Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайрат Сәки: Қазақ қаруының патшасы –  найза

676
Қайрат Сәки: Қазақ қаруының патшасы –  найза - e-history.kz

Әлем тарихында көшпенділер мәдениеті деген бар. Бұл ұғымның ішіне: тұрмыстық өмір сүру әдебі, қолөнері, салт-дәстүрі және соғыс  жарақтары мен жауынгерлік іс-қимылдары жатады. Ежелгі көшпенділер өз дәуірінде соғыс қаруын жақсы дамыта алды. Соның бірі – найза. Бұл туралы халқымыздың эпостық жырлары мен фольклорлық мұраларында көп айтылады. 

Мысалы, Алпамыс батыр жырында: «Семізі болса таптасын, Ақ найзасын саптасын» немесе «Өлтірді дұшман бектерін, Найзамен шаншып бүйректен» деп жырланса Қобыланды батыр жырында: «Он бір жасқа келгенде, Қарағай найза өңгерді» деген тіркес бар. Сондай-ақ қырғыз халқының атақты «Манас» эпосында «Аянбай-ақ шабысты, Ақырып найза салысты» деп толғайды. 

Сондай-ақ, атақты Үмбетай жырау «Ер жігітке жарасар, Қолына алған найзасы» десе, Доспамбет жырау «Алты құлаш ақ найза, Ұсынып шаншар күн қайда?» депті. Одан кейін бертіндегі Абылай хан мен Кенесары сұлтан дәуірінде өмір сүрген Тәттіқара ақын «Найзасының ұшына жау мінгізген, Еменәлі Керейде ер Жабайды айт» десе, Нысанбай жырау Жаманқұлұлы «Кенесары – Наурызбай» атты тарихи дастанында «Ерлердің найза құрдасы, Белсеніп жауға шабады» деп толғаған екен. Бұл үрдіс ХVII ғасыр өкілі Дулат Бабатайұлының шығармасында бар. Ол кісі: 

Айбарлы ақ ордада,

Әшкейлі дөдеге,

Шаншулы найза ілулі.

Алтын сапты селебе, – жырлаған. 

Осы орайда, халқымыздың қару-жарағын зерттеу ісіне еңбек сіңіріп жүрген танымал тұлға арабтанушы һәм этнограф ғалым, сонымен қатар ежелгі қыпшақ-мәмлүктердің соғыс өнерін зерттеуші Қайрат Сәки мырзаға жолығып көне көшпенділердің басты қаруы найза туралы сұхбат жүргіздік.

Қайрат Ұзақұлы, сіз бұған дейін көшпенділердің соғыс өнерін зерттеп «Ер қаруы – бес қару» атты кітап жаздыңыз. Бұл туындыңыз 2020 жылы жарық көрді. Расын айтар болсам, дәл қазір қазақтың байырғы соғыс өнерін зерттеп жүрген адам жоққа тән. Демек, бұқара өзінің ежелгі ел қорғау, шайқас салу сияқты төл танымынан хабарсыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында “Қазақстан тарихы” порталы өткен тамыз айында сіздің «Қыпшақ-мәмлүктер жорықтарының негізі жылқы болды» (https://e-history.kz/kz/news/show/340095) деген сұхбатыңызды жариялады. Бұл жолы халқымыздың дала шайқасында көп пайдаланған қаруы «найза» туралы айтып берсеңіз.

– Ежелгі көшпенділер соғыс өнерін жетілдіру үшін әуелі сапалы қару-жарақ жасай білген. Оны шайқас барысында әрқилы ситуацияға байланысты қолданатын болған. Мысалы, шабуылдап келе жатқан күшті жауға алдымен садақпен оқ жаудырған, ентелеп келіп қалған тұста ұзын найза пайдаланып қорғаныс шебін күшейткен. Ал қоян-қолтық шайқаста қысқа қылыш, сүмбі, қанжар, шоқпар және айбалта тәрізді қарулар қолданған. Жалпы көне көшпенділердің соғыс өнерінде садақшы мерген мен найзагер жауынгерді негізгі қуат-күш деп білген. Ал найзаны соғыс қаруының патшасы деп таныған. 

Оқи отырыңыз: Қайрат Сәки: Қыпшақ-мәмлүктер жорықтарының негізі жылқы болды

– Қазақ найзасының құрамы және түрлері туралы не білесіз?

