Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөкей сұлтанның хан атағына ие болуы

2913
Бөкей сұлтанның хан атағына ие болуы - e-history.kz

Барақұлы Бөкейдің хан болып сайлануы кездейсоқ, немесе тек Ресей ықпалымен ғана болған шешім деуге келмейді. Бес Мейрам балалары және олармен көршілес рулар мекендеген Орталық, Солтүстік-Шығыс  Қазақстан және шығысы Балқашқа, оңтүстігі Түркістанға дейінгі алып аймақ Ұлы дала өркениетінің түп қазығы, қара қазаны болғаны  ғылыми  зерттеулерден  белгілі. Осы аймақты мекендеген рулардың  қазақтың сан ғасырлық жаугершілік тарихына да қосқан үлесі көп. 

Сол себептерден бұл аймақ  Абылай әулетіне дейін де, одан кейін де  ерекше назар аударуды талап етеді.  Бөкей сұлтан атағымен жүрсе де оның ұлысы  көшпелелер  мемлекетігінің  моделі болды деп айтсақ дұрыс.  Нақ осы факторды пайдалана отырып қазақ саяси өміріндегі  хандық билiкті  әлсіретпек нитепен    Ресей үкіметі Абылай хан ұрпақтарына қарсы күрес барысында Бөкейдi қолдай бастады.   Бұл әрекет 1790 жылдары  Абылай ұлы Уәли хан мен Батыс Сiбiр отарларының шенеунiктерiнiң арасындағы қатынастың ұшығып кетуіне алып келгенін  сол замандағы іс қағаздарынан көреміз. 

Мақаланың басы: Сарыарқа мен Түркістанды жалғаған

Барақ ұлы Бөкей сұлтанның  Орта жүздің орталық- шығыс бөлігінде хан сайлануы туралы жарлық 1816 жылы шықты. Ақ патша грамотасында былай жазылған: «Бiздiң Императорлық Ұлығымыз бiздерге бағынышты Орта- қырғыз ордасының сұлтандары мен билерiне, ел басшылары мен барша сол орданың халқына императорлық қайырыммен төмендегiдей жариялаймыз: Бөкей Барақхан ұлы Орта Орданың 13 болысына… соның үшiн ол жердегi халықтар оның билiгiне құлақ асып хандық құрметте болуға сайладық… 9 болысты Уәли ханның билiгiне бере отырып, 13-iн Бөкей Барақхан ұлының қарамағына тапсырдық». 

1817 жылғы құжаттарда Ресей  үкiметi Бөкейдi хан дәрежесiмен  атайды: «Қырғыз-қазақ Ортаңғы  Ордасының жоғары дәрежелi ханы Бөкей Барақхан ұлына» деп жазылған. 1817 жылғы 18 қаңтардағы хатында Ресей сыртқы істер министрі, өте ықпалды  граф Карл Нессельроде де өзхінің хаттарында Бөкейді жоғары мәртебелім, жан серігім т.б.  деп атайды.  

Бөкейдің хан болып сайлануын қазақша рәсімдеу Әулие Ақкөл, немесе Ақкөл- Жайылма жерінде,   ортағасырлық Шайбан ұлысының орталығында  1817-ші  жылдың  30 мамырында өткізілді.  Бұл рәсімге Қарақаралы, Баянаула  аймақтарын мекендеген Бес Мейрам руларының өкілдері қатысты.  Осы шараны ұйымдастыруға жауап беретін Жеке Сібір корпусының бастығы генерал-лейтенант Глазенап Ертіс бойындағы елдің (бәсентиін, найман) сұлтаны Шаншар Сұлтанмәмедұлына былай деп хат жазады: «Благодарю Вас покорнейше, почтеннейший султан, за усердие Ваше, причем нужным считаю вас не оставить своим приездом к 30 числу мая на озеро Джайылму для бытия при церемониале хана Букея, на котором я сам предполагаю присутствовать».

Бөкей хандығы

Бөкей ұлысы  жеке хандық есебінде көп өмір сүрген жоқ, шындығында хандық мемлекет ретінде өмір сүру үшін ұлыстың қалалық орталығы, алым-салық жүйесі, рухани тіректері болуы керек еді. Бұл отырықшы елдерге де, көшпелі қауымдарға да ортақ шарт.  ХІХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы  бірте–бірте мемлекеттік негізінен, жалпы халықтық саяси жүйеден  айрыла бастағаны анық болатын.

