Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазаққа қандай философия керек?

2558
Қазаққа қандай философия керек? - e-history.kz

Адамның бір нәрсені толық түсінуі үшін  аталған мәселе туралы алпыс пайыз түсінігі, екіншіден, соны шын түсінуге деген зор зауқы болуы керек.

                                                                                                                            (Габриэль Тард)

Не нәрсенің болсын нарқы тек салыстырмалы жағдайда ғана анықталады ғой. Бұл тіпті кез келген  жанның бойындағы ізгілік пен адамгершілік,  парасат пен ақыл аумағына да тікелей қатысты дүние. Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр десеңіз,  философия мен тарих, әлеуметтану мен саясаттану  бірімен-бірі сабақтас  пәндер десек те болады. Айталық, философия адамзаттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздеу арқылы алдағы уақыттың атмосферасы жайында ақпар берсе, тарих өткен шақ өміріне, ал саясаттану мен әлеуметтанудың сан қатпарлы саласына  үңілмейінше,  өзіміз өмір сүрген ортаның кескін-келбетіне шынайы  баға беру қиын.  Мен осы жазбамда аталған ғылымдар  негізінде бұрнағы  бабаларымыз бастан кешірген өткен шақ өмірі мен алдағы  келер шақ мезетіне  дербес пайым жасасам деймін. Біз нені  дұрыс бажайлай алмағанның кесірінен  деградацияға түстік? Ұлттық мәдениетіміз бен кісілігіміз қай жерден сүрініп, қай жерден жеңіліс тапты? Егер мәдениетіміз өзге мәдениеттер алдында тең дәрежеде текетіреске  түсе алмай, олардың мәдени  экспанциясының алдында  тізесін бүксе, онда  қай жерден  қателіктерге бой алдырдық? Мұны біз қай мейманамыз бен пиғылымыздан таптық? Әлде бұл сана көкжиегіміздің реалды көрінісі ме еді? 

Есім хан мен Қасым ханның заманында («адамды ат теуіп өлтірсе қайтеміз?» деп отырғанда) Еуропаның ойлау пәлсапасы нендей деңгейде еді? Ал ол кезде біз не істеп жүрдік? 

Жарайды, Есім ханның ескі заңы мен Қасым ханның қасқа жолын айтпағанда, Абай мен Алаштың жазбалары тек мәтіндік нұсқа ма әлде сол кездегі ой мен сананың өз өлшемі ме?

Мінекей, осы секілді сандаған сауалдарға төмендегі жазбамызда шама-шарқымызша жауап  іздестіріп, өзімізше ой өрбітетін боламыз.

Ой дегеніміз не? Оның адам ғұмырындағы алатын орны мен ұлт  санасындағы әмірі қандай?  Бұған біздің тарапымыздан берілер жауап та тым қысқаша ғана. Біздің ойлау көкжиегіміз қай жерде тұрса, адамгершілігіміз бен ақылымыз, мәдениетіміз бен экономикамыз да  сол жерде тұрады. Себебі ой – өз өміріміздің айнасы мен бұлжымас көрсеткіші  (Пешене мен тағдыр жазмышын, нақтырақ айтсақ, өмірдің көлеңкесі мен күнгейін  біз өз санамыз бен түсінігімізден  таптық).

Бізде бір жаман ғадет бар. Ол не десеңіз, ата-бабамызға бас-көз жоқ табынып, оларды көтермелеген  адамды тәуір көретін,  ал  әрбір әрекетіне конструктивті баға беріп, объективті сынайтын жанды  қара есекке теріс мінгізетін  жаман әдетіміз  бар. Содан шығар, кісілігіміз бен көзқарасымызда көп кемшілік пен кінәрат бар. Біздің төл тарихымызда жеңістен гөрі жеңілістің кермегі көп. Неге? 

Қазақтың қазіргі жағдайының рухани генезисіне үңіліп көрсек, тіл мен діл, мәдениет пен пәлсапада  орын алған бүгінгі кемшіліктер – ұлттың ілгеріде жіберіп алған  қателігінің салдары. 

