Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнанбай және Абай

2284
Құнанбай және Абай - e-history.kz

Бұған дейін «Қазақстан тарихы» порталында «Құнанбай қандай тұлға?» деген тақырыпта материал жарық көрген болатын. Бұл сұраққа ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жанынан құрылған «Алқа» әдеби-мәдени клубында Тұрсын Жұртбай жан-жақты жауап берді. Айтулы тұлғаға байланысты «Құнанбай» атты еңбек жазған жазушы Абайдың әкесіне тағылған үш айыптың негізсіз екенін айтады. Оның бірінші және ең ауыры  Қодар мен Қамқаның оқиғасы бойынша тағылған айып. Қайын ата мен келіннің арасындағы шынайы оқиғаны «Құнанбай қандай тұлға?» деген мақалада жаздық. Ал қайраткерге тағылған екі айып қандай?

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Құнанбайға махаббаттың жауы деген айып тағылады. Алайда жазушы бұл айыптың негізсіз екенін бұлтартпас мысалдармен дәлелдеп берді.

«Құнанбайдың Айғыздан туған ұлы Құдайбердіден Әмір деген ұл бала дүниеге келеді. Өкінішке қарай Құнанбайдың үлкен ұлы Ысқақтың қызы Үмітей мен Әмірдің ортасында жағымсыз байланыс болады. Аға сұлтан «Жастай жетім қалды ғой» Әмірді, «Немеремнің алды еді» деп Үмітейді қолтығының астына алады. «Әмір жетім өсті ғой» деп оның бетінен қақпай өсіреді. Ол қырық аттыға білезік байлап серілік құрып кетеді. Құнанбай «Жарайды, жетім өсті ғой. Беті қайтпасын» деп Әмірге кедергі келтірмейді. Сол кезде Әмірдің екі әйелі бар болатын. 

Әмір «Үмітейді өзім шығарып саламын» деп оған ғашық болып шығады. Ұзатылып барғанда туған ағасы Әмір мен қарындасы Үмітей Дүтбайдың шаңырағында ұсталып отыр ғой. Олар ағайынды екі адамның ұлы мен қызы. Сол кезде Қаратай келіп «Уа, Құнанбай заманақырдың келіп қалғаны ма, саған айтпақ түгілі көрмесем, естімесем деген тосын жағдай болып отыр. Бір бетпақ іс болды» дейді. Шындықты дәті жетіп Құнанбайға айта алмайды. 

Мұхтар Әуезовтың романында Абай осы оқиғаны естіп «Қап. Үмітей Құнанбайдың туған немересіндей болып кеткен Айғыздың бауырында өскен сіңлісі еді» дейді. Жазушы шындықты тұспалдап айтып тұр ғой. Мұхтар Әуезовте кінә жоқ. Авторлық текс пен астарлы ой белгілі болып тұр емес пе? Мұны көзі қарақты оқырман жақсы біледі.  

Ауыз айтуға бармайтын нәрсені өз баламыз жасап жатса не істеуге болады? Оған енді Құнанбай теріс бата бермегенде не істейді? Осыған Құнанбай айыпты ма? Махаббат па, жоқ әлде салдақылық па? Тіпті бұл ойнастыққа да жатпайды ғой. Тіпті медициналық тұрғыдан алсақ та қылмыс екен. Егер осы екеуіне тыйым салмаса қалған ел не болып кетеді? Сол кездегі қазақты моралі мен мотиві қайда кетеді? Осы үшін Құнанбайды жазғырамыз ба?», – дейді ғалым.

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Құнанбайға тағылатын үшінші айып оның діни ұстанымы болып отыр. Аға сұлтанның Қарқаралыда мешіт ашып, тіпті Мекке Мәдинаға барғаны көпшілікке белгілі.

«Үшінші Құнанбайға тақылатын айып діни ұстаным болып  тұр. Мәселе Әмір мен Үмітейдің арасындағы байланысқа келіп тірелі. Әмір еркін өсті, тіпті ол Ақан сері мен Біржан салдан да биік дейік. Болсын. Әмір мен Үмітейдің арасындағы істі естігеннен кейін Құнанбай немересін шақырады. Әмір келсе атасы алдына ақ жайнамаз жайып, намазын оқып отырады. Құнанбай басын кесіп алса да орнынан қозғалмай намазын ұйым оқитын тахуа адам болған. Сондай-ақ ол өзгелерден де соны талап еткен. 

Әмір Майбасардың Мұхамеджаны екеуі Құнанбайды көре салып «Ойбой, ақ тақия, ақ көйлек, аң дамбал, ақ мәсі, ақ жайнамаз. Біз сал-серіміз бе десек, нағыз сал-сері мынау Құнанбайдың өзі екен ғой. Қой бізде қосылып ән салмасақ болмас» деп жайнамазға екі тізесін қойып, домбырамен ән айтады. Әмірдің:

«Сыпыра бойдақсылқылдақ,. 

