Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Семей-Ертіс өңірі және Әбілпейіз сұлтан

1252
Семей-Ертіс өңірі және Әбілпейіз сұлтан - e-history.kz

Егер сізді Семейдің ең ежелгі тарихы қызықтырса оны, әрине, оң жағалаудан іздеген жөн. «Дархан-цорджы» құрылыстарын Ертістің оң жағалауынан жақсы аңғаруға болады, сонымен бірге мәтінді байыпты қараған адам «Ертіс сүмбе» мұнараның тұрған жерін де шамалайды. Бұл жер бұрыңғы Семей облысының губернаторының үйі, яғни қазіргі музей ғимараты мен Ертіс жағалауының арасы. Ал сіз Әбілпейіз сұлтан кезеңінің ескерткіштерін іздесеңіз, онда Ертістің сол жағлауын, яғни Алаш қаласын зерттеуіңіз керек. Жалпы Семейдің жаңа тарихына Әбілпейіздей еңбегі   сіңген тұлға жоқ. «Төре» деген сөзді бұл жерде біз Әбілпейіздің  Шыңғыс хан тұқымы  екенін көрсетеуді мақсат тұтпай, мемлекет қызметкері мағынасында қолданып отырмыз.

Әбілпейіз сұлтан Әбілмәмбет, Түркістандағы Орда маңында ел Аймәмед хан атаған қазақтың ұлы ханының кенже баласы. Деректер Әбілмәмбеттің қақ-соқ мінезі жоқ, жүріп-тұрғаны да, сөйлегені де биязы жан еді дейді. Қазақтың ұлы хандарының орнына өз жолымен 1739 жылы отырып  1769 жылға дейін хандық құрды.

Әбілпейіз сұлтанның тарихи жазба құжаттар мен қазақтың ауыз екі шежіресінде алғаш көрінетін жері 1740-ші жылдардың басындағы «Ақ үйлі аманат» мәселесіне қатысты. Ресей үкіметінің 1740-шы жылғы тамыз келісімі бойынша қазаққа одақтас болуға уәде бергенімен шын мәнінде екі жүзді саясат жүргізгені көп ұзамай аңғарыла бастады. Жоңғария осы келісімсөздерді жіті қадағалап отыр еді. Қытаймен бірнеше ірі соғысты бастан кешірген, үлкен мемлекетпен көрші қонудың не екенін жақсы аңғарған Қалдан Серен қазаққа қарсы екі түрлі саясатты қатар жүргізді. Оның біріншісі қазақ саяси элитасының қатарына жаңа енгенімен, осы қысқа уақыттың ішінде қазақ хандарының ұлы тағына отыруға бірден-бір үміткер Абылай ханды 1733 жылғы Сәру (Шарыш) өлімін себеп қылып ұстау, екіншісі Ресейдің қазақты қорғамайтынын дәлелдеу. 

Қалдан Серен алдымен Сібірдегі Ресей үкіметінің басшыларына елші салды: «В январе 1741 г. состоялись переговоры ойратского посольства во главе с Ламой-Даши с сибирским губернатором П.Бутурлиным. Представителей Галданца-Церена интересовал прежде всего вопрос «ис которых  орд ныне под Всероссийскою державой находятца в подданстве и в которых местах и какая именно орды». П.Бутурлин ответил, что об этом лучше известно Оренбургскому губернатору, а он знает только, что «в подданстве под Всероссийскою державой находятца Абулхаир-хан з детьми и с ордою своею». 

Бұл уақытта Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның Орынборға барып  бұдан былай біріміз аға, біріміз іні боламыз деген келісім жасаған. Сібір губернаторы П.Бутурлиннің оны білмеуі мүмкін емес. П.Бутурлин жазбасы осының дәлелі: «посланы указы с крепким подтверждением... от приходу неприятельских людей Казачей орды везде иметь всегда крепкую и неусыпную пердосторожность и неоплошные везде караулы...». Қалдан Сереннің елшілері Лама-Даши и Науруз Казы П.Бутурлинге Ресейше бодандыққа енген Кіші жүз қазағына тиіспейміз, ал қалғандарымен соғыссақ сіздер ара тұрмайсыздар деп уәдесін алып елдеріне қайтты. 

