Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың жоғын түгендеген тұлға

1274
Қазақтың жоғын түгендеген тұлға - e-history.kz

Сурет: nurmedia.kz

Жуықта қазақ руханиятына зор үлес қосқан тұлға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай аға Жолдасбековпен жолығып, ғалым-қарияның Кенентануға қосқан үлесі жайлы көлемді сұхбат жасаған едік. Ол жазба өткен сәуір айының 5-ші жұлдызында «Тарих парталына» «Кененнің бас інісі» деген атпен жарияланды. Қалай десек те, Мырзакең - кеңестік дәуірде болсын, кейінгі тәуелсіздік жылдарында да ұлттық ағаршылықпен айналысқан һәм лауазымды қызметтер атқарған тұлға. Әсіресе тоқырау жылдары Жетісу өңірінің мәденитін өркендетіп, халқымыз траихына қатысты көне мұраларды айналымға енгізуде қосқан үлесі зор. 

Осы орайда қайраткер ағамен тағы да  жолығып өткен күндер баяны жайлы айтқан әңгімесін ұсынып отырмыз. 

 – Мырзеке, сіз 1977 жылы Талдықорған педагогика институтына ректор болып келіп, тапжылмай 10 жыл қызмет атқардыңыз. Осы жылдары өңірдің өлкетану ісіне және өнеріне зор серпіліс әкелдіңіз. Қазір бұның бәрі уақыт қойнауына сіңіп ұмытылып барады. «Жақсының жақсылығын айт, жаны жадырасын» дегендей өткен істерді еске алып, бір дүркін жаңғыртып қойған артық болмас... Сонымен

 –  1977 жылы 39 жасымда  Талдықорғандағы пединститутқа ректор болып бардым. Оған Ілияс Жансүгіровтың атын бергіздім. Жетісу деген әнімен, сәнімен атағы шыққан өлке ғой. Соның жұрнағы үзілмеген жер. Таланты жастарды жинап басын қостым. Бірін Алматыдан, бірін қаладан, бірін даладан дегендей бәрін жинап «Жетісу» атты аньсамбль құрдым. Бүтін қазаққа даңқы шықты. Испания, Германия, Мәскеуге концерт қойды. Дүниежүзілік фестивалға қатысты. 

 Оның сыртында атақты Молықбай бақсының қобызын тауып, жәдігерді алғаш рет көпшілік көзайымына айналдырдым. Қобыз Ақсу ауданы Қызылтаң совхозының Үлгілі деген бөлімшесінен табылды. Бұл әлгі аңызға айналған, бәйгеге қосылған - қобыз. Байлап қойған томарды суырып әкететін - қобыз. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда бұл қозды Бектөле деген шебер шауып, ЕСтібай деген зергер нақыштаған көрінеді. Мен көргенде қобызға аздап жарық түскен екен. Жәдігер әуелі институттың әдеби му­зей үйінде тұрды. Кейін Талдықорған қаласындағы облыстық өлкетану музейі алды деп естідім. Қазір сонда тұр. 

Сонымен қатар, жалайыр Бақтыбай ақынның домбырасын Текелі кентінің төменгі жағында Тельман дейтін совхоздан таптым Сонда татар шатыс әйелдің қолында екен. Бақтыбайдың шөбере келіні екен. Шүберекке орап сақтап отыр екен. Қалақтай қара домбыра. Оны да алып келіп музейге қойдырдым. 

Молықбайдың қобызы

Бөрлітөбе ауданында М. Горький атында совхоз бар болатын, Мұқан Төлебаевтың туған жері. Сол мектепте Мұқанның «Біржан - Сара» операсын жазған фортепиянасы тұр деп естідім.  Балаларыңды түгел оқуға түсіремін деп жүріп оны да алдық. Маған орасан жәрдем берген сол тұстағы облыстық атқару комитетінің орынбасары Бәтима Сақауова деген  апамыз еді. Бетті, қайратты кісі болатын. Осының бәрін жинап институт жанынан  музей жасаттым. Ол қазір үлкейіп облыстық музейге айналды. Осы бір істерім арқылы Димекеңнің батасын да алдым...

Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың батасын алдым дейсіз бе, бұл сол Талдықорғанда болған оқиға ма?

Димекеңмен кездесуім Талдықорғанға келердің алдында болған еді. Ол кезде университеттердің, институттардың  ректорларын Қазақстан Орталық партия комитетінің бюрасы бекітетін. Мен Талдықорғанға барардың алдында осы бюрадан бекитін болдым. Тәртіп бойынша бюрадан бұрын Қонаевтың қабылдауында болуым керек екен. Бардым.

Жасыратыны жоқ Талдықорғанның институтына ректорлыққа көп адам үміткер болды. Солардан іріктеліп үш адам қалған едік. Соның бірі – мен едім. Менің жақтастарым, Ұлттық Ғылым акедемиясын басқарып отырған Асқар Қонаев деген ағамыз, ол кісі Димекеңнің інісі еді. Екіншісі, асыл ағам Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков болатын. Асқар екеуі қатты дос. Ағаларым Димекеңе мені мақтаған көрінеді.

Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев деген кісі еді, құжаттарым алдымен сол кісіден өтуі керек екен. Әлгі ағамыз алдындағы үш кандидатқа қарап отырады да: «Қазақстанға бір Жолдасбековте жетеді», - деп менің құжатымды ысырып тастапты.

– Өмірбек Жолдасбековтың туысы деп ойлаған ба?

– Иә, солай. Артынан осы сөз аңыз болып кетті. Орталық партия комитетінің ғылым және жоғары оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары Софья Михайловна Яренская деген кісі еді, болған жағдайды айтып Талдықорған обкомының бірінші хатшысы Әліпбай Алыбаевқа телефан соғыпты.  Алыбаев менің Имашевтан өтпей қалғанымды естіп, машинасына отырады да Алматыдан бірақ шығады. Имашевты көндіріп, Димекеңе де кіріп шығыпты.

Содан Димакеңе келдім ғой, Алатау секілді көрінді. Орнынан тұрып, ұзын үстелінің орта шеніне келіп отырды. Маған: «отыр, Мырзатай шырақ» - деді. Алды жылы адам екен, кірерде қатты әбіржіген едім, қорқынышым  сейіліп, бір заманда қайда отырғанымды ұмытыпта кетіппін.

Маған айтты: «Мырзатай шырақ! Атың дардай болғанымен жұқалтаң студент сияқты екенсің. Саған мынаны айтайын: Бірінші, қызметіңе қатысты кім әкелсе де сыйлық қабылдама, бергенін институтқа тапсыр. Екінші, уәдені аз бер, бердің бе - орында. Үшіншісі, жеке өзіңе айтарым, сені баласынуы мүмкін, үлкен кабинет жасап ал. Кірген адам саған жеткенше тілерсегі тірсегіне соқтығып зорға жетеді. Креслоның да мысы болады » - деді. Осының үшеуінде орындадым.

Ертеректе сіз ақын, композитор атақты «Қарқаралы» әнінің авторы Мәди Бапиұлына қатысты  сіз бір әңгіме айтып едіңіз. Өте әсерлі еді, есіңіз де бар ма?

Тоқсаныншы жылдары Кереку жақта Иса Байзақовтың  90 жылдығы өтетін болды. Мен той өткізу комиссиясының төрағасы едім. Әрі жаңадан құрылған Президенттік Кеңестің мүшесі болатынмын. Ұшақпен Павлодарға келіп қондық. Обкомның атқа мінерлері күтіп алды. Бір күн қаланы аралап, ертеңінде Исаның ауылына аттандық. Жол үстіндегі бір ауданның әкімі көгалға оншақты киіз үй тігіп, бізді күтіп отыр екен. Тап осы арада атақты Естай ақынға арнап орнатқан ескерткіш бар екен.  93 жастағы бір ақсақал Естайға бағыштап құран оқыды. «Шырағым Мырзатай! Естайдың зираты  осы жерде. Бірақ, Естайдың  ауылы бұл емес, мұнда нағашылары тұрған. Осында келіп жүріп ауырып дүниеден өткен» - деді, әлгі қария. Қарияның санасы сергек, сұңғыла адам екені аңғарылып тұрды. Алқа қотан отырған адамдарды қабағымен бір шолып шығып: «Мәди Бапиұлын білетін шығарсыңдар», деп әлгі кісі сен сұрап отырған әңгімені айтып берді. 