– Қарутанушы мамандар найзаны үлкен жақтан «түйреу қаруы» деген топқа жатқызып жүр. Қазақ найзасын «ұзын сапты найза», жақын қашықтықта пайдаланатын «сүңгі» және лақтырып шаншитын «жыда» деп бөліп қарастыруда. Бірақ бұны әлі де жетілдіріп, талдауға болады. Осы үшеуінің қай-қайсында да ұштық-жебесі болады. Бұл болмаса жауға жарақат сала алмайсыз. Сол себепті, найзаның ұштық-жебесі аса маңызды.

Ал көне көшпенділерден келе жатқан қазақ найзасын зерттеушілер төрт мың жылдық тарихы бар дейді. Яғни, адамдар найзаны тас ғасырда пайдаланған. Оған дәлел – петроглифтер, яғни тас бетінде найза ұстап тұрған атты сайыскерлер бейнесі. Осы найзаны қазақтар қару ретінде ХХ ғасырдың басына дейін қолданды. 

Халқымыздың батырлық дастандарында, найзаның түріне қатысты – ақ найза, көк найза, қарағай найза, қаратамақ найза, шашақты найза, қоңыраулы найза, тулы найза, жалаулы найза, байрақты найза, қияқты найза, қырлы найза, қанды найза, сырнайза, қу найза, сұңғақты найза, болат найза, жез найза, шақа найза, толғамалы найза т.б.түрлері айтылған. Мысалы Ақтанберді жыраудың:

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екемiз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екемiз, - дегендегі айтқан найзасы осылар. 

Сол сияқты халқымыздың найзаға қатысты тұрақты сөз тіркестері де бар. Атап айтар болсақ, «найзасының сағасы қаннан кеуіп көрмеген», «найзамен түйреп ет жеген», «найзасыз ер, таңбасыз ел болмайды»,  «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» т.б. Бұның бәрін неге айтып отырмыз? Яки, біз сөз етіп отырған найза қаруы қазақтың жауынгерлік ісінен басқа, қарапайым өміріне де мақал-мәтел түрінде кіріккенін байқаймыз.

Ал найзаның құрамына келер болсақ, сабы, басы және дүмі деп үш бөлікке бөліп қараймыз. Найзаның ұштығы немесе шаншуға арналған жебесі басында болады. Бұл қатты темір металдан жасалады. Ерте кезде тас немесе сүйек пайдаланғаны жайлы дерек бар. Осындағы металь ұштықты: ұшы, қыры, күмбезі, ұңғысы, сағасы деп бес топқа жатқызамыз. Сондай-ақ найза жортуыл кезінде алып жүру үшін оның ауырлық нүктесі орналасқан беліне бүлдіргі ілгек тағылатын үрдіс бар. 

– Ертедегі қазақ сарбаздарының найзагерлік өнері хақында не айтасыз?

–  Найзаны шебер қолдана алатын сарбазды қазақтар «найзагер» дейді. Ерте заманда найзагер қазақ жігіттері көп болған. ХVII ғасырдың 40-шы жылдары қазақ даласын аралаған ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон Кенесарының жауынгері болған жолбасшы қарт сарбаздың найзагерлігі хақында былай деп жазыпты: «Жолбасшымыз қолына найза алды да оны қалай шебер қолдана білетінін көрсетті. Ол атпен қатты шауып келе жатып найзаны басынан асырып үйірді. Одан кейін найзаның дүмін үзеңгіге тіреп алып, қалай сайыс жүргізуді көрсетті. Оның найзагерлігіне казак солдаттар таңдана таңырқады» деп жазады. 

Осындай найзагердің бірі Кене ханның інісі атақты Наурызбай батыр екен. Ол кісі шауып аппен келе жатып жердегі қойдың құмалағын найзамен шаншып алатын шебер болыпты. Қырғызбен бір шайқаста бес дүркін жекпе-жекке шығып, қарсыласыының бәрін найзамен жамсатқан. 

 Қазақ халқы жауынгерлік машағын жоғалпас үшін бейбіт күндері, әсіресе үлкен ас-тойларда найзаласу сайысын өткізетін болған. Бұл үрдіс тіпті ХХ ғасырға дейін жалғасқан. Найзаласу сайысы аттың екпінімен, білектің күшімен қос қарсылас бір-біріне найза соғу арқылы іске асқан. Бұл өзі «жігіт сайыста не сараланады, не жараланды» дегендей өте қатерлі жарыс түрі. Халқымыз «қарудың патшасы - найза» деп әспеттеген бұл қаруды орта ғасырда қыпшақ-мәмлүктерде кең көлемде пайдаланған. 

