Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қорғалжын қорымдары

1463
Қорғалжын қорымдары - e-history.kz

Қазақ даласының әр өлкесіндегі мазар, қорған, қорымдар тарихы қызық, олардың архитектуралық құрылысы, сәнді және көркемдік шешімдері мен тарихи құндылығы өңірге ғана емес, тұтас ұлттық мәдениеттің көрінісі болары анық. Көне тарих іздерні көз жіберіп қарайтын болсақ, өзіндік тарихы мен дәстүрі бар, ерекшелігі мен болмысы сипатталатын мұндай ғимараттар оны қоршаған орта, төңірегіндегі өзен-көлдерімен, қыстауларымен, қырат-дөңдерімен ұштасып, табиғаттың көркін құлпырта түседі. Мынау сайын кең сахара Сарыарқаның сақылдаған сары аязы мен қапырық ыстығына кеудесін тосып, тылсым тыныштықта көз ұшынан сағыммен аралас кербез көрініп, айбын-айбатын асыра түседі. 

Астанамыздың іргесіндегі Қорғалжын даласында ерте заманнан қалған, ел ішінде аңызға айналған кесенелер бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Бұлар жеке қорғандар, қорғанды молалар, қорымдар мен бертінгі заманның кесенелері ретінде замана желімен, уақыт табымен жарысып келеді. Жалпы кесене тұрғызу дәстүрі Алтын Орда дәуірінде ел арасына ислам дінінің еніп, орнығуы негіз болғаны белгілі жайт. Өкінішке қарай көптеген нысаналар өңделмеген, шикі, жергілікті лай кесектен салынғандықтан, қазіргі заманға жетпей де бұзылып жатыр, сақталғандарының өзі қирауға жақын тұрғаны қатты байқалады. Қорғалжын-Теңіз өңірінде сақталған кесенелер деп Алыптомар, Қаныкей, Балабейіт, Қылыш, Ахметжан, Ақбекет, тағы да басқа кесенелерді атауға болады. Қазіргі кезде бұл кесенелердің маңында қазақ зираттары орналасып, аумағын, әсіресе сакральды қасиетін кеңейте түскен. 

Ендігі жерде біз Қорғалжын өңірінде сақталған, бүгінгі заманға жақсы қалпында жеткен қорған-қорымдарды ретімен таныстырып шығамыз. Алдымен ат басын әке-бала-немере деген үзілмес туысқандық арқауға ие болған, жергілікті елдің қадірлі азаматтарының құрметіне қойылған Қылыш, Ахметжан, Ақбекет ғимараттарына бұрамыз. 

Қылыш, Ахметжан, Ақбекет ғимараттары

Қорғалжын ауданы Талдысай округінің Керей ауылы маңындағы Қылыш, Ахметжан, Ақбекет ғимараттары бір-бірінен өтетін, ерекше,  құрылыстары күрделі әрі зор, соның ішінде үлкен, тамаша ХVІІІ ғасырдың табыну архитектурасының қызықты үлгісі – Ақбекет мазары. Мазар киіз үй тәрізді дөңгелек құрылымды естіп жасалған. 

Арғын ішінде Тінәлі руының “көп жыл болыс болып, атақ шығарған” (М.Ж.Көпейұлы) Қылыш қажы ғимараты алты бұрышты, төбесі (жалпақ) шатыр тәрізденіп, бүйір қырлары ажырамай шатырдың қырларымен ұласады да, сүйір сүмбілді сәндік күмбезбен аяқталады. Кіреберіс есігі шатыр тәрізденіп жабылған тікбұрыш түрінде ғимаратқа жалғастырылған. 

Ал Қылыштың баласы Ахметжан болыстың ғимараты жалпақ шатырлы, тікбұрышты зомбал, саңылаусыз, қабырғалары қалың, оқ атар тесік жері бар, орта ғасырдың берік қамалдарын еске түсіреді. Ғимарат кең дала кеңістігінде жападан-жалғыз болғанына қарамастан, айбынды көрінеді. 