 – Мәдидің артында ұрпақ қалмады, - деді, әлгі ақсақал: - Алғашқы әйелі Семей өңірінің қызы екен. Аты – Қазина.( «Қази» деп те айтылады). Өзі бала көтермей, содан Мәдидің обалына қалмайын деп, туған сіңілісін күйеуіне қосып, өзі төркін жұртына кетіпті. 

Содан, Кеңес өкіметі орнап ел іші сапырылысып жатқан кез екен. 1921 жылы ақпан айының бірінші жұлдызы екен күні, тал түсте өкімет адамдары Мәдиді Қарқаралының көшесінде атып тастайды. Ел қорқып әншінің мүрдесін барып алуға ешкімнің батылы бармапты. Түс ауып бара жатқанда бір кісі: «Құдай-ау, мына жатқан Мәди емес пе, қазақтың Мәдиі емес пе еді, бұл не сұмдық, бетін жасырмаймыз ба?»- деп, айқай салыпты. Сонда ғана ел есін жинап Мәдидің мүрдесін алған екен.

Мәдидің қаралы хабарын Қазина да естіп, жерлеуінен бұрын жетіп, ел мүрдені көрге салғанда саусағындағы Мәдидің өзіне арнап соқтырып, «Қазина» деп аты жазылған сақинаны стақанға салып бірге көмген екен. Көмгенде Мәдидің үстінде құлын жарғағы болыпты.

Бертінде заман түзеліп, ел жоғын түгендеген кезде Мәдидің зиратын көз көргендер тап басып тани алмай, ақыры Қазинаны алдырыпты. Қазина  жаңылмай жер болып кеткен бір төмпешікті «мынау» деп көрсетіпті. Қазып көріңдер жерлегенде үстінде құлын жарғақ шалбары бар еді, әрі басында «Қазина»  деп менің атым жазылған сақина болуға тиіс, депті. Ел қазып көрсе дәл Қазинаның айтқанындай, құлын жарғақ сол қалпы шірімепті. Сақина да жарқырап жатыпты. Жұрт «бауырым - айлап» есіл Мәдиімен қайта табысқан екен.   

 – Сіз марқұм Өзбекәлі Жәнібеков туралы «ойпырым-ай танк секілді адам еді» деп сүйсініп айқаныңыз бар. Осы кісінің ұйытқы болуымен Алаш көсемдерін ақтау  шарасын жүргіздіңіздер. Осы жайлы айтып берсеңіз?

–  Бұл 1988 жылы болатын. Мен оқу министрі едім. Үш министрлік біріктірілді де мен Өзбекәлі ағаның нұсқауымен Орталық Комитеттің идеология бөліміне меңгерушінің орынбасары болып барып, екі айдан кейін меңгерушісі болдым. Өзекең бір айға Парижге кететін болды. Кетерінде мені шақырып алып: «Алаш арыстарын ақтау жөнінде комиссия құрылды.  Мен келгенше ақтап бітіріп қойыңдар» деп тапсырып кетті.  Комиссия бастығы акедемик Жабайхан Әбділдин еді. Бұл кісі өте бір мәмілегер, еңбекқор адам екен. Тапсырылған жұмысты сәтті атқарып шықты. Ұлттық Қауіпсіздік саласынан алған құжаттардың бір екеуін көріп едім жүрегім шайлығып кетті. Осыны көрген соң ашына кірістік. Тез бітірдік. Анау-мынау деп қыңырайған ағаларымыз болды. Оларды тыңдағамыз жоқ.