– Сөзіңізді бөлейін, сіз айтап отырған қыпшақ-мәмлүктер дегеніміз орта ғасырда ұлы даладан ауып барған біз аталарымыз екені толық дәлелденді. Демек, сіз зерттеп жүрген қыпшақ-мәмлүктердің найзаласу өнерін ежелгі қыпшақтардың, бүгінгі қазақтардың төл өнері де тануға негіз бар ма?

Бар. Қыпшақ-мәмлүктердің жауынгерлік өнерін қазіргі қазақтың атамұрасы деп қарау керек. Өйткені, қыпшақ даласынан ауып барған біздің бабаларымыз ол жаққа өздерімен бірге қару жарағын және сайыс өнерін алып барды, тіпті олар жергілікті арабтектес халықтардан әлдеқайда жауынгер болатын. Осы мықтылығының арқасында Түркі-қыпшақ мысыр мемлекетін құрды. 

Бір таңданарлық дүние, атажұртында отырған қыпшақ-қазақтардың жауынгерлік өнері  жыр-дастандарында, аңыз-әңгімелерінде, фольклорда сақталса, ал Мысыр жеріне ауып барған қыпшақтардың жауынгерлік өнері жіпке тізгендей хатталып-шотталған. 

– Демек, біз бұрынғы аталарымыздың ежелгі жауынгерлік өнерін зерттеу үшін қыпшақ-мәмлүктердің жауынгерлік өнерін салыстыра қараған дұрыс дейсіз ғой…

Әрине солай. 

– Ендеше сіз көп жыл көз майыныңызды тауысып зерттеген қыпшақ-мәмлүктердің жауынгерлік өнерінің бір тармағы – найзаласу өнері туралы жіктеп-жіліктеп, дәлел-дәйегімен терең толғап айтып берсеңіз?

Сіз қойып отырған сұраққа жауап бермес бұрын мысырлық қыпшақ-мәмлүктердің соғыс өнері мен шайқас жүргізу тактикасы, қару-жарағы хақында жазған ортағасырлық мысырлық әскери теоретиктер ілімінен біз байырғы қыпшақ, бүгінгі қазақ халқының жауынгерлік өнерінің көне сүрлеуін аңдаймыз. Мысалы қазақтың батырлық дастандарында «найза – қарудың патшасы» деп айтылса, дәл осы пікірді 1382 жылы қайтыс болған атақты мысырлық әскери ғалым Ибн Меңлібұға өзінің «Унсу әл-мала биуахши-иль-фала» атты қолжазбасында «найза – қару-жарақтың патшасы» деп дәл қайталайды. Сол сияқты Аббасидтер дәуірінде өмір сүрген араб тарихшысы Әл-Жахиз: «Түркілердің артықшылығы» атты трактатында: «Араб найзасы ұзын, алыстан түйрей алады, ал түркілердің найзасы қысқа, сабының іші қуыс. Қуыс найза қауіптірек және алып жүруге ыңғайлы», деп жазады. Мұндағы араб оқымыстысы «түркілер» деп біздің бабаларымызды айтып отыр.

 Бұлардан басқа ертедегі соғыс қаруы найза туралы трактаттар жазған ғалымдар баршылық. Атап айтар болсақ, атақты Байбарыс сұлтанның замандасы Бектұт Раммах және сол дәуірде өмір сүрген тағы бір әскери теоретик Бүкір Хасан, Тайбұқа және жоғарыда аты айтылған Ибн Меңлібұға т.б.-лар. Осылардың ішінде 1379 жылдары мәмлүк қосындарының шайқас тарихын жазған Ибн Лашын өзінің еңбегінде: «Найзагерлікті осы саланың шебер жауынгерлерінен үйрену керек. Өйткені, бұл өнер түпсіз теңіздей терең», десе өзі мықты найзагер және оқымысты Бектұт Раммах өз шығармасының соңын: «Осы кітаптағы суреттерден көріп отырғандарыңыздай ердің екі қасына аяғын қойып найзамен ойнайтын көріністе айқан (ұлы) патша Байбарыстың хазандары (сарбаздары) бейнеленген. Бұл кітаптың бетін немесе суреттерін жұлғанға Алланың лағынеті болсын!» деп аяқтайды. Бірақ Бектұт ноян алдын-ала еркерткендей-ақ оның суреттері біздің заманымызға жетпеген.