Жоңғарлар уәдесінде тұрды. 1741-ші жылдың ақпан айында, қалмақтың Ұзын сары (Цаган саар) – жаңа жылын қарсы алғаннан кейін 30-мыңдық әскер қазақ даласына  үш жақтан таудан аққан селдей құйылды. Ертісті бойлай Септен тайшы шапса, Түркістан маңынан Сарыарқаға қарай Сары Мәнжі аттанады. Жетісудан Қалдан Сереннің үлкен ұлы Лама Доржы қазақ даласына ат қойды. Қазақ қалмақтың бұл шапқынын «сүзекінің қолы» дейтіні осы себепті, «сүзекі» балықты судан сүзіп алатын аудың бір түрі. 

Қазақтың жадында бұл әңгіме «Қалдан Сереннің Сәру деген інісін бір жорықта кездесіп, Абылай өлтірген екен дейді. Қалмақтан шыққан Сына батыр Қалдан Сереннен қашып Абылайға қорғалаған екен. «Кісімді өзіме қайтарып берсін !» дегенде Абылай айтты: 

-Мені аямасын,- деп пәрмен қылған екен.

Бұл турадан Қалдан Серен қалмақтың өзінен басқа қонтәжісі болсын, Аюке болсын, баршасына ат шаптырып «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.

-Көктің астында, жер үстінде болса, Абылайды тауып әкеліңдер...» деп басталады.

1741 жылы Абылай сұлтан  қалмақ қолына тұтқынға түсіп, оны құтқарамыз деп қазақ баласы үш жүзден тоқсан жақсыны аттандырып, Әбілмәмбет баласы Әбілпейізді «ақ үйлі аманатқа» тапсырады. «Ақ үйлі аманат» дегеніміз Еуразия көшпелі халықтарының арасында ерте замандардан бері белгілі екі ел арасындағы саяси қарым-қатыстарды реттейтін бірден-бір тетік. Екі елдің бірі күшті, бірі әлсіз болып, қан майданда соғысудан қажып, не халықты қырып алудан қауыптеніп келісімге келеміз десе әлсізі «ақ үйлі аманат» береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша аманатқа тек ханның таққа мұрагер ханзадалары, ел ағалары батыр мен билердің балалары барады және олар өздерінің отбасымен, алдарына салған малдарымен, осы жолға арнайы дайындалған «ақ отауларымен» келеді. Міне, осыдан кейін «ақ үйлі аманат» екі елдің арасындағы бейбіт қарым-қатынастың кепілі. 

1742 жылы күзде Түркістанда болған Неплюевтің елшілері тілмаш Уразин мен вахмистр Лихачев Әбілмәмбет ханмен, Барақ сұлтанмен бірнеше рет кездесіп қазақ және қалмақ арасындағы келісімсөздерге әсер ете алмады: «Однако он, Абульмамбет хан, на все на то несмотря и не послушав чиненных ему от помянутых переводчика и вахмистра наисильнейших представлений, и по много имевшимся секретным советом з бывшими при нем зюнгорским посланцами и с некотороыми киргизскими старшинами, а наипаче с Нияс батырем, Девлет-беем да Шамратом, которые и напередь сего лежащих около Ташкента городков дань обирывали, отправил ко оному зюнгорскому владельцу меньшого своего сына Абулфеиза с помянутым старшиною Нияс-батырем, кой, как сказывают, паче всех ево ханским духом владеет...». Қазақтан беті қайтқан И.Неплюев енді Сібір губернаторы арқылы Жоңғарияға хабар салып әскери одақты болғызбауға кірісті,  ол үшін бірдеңе қылып Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейізді Жоңғар ұрғасында қабылдамау керек... 

1742 жылғы қалмаққа «ақ үйлі аманат» беру қазақ-қалмақ арасын бірер жылға реттеген жақсы қарым-қатынастың басы болды. Екі арадағы бейбітшілікті пайдаланып қазақ көші Шар-Құрбан бойына, қалмақ шекарасына жақын қонды. Екі елдің ханзадалары жаз күндері бір-бірімен араласып, сауық-сайранды бірге құрды. Шекара алқабында сауда-саттық та жанданып, елдің дәулеті өсе бастады. Орынбордан  К.Миллер басқарған елшілік болса  Қалдан Серенге жолыға алмай,  Ұрғадан 300 шақырым жерде ошарылып жатты. Елшілікке жол бастап келген шақшақ Байқұлақ батырды қалмақтар әр нәрсені сылтау қылып К.Миллердің көзінше өлтірді.

