Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ музыкасының алтын ғасыры

2989
Қазақ музыкасының  алтын ғасыры - e-history.kz

Аңдатпа

Мақалада ХХ ғасырдың басындағы қазақ музыкасының ғылым саласы ретінде қалыптасуы мен  үлесін қосқан тұлғаларды зерттеудің өзектілігі қарастырылады. Қазақстандағы алғашқы музыкалық мәдени орталықтарды, музыкалық театр және филармония,опералық және симфониялық шығармалар,Е.Брусиловскийдің, А.Затаевичтің, А.Жұбановтың шығармашылықтары талқыланады. 

Түйін сөздер: шығармашылық, филармония, опера, симфония, қазақ музыка ғылымы

Қазақ музыкалық фольклоры ‒ сан ғасырлар бойы халық шығармашылығын ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, халықтың жадында сақтала отыра, тарихи үрдістермен ұласқан халықтың тұрмыс кейпін,  кеңінен бейнелейтін аса бағалы ұлттық-рухани мұра. XX ғасырдағы ілгері зерттеулер музыкалық фольклордың классикалық түрде дамып,өзінің шарықтау кезеңіне,кең түрде насихатталуына әкелді.Қазақ музыкалық қорының толыққанды әрі жүйелі түрде зерттелуі А.В. Затаевич кезеңіне сәйкес келеді. А.В. Затаевичтің XX ғасырдың басында жүргізген музыкалық-этнографиялық қызметі ‒ қазақ музыкасының ғылым ретінде іргетасының қалануына алғашқы бастауы болғандай. Халық жадында сақталған әнші-күйшілердің құнды композициялары оның «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж), «Қазақтың 500 ән-күйі» (1931 ж) атты еңбектерінде көрініс тапты.[1] Халық шығармашылығының түпнұсқаларын алғаш нотаға түсіріп, ол аса құнды еңбек қалдырып қана қоймай, қазақ халқының музыкалық мұрасын сақтап қалуға жетекші рөл атқарған зертеушілердің бірі болғаны сөзсіз.«Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж) атты алғашқы  жинағы халықаралық мәдени қауымдастықта жоғары бағаланған. Француз жазушысы Р.Роллан мен орыс жазушысы Максим Горький: «Бұл болашақтың Моцарттары, Бетховендері, Шопендері, Мусоргскийлері үшін баға жетпес қазына ғой» - деп ерекше жоғары баға беріп, атап өтеді.[2] Қазақ кәсіби музыка зерттеушісі Е.Брусиловскийге тиесілі тоғыз операның төртеуі осы жинақ негізіндегі халық шығармаларынан алынғаны,бұл сөздердің расталуына кепіл. Қазақтың алғашқы «Қыз Жібек» операсында А.В.Затаевич жинағынан алынған 30-ға жуық қазақ ән-күйлері қолданылғаны да белгілі.[3] Бағалы қазақ фольклоры кірген бұл жинақтың ерекшелігінің бірі, оның ішінде тек әндер ғана емес, домбыра және қобызға арналған күйлердің топтастырылғандығы. Жинақ әндерін  С.Прокофьев, М.Штейнберг, В.Власов сынды атақты композиторлардың өз шығармаларына қосу мақсатында белсенді қолдануы, оның дүниежүзілік маңызын көрсетеді.[4] А.В.Затаевичтің қазақ музыкалық тарихи-танымдық жәдігерін паспортизациялаудағы, қазақтың кең даласының түкпір-түкпірін басып өтіп, белгілі қазақ ән-күйлерін түпнұсқада жеткізген корреспонденттердің арасында, ұлт зиялылары мен белгілі өнер қайраткерлерінен шығармаларды қағаз бетіне түсіріп,қазақ музыкасының іргелі кәсіби ғылым саласы ретінде қалыптасуында еңбегі ерен.