Сонымен жоғарыда қойылған сұрақтарға өз ретімен жауап беретін болсақ, қазақтың кеше де, әм  бүгін де  өз уақытынан ұтылуының мәні ұлттың ойлаған ойы мен тұтынған философиясында  болып отыр. Бұл жердегі «тұтынған» ұғымын  импорттық сана тұрғысынан қарастырып,  аталған  мәселе  жайында төменде арнайы тоқталып, кең көлемде  жазатын боламын.  

Ең әуелі, ел өзгеру үшін оның философиясы, дәлірек айтсақ, қоғам қозғалысы  мен  оның  дамуына  қатысты ойжосыны мен сана ағысы түгелдей дерлік трансформацияға түсуі керек. Себебі  қоғам – қашан да қозғалыстағы дүние. 

СОНЫМЕН  ҚАЗАҚТЫҢ  УАҚЫТТАН ҰТЫЛУЫНЫҢ  БАСТЫ  СЕБЕБІ КӨШПЕЛІ  ӨМІРДІҢ  НЕГІЗІНДЕ  ТҮЗІЛГЕН  КОГНИТИВТІ  ФРЕЙМ  МЕН ТАНЫМ ШЕҢБЕРІНІҢ  КЕШЕГІ ИНДУСТРИАЛДЫ  ҚОҒАМҒА  ЕШ ДАЙЫН БОЛА  АЛМАУЫ МЕН  БҮГІНГІ АҚПАРАТТЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОГРЕСКЕ СӘЙКЕС КЕЛМEУІНДЕ БОЛЫП ОТЫР. 

Ал біз қазіргі қазақты тек Абай мен Алаш идеясы ғана құтқарады деген көне көзқараста әлі күнге сіресіп  отырмыз (Әрине, XIX ғасырда Абай жекелей адамнан гөрі жалпы жамиғаттың ойлау формасын көбірек  сын тезіне  алса, алаш арыстары  XX ғасырдағы көшпелі көзқарасқа  азаматтық қоғамның Еуропадан ескен лебімен сана тереземізді бір ашып желдеткісі келді). Әңгіме бұл жерде жеке адамның тағдыр тәлейі туралы емес, жетілген әрі жасампаз  идея хақында болып отыр ғой.  

Ал бұл тұрғыдан келсек,  Абайға арысы екі ғасыр, ал Алашордаға аттай жүз жылдың жүзі  болған таным мен саяси тәсілді  бүгінгі замана ырғағымен үйлестіру дегеніңіз мүмкін бе?  Қазіргі кросс-мәдени  динамикаға мұндай бір ғасыр бұрынғы  пәлсапа-пайыммен әрекет жасау дегеніңіз, алаш арыстары айтқандай ат пен есекті бір арбаға жеккендей  қисынсыз дүние болатын еді. Ол аз десеңіз, қазіргі саяси технологияның айла тәсілі  сәт сайын құбылу үстінде. Енді бұған диалектиканың өз заңын қосыңыз.

 Сонымен бүгінгі технологиялық ашық ақпараттық кеңістікте қазіргі қазақтың ту етіп ұстанар  идеясы мен жүрер бағыты қандай болуы керек деген соядай сұрақтың тумай қоймасы анық. Енді қаласаңыз да, қаламасаңыз да бүгінгі  тұлғаның  әлеуметтік  тұрпаты мен саяси танымы түгелдей дерлік өзгеріске  түсті.  Иә, келіс, келіспеңіз,  дәл қазір  ұлтшылдық ұғымының уақыты түгесілді (Мысалы, «Мен қазақпын, хас батырмын» деп кеуде соғып ән әуелетуіміздің  өзі  ішімізде көп комплексіміздің бар екенін, ол бөгде бір ұлттың намысы мен арына  тию екендігін де еш естен шығаруға болмайды). Бір ұлт екінші ұлттан артық  я  кем жаратылған жоқ. Жаман ел, нашар халық деген атымен  болмайды, тек жаман басқарылу мен опасыз жүйе ғана болады. Осы оспадар жүйе негізінде басқарылатын саяси имитация тәсілінен ғана сапасыз ұлт мәселесі өзінен-өзі  туындай береді.  Ендеше замана қозғалысы мен ырғағына  қатысты ұлттың жүрер жолы мен оның ары қарай дамуының  тетігі де өзгерді. 