1743 жылы мамыр айында Қалдан Серен Абылай сұлтанды тұтқыннан босатты. Екі жыл бойы қазақтың бетке ұстар басшысы қалмақтың қолында кіріптар болды. Қалданның қазақ төрелерінің ішіндегі ең ақылды, ең айлалы, ең батыл өкілін қасына ұстап отырып, босатып жіберуінде не сыр бар? Қалдан да осал басшы емес. Қазақтың ел болып тұрғаны, татулығы керек, қысылғанда қол үшін бере ме деген үміті бар. Қалдан Сереннің Әбілқайыр ханға «Сен, Әбілқайыр, ақ патша ханымның алдында тізерлеп отырсаң маған жаусың. Қазақ пен қалмақ ақ сұңқар құс, ол екеуінің қарғаның алдында тізерлеп отырғаны жұрттың алдында ұят, біздің жұртымыз өзіне өзі бек, олардың жұрты арбасын сүйреткен дөңбек. Егер орыстың астына тығылсаңдар, сендерді, қазақтарды, біздің қалмақтар күн құрғатпай ұрып отырады» хат жазатыны сол себепті.

1745 жылы ұлы қонтайшы Қалдан Серен жұмбақ өліммен қайтыс болды. Жоңғария ұзаққа созылған, ақыры мемлекетті құртып тынған ауыр дағдарысқа түсті, ақыры мемлекет есебінде өмір сүруін тоқтатты. Бұл бұлғақ  қазақ сияқты қалмақпен тығыз араласқан, ішкі-сыртқы жағдайын жақсы білетін ел үшін естен кетпес сабақ алатын оқиға еді. Осы дәуірдің шежіресі Бұқар жыраудың толғауларынан, қытай және орыстиың архивтік іс қағаздарынан нақты көрініс тапқан. Біздің бұл кезеңге қатысты жазылған бірнеше шығармамыз бар (ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамы, Абылай хан, Бұқар жырау-он екі тарих, Қаздауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Аталықтар әулеті т.б.), осы кітаптарды қарасаңыз болады.

Әуелі Қалдан Серен орнына зайсандар 1746 жылы ортаншы ұлы Сыбан Доржыны (Әжі хан) отырғызды, оны 1750 жылы Қалданның үлкен баласы Лама Доржы өлтіріп, билікті қолына алды. Лама Доржыны 1753 жылы қаңтар айында Лабашы (Даваци) өлтіріп хан атанып еді, көп ұзамай Қытай қолына түсті.  1754 жылы Лабашыдан қашып Қытайдың әскерін бастап әкелген Әмірсана 1755 жылы елін қырып-жойып бара жатқан Қытайға қарсы көтерілісті бастап 1756 жылы Боротола деген жерде қонтайшы сайланды. 1756-1757 жылдары бірнеше рет Абылайға қашып келіп, ақыры 1757 жылы Тобольскіде сүзектен өлді.

Қара қалмақты Қытай қырды, жұқпалы аурулар қаптап одан қырылды, аман-сау қалғандары қазақ жеріне, Оңтүстік Сібірге, одан асып Еділ бойындағына ағайындарына қарай шұбырды. Жоңғариядағы азамат соғысына араласқан, 1756-1757 жылдары баса-көктеп енген Қытаймен айқасқан қазақтың ел басылары 1757 жылдың күзінде Түркістанда жиналды. «Егер шүршіт келмесін, егер шүршіт қаптаса, Алып бір кетер ақтарып, көмулі көрден денеңді» деп  қазақтың сәуегейі Бұқар жырау жырлаған шүршіт қаупін қайткен күнде де сейілту керек еді. Бұрынғыдай екі ортада қалқа болып тұрған қара қалмақ жоқ, алып империямен екі арадағы ірге жалаңаш қалды. 