Қазақ музыкасына деген қызығушылық арта түсіп, Е.Брусиловский, Л.Хамиди және А.Жұбанов сынды ағартушылардың арқасында қазақ музыкасын кәсіби деңгейде зерттелуі тереңдей түсіп, олардың нәтижелі зерттеу мен фольклорлық шығармашылықты жинақтауы, бірте-бірте қазақ кәсіби және классикалық музыка түрінің қалыптасуына әкелді.[5] Бұл үдерісті күшейткен қазақ жеріндегі алғашқы ашылған театрлар мен техникумдарға тоқтала кетсек, «Ұлттық қазақ театры»  Қызылордада (1926 ж) , одан кейін «Ұйғыр музыкалық-драма театры» (1933 ж ) және Қызылордада ашылған «Корей театры» (1937 ж). Аталған театрлар еліміздегі алғашқы музыкалық мәдениеттің негізгі ошақтарын қалыптастырды. 1936 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясының ашылуы қазақ музыкасының өркендеу шағына сәйкес келеді.[6] Тұсауы кесілген музыкалық мекемелер Алматы қаласында өнер мамандары шоғырлануына, қазақ музыкалық мәдени өмірінің өзгеше белсенді болуына әсер етті. Т.Жүргеновтың бастамасымен 1932 жылы «Музыка техникумы» ашылып, бұл еліміздегі жас таланттарға кәсіби дәрежелі деңгейде білім берілуін қамтамасыз ететін алғашқы музыкалық кәсіби оқу орны белгілі болды.[7] Өнерге жасалған келесі қадам ‒ қазақ ұлттық оркестрін құру.1934 жылы 1 маусымда I Бүкілқазақстандық слетке А.Жұбанов және Е.Брусиловский Алматыға шақыртылып,слетте көптеген өнерпаздардың ортақ мақсатын қалыптастыра отырып, қазақ кәсіби музыкасының жарқын болашағын құру жоспарын белгіледі.[8] Слетке қатысқан қазақ өнерпаздарының кейінгі тағдыры қазақ музыкалық кәсіби мекемелерінде,филормония,оркестр,техникум мен консерваторияда қызмет ету, қазақ музыкасын кәсіби деңгейге көтеру мәселесімен айналысып, қазақ музыкасының еркін аймағының қалыптастыруын жылдамдату болды.Қазақтың алғашқы белгілі опера,танымал композицияларының авторы Е.Брусиловский қазақ музыкасының кәсіби ғана емес,классикалық бағытта басталуына екпінді ықпал етіп, «Қыз Жібек» операсының әнін жазса, оның либреттосын Ғ.Мүсіреповқа тапсырады.Бұл қазақ классикалық музыкасын қалыптастырудағы алғашқы қадам және айтарлықтай ірі жанрдағы қазақ музыкасының құрылымдай басталуына негіз салды. Қазақ музыкалық мәдениетін тереңінен зерттеген Брусиловский 1934 жылы сахналанған «Қыз Жібек»  операсының негізін жасауда қазақ халық әндеріне екпін берсе де,операның музыкалық драматургиясы күрделі және ауыр еместігін байқай аламыз.[9] Бұл музыкалық шығарма өзінің ерекше үйлесімділігі және қарапайымдылығын айрықша белгілеп, дүниежүзілік мәдени қауымның көңілінен шығып, атақты композиторлардың назарын қазақ халқының музыкасына аудартып қана қоймай, олардың қызығушылығын танытты. Оған дәлел ретінде, М.Штейнберг «Түрксиб» , Б.Ерзакович «Увертюра» және А.Зильберг «Гүлденген Қазақстан» атты күрделі жанр болып табылатын симфонияларды қазақ тақырыбына арнап жазған еді[10]. Қазақ халқының ұлттық танымын бейнелейтін халық әндерін бірегей ірі туындыға жинақтап,бір-бірімен үйлесімді етіп, бір жүйелілік сақталатын күрделі опера шығармасын жазу Е.Брусиловскийдің қажырлы еңбегі деп білеміз.