Қыпшақ-мәмлүктердің әскери трактаттарында найза қаруының түрлері және оның жасалуы хақында не айтылады?

Жоғарыда мен қазақ жыр-дастандарында кездесетін найзаның жиырмашақты атын атап өттім. Ал қыпшақ-мәмлүктердің соғыс өнері туралы жазылған трактаттарда олар найзаның үш-төрт түрін қолданғаны жайлы айтылады. Біріншісі, ұшы ұшталған ұзын бақан найза, екіншісі, ұшына екі қырлы темір жебе сұғындырылған найза. Бұны «найзақ» деп атапты. Үшіншісі, лақтырып қолдануға арналған ұштығы бірнеше қырлы немесе өткір жалпақ қайралған қысқа найза. Бұны құрма ағашының қатты бұтағынан жасайтын болған. Төртіншісі, сабы өте ұзын қанжар пішінді найза. Бұл найзамен мәмлүктер ат үстінде небір акробатикалық қимылдар жасап жаттыққан. Жоғарыда аты айталған найза түрлері қазақтың бақан найза, қысқа найза, жыда және сүңгі (сүмбі) түрлеріне сәйкес келеді. 

Ал найзаның жасалуына қатысты айтар болсақ,  сабы қатты және түзу ағаштан немесе іші қуыс берік бамбуктан жасалып, ұшына темір жебе, түбіне темір шеңбер орнататын болған. Тіпті кей жағдайда шеңбер-дүмді үшкірлеп те қояды екен.

Найза неғұрлым жеңіл әрі берік болса, жауынгердің қимыл-қозғалысына қолайлы. Әр жауынгер өзінің қуат-күші мен тұрқына қарай найза ұстаған.  Мәмлүк атты әскерінің найзасының ұзындығы 10 зирағ (бір зирағ – 65 см) шамасында болса, қысқа найзаның ұзындығы 2-4 зирағ екен. Ал найзаның сабы алақанмен қысып ұстауға жарамды болуы шарт. Яғни, найзаның сабын қысып ұстаған қолдың саусақтарының ұшы бас бармақтың ұшына тиіп тұрғаны дұрыс.

Найзамен қаруланған мәмлүк сарбаздары

Мәмлүк жазбаларында найза қолдануға жаттығу тәсілі және найза атына қатысты қандай мәліметтер бар?

Мәмлүк сарбаздарының найзагерлік өнерін үйренуі мен жаттығуы жайлы Байбарыс сұлтанның замандасы әрі өзі теңдессіз найзагер Бектұт Раммах ноян «Китабу илм әл-фурусия» («Шабандоздық ілімі туралы кітап») дейтін шығарма жазған. Осы қолжазба кітаптың 41-бетінде: «Бурджасқа (жауынгерлер жаттығу үшін бірінің үстіне бірі орналасқан жеті бөлік ағаш шеңбер) шапқың келсе мен айтқандай атыңа мін. Аяқтарыңды үзеңгіге салып, тақымыңды қыс, тізгінді қысқартып, найзаны көтере ұстап нысанаға қарай шап. Шауып келіп үстіңгі шеңберге тигізуге тырыс, егер тигізсең іліп алып жылдам артқа қарай лақтыр. Бурджасқа атпен шабу, тақымыңды, арқаңды  қатайтады, үзеңгіде аяқты дұрыс ұстауға, кейін қандай нысананы көздесең де найзамен дәл түйреуге үйретеді» деп жазады.