Олай болса Алаштың ізбасарлары (алаштанушылар) деп бұл есімдерден диссертация қорғап немесе кітап құрастыру арқылы ғылыми дәрежеге қол жеткізген жандарды емес,  ілкі идеяларды жаңа уақытпен тыныстата отырып, жасампаз жол ұсынған тұлғаларды ғана айтамыз. Бүгінде оңтайлы жолға түсе алмай отырған еліміздің экономикасы,  тілі мен діліндегі, ментальдік болмысындағы мәселелерді  шешіп, оны ғылыми негізге түсірген  тұлғаларды ғана  нағыз  алаштың ізбасарлары деуге келеді.  Әлемге әсіре салт, арзан ұлтшылдық ұранымен емес,  азаматтық қоғам,  адамзаттық контексте ғана қарай алатын жандарды бүгінгі күннің  Әлиханы мен Ахметі, Міржақыбы мен  Мұстафасы деп  айтуға болады. ӨЙТКЕНІ АЛАШТЫҢ  ЖОЛЫ ЖЕКЕЛЕЙ  АДАМНЫҢ ЕМЕС, ЕҢ ӘУЕЛІ,  ОЛ – ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ МЕН ЖАСАМПАЗ  ИДЕЯНЫҢ  ЖОЛЫ. 

Негізінен, ұлттың бар болуы мен дамуы оның әлемге қосқан үлесімен, сондай-ақ аталған (әлгі)  үлестің сапасымен  ғана анықталмақ.  Бұл жағынан келсек, қазақтың танымы мен территориясы да әлемнің құрамдас бір бөлігі болып саналады. Сондықтан біз әлемнен бөлініп, я одан жырақтап ешқайда да кете алмаймыз. 

Бұл жерде «адамзаттық контекс», «әлем» ұғымдарын жайдан-жай  қарастырып  отырған жоқпыз.  Себебі әлемдік мәдениеттен  ғана  адамзатық сана, өркениеттік өлшем  туады.

XXI ғасырдағы қазақтың  тілі мен ділі, мәдениеті мен эстетикасы технократтық текетіреске шыдас бере ала ма?  Шын бәсекеге қабілетті болу үшін оны қалайша реттеп ғылыми жолға қоюға болады? 

Әлемнің қазақ дегенде елестететін ассоциациясы мен образы қандай болу керек? 

Міне, бізге жедел арада осындай мәдени ландшафтындағы ой трансферімен айналысқан жөн.  Рас, дүние секунд сайын өзгеріс үстінде.  Өйткені өзгеріс атаулы  қашанда қозғалыс заңына тәуелді. Кез келген дүние қозғалыс жолына түспейінше, одан оң  нәтиже шықпақ емес. Өзгеріске түспеген салт пен сана, дін мен діл, өнер мен пәлсапа  түгелдей дерлік  мемлекетті тоқырауға  әкеліп ұшыратады. Осыны бес саусағындай біле тұрса да, бізде салт пен сананы саф күйінде сақтауымыз керек деп кеңірдегіне күш түсіре айқайлап,  байбаламға басатындардың санаты көп. Салтты сакралдь сипатқа көтеріп, оның өнері мен музыкалық аспабынан, сондай-ақ киім үлгісі мен тұрмыстық ғұрпынан күнделікті  (қолданбалы) дүние емес, мұражайдың мүлкін жасағысы келетін ел нағыз кері кеткен ел болып саналады.  Әйгілі француз тарихшысы Л.Феврдың зиялы адам «барлық дәуірдің адамы бола білуі керек» деген ойын біз  салт пен сана да барлық дәуірдің өз сұранысына сай түзіліп отыруы керек  деп жанама ой айтқан болар едік.  

Дәл қазір қазаққа бөгенайы бөлек мүлде жаңа философия қажет. Неге десеңіз, қазақ философиясы шынымен-ақ  қартайып кетті. 

«Ұлы дала», осы іспетті «көшпенділер»  ұғымынан ұлттық ұран мен идея  жасаудың өзі де қартайғандық болып саналады.  Мұндай ұрандармен   ұлтты адастырып   байырғы ескі өмірге  еш шегіндіруге болмайды.   Бұл – бүгін,  бүгін  болмаса да ертең  елді  міндетті түрде  орға жығатын  өтіріктер.  Осы «ұлы дала» мен  «көшпенді»  иллюзиясынан шығады ғой, бұлақтың суын ішіп, жаз жайлауға шығып бас мүжіген  қазақтың ақылы (интеллектісі) артып, бағы бес еселенетін болса,  Бай-бесік (Баян-Өлгей)  қазағы баяғыда-ақ ұшпаққа шығатын еді. 