Жаугершілікке толы ХУІІІ ғасырдың 50-ші жылдарында Түркістан аймағына Әбілмәмбет ханның ұлы Болат сұлтан мен аталық Нияз батыр иелік жасады. Қазақ басшыларының кеңесі Йассауи кесенесіне жақын орналасқан Әбілмәмбеттің ордасында  өтті. Кеңес Әбілмәмбеттің бел баласы Әбілпейіз сұлтанды қалмақтан босаған  ұлан-байтақ кең алқапқа басшы қылып тағайындады. Қалың найманның бетке ұстар азаматтары-Ботақара би, Боранбай би, Сырымбет би, Қыстаубай би, Толыбай батырлар елдің алдына шығып, мойындарына кісесін салып жіберіп Әбілпейіз сұлтанның амандығын мойындарына алды.

Міне осылай кезінде өзі аманатта отырған қара қалмақтың жұртына иелік жасау  Әбілпейіздің пешенесіне жазылды. Шар Құрбанның бойында ұйлығып, әрі баруға Қытайдан қауыптеніп отырған қалың найман мен абақ-керейді бастап Алтай мен Тарбағатайды игеруді кеңес Әбілпейіздің жауаптылығына жүктеді. Тәшкент пен Түркістан арасынан аса алмай отырған Ұлы жүздің үйсін-дулаты Жетісуға қайта қоныс салуға асық, олардың көштеріне де басшылық керек. Әбілпейіздің негізгі міндеті осы елдерге қорған болу, шаруашылығын жүргізу, көрші мемлекеттермен шекараны реттеу.

Хан кеңесі «Әбілпейіз сұлтанға қызмет істейді, өлімге жұмсаса да қияметте сұрауы жоқ»,-деген өсиетпен Өмірзақ мырза мен Жаназар батыр  бастаған мың шаңырақ төлеңгіт  тобы мен бес жүз үй Абақ-Керейді  Әбілпейізбен бірге аттандыруға шешім қабылдады.  Осы оқиғадан кейін оншақты ұрпақ ауысты, қазақ талай аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді, қара шыбындай қырылған кездері болды, бірақ Әбілпейіз соңынан еріп төлеңгіт атанып Шұбартауға кеткен аталық әулетінен Мамадайыр, Мамашық тұқымдарының  арасында «бұл елдің бірлігі үшін керек» деген сөз мәтел болып сақталып қалыпты. 

Әбілпейіз сұлтанның  ХVІІІ ғасырдың 50-80 ші жылдардағы қазақ баласына жасаған жақсылығын, әсіресе шығыс шекарасын бүтіндеп, елді Ертіс пен Іленің басына дейін алып барған ерлігін суреттеп шығу бір мақалада мүмкін емес.  Қазақ шығысқа қарай ентелей жылжып,  Тарбағатайды, Алтайдың екі қапталын түгелге жуық игерді, Жетсуды алды. Құрбанғали имам «Тауарих хамсада» бұл оқиғаларға жақсы көңіл бөлген: «Әбіл Файз келуімен наймандар жаппай бұған ергенде, аз уақыт өтпей төрелер де (ақтулылары) қосылып, заманында ел Құлжа, Шәуешек қолтығына дейін, Жайсаң көлінің жоғарғысы Маңырақ, Сауыр, яки Сайқан тауларына дейін, Ертістен өтіп Алтай етегіне дейін барды» дейді. 

Бізге негізгі тақырыбымыздың аясында Әбілпейіздің Семейге сіңірген еңбегін баяндау маңызды.  Әбілпейіз шығыс алқапқа келген уақытта Семей орыстың әскери  бекінісі еді. Әбілпейіз Шығыс өлкеге келген күнінен бастап Ресеймен екі ортада сауда жүргізетін орталық ашпаққа ниеттенді. Алдымен 1760 жылы Сібірдің шекаралық басшыларына Семейде сауда орынын ашу қажеттілігін айтып өз қоластындағы билерді жұмсады. Олар өз бетімен бұл мәселені шеше алмаймыз деген соң, осы жылы Әбілпейіз Бекмырза мен Құдайберген батырларды Санкт-Петербургке патшаның өзіне елшілікке аттандырды. Әбілпейіз император Петр Федоровичтің атына 1762 жылы 21 қаңтарда жазған хатында өзінің ұлы бабасы Тәуке ханның заманында орыс пен қазақтың арасында сауда жүргенін, осы жолы ұстанған Әбілмәмбет ханның да кезінде патша ағзамға бірнеше рет қарым-қатынасты дамытуға тілек білдергенінен бастайды. Бірақ қалмақпен, шүршітпен соғыстар килігіп екі арадағы сауда қарым-қатынастары кешеуілдеп қалды дейді: «И хотя Средней Орды ведомоства Аблай солтана аргинцы торг свой с их пользою в Троицкой крепости производят, токмо оная Троицкая крепость от народа нашего весьма удалена, в которую народ наш за дальностью в три года только единажды  ездят и торгуют, а протчей наш Средней орды народ, а имянно найманцы и уйсюнцы и вся Большая орда, в той Троицкой крепости производить и не могут. Того ради двору вашего и.в. о том всеподданейше доношу и прошу высочайше и всемилостливейше повелеть народу нашему трог производить в состоящей поблизости кочевья нашего Семиполатной крепости».

