Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихтан тағлым алу аса қажет

821
Тарихтан тағлым алу аса қажет - e-history.kz

Сурет: 7-su.kz

Жетісу Алаш қайраткерлерінің қызметі мен тағдырларын зерделеу барысында кез-келген тарихшы-зерттеушіге ой салатын ҚР Орталық мемлекеттік архивінің 94-қорында сақтаулы құжаты көзге түсті. Ол - Верный округтік сотының қазылар алқасының аудармашысы Асылқожа Құрманбаевтың 1917 жылы 2 қазанда Жетісу облысы Уақытша үкіметінің комиссары Мұхамеджан Тынышбаевтың атына жазған өтініші.

Өтініш иесі гимназияның 1-сынып оқушысы ұлы Заманбекті пансионға қазна есебінен оқытуды сұраған. Алайда «ендігі жерде қазақ балаларын пансионға қабылдау мәселесі облыстық қырғыз комитетінің құзырына берілгендігін» хабарлаған. Асылқожа Құрманбаевтың өтінішінде «қырғыз комитетінің екінші ұлын қабылдаудан бас тартқаны былай тұрсын, бірінші ұлы Сұлтанды пансионнан шығарып жібергендігін» ашық жазған. А. Құрманбаев «облыстық қырғыз комитетінің құрамында Верный уезі қазақтарының, бұрынғы тәлмаштар, қайтыс болған губернатор Фольбаумның серіктестері Жайнақов пен Шегіровтің, Пржевальск уезінің бастығы Валериан Великолепныйдың аудармашысы Дүйсебаевтың, Верный уезінің басшысы Лихановтың аудармашысы Тергеусізовтің және т.б. бар екендігін» жеткізген. Асылқожа: «Бұл адамдардың барлығы жартылай білім алған, түрлі себептермен жергілікті гимназиядан шығарылғандар. Бұл мырзалар сәтпен санаса білетін ақылды адамдар ретінде төңкеріс болған күннен бастап майданды бірден өзгертіп, жалынды социал-демократтар ретінде алға шығып, халыққа бұрынғы ықпалын пайдаланып, өздерінің жақтастарының өзара көмегімен, бір-бірін қолдау арқылы әртүрлі комитеттерге кіріп, енді олар барлық билікті, соның ішінде ағартушылықты да өздерінің қолдарына шеңгелдеп алды», - деп жазды. Оның айтып отырғаны - Верный ерлер гимназиясы. Жетісу Алаш қайраткерлерінің көпшілігі осы гимназияда білім алған. Әртүрлі комитеттер дегені - Жетісу облыстық қазақ комитеті. Төрағасы Ыбырайым Жайнақов болған комитет облыстағы барлық салаларды, соның ішінде оқу-ағарту саласын қадағалап, мәселелерді шешіп отырған. 

Ары қарай шағымда «Жайнақовтардың кім екенін жақсы білетіндіктен, мен олармен бұрын бір жолмен жүріп көрмегенмін, төңкерістен кейін де олармен қоян-қолтық араласпадым. Бұл - олардың маған деген мейірімі емес, дұшпандықтарының себебі. Сондықтан, Комиссар мырза, шындық пен әділет сақшылары ретінде  Верный аудармашылар комитетінің қазақ балаларын пансионға қабылдау және оқудан шығару әрекеттерін жеке тексеруді өтінемін және тексеріс арқылы менің арызымның дұрыстығына көз жеткізсеңіз, менің ұлдарым Сұлтан мен Заманбекті пансионға қабылдауға өкім шығарады деп сенемін. 

Пансионға  балаларды қабылдауға қатысты аудармашылардың әрекетін тексеру қажет деп санаймын, өйткені пансион ауқатты аудармашы мырзалардың балаларына толы деген қауесет бар. Қалай десек те, халық өміріндегі халық ағартуға қамқорлық  сияқты маңызды мәселе өздерін «облыстық қырғыз комитеті» деп атаған верныйлық аудармашылардың бақылаусыз қарауында қалдырылмайды деп сенемін» делінген. 

Жаңа замандағы және Кеңестік Қазақстан тарихта оқыған, көзі ашық, көкіректері ояу қазақ азаматтарының бірінен үстінен бірі жазған арыз-шағымдарының аз болмағаны мәлім. Мұның бірнеше себептерін көрсетуге болады. Біріншісі - жеке бастың қамы үшін қолында билігі барларды қаралау. ұлт пен мемлекет мүддесін ескермеу, сол үшін барды көре алмау. Екіншісі - ұлт зиялыларының, әсіресе Алаш қайраткерлерінің бойынан кемшілік іздеу. Осы бір жаман қасиет әлі де белең алған. Осы орайда «өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді» деген мақал еріксіз ойға оралады. Үшіншісі өзін төнген қауіптен басқаларды көрсету арқылы құтылудың жолын іздеу. Бұл құбылыс 1920-1930-жылдары етек жайды десек артық айтқандық емес. 

Айта кетерлік жайт, осындай «домалақ арыз» жазған Асылқожа Құрманбаевтың өзі 1920-жылдары өмір бақи бас бостандығынан айырылып, түрмеге тоғытылған. Алматы облыстық мемлекеттік архивінде осыны айғақтайтын құжат сақтаулы. 

Десек  19201940 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеуде күрмеуі қиын осы мәселенің көлденең тартылатыны хақ. Бірақ бұл жайында әзірше ештеңе айтылмайды. Бұған қоса отандық тарихнамадан әлі күнге дейін саяси қуғын-сүргінді жүзеге асырған қанды қол орындаушылар зерттеулерден көрініс таппай келеді. Бұл ойланарлық жайт. 

Оразгүл Мұхатова

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 

бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д, профессор,  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?