Ал найзагер мінетін атқа келсек, оған бірқатар талаптар қойылады. Жоғарыдағы кітапта: «Найза атының басы жұмсақ, кеудесі мен сағақ тұсы тым үлкен болмауы шата. Сондай-ақ, сауыры әлсіз, алды биік, арты төмен, сүріншек ат болмауы тиіс, қайта бас білгіш, мойны қатты, сауыры, тамағы жіңішке, аяқтары жуан, алды биік ат найзагерге лайық» деп жазылса, қыпшақ-мәмлүк тарихшысы ибн Лашын Тараблуси ХІV ғасырда жазылған «Тухфату әл-муджаһидин фи әл-амал биль-маайдин» еңбегінде: «Найзагер мінетін ат шабысты, жылдым, сүрінсек болмауы тиіс. Оны тексеріп көргің келсе, ауыздықтап жайдақ мініп желдіріп, шоқақтатып, шаптырып, ары-бері бұрып, айналдырып көр. Сонымен қатар аттың белінің күштілігін, мойының қаттылығы немесе бостығын, айналғанда аяқтарының беріктігін, қимылының жылдамдығын, сүрінбейтіндігін тексер. Содан кейін ноқта-жүген, ер-тұрман салып мін. Ер берік былғары терімен қапталған, көпшігі тым қалың болмауы керек. Ердің тартпасы берік болсын. Оны әрдайым қолмен ұстап тексер. Барлық опат осыдан болады. Одан соң тізгінді қысқартып сол қолмен аттың жалынан ұстап тұрып, ердің үстін ұрып көр. Оң қолыңмен үзеңгіні ұстап, сол аяғыңды сал, оң қолыңмен ердің алдыңғы қасынан ұстап, денеңді тік ұстап мін. Аттың мазасын кетірмес үшін атқа отырғанда жабысып-жармаспай бір деммен, жеңіл және денені тік ұста. Отырған соң шапанның артқы етегін астыңа басып, аттың жалынан, кекілінен сипа. Содан соң атты садақ оғы жететін қашықтыққа желдіріп, секіртіп, шауып көру қажет. Ауыздығын шайнаса тізгіннің оң жағын қысқарт, ал мазасызданса сол жағын қысқарт» деп жазған екен. 

Одан кейін мәмлүк ілімгерлері найзаны ат үстінде алып жүрудің жайына тоқталып: найзаны ұстап атқа отырған да оның ұшы ат құлағының сол жағында болуы тиіс; найзаның дүмін үзеңгінің қайысы мен оң тізенің астына салып жүру керек;  ұшын оң қолтық арқылы артқы жаққа шығарған жөн; найзаны аттың жалы деңгейінде оң қолмен ұстау дұрыс т.б. 

Сондай-ақ, мәмлүктердің жауынгерлік ілімінде жерге түсіп кеткен найзаны аттан түсіп қолмен алуға тыйым салынған. Өйткені, шайқас кезінде қолдан түскен найзаны аттан түсіп алып жататындай мүмкіндік жоқ. Қазіргі халқымыздың «теңге ілу» атты ұлттық ойыны осы жерге түскен қаруды (найза, қылыш, садақтың оғы т.б.) жерден іліп алудың машағынан қалған тәсіл. 

Қысқа найза ұстаған қыпшақ-мәмлүк

– Мәмлүктер найзаны шайқас үстінде қалай қолданатыны жайлы жазбаларға тоқталып өтсеңіз? 

– Ертедегі қыпшақ-мәмлүк қолжазбаларында найзамен шайқас жүргізудің негізі төрт тәсілін баяндайды. Оларға: суғри, руми, хорасани және дилими деген ат беріліпті. 

Суғри тәсілі. Сол қолмен тізгінді қапсыра шеңгелдеп, найзаны оң қолмен ұш жағынан бір кез тастап ұстау. Найзаның ұшы аттың басының оң жағында алға қарай шығып тұрады. 

Руми тәсілі.  Найзаны оң қолмен дүмінен бір кез тастап қолтықпен қысып ұстау. Найзаның ұшы аттың жалына тиіп алға қарап тұруы тиіс. Қажет жағдайда аттың басының сол жағына, егер найзагер өзіне сенімді болса найзаны сол қолтыққа қысып ұстауына болады. 

Хорасани тәсілі. Бұны түркі тәсілі депте айтады. Бұл тәсілдің ерекшелегі – оң қолмен найзаны дүмінен төрт елі қалдырып, беліндегі кемер белбеуге тіреп ұстайды. Найзаның ұшы аттың басының сол жағына шығып тұрады. Ал найзагер салмағын сол жақ үзеңгіге ауыстырады. Аттың басы мен найзаның ұшы бір сызық бойында болады. 

Дилими тәсілі. Сарбаз найзаны оң қолмен дүмінен үш кез тастап ұстайды. Қолдың шынтағы бүгулі болады. Бұл ең әлсіз тәсілі саналған. 