Өзекең келгенше, құжаттарды дайындап қойдық. Өзекеңнің кереметі алдына дайындалып келген жүздеген құжаттардың ішінен қазаққа пайдалы біреуін көріп қалса, дереу шешім қабылдатып, өкіметтің төрінен бірақ шығаратын. Жаны да таза, ары да таза адам еді. Жазуға өте шебер. Қызметкерлерінің жазып әкелген қағазын өзімен бірге жасап келе жатқан жарты метр қара қайшысымен турап тастайтын. Бірде маңызды бір құжатты әбден иін қандырып алдына бардым. Тіпті турайтын жөні жоқ сияқты еді, қара қайшысын алып шығып әдетіне басты. – Ендеше өзіңіз дайындаңыз!- деп, қағаздарымды алдына тастап кетіп қалдым. Кабинетіме келіп отырғам, телефон шыр ете қалды. Көтерсем, Өзекең екен: 

–  Кел, әңгіме бар,- деді. Мінезі қиын адам еді. Бардым. Жайдары күліп отыр екен. Мен: - Бізде қағаз, қалам ұстап жүрміз, білеміз ғой, әнеу бір қасапшының пышағындай жарты метр қара қайшыңыз жалаңдайды да тұрады,- дедім. Күліп жіберді. Япырмай, бұл кісі де күледі екен-ау дедім, ішімнен.

 – Кейін 1993 – 1996 жылдары Иран Ислам республикасында елші болдыңыз. Сондағы бір топ қазақты заманның қиын кезіне қарамай ұшақ алдырып елге жеткіздіңіз. Оқиға қалай туындап еді? 

Иранға елші болып 1993 жылы қарашаның 11 күні бардым. Бұдан бір жыл бұрын 1992 жылы қазан айының 30-ында Елбасымен бірге Қазақстан Республикасының делегатциясының құрамында барған едім. Сонда Ирандағы қазақтар Президентпен кезігеміз деп үлкен бір мейменхананы жалға алып, өз үкімет басшыларына қолқа салып, кездесуге әрекет жасаған екен. Бірақ Нұрекең бара алмады. Елбасының қолы босамады да, орнына мені жіберді.

 Тегеранның көшесінде бір машина жоқ,  полицияның арнайы көлігімен қиқулатып  мені алып барғанда, қазакеңдердің қуаныштан естері шығып кетті. Бәрі Аллалап қарсы алды. Бірақ ауыз сөз: «Бізді елге қайтар» - деді. Көбі Ауғанстаннан босқан қазақтар екен. 

Бір жылдан соң Иранға елші болып бардым. Елшілікке сәулетті ғимарат алдым. Үш автобус жіберіп 300 шақырым жердегі қазақтарды алдырдым. Нұришат деген қария бар еді сол бастап келді. – Мырзатай шырақ, - деді Нұришат қария. – Жасым тоқсанға келіп қалды, Нұрсұлтан екеуің Тегеранның төріне үй тіктіңдер, төбесіне ту тіктіңдер, мұндағы өлген қазақты тірілттіңдер, шырақтарым екі дүниеде ризамын, - деді. Сонда тұрған қазақтың бәрі жылады. Содан кейін әлгі қария: «Ал енді қазақтың елшісі Мырзатай шақырды деп бәріміз келдік, тоқсандағы өлмелі шал мен қайта-қайта келе бермеймін. Осы жолы бұтыма тышып зорға жеттім. Енді өзің кел!»- деді. Бұл күзде болған оқиға еді. Келер жылы наурызда елшіліктің барлық қызметкерлерін алып өзім бардым. Ол елде 12 мың қазақ, 2 млн түркімен бар. Жаңағы шалғайда қазақ пен түркімен бірге тұрады екен. Түркіменнің шалдары да болды. Солар: «Әй! Нұришат, не деген бақытты халықсыңдар, біздің елші келгеніне жыл асып кетті, әлі дидарын көрмедік, сенің елшің келгені кеше  ғана еді, дидарын көріп отырсың» - деді. Сонда тағы бір қария айтты: «Шырағым, Мырзатай шетте елін аңсап жүріп өлген қазақтың сүйегі көрде де қызып жататын шығар» -  деп. Сұмдық сөз, сай сүйегім сырқырады. 

