Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Театр тарланы - Зейнел Көшкімбаев

1064
Театр тарланы - Зейнел Көшкімбаев - e-history.kz

Сурет: qazaqstan3d.kz

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актер Зейнел Көшкімбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр.

 Қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының алғаш негізін қалаушылардың бірі Зейнел Көшкімбаев 1913 жылы қазіргі Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы, №7 ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келеді. Жастайынан ата-анасынан айрылылып жетімдік күйін кешеді. Жақын туысы Қызыр Ақбайпақовтың панасында ержеткен соң, өзі сияқты өзге көптеген жастар сияқты, сол өңірдегі күнкөріс көзі болған Қарағанды шахтасына келіп түседі. Қарағандыдағы №2 шахтада жұмыс істеп жүргенде ән мен күйге бейімділігімен айналасына танылады. Осындағы әуесқой өнерпаз жастардың күшімен құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына белсене қатысады. Арқа бойындағы кеншілердің бас қаласы Қарағандыда осы кезеңде жұмысшы жастары театры құрылып жатқан болатын. Халық аузында ТРАМ (театр рабочей молодежи) аталған бұл өнер ұжымы болашақ театрдың негізі болғаны анық. Тума дарын Зейнел Көшкімбаев 1932 жылы осы жұмысшы жастар театрына комсомол ұйымының арнайы жолдамасымен алынып, спектакльдерге қатынасып, өнер әлеміне қанат қағады.

Қазақ даласында алапат аштық жайлап тұрған кезеңде бұл ұжымға Тәкір Бәкішев деген азамат басшылық еткен екен. 1932 жылы қазан айында Атығай Шанин мен Қанабек Байсейітов жазған «Зәуре» пьесасымен алғаш шымылдығы ашылған бұл театрда Зейнел Көшкімбаевпен қатар, Сырлыбай Жүнісов, Мүлік Сүртібаев, Жәмила Шашкина, Рахия Жылқайдарова-Қойшыбаева, Әнуар Шәймерденов, Нұрмағамбет, Торша Жабаевтар, Мәриям Мұқатаева, Үнзила Әбеуова, әншілер Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықов, Жаңыл Қартабаева, Алтын Әлиева, Зәбира Жұбатова тағы басқалар алғаш қызмет еткен екен. Бұл ұжым арасынан кейін күллі қазақ жұртына аты мәшһүр болған көптеген өнерпаз, дарынды тұлғалар туып шықты.

Бұдан кейінгі өмірін сахнамен байланыстырған ол 1934 жылдан бастап театр сахнасында әр түрлі үлкенді-кішілі рөлдерді ойнай бастайды. Атап айтқанда Атығай Шанин мен Қанабек Байсейітовтің «Зәуре» пьесасында Темірбек, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қарабай, «Қыз Жібегінде» Бекежан, Н.Гогольдің «Ревизорында» Дуанбасы, Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішев бірігіп жазған «Намыс гвардиясында» генерал Панфилов, Шахмет Құсайыновтың «Амангелді» пьесасында Амангелді, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Көтібар, «Абай» драмасында Құнанбай қатарлы рөлдерді сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді. Театр өнері бойынша арнайы білім алмаса да, өзге көптеген қатарластары сияқты табиғи тума дарынымен, өршіл талантымен өмірінің соңына дейін кәсіби шеберлігі қалыптасқан сахна саңлақтарының қатарынан табыла білді.

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында да Қарағандының мәдени ошағы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Тіпті осы кезеңде театр өзінің толысу кезеңіне аяқ басты деуге болады. Соғысқа байланысты Киев қаласынан эвакуацияланған Леся Украинка атындағы Украина ұлттық академиялық театры ұжымы Қарағандыға келіп орналасқан болатын. Кәсіби өнер ұжымымен бірлесе жүріп қойылымдар қойылуы Зейнел Көшкімбаев қатарлы жергілікті актерлерге үлкен тәжірибелік, шеберлік сабағы болады. Қарағандылық ұжым актерлерінің күшімен режиссер Ю.А.Сумароков пен П.Б.Серебряниктер «Жомарттың кілемі», «Намыс гвардиясы», «Түнгі кездесу» қатарлы спектакльдерді қойылымдап, көрермендерге ұсынады.

Осы кезеңде Қарағанды драма театрының актері Зейнел Көшкімбаевтың сахна өнеріндегі еңбегі жоғары бағаланып, оған 1944 жылы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген артис атағы берілді.

Жоғарыда атап өтілгендей, 1932 жылы әуесқой өнерпаздардың күшімен алғаш рет «Зәуре» пьесасымен көрермендеріне премьерасын ұсынған, 1936 жылы облыстық театр мәртебесіне ие болып, шығармашылық толысу жолына түскен бүгінгі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры – республикамыздағы іргелі өнер ұжымдарының бірі ретінде өзінің тоқсан бірінші маусымына аяқ басты. Әр өңірдегі өнер ұжымдарының өзіндік құрылып қалыптасу тарихы, негізін қалаған алғашқы қарлығаштары болатыны белгілі. Олардың есімі әрқашан ұмтылмақ емес. Осы тұрғыда, сахна шебері Зейнел Көшкімбаевтың есімін туғанына 120 жыл толуына орай еске алып, оқырмандар санасында жаңғырттық. «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» дегендей, туған елі, жері, іргелі ұжымы өнерпаз тұлға Зейнел Көшкімбаевтың есімін ұмытпаған екен. Оның жарқын куәсі – 2007 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы Бейбітшілік гүлзарының бойындағы №32 үйге Зейнел Көшкімбаевқа мемориалдық тақта қойылғандығы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?