1936 жылы музыкалық туындыларды сахналайтын Жамбыл атындағы қазақ филармониясы, опера және балет театрларының ашылуы, қазақ музыка саласын жүйелі түрде, ғылым саласы ретінде кеңейе түсуіне мүмкіндіктіктер береді. Бұл біріншіден, қазақ музыкасы кәсіби түрде халық арасында белсенді орнай бастауы мен халық жадында сақталып келген әндер мен күйлерді жаңа түрде және күрделі жанрда естіртілуі, оның күрделі әрі жүйелі ғылым саласы ретінде қалыптасуына әкеледі. Қазақ композиторларының алғашқы классикалық музыкаға қадам басуы,олардың арасында қызметтік байланысты күшейтіп, халықаралық деңгейде танылуы мен музыкалық фольклордың жаңа кәсіби деңгейіне көтерілуіне түрткі болды. 1936 жылы Мәскеу қаласында қазақ әдебиеті мен өнер онкүндігінде қазақ ұлттық оркестрмен орындалған «Сарыарқа» күйі халық ықыласына бөленді. А.Жұбановтың дирижер ретінде атқарған жұмысын, қазақтың атақты өнер қайраткерлері айрықша атап өтті. Мәскеу сахнасында орындалып,жоғары бағаланған опералардың ішінде  «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» атты Е.Брусиловскийдың туындылары да бар. Мәскеудегі онкүндік негізінде қазақ музыкасын шетелдік сахнада қойылуы,қазақ өнерпаздарының этникалық түрдегі шыңдалған туындыларын,оның күрделі жанр болып келетін қазақ классикалық музыкасы танылды. Қазақ музыкасының кәсіби жетілуіне негіз салған «Қазақ музыкасының гималайы» атанған А.Жұбановты атап өтуге тиіспіз.[11] А.Жұбанов Ресейдегі оқудан Алматыға оралған сәтте музыка саласында бірнеше нәтижелі қызметтер атқарады. Композитордың алдында тұрған мақсаты  ̶ қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құру және қазақ ән-күйлерін оркестрлік репертуарға негіздеп,реттеу және енгізу, ұлт аспаптарының мүмкіндіктерін жетілдіру және қазақ ұлттық аспаптарын қолдану жағынан біраз қолайлы өзгерістер енгізу. Бұл ұлт аспаптарының классикалық қырын танытып,кәсіби өнерпаздар үшін аспапты бұрынғыдан қарағанда ыңғайлы ету арқылы, оркестр әйгілі шетелдік классикалық шығармаларды техникалық қиындықсыз орындай алуына әсер етті. Ұлт аспаптарын жаңашалап, стандартқа сай келуін, қазақ музыкасының болмысын анықтай отырып, кәсіби деңгейде жетілгенін өз тәжірбиесінде көрсете білді.Жұбановтың  қазақ музыкасын толыққанды бір құрылымды етуі мен ұлттық аспаптардың виртуозды әрі тиімді ретпен біржүйеге келтіруі - оның жасаған қызметінің басты әрі нәтижелі белгісі. Дирижерлік және ұйымдастырушылық қызметінен бөлек,композитордың   ұстаздық қызметі де ерекше. Жас талантты өнерпаздарға тиісті бағыт бере отырып, қазақ болашақ музыка мәдениетінің  болмысын анықтады.Қазақ кәсіби музыкасының көшбасшысы ретінде танылған А.Жұбанов қазақ халқының көне қазынасын жаңалап,әйгілі туындыларды өңдеу және шығару үшін, қазақ музыка қайраткерлерін ғана емес, бүкіл қазақ мәдени саласының басын біріктіре білді. Ғасырлар бойы сақталып келген ән-күйлерге жаңа тыныс беріп,олардың ұлттық ерекшелігін сақтай біліп,жаңаша кәсіби жағынан көрсетті. Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын зерттеуде «Музыкалық әліпби» (1936) атты музыкалық алғашқы сауат ашу еңбегі мен толықтай Құрманғазының шығармашылығына арналған кітабы бар, бұл еңбектердің толық көлемі емес.[12] Ахмет Жұбанов музыка саласында әртүрлі қызмет атқарса да, оның жасаған әрбір ісі қазақ музыкасының тапжылмас іргетасына айналды, оның еңбегі кейінгі жылдары қазақ композиторлары және қазақ музыкасын зерттеуші  ұрпақтар үшін үлгі болып қалды.