Ақыр аяғында Бөкей ұлысына енген рулардың негізгі бөлігі Қарақаралы дуанына, бір бөлегі  Баянауыл  дуанына, ал тағы бір  бөлігі Ақмола дуанына, т.б. жаңа құрылған әкімшілік бірліктерге  ендi. Әуел бастан төре әулеттеріне саяси билігін берген қазақ қауымдарының шамына тимес үшін аға сұлтан қызметіне жергілікті төре әулеттері сайланды.  Шын мәнінде түп негізі  Шыңғыс ханнан тарайтын  қазақ төрелері  ұлттық бір орталыққа бағынған мемлекеттің  негізгі  символы және қорғаушысы болатын. Төре әулеттерінің  беделі және қаһары  төмендегені себепті көптеген рулар оларды  мойындамай өзiнше ерiктi ұстауға ұмтылса (мысалы Төртуыл одағы),  басқа рулар төрелердің бірнеше әулеттерінің соңында жүрді (мысалы Қуандық рулары). Бұл Қазақ хандығы кезінде қалыптасқан ірі және жауынгер рулық одақтардың ыдырауының басты көрінісі деп те қабылдауға болады.  Нәтижесiнде Бөкей мен оның ұлдарының билiгi негізінен  қаракесек руларының ішінде ғана жүрді.

Әуел бастан  далалық өркениет  мемлекеттің әскери- демократиялық түріне негізделді. Бұл орталық билік пен  рулық әкімшілік билік арасындағы тепе-теңдік.  Қазақша айтқанда  «халық қаласа хан түйесін сояды».  Қазақ  хандығы да орталық билік пен рулық билік арасындағы консенсус, сол себепті жаугершілік болмаса,  мемлекетке қауіп төнбесае  халық өз бетімен тіршілігін жасай береді.  ХІХ ғасыр басы сыртқы жаугершілік негізінен тоқтады,  ал Ресейдің отаршылдық саясаты жымысқы, «ұзын арқан, кең тұсау» ережесімен жүргізілді. Жеке хандық құруға Түркістан өңірінің қалалары бұл кезде әбден дағдарыс кезеңіне енді де мемлекет қазынасын қалыптастыруға  мүмкіндік бермеді. Қазақ даласының экономикалық өмірі Ресеймен шекаралық алқапта көтеріле бастаған бекіністері мен қалашықтарға көше бастады. 

Осындай объективті себептерге байланысты Бөкейдің билігі Сарыарқаның  шығыс аймағындағы рулар тарапынан  ғана мойындалды. Бұл иеліктің құрамына Орта жүздің ірі-ірі 13 руы (қаракесек, төртуыл одағы, бәсентиін, найман, т.б.) енгенімен,  әр рудың өз көшбасшы  билері мен батырлары бар еді.  Мәселен, хандықтың құрамындағы Қуандық рулары Әбілмәмбет ханның, Сәмеке ханның балаларын қолдаса, Төртуыл одағының биі Торайғыр Уәли баласы Ғұбайдолланы хан көтерем, қазақты тәуелсіз қылам деп Қытайдан елшілік шақырып, орыспен соғысып жүрді, ал оның ағасы Шоң Ресейге бағынған заманда төренің  керегі жоқ деп қарамағындағы елге өзі төре, өзі би болды.  Қазақтың саяси билігі дағдарыс құшағына енді. Міне, XIX ғ. басында Орта жүз жерінде қалыптасқан ахуал осындай еді. Біртіндеп бір жағы Ресейдің әсері, бір жағы тарихи обьективті себептерге байланысты хандық биліктің қадірі қашты, әркім өз қамын ойлауға көшті. Мемлекетсіздік, қоғамдық іске жауапсыздық, ұсақтық қазақ қанына осылай сіңе бастады. 

Осындай жағдайда 1819 жылы 85 жасында Барақұлы Бөкей хан қайтыс болды. Дәл   бір жылдан кейін  Көкшетауда  Абылайұлы Уәли хан жасы жетіп о дүниеге аттанды.  Ресей отаршыл билігі өзінің көп жылдар бойы дайындаған «Сібір қазақтары туралы жарғысын»  батыл енгізуге кірісті. Ол жарғының  бірінші ережесі қазақ жерінде хандық биліктің  жойылатыны туралы болғанынан сіз хабардарсыз. Бұл туралы толық ақпаратты ХХ ғасыр басында өмір сүрген мықты тарихшы Құрбанғали Халид еңбектерінен оқуға болады: «Бөкей ханнан бұрын Қарқаралыда орыс әкiмшiлiгi атынан бекiтiлген хан болмаған, заңды хан Бөкейден бұрын екеу болмай бар қазақ бiр ханға қараған. Бөкей заманында Уәли хан болғанын айтты. Ал Бөкей екi жыл бiр ай хан болып 1819 жылы январь, яки февральда қайтыс болды, ал заңсыз хандығы қанша екендiгi жазылмаған. Ол қайтыс болған соң немересi Тұрсын Шыңғыс баласы Жамантай атымен танылған. Қазақтардан бiрнеше игi жақсыларды жинап алып, депутациямен императордың қабылдауында болды. Бiрақ өз мақсатымызда болмаған соң, олардың iстерiн толық жазбадық. Бөкей мен Уәли өлген соң Орта жүз арасында хандық бiржола тоқталды. Хандық тоқтағанымен төрелердi айлалап ұстау үшiн аға сұлтан мансабы жарияланып, ол үш жылға сайланатын болды. Әр дуанда бiр кiсi аға сұлтан болып, оған төрелер де үйрендi. Бөкейден кейiн Шыңғыс деген баласы әке орнына төрт-бес жылдай өзiнше хан болғанымен, ешқандай орыс әкiмдерiн көрген жоқ»  (Халид Қ. Тауарих хамса шархи. Алматы, 1992, 163 б.).