Техногенді-гламурлы әлемнің жаңа көзқарасымен бағамдасақ, біздің өз ата-бабамызды мадақтап  айтыс өткізіп,  ас беру дегеніңіздің  бәрі қартайған философияның көрінісі.  Іргеде соғыс, жер жаһанды жасанды зерде пәлсапасы ығыстырып келе жатқанда екі сөзуар  қазақтың сағаттап салғыласқан арзан ақпары қай өмірімізге араша болмақ екен. Мәселе бұл жерде бар кінә  айтыста емес, оның ескі ақпары мен архаикалық мазмұнында болып отыр ғой. Сол секілді «Мен айға шағылысқан ақберен», «Көкке ұлыған көкбөрі» іспетті «поэзияның» ісік желікке толы мың, миллион тәтті сөздері де  қазақтың қартайған ақылы (философиясы) мен құйға батқан  ауыр тұрмысына еш жеңілдік жасай алмақ емес.  Себебі сөз – бар болғаны  дыбыстық әм физикалық  толқын ғана. Әлемнің түбіне де әпербақан ұрандар мен  аталған  осы іспетті  «әдемі сөздерге» соғылған «әп бәрәкелділер» жеткен ғой.  Америка ақылманы  Ингерсолл Локвудтың «Қайырымды қол бата берген ауыздан әлде қайда артық» деп отырғаны да осы  емес пе?

 

     Қазақты «Гарвард» пен «Оксфорд» та құтқара алмайды 

 

Жоғарыда жаздық. Қараша қауымды  мүмкіндігінше кез келген ахуалға әлемдік мәдениет контексінде қарай алатындай өркениет өресіне көтеруіміз керек деп. Әрине, ол үшін ағарту жұмыстары  үздіксіз  жүргізілуге  тиіс.  Айталық,  2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде ана тілімізде тәржімаланған әйгілі 100 кітаптың көбі батыс елдерінде шамамен 1960-70 жылдарда жазылып  жарыққа шыққан-тұғын.  Дәл қазір  қазақ  тілді оқырмандардың  бұл еңбектердегі ақпаратпен  аттай алпыс  жылдан кейін танысуының өзі де обал (Намысымызға тисе де мойындайық, тілдің байлығы мен құнары оның мақалы мен мәтелінің көптігіне байланысты емес, ғылыми жаңалығы мен ақпаратына ғана қатысты. Ал бұл жағынан келсек, қазақтың тілі ғылыми ақпараттан мақұрым ең кедей тілдің санатында екендігі даусыз).

Өзіңіз ойлап көріңізші, 1960 жылдардың шенінде осындай ойлау ракурсына көтерілген сана мен биік талғамнан Стив Джобс пен Стивен Хокинг, Билл Гейтс пен Илон Маск секілді  феномендердің өсіп шықпауы еш мүмкін емес қой. Өйткені  кез келген ойдың  генезисі,   желілік сабақтастығы болады  десек, үлкен таным  мен ғылыми жаңалық өзіне дейінгі  ой қабаттарының үстінде  ғана патшалық құрады. 

Кейін  сол сабақтастықтың негізінде ғана тың түсінік қалыптасып, жаңа идеялар үнемі алға қарай жылжып отырады. 

Еуропаға жету – оның сыртқы сипатына еліктеу емес, ішкі танымына жету. Ал ішкі танымына жету халықтың  тікелей когнативті дамуына ғана қатысты.

Ендеше елдің критикалық ойлау ауқымын арттырып, көкжиегін кеңейтетін еңбектер мен туындылар  толассыз  аударылып, ол мемлекет тарапынан қолдау тауып, бір сәтке де болсын  тоқтамауға тиіс.  Осы жерде мына бір дүниені де арнайы айта  кетпесек болмайтын секілді.

Бізде заманауи, (дұрысы даму) сөзі  Еуропаның халқына жасаған саяси жүйесінің ішкі құндылықтарымен емес, көбіне олардың технологиясын тұтынып, архитекиурасын қаз-қалпында қайталаумен түсіндіріледі. 

