Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тайқазан құтты орнына қалай оралды?

2752
Тайқазан құтты орнына қалай оралды? - e-history.kz

1989 – жылан жылы 18-ші қыркүйек күні – қазынамыздың құты Тайқазан өзінің ежелгі тұғыры Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта оралды. Бұл шара аса үлкен рухани-тарихи құбылыс ретінде елдің еңсесін көтеріп, жұрттың жүрегін жадыратты. 

Осы оқиғаның басы-қасында болып, қасиетті қазынаның тұғырына қонған сәттін көзімен көрген «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Шымкент облыстық меншікті тілшісі А.Жолдасбеков газеттің 1989 жылғы 30 қыркүйек күнгі санына «Қайта оралған қастерлі дүние» атты мақала жариялапты. Онда: «Қасиетті Тайқазан араға 54 жыл салып қара жұртына қайта оралды. Қазанды көру үшін Қоқан, Әндижан, Самарқант сияқты қиырдағы қалалардан ат арылтып келген ағайындар мен Түркістан қаласының тұрғындарын бұл іс шаттыққа бөледі. Халық қазанды Ленинградтан алып келе жатқан 67-89 нөмірлі «КамАЗ» машинасын  ат шаптырым жерден тосып алды. Сол сәтте бұдан алты ғасыр бұрын, яғни 1399 жылы Абдель Азиз шебердің басшылығымен құйылған қазаның ернеуінен тағылымы шексіз тарихтың терең сырлары лықсып төгілгендей болды. Жеті түрлі металл қоспасынан құйылған, биіктігі 170 сантиметрге жуық, ернеу диаметрі 2,60 метр, салмағы 2 тонна, қазанның сырты қиял жетпес айшықтармен өрнектеліп, оған «Адамды сыйла, адамгершілікті әз тұт» деген ғибрат жазылған. Тайқазан қуатты кран, жүздеген қолдың қаумалауымен жерге түскенде, қызыл-жасылды киінген қыз-келіншектер оан тағзым етіп, ақ жаулықты әжелер тұс-тұстан шашу шашты. Ұзақ жолы небәрі төрт күнде жүріп өтіп, қазанды келер мерзімінен екі күн бұрын жеткізген шопырлар Ш.Еркінбаев пен М.Жолымбетов және милиция сержанты Б.Сандыбаевқа ел ықыласы ерекше» деп тарихи көріністі шынайы суреттепті.

Осы орайда, бұл жәдігер қалайша Ленинград асып кетті, оны қайтарып алу үшін қандай жұмыстар жүргізілді деген сұрақ туары анық. Бұған дейін аталмыш тақырыпты қаузаған, мақала, сұхбат т.б. көп жазылды. Соның ішінде 2017 жылы 24 ақпан күні «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған  журналист Қорғанбек Аманжолдың Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаровпен жүзгізген сұхбатында жоғарыдағы сұраққа нақты жауап бар. 

Газетте жазылған дерекке үңілсек, 1935 жылы 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда «Иран искусствосы мен археологиясы» атты ІІІ халықаралық Конгресс өтіп, оған Австрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция барлығы 18 елден 188 делегат қатысқан екен. Осы басқосу кезінде үлкен көрме ұйымдастырылады. Оған Эрмитажда тұрған керемет жәдігерлермен қатар, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Түркменстан және Украина музейлерінен экспонаттар қойылды. Осы шараға Ленинград мұражайы Түркістанда тұрған тайқазанды алып кетеді. Құжат бойынша қазанды көрмеге уақытша қою үшін алғаны жайлы құжат сақталса да, құнды дүниеге бауыр басқан ресейлік ағайындар қазанда қайтарғысы келмей ұстап қалған. Сөйтіп, еліміз тәуелсіздікке ұмтылған жылдары ынталы тұлғалардың ат салысуымен «Тайқазанды қайтару» мәселесі көтеріледі. Бұл іске, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пен сол тұста «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей директорі Нұрмахан Назаров бастамашы болғаны анық. 

Аға буынның есінде болар, СОКП Орталық Комитеті 1985 жылы сәуір айындағы пленумында одақтас респуб­ликалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашқаны бар. Осы шешімді алға ұстаған ынталы топ Одақ басшыларына Эрмитаждағы қазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелтіле бастайды. Ол хаттар СОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне елімізден сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы тапсырылып жат­ты. 

Соның бірі – 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжы­мы­ның атынан, КСРО халық депутаттарының съе­зіне жеделхатта: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Эрмитаждағы Тайқазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтаруды өтінеді» делінген. Сөйтіп КСРО Мә­дениет министрі В.Г.Захаровтың Тай­қа­зан­ды Түркістанға қайтару туралы бұй­рығы шықты. Қасиетті Тайқазан тұрған Түркістан қаласы қазір түркі әлемінің мәдени астанасына айналу үстінде. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?