Бөкейден кейінгі жағдай

Ресей «Сібір хандығы туралы жарғыны» енгізіп, хандық билікті жойғанымен төре әулеттері мен  халықтың кейбір топтары  тарапынан  отарлық сяасатқа  қарсылық басталды.  Архив деректерінде Бөкей хан  балаларының ішінде бұл күреске Сұлтанғазының араласқаны айтылады. Бұл тарих ғылымы тарапынан толық зерттелмеген,  болашақта өз зерттеушісін тосып отырған тақырып.

 Отаршылдық саясаттың тағы бір көрінісі Ресей билігінің Абылай мен Барақ  хандардың ұрпақтарын бір-біріне қарсы қою амалдары. Соның бір көрінісі 1827 жылғы Батыс Сiбiр генерал-губернаторының  Ғұбайдолла Уәли хан ұлы мен  Шыңғыс Бөкейхан немересі  арасына от жағу әрекеті  «Ресейге   қызмет етудi  осал атқарғаны үшiн Ғұбайдолла сұлтанды ұрпақтарымен назардан тыс қалдырамыз да, оған үлгi ретiнде Қарқаралы округiнiң аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысұлын (Бөкей ханның немересi -Ж.А.)  үлгiлi тәртiбi мен ортақ iстегi адал қызметi үшiн грамотамен, подполковник шенiмен марапаттадық». Бұл жерде аты аталып отырған  Ғұбайдолла 1820 жылы Уәлиханның асында хан сайланды, бірақ оны орыс үкіметі мойындамай, Көкшетау дуанының аға сұлтаны болды. Арқаның  елі «Жамантай» атап кеткен Тұрсын   Бөкейдің  үлкен ұлы Шыңғыстан туады, 1824 жылы құрылған  Қарақаралы дуанының алғашқы аға сұлтаны. 

Бөкей ханның алты әйелiнен он ұлы болды: Шыңғыс, Батыр, Бөрі, Уәли, Есім, Тәуке, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Әлеке, Әбет. Сонымен бірге Айғыржал маңындағы наймандардың арасында билік құрған Көксал да Бөкей баласы аталады. Оның әңгімесі тым ұзақтығына байланысты кейін ораламыз. 

Бөкейдiң үшiншi ұлы Батыр сұлтаннан атақты Алаш көсемi Әлихан Бөкейханов тарайды. 

Орталық  Қазақстан өңірінде,  әсіресе Қарқаралы-Қазылық пен Кент-Қазылықта, одан бері Нұра бойында  Бөкей хан әулетіне қатысты  толып жатқан ескерткіштер бар. Солардың бірі «Хансүйегі»  аталады. Совет кезеңінде ол жердегі елді мекенді большевиктер Токарев деп атады.  Әлихан Бөкейхан  «Хан сүйегінде» Бөкей ханның үлкен ұлы  Шыңғыс сұлтан жерленген дейді. Осы тамға жақын Тәукенің бейіті бар.

Әдебиет:

Артықбаев Ж.О. https://alashainasy.kz/alashuni/kazak-ushn-basyin-baygege-san-ret-tkken-ablpeyz-sultandyi-58663/ ).

Бокейханов А.Н. Таңдамалы. Алматы,1996

Журнал похода атамана Телятникова в Ташкению от 1796 г.// Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. Т.4, Алма-Ата,1985, с. 245-250

Казахско-русские отношения в XVI – XVIII вв. Алма-Ата, 1961

ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. Алматы,1982

Рашид ад– дин. Джами ат-таварих: Сборник летописей. Т.1. кн. 1.М.,1952

Халид Қ. Тауарих хамса шархи. Алматы, 1992

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?