Даму эпигонға ұрынып Еуропаның сыртқы пошымын көшіру емес. Даму – ұдайы өзіңді табу.  Өз болмысыңа үңіле отырып, экспорттық өлшемге өту.  Бұл жағынан қазақты Гарвард пен Оксфорд та құтқара алмайды. 

Елді өз мәдениетінің төл құнарынан түрегеліп, оны әлемдік құндылықтармен байытқан конгениалды реформаторлар мен ірі  философтар ғана құтқара алады.  Алаш  көсемі Әлихан Бөкейханның «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш бастап жүре алмайды» деп отырғаны да осы.  Батыс көрген я бірнеше тілді білетін полиглоттың  төбедегі критерийлер мен Бөкейханов пайымына тіпті де қатысы жоқ. Өкінішке қарай  бізді осындай новаторлық өре мен шығармашылық танымнан ада, есесіне қолдарында небір шетелдік университеттердің  қатырма  қағазы (дипломы)  бар шенеуніктің шикіөкпе  балалары   басқарып отыр.

Жоғарыда ғана  қолданған заманауи  сөзінен шығады ғой, қолында күректей «дипломы» бар, есесіне ел танымынан жұрдай әлгіндей жандар қазір де қай жағынан алсаң да мемлекетіміз үшін аса қауіпті.  Олар да демократия,   дамыған батыс мемлекеттерінің  жолымен жүруіміз  керек, «қайран елім, қазағым» деп сарнағанда көзіңе жас келеді. Бірақ  бұлар  ештеңенің де байыбына барып, терең зерделей алмайды. 

Халық – мұндай адамдар үшін бар болғаны өз мақсаты мен мүддесіне төте жетудің декорациясы мен фоны ғана. Бірден айтайын,  білімді мен білімсіз жанның нарқы көптің қалауына жығылып жарқылдап сөйлегендігінде емес. Білімді адам – мемлекеттегі кез келген келеңсіздік пен орын алған кемшіліктердің түбегейлі шешілу жолдарын білетін адекватты адам. Әйгілі әл-Фарабидің «Білімді болу дегеніміз – жаңалық ашуға қабілетті болу» деп отырғаны да міне, осы емес пе? 

 

                                  Тұтынушы сана

 

Біз егемен ел болғалы  табиғи ресурстан басқа неліктен сыртқа  бір нәрсе өндіріп сата алмадық? Экономикамыз қалайша импорттық кіріптарлыққа ұрынды? Сіз бен біз осының  себебіне үңіліп, байыбына ендеп бара алдық па? Мұның да жауабын білгіміз келсе, әрине, сол ой-өріс пен ақыл  аумағында жатыр. Тұтынушы  санадан өндіруші (экспорттық)  сана категориясына ауысуға ең көп кедергі жасайтын жайттар мыналар дейміз. Ол архаикалық ақпараттарға алданып  «өткен өміріміз өте  керемет еді»  деген секілді алдамшы елестерден тұратын  кертартпа  көзқарасымыз еді. Бүгінгі қазақ бұрынғы қазаққа ұқсамағандықтан ұсақталып кетті, әгәрәки, ата- бабаларымыздың  жолынан айнымағанда  айымыз оңынан   туатын еді деген секілді жалған түсініктер. Түсінесіз бе, біздің танымның дені реалды шындықтан гөрі  осындай иллюзиядан тұрады. 

Ащы да болса айтайын.  Біз, керісінше, ата-баба жолынан еш айнымауымыз керек деп жаңа уақыттың жаңалығымен  жауығып, оған таным-түсінігімізді бейімдемегеннің кесірінен адасып артта қалдық.  Бізге кез келген жаңалық атаулының  жау, бір нәрсені қиратушы болып көрінетінінің себебі де сол. Еркін ой адамын елді  адастырушы әрі  бүлдіруші есебінде қабылдап, артына айтақ салатынымыздың да астарында осы шындықтар жатыр. 

