қарқынды өріс алып, кең тарағанымен, баспа ісін ашу, баспахананы қалыптастыру үрдісі кейін қазақ даласына советтік билік орнаған соң келді. Алашорда үкіметінің күресі біржолата тоқтатылып, кейбір зиялылардың Қазақ АССР құрамында қызмет етті. Ахмет Байтұрсынұлы басқарған ҚазАССР Оқу-ағарту халық комиссариатының аса маңызды қызметі – қазақ баспасының құрылуы, баспаханалардың қалыптасуы және тұтастай алғанда баспа ісінің өркендеуіне жол ашуы. 

1921-1922 жылдарда Қазақстанда 29 баспахана, бір литография жұмыс істеді. Бір жылдың ішінде Мемлекеттік баспа (Госиздат) тиражы 27 мың дана 20 кітап шығарды. «Қазақстанда баспа ісін қайта құру туралы» Қазақ өлкелік партия комитетінің қаулысынан кейін (22 қазан, 1931) аталған баспа «Қазақстан баспасы» (Казиздат) болып қайта құрылды. Миіне, бұл істерде, қазақ баспасының даму тарихында А. Байтұрсыұлының қолтаңбасы болғандықтан, оны ұлт тұлғаларынан шыққан тұңғыш баспагер деп мойындауымыз қажет. 

Баспа ісінің бастаулары 

1921 жылы осы баспадан қазақ тілінде 680570 дана, өзбек тілінде 2147850 дана, түрікмен, тәжік тілдерінде 233800 дана кітап басылып шықты. Қазақстанда алғашқы кітап 1918 жылы басылған. 

af74f7b3c7b4df346cd775021651837a.jpg

Ұлттық негізде құрылған жаңа баспаның алғашқы өнімі – «Әліппе». Бұл – қазақ баспа ісінің қарлығашы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделе отырып жасаған төте жазуы, қазіргі таңда Қытай қазақтары қолданатын жазу. 

1922-1927 жылдар аралығында 75 атаумен 319 кітап жарық көрген. 1922-23 оқу жылында 14 оқулық, оның ішінде «Грамматика», «Физика», «Алгебра», «Педагогика», «Мектеп гигиенасы», Сұлтанбек Қожановтың «Арифметика оқулығы», Иса Тоқтыбаевтың «Бастапқы география» оқулықтары болды. 1922-23 жылдары Әбубәкір Диваев жинап, «Қамбар батыр»,«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Шора батыр» кітаптарын шығарды. Қазақ халқының тарихына байланысты А. Гулошниковтың «Қазақ-қырғыз халықтарының тарихы» еңбегі, Рязановтың «Исатай Тайманов» кітабы да жарық көрді. 

Баспалардың бүгінгі жай-күйі 

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамдық-саяси формациялардың өзгеруіне байланысты республикадағы баспалар қызметі мен баспа ісінің хал-ахуалы өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы мемлекеттік баспалардың орнына жеке меншік баспалар пайда болды. Баспа, полиграфия және кітап саудасы сияқты бұрын бір орталықтан жоспарлы түрде басқарылып, мемлекеттік жоспармен бірыңғай, бір бағытта жұмыс істейтін күрделі сала түбегейлі өзгеріп, мүлде басқа бағытқа бұрылды. Жүйесіздік белең алды. 

Бұрынғы «Қазақстан», «Жазушы», «Жалын», «Рауан», «Өнер», «Қайнар», «Ғылым», «Білім», «Санат», «Балауса», «Ана тілі», «Қазақ энциклопедиясы», «Дәуір», «Сарыарқа» баспаларымен бірге «Жеті жарғы», «Жібек жолы», «Атамұра», «Өлке», «Фолиант», «Ел-шежіре», «ЕР-Дәулет», т.б. ондаған жекеменшік баспалар пайда болды. 

ec477eaf4ec19d5980f21a77566cda18.jpg

Қазақстанда 300-ден астам баспа ісі және 800-ден астам баспахана жұмыс істейді, олардың 1%-ы – мемлекеттік, 44%-ы – жекеменшік, 22%-ы жоғары оқу орын дарына тиесілі және 27% баспа өнімдерін өндіретін – басқа ұйымдар. Бүгінгі күні баспалар жылына 320-350 атаулы кітап шығаратын болса, ол бүкіл республика жұртшылығының сұранысына толықтай жауап береді деген сөз емес. Ең ұзағанда 3000 таралыммен шығарылатын баспа өнімдерінің таралу аймағының да шектеулі екені көп айтылады. Қазіргі таңда республика өңірінде он шақты үлкен кітап сату ұйымдары қызмет етеді.

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?