Бұл қазақтардың мекені Маңғышлақ, Үстірт жағы екен. Алғаш қашып шекара асып келгенде төрт жыл бірде-бір келін бала көтермепті. Сөйтсе, жерінбей жүрген екен. Осындай да сұмдық болатын көрінеді.

Ауғанстаннан қуғын көріп қашып келген қазақтарды үш сомелет алдырып екі рет көшірдім. Олар климаты  қолайлы Оңтүстікке қоныстанды.

 – Мырзатай аға одан кейін сіз Презденттік Мәдени орталықты басқарған 2006 - 2010 жылдары Абылай ханның торқалы шапанын тауып, оны заманауи өңдеуден өткізіп, құнды жәдігерге айналдырдыңыз. Осы жайлы айтып берсеңіз?

 Абылай ханның шапаны жайлы деректі алғаш елуінші жылдары жазушы Балтабай Адамбаевтан естіген едім. Мұны артынан Ақселеу Сейдімбеков біліп, Қарағанды университетінің ректоры беделді азамат Евней Букетовты ертіп барып Жаңарқа ауданы орталығында бір үйден көріпті. Содан жөн сұрасып отырып айтпай ма, шапанды көргелі келдік, реті келсе алып қайтпақ ойымыз бар, депті. Үйдің иесі бермек түгіл көрсетпеген екен. Кейін мәдениет министрі болған Дүйсен Қасейінов деген азамат осы торқалы шапан тұрған үйдің жақын жамағайыны екен. Ол азаматта бірнеше рет айналып барып, ала алмапты.

Абылай ханның шапаны

Мен 2006 жылы Президеттік Мәдени орталыққа бастық болып келгеннен кейін Ақселеу: «Мырзаеке, осындай мұра бар еді, әдресі мынау, телефоны мынау хабарласып хат жазыңыз» - деп, қолыма жазатын хаттың тексіне дейін ұстатып кетті. Отағасы Хамза деген кісі екен. Шыдамадым телефан соқтым: «Хамзакең деген кісі керек еді» - дедім, аржағынан бір дауыс: «Мен боламын »-деді. «Мен Мырзатай Жолдасбеков деген қазақ едім, танисыз ба, танымайсыз ба?» – деп сөз бастадым. Аржағында: – Ойбай-ау, Мырзаке, сізді танымайтын қазақ бар ма – деп жатыр. Ішім жылып қалды. Осылай да, осылай сіздің үйде бүтін қазақ қадір тұтатын атамыздың торқалы шапаны бар екен, соған қолқа салып хат жазып отырмын. Хатты поштамен емес, сіздің ауылдасыңыз Аманжол Әлтаев деген ақын ініңіз арқылы жіберіп отырмын, - дедім. Ол кісіге де тосындау тиген болуы керек: «10 күн мұрсат беріңіз, әулетімізбен ойланайық» - деді.

Тура он бірінші күн дегенде кабинетіме үлкен пакеті бар екі адам келді. Танымаймын. Бірақ ішім бірдемені сезді. «Мен сіз хабарласқан Хамзамын, атамыздың шапанын алып келдім»  - деді. Көзімнен жас ыршып кетті. Көрейінші дедім. Астары қиынды - қиынды болып кетіпті, жұрттар тәбарак тұтып кесіп ала берген көрінеді. Иығы, екі өңірі бүтін. Хамзакеңе  шапанның бүкіл тарихын жаздырып алдым. 

Осыдан кейін тағы бір жерден Қаздауысты Қазыбек бидің шапаны бар екендігі жайында хабар алдым. Шымкенттің Төле би ауданында Төле би бабамыздың үйінің маңдайшасын, оқыған Құранын сақтап және орамалын, шапанын ұстап отырған адам табылды. Өтініп, суреттерін түсіртіп алдым. Осылай қарағым, қолымнан келгенше қазақтың жоғын құнды мұрасын түгендедім. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?