Жалпы найзаласу өнері жайында мысырлық үлкен ғалым Лашын Тараблуси өзінің «Тухфату әл-муджаһидин» атты қолжазбасында: «Шайқас кезінде жауынгер өзіне лайықты найза таңдауы өзекті. Егер жауынгер өзінің шама-шарқына қарай лайықты найза таңдап ала алмаса жеңіс бұйырмауы мүмкін. Найза қолданып шайқасудың ең басты шарты: қорғаныс мықты болуы тиіс, кеуде тұсын ашық қалдыруға болмайды. Жауға ақырып ұмтыл, оны ызаландыр. Қарсыласыңды найзаның ұшымен шаншып, әлсіресе сабымен ұр. Жауға жақындасу, жабысу, қысу, шабуылдау, шегіну, алдау, қайтару, тоғысу, қақтығысу, айналу тәсілдерін қолдан. Шайқас кезінде жаудың  найзасын қағып жібер.  Оның найзасы ауып кеткен сәтте, оның ашық қалған кеуде тұсынан ұр. Егер жекпе-жек сайыста сенің түйреген найзаңды қарсылас қағып жіберсе қайта шаншыма, бар күшіңмен оның найзасынан ұрып қолынан түсір. Егер қарсыласыңның аты сенің атыңнан күшті, найзасы ұзын болса алдына түсіп қашқан бол. Бірақ найзаңның ұшын жауыңа бағытта.  Екпіндеп келген қарсыласыңды қылышпен немесе шоқпармен ұрып құлат» деп жазады.

Сонымен қатар мәмлүк тарихшысы Бектұт Раммах  «Китабу илм әл-фурусия» атты қолжазбасында, сауытты жауға найза сілтегенде оның жебесіне аздап май жағады депті. Май сауыт бұзуға ыңғайлы болса керек. Бұл тәсілді мәмлүктер садақ атқанда пайдаланып, жебенің ұшына аздап май жағып ату кез-келген сауытты теседі деп саналған.

Келесі кезекте қыпшақ-мәмлүк жауынгерлері найза пайдалану арқылы басқа қару түрлерін ұстап, қарсы тұрған жауына төтеп беру тәсілі жайлы трактаттар жазған. Айталық, мысалы «найзагер садақты мергенге қарсы не істеуі тиіс?» деген сұраққа былай деп жауап жазады: «Егер найзагер атымен майданның бір шетінде, садақшы екінші шетінде тұрған сәтте садақшы оқ атса, дереу жалтарып, оған қарсы екі-жаққа бұлтара шабу керек. Бұлтара шапқан адамға садақ оғы дари қоймайды. Осылай қатты жылдамдықпен жетіп келіп, оны оқ атуға мұршасын келтірмей жүрек тұсынан найза қадау керек» дейді. 

Бір атап өтерлігі салт атты найзагер жаяу сарбазға қарсы шығуы қиын тапсырма саналған. Себебі жаяу адамның атты адамға қарсы шайқасқанда қимыл жасауға мүмкіндігі көп, ол алдымен қарсыластың атына жарақат сала алады. Сондықтан найзагер жаяу адамнан қорғану үшін тізгінді қысқартып, оң қолды көтеріп найзаның ұшын аттың алдында ұстап қарсы шығуы қажет. Найзагер жаяу сарбаздың мінген аттың басына соққы беруіне жол бермеуге тырысуы керек. Ол үшін жаяудың соққысына тойтарыс беріп, оны атпен қағып құлатып, найзамен шаншып өту керек. 

Сондай-ақ, ортағасырлық мәмлүктер бейбіт күндері сарбаздар арасында доғал найзамен найзаласу сайысын өткізетін болған. Сайыс үшін алаңға шыққан найзагерлерге таныс емес ат, бөтен ер-тоқым, жүген беріп, олардың атты ерттеуін, мінуін, отыруын, тізгінді ұстауын, найзаны өңгеруін қадағалап, баға беретін болған. Ал сайыс кезінде кім бірінші болып найза жұмсаса «24 карат» ұпай берілген. Бір қызығы ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізген мергенге 6 карат, қылыш жұмсап дәл шапқан адамға 16 карат, шоқпармен дәл соққы жасағанға 12 карат ұпай берілетін болған. Осыған қарағанда, мәмлүктер арасында садақ ату және найзаласу ісінде кәсіби бәсекелестік орын алған. Оны біз найзагер Бектұттың «садақшы көбейсе батыр азаяды» деген пайымнан аңғарамыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?