Енді көбіміздің  бірдей ойлайтынымыз бен танымдық балаңдығымыздың симптомына келсек, ол бірдей жазылған кітаптар мен бірдей түсіндірілетін интерпретацияның  кесірінен (Әрине, бұған білімсіз  әм сапасыз жоғары оқу орындарының оқытушылары мен  мектеп мұғалімдерінің  қосып отырған үлесі зор).  Қазіргі түрлі баспаханадан  шығып, қолымызға тиген қазақ тілді жүз кітаптың (бұл  еңбектерді  шартты түрде тарихи танымдық  дей салайықшы)  тоқсан тоғызының фабуласы мен идеясының  біріне-бірінің қатты ұқсайтынын, әрі олардың дені өткен өмір туралы  жазылатынының басты  себебі де осы  көне түсінігіміз бен стандарты санамызда жатыр. Жоғарыда айттық. Кез келген кітаптың құны мен бағасын арттырып тұрған  негізгі феномен  оның  жаңа  ақпараты  пен жасампаз идеясы десек, архаикалық ақпарат бәрібір  ескі танымның  жақтаушысы  мен қорғаушысы болып мәңгілік қала береді... 

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛИЗАЦИЯЛАУ  ПРОЦЕСІН ТЕЖЕУДІҢ  ЕҢ НЕГІЗГІ   КЕДЕРГІСІ БОЛЫП ОТЫРҒАН  ФАКТОР ДА,  МІНЕ, ОСЫ  ДҮНИЕЛЕР. 

Бұл жерде  адамзат өткен шақ туралы ештеңе де білмеуі керек, оның  мүлде қажеті жоқ деп отырған жоқпыз.  Шындап келгенде, тарих – өткен шақ туралы емес, осы мезет пен келер шақ  туралы ғылым. Неге десеңіз,  адам барда, оның тойымсыз нәпсісі мен мейманасы барда өткен өмірдің шындығы «бүгін»  болып  бәрібір үздіксіз  қайталана береді. 

Бұл жердегі басты мәселе қазіргі  уақыт пен тарихтың,  мезгіл мен өнердің бірінен-бірінің  бөлініп кетуінде болып отыр. Біздің ең басты қателігіміз уақыт пен тарихты, мезгіл мен  көркем өнерді барынша жақындатып біртұтас контексте  қарай алмауымыз дер едік.  

Бүгінгі уақыттың өзі тарихтың бір бөлшегі екенін біліп, оны  біртұтас қарай алғанда ғана замана дидарын дәл танып, толыққанды зерделеуге болатын еді. 

Мынандай бір қызық  қисын бар. Әсіресе оны ақын-жазушыларымыз көбірек айтады. Бүгінде менің қолым суып кетті, ерекше шабытым  болмағандықтан мүлде жаза алмай  қалдым деген секілді сансыз сылтаулар бар. Енді сол сылтаулардың  себебіне бойлап, мәніне  үңіліп көрейікші.  Қаламгерлердің көбіне креативті ойлар мен  трендтегі тақырыптардан қалыс қалуының себебі  әлгі «ерекше  шабытының»  жоқтығынан емес, олардың дені замана шындығы мен  уақыт өзгерісін  тап басып тани алмағандықтан болады.

(Қазір мына тақырыпты  мүлде жазуға болмайды деген тыйым мен цензура атымен жоқ қой ). Ендеше тың дүниенің жазылуы мен жаңа көзқарастың  үстемдік құруы дегеніңіз  уақыттың өз ырғағы мен үдерістеріне ғана  тәуелді.  Қалай десек те уақыт пен тарихты, мезгіл мен өнерді  біртұтас қабылдаған халықтың осы жетістіктері арқылы талғамы артып,  тарихи санасы біртіндеп қалыптаса бастайды.  Ондай ел өз тарихының күнгейі мен көлеңкесіне, сүрінген жеріне  нақты сараптама жасай отырып,  не нәрсені болсын объективті әрі  жаңа уақыттың тезінде зерделей  алады. Осылайша тарихи санасы толыққанды пісіп жетілген  ұлт көп қателіктерге бой алдыра қоймайды. Мұндай  ұлт біздер сияқты  кешегі қып-қызыл  большевиктік басқарудың мектебінен өткен  бүгінгі саяси биліктегі дилетанттар  мен диктаторларды   бір сәтке де болсын өздеріне  басшы қылып отырғызбасы айдан анық (Айталық, тарихи танымы әбден  қалыптасқан  ұлт Әбілхайыр ханның орысқа қосылуының қабағат  қателік болғанын  біле тұра Еуразиялық одаққа,  1986 жылы қанды қырғынды  ғазиз басынан кешірген елдің  «Жаңа өзен» мен «Қаңтар оқиғасына» жол бермесі анық еді). 