Сәулет-құрылыс мамандары Ақбекетті XVIII ғасырды көз тартарлық ескерткіштерінің қатарына жатқызған. Ол – киіз үй пішінді дөңгеленген, көлденең белдеу жасай әртүрлі архитектуралық стильмен қаланған биік, сәнді ескерткіш. XIX ғасыр мазарларынан өзіндік сұлулық еседі. Оларды дайындау үшін кірпіштердің 80 түрлі нысаны, түрлі түс пен реңкті қолданылғаны қызықты. Сәнінен өзге, сапасын бекемдеу мақсатында  торсыққа құйып атпен тасыған бұлақ суын қоса пайдаланғаны жөнінде ел аузында әңгімелер сақталған. Қазірдің өзінде қабырғалары теп-тегіс, шикі кірпіштен өрілген, жақсы сақталған ғимарат деп саналады. 

XIX ғасырдың II жартысында Айыртау, Шұбаркөл (қазіргі ашық кен-көмір орны), Қарақойын-Қашырлы өңірінде өмірін өткізген, заманының салауатты, сауатты, әділдігімен Арқаға аты жайылған би Аққошқар Кішкентайұлының мазары (Қыпшақ өзені бойында Жанбөбектен 60-70 шақырым) туралы да айта кету деп жөн санаймыз.

Тінәлі даласындағы көптеген өте жоғарғы шеберлікпен құрылған кесенелерді салған адамдардың аты белгісіз. Ал осы Ахметжан қажының кесенесі, оған қоса Баршын ауылынан әрі оңтүстікке қарай Көң өзенінің өңірінде салынған күмбезді кесенелерді жобалап, құрылысын басқарған адамның аты ел есінде қалған, ол атамыз – Мырзадәулет ұста.

Ұста Мырзадәулет қажы. XIX ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында Сарыарқа өңірінде, Орта жүз Арғын тайпасының тінәлі руынан шыққан Мырзадәулеттің есімі замандастарынын арасында сәулетшілік және зергерлік өнерімен жақсы танымал болған. Арғы аталары Түгелбай, Ерәлі, өз әкесі Тоқабай есімдері елге белгілі болған. Шамамен 1862-1864 жылдар арасында өмірге келген Мырзадаулет жас кезінен зергерлік және құрылыс саласындағы шеберлігімен көпшіліктің көзіне түскен. Оның оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, елдің беделді азаматтарына салған бейіттері бүгінгі заманға дейін сақталған. Ежелгі заманнан Тінәлі руының атамекені болған, Жаксыкөң өзенінің бойындағы Баршын ауылынан бастап, Бала-қажы бейітіне дейінгі, төбелері күмбезделген бейіттерді жобалаған және құрылысын өзінің басқаруымен жүргізген. Мырзадәулет атап айтсақ, осы заманға дейін  сақталып келген Қылыш-қажы, Ахметжан-қажы, Мырзасары-қажы, Бекет-қажы, Туғанбек-қажы, Қара арыстан және тағы да басқа көптеген, сол кездері атагы шыккан белгілі аталарымыздың бейіттері тұрғызған. Осы бейіттер топографиялық карталарда, жоғарыдағы аталған қажылармен аттас қыстауларының жанында белгіленген. Одан баска, Мырзадәулет сол заманда қол өнерімен де айналысқан көрінеді. Өкінішке қарай, Мырзадәулеттің өз қолымен жасаған музыкалык аспаптары, зергерлік бұйымдары сакталмаған. «Өзі өлсе де, өнері өлмейді» демекші, бүгінгі күні, Мырзадәулеттің сәулетшілік өнері дарыған ұрпақтары белгілі сәулетшілер Рүстембеков Серік, Рүстембеков Ақмырза және Рүстембеков Самат болып келеді. 