XX ғасырдың басында қазақ кәсіби музыкатанудың дамуына үлес қосқан А.Жұбанов, Л.Хамиди, Д.Д.Мацуцин, В.В.Великанов, Л.Хамиди, С.Шабельский бар. Олардың қазақ музыкасын зерттеу жолы өзіндік кедергілерге толы болды. Сол жылдары жүргізілген саяси қудалау музыка қайраткерлерін айналып өтпеді. Олардың көптеген жылдар бойы өз еңбектері мен музыкалық туындылары цензурадан өтсе де, А.Жұбановтың «Қазақ сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы» атты кітабы сынға ұшырады. А.Жұбановты арнайы мәжілісте Б.Г.Ерзакович «ұлтшыл әрі космополит» деп айыптайды.[13] Саяси резонанс тек 1954 жылы тарқап,қазақ музыкалық мәдениетінің дамуы ілгері жалғаса бастайды. XX ғасырдың басында, қазақ музыкасының халық өміріне белсенді түрде енуі, жас әрі кәсіби білімі бар музыка қайраткерлерінің, қазақ халқының шығармашылығына деген қызығушылығын тудырып,нәтижесінде қазақ кәсіби музыкасының, ірі ғылым саласы ретінде туындауына әкелді. Оның пайда болып, жетілу кезеңдері халық арасында мәдени-әлеуметтік  байланысты күшейтіп,үлкен музыка мекемелерін құру жолында көптеген жас таланттардың бір игі іс үшін басын біріктіргені сөзсіз. XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ кәсіби музыкасының шарықтау кезеңіне жетуі, қазақ классикалық музыкасының халықаралық деңгейдегі басқа шетел композиторларының шығармаларларынан кем түспеді. Қазақ кәсіби және классикалық музыкасының Алматы қаласында туылып бірте-бірте өркендеуі, бұл қаланы «Қазақстандық Вена» деп атауға негіз береді.

 

  Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қоңыратбай Т.Ә.Қазақ музыкасының тарихы : оқулық / Т.Ә. Қоңыратбай. - Алматы : Дәуір, 2011. - 170 б. - (ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы). - Библиогр.: б. 261. - ISBN 978-601-217-189-1

2. https://e-history.kz/ru/news/show/6823/

3. https://www.inform.kz/kz/kazaktyn-dasturli-1000-ani-biregey-zhobasy-ulttyk-muzyka-madenieti-tarihyndagy-aytuly-okiga-dep-bagalaymyn-elbasy-nursultan-nazarbaev_a2309195

4. https://el.kz/content-1526_1885/ 

5. https://egemen.kz/article/249283-kompozitorlar-odaghynynh-kezekti-khvii-sezi-otti

6. https://massaget.kz/layfstayl/bilim/gumanitarly-ylymdar/tarih/hronologiya/934/

7.Қоңыратбай Т.Ә.Қазақ музыкасының тарихы : оқулық / Т.Ә. Қоңыратбай. - Алматы : Дәуір, 2011. - 177 б. - (ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы). - Библиогр.: б. 261. - ISBN 978-601-217-189-1

8. https://kurmangazy.com/orkestr-turaly/

9. https://articlekz.com/kk/article/22803

10.Қоңыратбай Т.Ә.Қазақ музыкасының тарихы : оқулық / Т.Ә. Қоңыратбай. - Алматы : Дәуір, 2011. - 178 б. - (ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы). - Библиогр.: б. 261. - ISBN 978-601-217-189-1

11. https://ust.kz/word/qazaq_myzyka_onerining__gimalaiy_ahmet_jubanov-21721.html

12. Қоңыратбай Т.Ә.Қазақ музыкасының тарихы : оқулық / Т.Ә. Қоңыратбай. - Алматы : Дәуір, 2011. - 179 б. - (ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы). - Библиогр.: б. 261. - ISBN 978-601-217-189-1

13. https://malimetter.kz/1946-1953-zhyldardagy-ultshyldykpen-kures-naukany/

 

Охасова Дильназ Кенжетайқызы

okhassovadilnaz@gmail.com

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасы, тарих мамандығы бойынша 1-курс магистранты, Астана, Қазақстан

Ғылыми жетекшісі - З.О. Дүкенбаева, т.ғ.д., профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?