Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өрме саба

1485
Өрме саба - e-history.kz

Бұл жәдігер дәл қазір ШҰАР құрамындағы Құмыл аймағы Баркөл қазақ автономиялы аудан орталығында орналасқан «Шыңжан Баркөл қазақ автономиялы ауданы қазақ мәдениет көрме сарайы» деп аталатын музейдің төрінде тұр. Бұйымның суретін 2009 жылы қазан айында Шыңжаң өлкесіне жоғарыдағы бағдарлама аясында сапарлап барған, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейдің ғылыми қызметкері Досымбек Қатыран түсіріп әкелген екен. 

Өрме сабаны жасаған адам Кенжехан Рахметұлы дейтін шебер екен. Кенжекең қазір Баркөл қаласында тұрады. Жалпы қазақта өрме мәденитеті деген бар. Бұл ежелден келе жатқан өнер. Тіпті Моңғол үстіртіндегі ерте орта ғасырға тән обалардан табылған артефактылер арасында қайыс өрмелер (қамшы, жүген, арқан т.б.) көптеп табылуда. 

Ал қазақ өрме өнеріне келетін болсақ, жұмыр өрме және жазық өрме дейтін екі түрге бөлінеді. Жұмыр өрмені – қамшы, арқан және жұмыр жүген сияқты жылқы жабдықтарын жасағанда кеңінен қолданылса, жазық өрме – айыл-тұрман тәрізді жалпақ бұйымдарға тән стиль. Сол сияқты өрменің: үш демше, төрт демше, бес демшеден бастап, он екі демшеге дейін түрі болады. Демше дегеніміз – таспа. Яғни, төрт таспалы, бес таспалы, алты таспалы... деген сияқты. Реті келгенде, айтып өткен артық болмас, таспа қаншалық шебер тілінеді, өрімде соншалық көркем өріледі. Ал таспаны түзу әрі бірдей етіп тілу үшін жаттыққан қол, каныққан көз керек. Бұл ұзақ уақыт машықтанумен келетін керемет еңбек. 

Жоғарыдағы өрме саба – қазақ өрме өнерінің шыңы десе болады. Жәдігерді жасап шыққан шебер Кенжеханның айтуына қарағанда, бұл сабаны жасау үшін: төрт жуан өгіздің жон терісінен тіліп алған 1300 таспа кетіпті. Сиымдылығы – 100 литрге таяу. Шебер сабаны –12 таспа жазық өрме стилін пайдаланып, оны бір-біріне қиуластыру арқылы қосөрім тәсілмен, үш айдың ішінде атқарып шыққан. Сабаның ішіне толтырып сұйық құйсаңыз сыртқа бір тамшы шықпайды. Неге? Шебер айтады: сабаны жасап болған соң өрменің дымы кеппей тұрып, ысқышпен әбден ысқылау керек. Сонда өрім нығыздалып, сыртқы кедір-бұдырынна арылып, майдаланады. Одан кейін қарағайдың қу бұтағы немесе жерде шіріп жатқан қожырымен ыстау керек. Сонда ешқашан сыртқа тамшы су ақпайтын болады. Одан кейін ысталған тері ешқашан шірімейді де, су тисе ылжырамайды. Соңында, ыс сіңген қайыс-сабаны көктің нілімен суарасыз. Көктің нілі дегеніміз – бал арасы қонатын шөп-гүлдерді теріп алып, оларды суға қайнатып нәрін алу. Осы нілді сумен жаңа ысталған сабаны шайғанда, көктің нілі сіңеді. Ніл сіңген саба сазды жердің дымын бойына тартпайтын болады. Бұны қазақтар «көктің нілімен қайыс суару» дейді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?