Әлі-Түсіп ғимараты

Қарақасқа ауылынын іргесінде, тегістікке қарай созылған қара өтті кең жазыкта, төңірегі ашық, жападан-жалғыз тұрған «Әлі-Түсіп» тамаша ғимаратын көруге болады. Шығыңқы тікбұрышты, үш күмбезді биік калың қабырғасы орасан зор күрделі, зәулім құрылыс. Оның шығысқа қараған қабырғасының мандай беті әртүрлі архитектуралық стильде асқан шеберлікпен безендірілген. Жоғары жағы доңғаланған қалқилы қасбеттік есігі сол жақ шетінде. Үш күмбезді пирамида үлгісіндегі, ортасындағы сәл биік, төбесі дөңгеленген шошақ. Ішіндегі үш бөлме дөңгелек пішінді кең залдар сияқты, аралары өту жолымен байланыстырылған. Әр бөлмеде діни салт-жораларды өткізуге арналған қуыстар және жарық ойықтар бар. Күмбездердін ішкі жағында әртүрлі деңгейде тіреулер. Орталык күмбездің жоғарғы саңлауы кигіз үйдің түндігіндей.

«Әлі-Түсіп» тамаша ғимараты ұлттық сәулет өнерінің XIX ғасырдағы ең бір тамаша үлгісі, мемлекеттік қорғауға алынған. Мазардың иесі «Қуандыкта көп жыл болыс болған жан». Әлі Құлшынбай баласы Әліртайтегі. Ол Тінәлі Үсейіннің Жайлымысының Қожақұл-Келбайынан тараған, Карпық бабасына жамағат, тінәліге жұрағат болып келеді, яғни жама ағайындар. (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі», Алматы, 1993 ж., 24-25 беттер).

Әлі болыс-мазарды көзінің тірісінде салғызып қажылыққа барады да, Мәдинеде қалыпты. Кейінірек “тәңір жазмышы”, мұнда баласы Түсіп жерленіпті де, «Әлі-Түсіп» мазары аталып жүр. Бұл тамаша ғимаратты салған сәулетші, шебер Әлі болыспен немерелес, жоғарыда айтылған Жайлымыстан-Қожақұл, онын баласы Өтегеннен Байзақ Түсебайұлы. Ол ерекше дарын иесі, тамаша зергер, тері илеуші, жақсы домбырашы әрі әнші болыпты.

Берсүгір ғимараты

Осындай тағы бір бабаларымыздың тарихи мазары Жаманшат өзенінің сол жақ беткейінде орналаскан Берсүгір ғимаратымен, Баршын – Қарақасқа жолының іргесінде тұрған Жұрқабайдың Ақпаны ғимараты туралы да белгілеп айта кеткеніміз жөн.

Шоң ғимараты

Жан-жақты дарын иесі, есімі жоғарыда аталған Байзақ Түсебайұлының өзіндің жарасымыды шешімімен салынған ғимараттарынын бірі орасан зор күрделі құрылыс – Шоң ғимараты (Қарақасқадан 18 шақырымдай Желтиместе).

Дала аңызы бойынша Шоң жерін (XVIII ғасыр), елін жаудан қорғаған, қайратты батыр болған. Арнайы салынган үш еркешті мазар қайсар, жау жүрек батырдың рухына сай дала кеңістігінде аса айбынды көрінеді. Мамандардың айтуынша ғимарат XIX ғасырдың сәулет өнеріндегі ең бір үздік катарында. Тұрған орнының бойы Жақсы Шат өзенінің саласындагы төбелі жер. Шоң мырза 40 жыл бойы болыс болып, ел билеген.

Сопы әулие кесенесі

Тағы бір аныз бойынша ертеректе, осы өңірге белгілі адам Таңқкыбайдың Сағынайы атты кісі қайтыс болады, жыл толғанда Сағынайдың баласы Дәулен әкесіне ас беріп, Орта жүз аймағына сауын айтады. Үлкен Қарасудың жағасында Тінәлі руынан шыққан Сопы есімді әулие кісінің кесенесі болса керек, осы кесененің маңына, Карасудың жағасына киіз үйлер тігіліп, конак күту рәсімдері басталады. Ас беру рәсімі балуан күресі, ат жарысысыз өтпейтіні белгілі. Ат бәйгесіне Дәулен өзінің кер атын косып, кер атқа мініп шапқан Дәуленнің үлкен баласы Хабиболла бірінші болып келеді. Осы астан кейін Дәуленнің жүйрік кер аты туралы түрлі аңыз, әңгіме бүкіл Орта жүзге тараған деседі.

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?