Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіз Қазақстан аспанындағы поляк ұлтының өкілдері

2504
Тәуелсіз Қазақстан аспанындағы поляк ұлтының өкілдері  - e-history.kz
Польша халқы ХХ ғасырдың 30-40-ншы жылдарындағы зобалаң уақытында қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпайды

Қазақстандағы поляктардың саны 1959 жылы 53 102 адамды құраса, 1979 жылы 61 136, 1999 жылы 47 297, ал соңғы 2009 жылғы санақ бойынша 34 057 адамды [2, 21-б.] құраған. Бұл – Республика халқының 0,2%-ы. Қазақстандық поляктардың үлкен бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында. Облыстағы поляк ұлты өкілдерінің саны 2009 жылғы халық санағының мәліметтеріне сәйкес 13 976 адамды құраған [9, 4-б.]. Облыстағы поляктар ең көп шоғырланған аумақ — Тайынша ауданы. Аудан халқының 11 467-і поляк халқының өкілдері [9, 27-б.]. Ақмола облысы да қазақстандық поляктардың көп қоныстанған өңірі. Облыстағы поляк халқы өкілдерінің саны 8 292 адамды құрайды [1, 5-б.]. Жекелей алғанда, Көкшетау қаласында 2053 [1, 9-б.], Астрахань ауданында 1 599 [1,18-б.], Шортанды ауданында 1 584 [1, 41-б.] поляк мекендейді. Мемлекеттің бас қаласы Астанада 2179 поляк ұлтының өкілі мекендеген болса [6, 5-б.], Алматыны 807 [5, 5-б.] поляк қоныс еткен. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан кейінгі поляктар көп қоныстанған аумақ – Қарағанды облысы. 2009 жылғы халық санағының мәліметтеріне сәйкес облысты 3 982 поляк [7, 5-б.] мекендесе, Қарағандыда қаласын 2 101 поляк [7, 11-б.] ұлтының өкілі қоныстанған. 

Қазақстандық поляктар – негізінен христиан дінінің католик тармағын ұстанушылар. Ал ана тілдерін пайдалану тұрғысынан келгенде халық орыс тілді ортаның ықпалымен үлкен ассмилиацияға ұшыраған. Мысал ретінде, сұрау бойынша саны қомақты Солтүстік Қазақстан облысы поляктарының небәрі 4,9% ғана поляк тілін ана тілі ретінде көрсеткен, қалған 95,1%-ы ана тілі ретінде өзге халықтың тілін көрсеткен [38, 35-б.]. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап елміздегі баршы өзге ұл өкілдеріне тілі мен дәстүрін дамытуға қажетті жағдай жасалып келеді. Ел конституциясы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып...» [8, 3-б.] деген сөздерден басталады. Тәуелсіз Қазақстанның ұлт саясаты өз дамуында бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде тілдік ахуал жақсара түсіп, соңынан ұлттық мәдени орталықтар құрыла бастады. 1992 жылы Қазақстан халықтарының алғашқы форумында Президент Н. Назарбаев республикадағы барлық этностарды консолидациялаушы қоғамдық органды құру идеясын көтерген болатын. Нәтижесінде, Қазақстан Халқы Ассамблеясы негізделді [3, 14-15-бб.]. 

Бүгінгі қазақстандық поляк халқының өкілдері – мемлекет халқының ажырамас бір бөлігі. Қазақстандық поляктар республиканың дамуына өз үлестерін қос отырып, Қазақстан мен Польша республикаларының арасында алтын көпір міндетін атқаруда. 

e92e4e9107eb33a7ffeb4bd71e33d59a.jpg

1992 жылы 6 сәуірінде Қазақстан Республикасы мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Сол кезеңнен бері қос мемлекеттің сенімді әріптестер ретінде тығыз жұмыс жасап келеді. 

1994 жылы 20 наурызда Польша Республикасының Елшілігі ҚР ашылса, 2000 жылдың қазанынан бастап Польшада Қазақстан Республикасының Елшілігі өз жұмысын бастады. Қазақстандық поляктардың алғашқы бейресми бірлестіктері 1980 жылдардың соңында пайда болды. Мұндай ұйымдар Қарағандыда, Көкшетауда, Алматыда және т.б. жерлерде құрылды. 1992 жылы тіркелген, аталған жекелеген бірлестіктер негізінде Қазақстан поляктарының одағы құрылды (ҚПО). Құрылымы бойынша одақ 14 облыстқы және қалалық бірлестіктерден құралған. Мемлекет деңгейіндегі ұйымның жұмысы Республикалық үйлестіру кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан поляктары одағының жұмысы ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тілін оқып-үйренуге бағытталған. Бүгінгі күні елімізде ондаған костелдер салынып, діни қызмет жүргізілуде. Қазақстан мен Польшаның құзырлы министрліктері арасында жасалған келісімге сәйкес қалалар мен селолардағы 16 мектепте поляк тілінде сыныптар жұмыс жасаса, балалар мен үлкендерге арналған 22 жексенбілік мектептер жұмыс атқарып, сабақты Польшадан шақыртылған мұғалімдер жүргізуде. Аталған мектептердің қаржылық, материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі негізінен Қазақстан тарапынан атқарылады, Польша тарапы да едәуір көмек көрсетуде. Жыл сайын Польшаның жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға 90-ға тарта қазақстандық поляктар қабылдануда. Алматыдағы шетел тілдері университетінде «поляк тілі мен әдебиеті» бөлімі ашылған [3, 117-118-бб.]. 

d122ecdf4c6811e4ae3295fdd25a7af5.jpg

Бүгінгі күні Қазақстан мен Польшаның мемлекетаралық байланыстары өзара сенімділік пен ынтымақтастықта дамуда. Байланыстар барлық салаларды қамтиды. Астана және Алматы қалаларында қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуде өзіндік із қалдырған поляк зиялысы Адольф Янушкевич атында көшелер бар. Польша халқы да ХХ ғ. 30-40-ншы жж. зобалаң уақытында қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпайды. 

Алғыс ретінде ел астанасының ең көрікті жерлерінің бірі – Вилянув ауданындағы көшелердің біріне «Қазақ көшесі» (полякша ulica Kazachska) атауы берілген [4]. Польшадағы Адам Мицкевич университетінде қазақ тілі оқытылады. 

Жандос Қарынбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институты Сыртқы саясат кафедрасының аға оқытушысы 

Пайдаланған әдебиеттер 

1. Акмолинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 150. 

2. Аналитический отчет. «Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009года». Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 65. 

3. Ассамблея народа Казахстана: исторический очерк. Е. Л. Тугжанов, Г. В. Кан, В. С. Коробков, Н. У. Шаяхметов. – Алматы: Раритет, 2010. С. 304. 

4. Варшавадағы «Қазақ» көшесі. Егемен Қазақстан, 2006, 7 шілде. 

5. Город Алматы. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 118. 

6. Город Астана. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 74. 

7. Карагандинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 160. 

8. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2006. 

9. Северо-Казахстанская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. Астана, 2011. – С. 138.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?