Енді тақырыбымыздың негізгі мәніне  үңіліп,  «тұтынушы сана» ұғымына қарай ойысайық.  Әрине, бұл бір өрмекшінің сілекейіндей өте шетін мәселе. Қазақ фәлсапасының қартайғанын,  оның  тісі сарғайып  баршын тартқанын  дәлелдейтін дүниенің бірі де осы «тұтынушы сана».  Бұл біздің  негізгі қателігіміз бен төл дертіміз десек те болады. 

Иә,  сөз жоқ  пендеге  тамақ керек,  бірақ сол тамақтың  мөлшерін білетін ар мен ынсап адамға екі есе қажет. 

«Тұтынушы  сана» – құлдықтың  негізгі қайнар көзі мен  темірқазығы.  Жыныстық құмарлық, тамақсаулық,  мақтангершілік,  шенқұмарлық,  атаққұмарлық тағы да толып жатқан осы  секілді кембағалдықтың  бәрі  – сол құлдық қазығының  шырмауық  жіптері.  Өрмекші сілекейіндей көзге шетін  сол шырмауық жібіне маталған санамыздан  бірер мысалдарды да  осы жерде  келтіре кетейік. 

Бізде қоршаған орта мен адам,  жалақы мен қызмет, тіпті  дос пен дос арасындағы қатынастың бәрінде де  тұтынушы  сана бар.  Бұл, әрине, күнделікті   дағдыға айналған   қарым-қатынасымыздан  еш біліне бермеуі де мүмкін.   Алайда,  өзімізден қызметі жоғары  адамға  жанымыз қалмай жалпақ қағуымыздың,шенқұмарлығымыздың, атаққұмарлығымыздың  астарында да осы адаммен қарым-қатынасым  тәуір болса, жаман болмаспын деген секілді бақай есеп-ниеті бар.  

Дос пен дос байланысының өзегінде де  «біз бір-бірімізге керекпіз» іспетті  ішкі  есеп пәлсәпасы тұрады.  Мұның  бәрі айналып келгенде  тұтынушы сана үрейі туғызған  «керек адам» мен «қажет кісі» мағынасына саяды.  

Мінекей, қоғамның да, өзіміздің де бір сүйем алға  жылжи алмауымыздың басты  себебі,  біз өз  жұмысымыз бен қызметімізге    ІШКІ МӘН,  ҰЛЫ ҮЙЛЕСІМ,  АДАМДЫҚ  МИССИЯ  құндылықтарымен   емес,  тек жалақы көзі  деп түсінетін  тұрпайы  таным ендігінде қарағанымыздан  болып отыр. Базбір қызметке бара қалсақ, жемқорлық бабымен басымыздың  шатылып жататыны да осының салдары.

БҰЛ ЕНДІ  ЖЕКЕЛЕЙ ИНДИВИДТІҢ  ҚОРШАҒАН ОРТА МЕН ҚЫЗМЕТІНЕ ТИЕСІЛІ КӨЗҚАРАСЫ ДЕСЕК,  МЕМЛЕКЕТТІҢ  АРТТА ҚАЛУЫНЫҢ  НЕГІЗГІ ДӘЛЕЛІ ХАЛҚЫНА ҚАЗЫНА КӨЗІ, БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ МЕЖЕСІНДЕ ЕМЕС, ТЕК САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ҚАЛА БЕРДІ САЙЛАУ КЕЗІНДЕ ДАУЫС БЕРУШІ НЫСАНА РЕТІНДЕГІ ТӨМЕНГІ  ҚАТЫНАСПЕН ТІЛ  ҚАТУЫНДА БОЛЫП ОТЫР. 

Экспорттсыз экономиканың алға жылжымайтыны секілді  мұндай тұрпайы  таныммен біз  ешқайда да қарыштап баса алмаймыз.

«Тұтынушы сана» құлдығына шықпастай шырмалғанымыздың тағы бір дәлелі – той мен томалақ  мәселесі. 

