Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ашаршылық жайлы Бішкек архивтеріндегі деректер

796
Ашаршылық жайлы Бішкек архивтеріндегі деректер - e-history.kz

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.Т. Қайпбаева ағымдағы жылдың 17 қыркүйек – 1 қазан айы аралығында «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Қырғызстан республикасының Бішкек қаласына ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырды.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Бішкек қаласындағы архив және кітапхана қорларындағы 1920–1930 жылдардағы ашаршылықтың, сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан іргелес елдерге көшуге (оның ішінде Қырғызстанға) мәжбүр болған босқын қазақтардың тарихы, оның құрамындағы панасыз қалған қазақ балаларының жағдайы, олардың сол елде орналасу ерекшеліктері мен тағдырларын зерделеу; Бұдан өзге, ұлттық азшылықты құрайтын (Нацмен) балаларды тәрбиелеген мекемелердің қызметін көрсету т.б. тақырыпқа қатысты тың деректерді анықтау, зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау.

Бішкек қаласында Қырғызстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қырғызстан республикасы қоғамдық-саяси құжаттамасының Орталық мемлекеттік архиві, А. Османов атындағы Қырғызстан республикасының ұлттық кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде жұмыстар жасалды. Осы орайда, Қазақстандағы өткен ғасырдың 20-30 жж. жаппай ашаршылық салдарынан орын алған қазақтардың мәжбүрлі босқыншылық тарихына қатысты архив құжаттары анықталып, диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізіндегі құнды еңбектердің көшірмелері алынды. Ғылыми іс-сапар барысында ХХ ғасырдың 20-30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі қазақтардың Орталық Азия республикаларына мәжбүрлі көші-қоны, оның ішінде Қазақстанмен шектес қырғыз еліндегі босқындардың ахуалы, олардың қатарындағы қорғансыз балалар тарихына қатысты Қырғызстан республикасы Орталық мемлекеттік архивінен ғылыми айналымға қосуды қажет ететін бірқатар құжаттар табылды. Мәселен, 674-қ. 1-тізбе. 100-іс. 50-п. «Қазақстан балаларына көмек көрсету жоспары» сақталған. Осы аталған архив құжатымен танысу барысында Қырғыз АССР-індегі көмекке зәру балаларды шамамен анықтап, қолдау шараларын белгілеу жоспарланғаны анықталды. Яғни, балаларды тегін тамақтандыру, балаларды қабылдау үйін ұйымдастыру, жол ақыға қаржы бөлу, медициналық және санитарлық қызмет көрсету т.б. қолдау шаралары назарға алынған. 

Сондай-ақ Қырғызстан республикасы ҚСҚ ОМА-де 10-қ. 1-тізбе. 559-іс. 46-п. Хаттамалар бюро Қыр. ОК ВКП(б) 7 шақырылымы отырысының №21 хаттамасында Тоқмақтағы балалар үйіне қатысты құжат сақталған. Мұнда аталған мекеменің 1933 ж. маусым айында босқын-қазақ балаларға арналып ашылғандығы және ол жердегі орын алған келеңсіздіктер мен балалардың ауыр жағдайы туралы баяндалған.

Бұдан өзге, 653-қ. 1-тізбе. 180-іс. 38-38 қайырма бетінде «Жетісу Облыстық РеволюциялықКомитетінің №23 Бұйрығы. 24 ақпан, 1921 ж. Алма-ата қ.» атты құжат сақталған. Мұнда Жетісу облысының шекаралық уездерінен Қытай республикасына қашқан қазақтарға арналған бұйрық таныстырылған. Яғни, орын алған оқиғаларды Совет үкіметінің беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар деп танып, бұл мәселені тоқтату аясында қашқындарды және олардың туыстарын мүлкін тәркілеу жолымен тұтқындау бұйырылған. Сондай-ақ, бұл бұйрықтың қазақ және орыс тілінде барлық кеңестік мекемелерге ілінуін және ауыл, село, қышлық тұрғындарына жеткізілуі тапсырылған.