Әбілпейіз Ресей патшасына өзінің Семейдегі сауданы тікелей қадағалайтынан, егер сауда орталығы ашылып, оған Ресейден саудагерлер келген жағдайда әкесі Әбілмәмбетпен келісіп оңтүстіктен керуен келтіретінін уәде етеді: «когда в той крепости Семипалатинской торг производить указано будет, то понеже отец мой Абулмамет хан находится в Туркестанте ханом, чрез которого б и тому торгу из Туркестанта, Ташкента, Кашкарии и Яркента ездящим купцам весьма имело быть полезно». 

Әбілпейіздің қолдауымен Семей жылдам көтерілді. Егер 1765 жылы Семей бекінісіне 120 қазақ саудагері келсе, он жылдан кейін оның саны 200 ден асып жығылады. Тез арада Семейде жиналатын баж (кеден) салығы жүздеген есе өсіп 14741 рубльге жетті, осы кезде Өскемен бекінісіне түсетін баж салығының көлемі бар болғаны 1051 рубль еді, ал Омбыға түсетіні -509 рубль. Осы көрсеткіштерден-ақ Семейдің әскери бекіністен азаматтық қалаға айналуы Әбілпейіздің көзі тірісінде болғанын анықтаймыз. Міне, біздің Семей тарихының  Әбілпейіз кезеңі деуімізге осы себеп. Семейдің халқы осы сұлтанның атын қазіргі күні білуі керек. Ертістің сол жағалауындағы Семейге қарама-қарсы бой көтерген қалашық Алаш атануына да Әбілпейіз себеп.  Қазақты ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда жеке республикаға бастаған Семейдің сол қанатындағы Алаш қаласы болса, Семейді «Ах-ау, Семей!» қылған Әбілпейіз сұлтан еді ғой.

Ресей қызметкерлері «Абульфеис, который во время своего владения почитался по всей Средней Орде наизнатнейшим и разумнейшим, хотя Абылай-хан в то же самое время был ханом... » деп жоғары бағасын берген қазақтың атақты төресі Әбілпейіз 1783 жылы Шыңғыстауда қайтыс болып, Әзіреті Сұлтандағы ұлылар пантеонына жерленді. Капитан И.Г.Андреев Әбілпейіз өмірінің соңы туралы «Он был в рассуждении тихого своего нрава и весьма в почтении, и в 1783 году умер, и тело его в 1784 году отвезено сыном его Пупы салтаном в город Туркестант; ибо их поколения знатные ханы и салтаны в том городе, поелику они в оном почитают издревле одного Хазрят-салтана гроб за святость, погребаются. А сверх того и брат его Полат в Туркестанте -ханом» дейді. Қазақтың ұлы азаматтарының бірі осылай қолынан келгенше халқына адал еңбек етіп өмірден озды.

Әбілпейіз сұлтан Қазақ халқы үшін жарнқияр тіршілік еткен  ұлы тұлғалардың бірі. Оның замандасы  капитан Андреевтің  «наизнатнейший и разумнейший» деген сөзін қазақша түсіндіретін болсақ – «тектілердің тектісі, ақылдының ақылдысы». Ендеше мына аласапыран асығыс заманда Жаңа Қазақстан боламыз деген елдің басшыларына елге қызмет істеудің үлгісін жасап кеткен,  Темірқазықтай жол сілтейтін ұлы тұлғалырымызды ұлықтайық.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?