Қазақ танымы үшін  сауық пен сайран, той мен томалақ   ғұмырдың  басты қағидасына айналып,  ол  ең әуелі дипломатия деңгейіне дейін жетіліп кеткендігінде болып отыр.  Бұл, әрине, өте қорқынышты жағдай.  Қазақ тойының негізгі мотиві – тамақ, ал  бұл «тұтынушы сана» кіріптарлығының ең  үлкені деп  мойындымай  көріңіз енді. 

«Тұтынушы сана» адам санасында  басқа да бағындырар   биіктіктің бар екендігін ұмыттырады.  Адамның  алдын шеңгелдеп,  арттағы  өмірінен ақиқат жасауға бейіл танытады.  Сөйтіп сананы  рулық, топтық,  жамағаттық  түсініктермен  матап, аталған ұғымдар  діңіне  ұдайы  «су» құйып отырады.  Ал енді өндіруші  (экспорттық) сана дегеніміз не? 

Ақыл мен танымның бұл категорияға ауысқанда  нендей құпиялары мен жетістіктері ашылады?

Өндіруші сана өркениетке қосылудың ең негізігі алғы шарты болып саналады.  Өндіруші сана әлемнен  кез келген ұлттың өз орынын анықтауға, олардың  бір-бірімен  рухани  бәсекеге түсуіне  мүмкіндік береді. Осылайша өлкелік өлшем өз кезегінде күзгі жапырақтай селдіреп, өркениеттік танымның біртіндеп өрістеуіне  жол ашады. Біз  сонда  ғана көз аямыздың  соншалықты  тары екеніне, оның негізгі кісені мен кедергісі ортағасырлық  діни догматизммен астасқан көне көзқарасымыз бен  мен социалистік жүйе сіңірген  көп өтіріктер екеніне  көзімізді жеткізетін едік. Ресейдің ғасырлар бойы миымызды жуған улы  идеологиясының ұлтымыз үшін қаншалықты қасірет болғанын бағамдай алатын едік. Айталық,  жершілдік пен жамағатшылдықтың  барып тұрған өркениеттің  басты  жауы екенін,  социалистік жүйеден үйренген микроқулықтарымыз бен сұмдықтарымыздың, сондай-ақ құрыққа сырық жалғап  жүріп итшілеп  алған әлгі мемлекеттік сыйлығымыздың  кәсіби әдебиет пен  өнерге титтей де  қатысы жоқ екенін шын  түсінетін едік.  Ең бастысы, әлемдік стандарттың бар екенін, оның  негізгі өлшемі  Нобель мен  Канн,  Пулитцер мен  Букер екенін  мойындар едік.  

Қайыра айтайын,  біз әлемді осы стандарттар мен  өндіруші (экспорттық) сана өлшеміне  өтіп қана  өзімізбен санастыра  аламыз.  Кері кетпейік, керісінше ел болып көгерейік десек, бұдан басқа таңдар  біздің ешқандай да жолымыз жоқ. 

Сонымен қазақ  философиясы тек  ата-бабаны ұлықтап, көне  салт пен дәстүрден ақиқат жасаушы емес,  адамзаттық құндылықтар мен жаңа идеялар, тың үдерістер негізінде  түзіліп отыруға тиіс. Дәл қазір бізге  осындай өре биігіндегі  өркениетті  философия ғана қажет.  

Кешегі қанды қаңтар оқиғасынан кейін елімізде «Жаңа Қазақстан» ұғымы айналымға түсті.  Жаңа деп айтқанымызбен,  үйреншікті әдет, ескі методология баяғы баз қалпымен тағы да басымдылық алып бара жатқандай сезіледі. Ең бастысы, жаңа уақыттың өзі  «Жаңа Қазақстанның» бұдан кейінгі ұстанар жолы мен тұтынар танымы қандай болу керек деген онтологиялық сұрақты қойып отыр.

Міне, мәселенің үлкені де осы. 

 

PS. Жаңа сана қалай қалыптасады? Қазақты қандай философия өркениет көшіне қосады? Мектептегі пәндердің оқытылуы, конгениалды реформаторлар мен ірі философтарды қалай тәрбиелеуге болады? Дербес танымды қалыптастырудың  методологиясы бар ма? 

Кие мен білімнің өзара айырмашылығы...

Міне, аталған сұрақтарға байланысты циклді дүниелерімізді мақаламыздың келесі бөлімінен  оқитын боласыздар. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?