Жалпы, архив қорлары құжаттарының мазмұны, Қазақстанда 1920–1930 жж. аштықтар мен саяси қуғын-сүргін салдарынан балалар панасыздығы жаппай орын алған құбылыс болғандығын айғақтайды. Яғни, әміршіл-әкімшілік биліктің сәтсіз реформалары мен солақай саясатының салдарынан іргелес елдерге көшуге мәжбүр болған босқыншылық кезеңіндегі өзге елде қазақ балаларының панасыз қалуы, олардың орналасу ерекшеліктері мен бейкүнә жас жеткіншектердің ауыр тағдырынан сыр шертеді. Оған қоса, тоталитарлық жүйенің қалыптасуы мен нығаюы кезеңінде панасыз балаларды әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесіне қатысты ұлт қайраткерлерінің ұстанымдары мен олардың қазақ қоғамының біртұтастығын сақтау жолындағы тағлымдық қызметінің бағыттарына жол сілтейтін құжаттар да анықталды. Жалпы, Қырғыз республикасының архив қорларындағы зерттеу тақырыбымызға қатысты материалдар кеңестік балалар үйіндегі білім беру мен тәрбие бағыттары және «кеңес адамын қалыптастыру» мақсатындағы жұмыстарының ерекшеліктері, мәні мен мазмұнының маңызды тұстарын жүйелеуге мүмкіндік беретін маңыздылығымен құнды.

Сонымен қатар А. Османов атындағы Қырғызстан республикасының ұлттық кітапханасы қорынан Орта Азия Республикалары бойынша қазақ босқандарының тарихы аштықтан Қырғызстанға қашқан қазақтардың жасалған көмек негізінде аман қалуы, қырғыз елінде қазақ босқандарын орналастыру мәселелері, олардың тағдырына қатысты зерттеулер анықталып, еңбектердің көшірмелері алынды. Атап айтсақ, 1. Абдрахманов Жусуп. Сталинге хаттар. / Ж. Абдрахманов; Кириш сөзд. авт.: Ж. Жунушалиев, И.Е. Семенов. Бишкек: Улуу тоолор, 2016. 411 б. 2. Байдилдеев Ж. Кыргыз-казак интеллигенциясынын байланыштары (ХХ к. башы) / Ж. Байдилдеев, И. Арабаев атын. Кырг. мамл. ун-ти. Бишкек: И. Арабаев атын. Кырг. мамл. ун-ти. Бишкек: Maxprint, 2015. 172 б. 3. Сарсенбаев Б.С. Кыргызско-казахские взаимоотношения в составе СССР (20–30-е годы ХХ в.). Моногр. / Б.С. Сарсенбаев. Бишкек: КРСУ, 2013. 142 с.  4. Сарсенбаев Б.С. Кыргызско-казахские взаимоотношений в 20–30-е годы ХХ века. Автореф. Дис. канд. ист. наук.: 07.00.02 Бишкек, 2015. 27 с. 5. Батырбаева Ш.Д. Население Кыргызстана в 20–30-е годы ХХ века: историко-демографический анализ / Ш. Батырбаева. Отв. Ред. А.А. Асанканов, Д.Ж. Жунушалиев. Бишкек, 2003. 272 с. 6. Плоских В.В. Революцией мобилизованный и призванный: Турар Рыскулов. // Вестник КРСУ. 2017. Т. 17. С. 22–26. Осы аталған еңбектер қатарында Д.Ш. Кызаева (жауапты құраст.), З.К. Курманов, А.Ю. Абдрахманов құрастырған  «Ашаршылық в Казахстане: казахские беженцы в Кыргызстане 1932–1933 гг.» атты архив құжаттары мен материалдары жинағын ерекше атап өтуге болады. Қазақ еліндегі 1931-1933 жж. ашаршылықтың 90 жылдығына арналып жарияланған бұл жинақта туған жерінен бас сауғалап қашқан ашыққан босқын-қазақтарды іргелес Қырғызстан тарапынан қолдау шаралары, Юсуп Әбдірахманов бастаған республика Үкіметі көрсеткен көмек туралы архив деректері ұсынылған.

Осы орайда, нәтижелі жұмыс жасауымызға кеңінен мүмкіншілік жасаған Қырғызстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қырғызстан республикасы қоғамдық-саяси құжаттамасының Орталық мемлекеттік архиві, А. Османов атындағы Қырғызстан Республикасының ұлттық кітапханасы әкімшілігі мен қызметкерлеріне шексіз алғыс білдіреміз.

Бұдан өзге, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, т.ғ.д., профессор З.К. Курмановпен кездесіп, әріптестік ғылыми байланыстар жөнінде, ғылыми жоба аясында пікір бөлісіп, ғылыми еңбектерді сыйға тартумен қорытындыланды.

Айнагүл Қайпбаева, Ш.Ш. Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.                                                                                                               

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?