Буыны жоқ – былқылдақ

Сұлу келіншек, сұлу қыз,. 

Кез келсе — Әмір сылқылдат. 

Сылқылдат, Әмір сылқылдат!», - деген анайы әні бар. 

Құнанбай намазын оқып болғаннан кейін көзін ашып қараса алдында маймыл тұр. Алдында маймыл құсап тұрған адамды көргенде Құнанбай оны қылқындырмағанда не істейді? Осыған да дін кінәлі ме? 

Мектепте оқып жүрген кезімде Мәкіш ақсақал «Менде коммуниспін. Бірақ ешқашан адамның сеніміне тиіс пе. Сенде коммуниске өтіп, түбінде адам боласың. Бірақ кейін «Құдай бар ма?» деп сұраса, ішіңнен «Е, Алла кешіре гөр, «Барсың». Бірақ қылыш үстінде серт жүрмейді. Жоқ» деп айт. Менде осылай өмірді өткердім. Соған кейде өкінемін де. Менің саған беретін ақылым осы балам», - деген болатын. 

Өлген әке-шешеңе дұға оқытып, әйтеуір өміріңе сенім артатын бір Алла бар ғой. Сонда дінсіз, шоқынып өс дей ме?  Егер осы үш мәселе үшін Құнанбай айыпты болса, онда Құнанбай ұлттық батыр емес пе? Қазақтың діні мен моралі және жерін сақтаған тұлға болып шықпай ма? Осы үшін Құнанбайға кінә тағуға болмайды. Өйткені шынайы өмірде Құнанбай мүлде басқа дам болған. Мұхтар Әуезов Құнанбайды жағымсыз кейіпкер жасау арқылы Абайды ұлықтауға тырысты. Себебі қазақ халқыны ұлы данышпаны ретінде Абай керек болды. 

Қазіргі таңда Абай әлемнің 46 тілінде аударылып, осы арқылы әлем қазақты танып отыр. Әлем халқы қазақты бір білсе, «Абай жолы» романы арқылы біле алады. Ал ақынның өз өлеңдерін күрделі болғандықтан оны шет тіліне аудару мүмкін емес. Жазушы осыны мақсат тұтты. Одан артық мақсат бола ма? Мұхтар Әуезов «Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абай айтқандай ақынның өмірін «қиыннан қиыстырып» сол үшін көркем мүмкіндіктің барлық амал-айласын пайдаланған. Бұл өте дұрыс шешім болды деп санаймын.  

Мәселен мұсақұл соғысын Абай көрген жоқ. Янушкевич «Құнанбай кеше жас баласының іші ауырып еді, ешкінің майымен жазып алды» және «Құнанбай қатты ашуланып ауылына кетті» деп жазады. Бұл тамыздың аяғы мен қыркүйек айының басы болатын. Ал мұсағұл соғысын өзім көрген архив құжаттар бойынша айтар болсам 14-17 қыркүйек күндері болған. Ол кезде Абай бір жастың шамасыда болатын. 

Сондай-ақ Абай мың жерден Алпамыс болып өскен күннің өзінде Бөжейдің асында жорға мініп, табақ тасып, бүкіл қазаққа атын шығара алмайды. Өйткені Бөжей қайтыс болған 1851 жылы Абай небәрі 5 жаста болатын. Бірақ қазақтың барымтаққа шыққаны рас. Абай ондай барымтақтың мыңын көрді. Бірақ оқиға кейіпкерге байлану керек. Абай қанша жерден 5 жаста болса да, Құнанбайдың әкесі Өскенбайға берген асын көрді. Әйтеуір көрді. Ол тарихи шындық. Демек оны Әуезовтың шығармада пайдалануға қақысы бар. 

Мұсағұл соғысында қалың жылқыға қарсы түйені жібереді. Көп түйені көрген қарсыластар оны «адам екен» деп қашады. Бұл қазақтың тарихында емес, б.э.д 350 жыл бұрынғы Ескендір Зұлқарнайынның әкесі Филип жауға қарсы соғысқан кезде болған оқиға. Сол кезде Филип қалың түйені жауды шошыту үшін жіберген екен. Осыны Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында пайдаланып отыр.  Арада мың жыл өтсе де, көшпелі өмірдің салтындағы деректі жазушының пайдалануға толық қақысы бар. Сондықтан да оқырманды талғап, ойландырып, қиыннан қиыстыруға келгенде «Абай жолы» романындай ұлы шығарма қазірше қазақта жоқ. Менің ойымша қиыннан қиыстыру арқылы Әуезов дұрыс істеген. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?