Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зайсан. ХІХ ғасыр оқиғалары

2828
Зайсан. ХІХ ғасыр оқиғалары - e-history.kz

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Ресей қазақ елінің, оның ішінде құрамында Зайсан аймағы бар, Орта жүздің еркіндігін шектеуді батыл қолға алды. 1822 жылы Орта жүзде хандық билік жойылады. «Орыс үкімет орындарының «Сібір қазақтары туралы жарлығына» сәйкес, Орта жүз территориясы сегіз сыртқы округке бөлініп, оларды аға сұлтандар басқаратын болды.

Осы жарғының бірінші сөйлемі, бірінші бабы, яғни, әлқиссасы «Сібір қырғыздары көшпелі бұратаналарға жатады және солармен бірдей құқыққа ие болады» делінген. Демек, Ресейдің ішіндегі «екінші сортты» халық деп үкімет саясатымен бекітіледі. Осы жарғының төртінші бабында көшпенділер болыстарға бөлінеді, болыстар ауылдарға бөлінеді делінсе, бесінші бапта әр ауылда 50-ден 70-ке дейін шаңырақ, ал болыста 10-нан 12 ауылға дейін болатыны жазылған. Болыстарды ыңғайлы басқару үшін округтар құрылады. Әр округта 15-тен 20 болысқа дейін болады. Ауылдарды старшиналар, болыс- ты сұлтандар, округты аға сұлтандар басқарады. Осы лауазым иелері үш жылға сайланады. Әр округта округтік приказ құрылады. Приказ басында – аға сұлтан және екі ресейлік заседатель, оларды облыс бастығы белгілейді. Ресей өкілдерінен басқа құрметті қазақтардан сайланған екі заседатель  болады. Қырғыз-қайсақтар діні мұсылман дініне қарағанда мәжусилікке жақын болғандықтан, оларды христиан дініне тартуға үміт бар. Сондықтан оларды ықтиярды түрде христиан дініне тартуға болады. Егер кез-келген округте 1000-нан астам христиан болатын болса, онда облыс бастығы шіркеуге және священникке арнап үй салуға міндетті».  (А.И. Левшин. «Описание киргиз-казачих или киргиз-кайсацких орды степей. Алматы: Санат, 1996).

Шығыс өңірде Аягөз округі құрылды. Оның ықпалы үлкен аумақты қамтыды. Алайда Оңтүстік Алтайға, Зайсан жеріне бұл округтің ықпалы жүрмеді. 40-50 жылдарда Көкпекті округі құрылып, патша құрығы Зайсанға жақындай түсті.

«Қисық Тезекұлы – «Біржан-Сара» айтысында «қарадан хан болған» деп дәріптелетін, бүкіл Найман тайпасы бойынша көрнекті тұлға. Шынында, ол хан емес, 1844 жылы 14 шілдеде Көкпекті сыртқы округінің аға сұлтандығына сайланған кісі... Қисық 1850 жылға дейінгі екі сайлауда осы аға сұлтандық ла уазымда болды. Одан кейін Әбілез, Ханқожа төрелер аға сұлтан болады. 1859 жылғы сайлауда аға сұлтандыққа Тана мырза Тілемісұлы мен Әлхан Тілеубердіұлы үміткер болады. Алай- да патша ұлықтары Тана сияқты елге ықпалы мол адам кейін икемге көнбейді деп қауіптеніп, аға сұлтандыққа сайлануына кедергі келтіреді. Тана 1864 жылы Еспе, Талменка, Бөкен өзендері түйісіп, Ертіске құяр түбекте үлкен айшықты мешіт салдырған. Кейін бұл орын «Тана мешіті» атанды.

Ресей құрығы Шығыс аймаққа барған сайын жақындаса, елдің де тынысы сонша тарыла түскен. 1833 жылы Көкпекті салынғанға дейін бүгінгі Көкпекті ауданының жер көлемі түгелдей Қыржы-Мұрын руларының жазғы жайлауы болған. Жаңа дуан ашылған соң, жер тарылды. Қазақсанның солтүстік өңірлеріне, Ертіс бойы, Бұқтырма өңірлеріне қазақ-орыс қоныстары, станицалар, шағын қалалар орнаған соң, ол жерлерді мекендеген рулар ығыстырылды. Қазақстанның орталығында Кенесары қозғалысы болса, оның негізгі себебі де жер-су мәселесіне байланысты еді. Енді, міне, Көкпекті салынып, Қыржы-Мұрын рулары қазіргі Көкпекті мен Ақсуат аралығын мекендеген және Қалбаның шығыс сілемімен шектеледі, олар бұрын жайлаған жерлер – Қалба тауларының солтүстік сілемі, Қызылсу, Шар өзендерінің бойы. Делбегетай тауы Бура, Мытай, Керей руларының қарамағына берілді. Бұрын Зайсан мен Көкпекті аралығындағы тас жол бойымен сапар шеккендер толып жатқан «Романовка», «Николаевка» сияқты орысша атаулы елді мекендерді жанай өтетін. Осы жерлердегі қазақ-орыстар кеуделеріне нан пісіп, озбырлық жасайды. Соның салдарынан жайлауға шыққан ауылдар Көкпектіге маңайламай, орағытып өтті. Маңайласа болғаны, адамдарды ұстап алып, сабайтынды шығарды. «Жылқыларың егінімізді таптады» деп өтірік-шыны аралас айып төлетті. Біржан – Сара айтысындағы:

Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын, 

Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын. 

Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай, 

Қай қазақ сөз сөйледі одан бұрын? – дейтін шумақ естеріңізде шығар. Осындағы аталған адамдар Ресейдің озбырлығына, қазақ-орыстардың, қарашекпендердің өктемдігіне қарсы наразылық білдірген елдің серкелері болатын. (Қалихан Алтынбаевтың деректерінен).

Көкпекті сыртқы округіне қараған болыстар арасында Шаянбай Ұлтарақұлы басқарған Шорға болысы аталады да, кейін Зайсан уезіне қараған Маңырақ, Шілікті, Кендірлік, Қара Ертіс болыстары жөнінен таришылар мәлімет келтіріп, деректер айтылмайды. Соған қарағанда Зайсан өңірі ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары да Ресей құрамына толық өтіп болмаған. 1868 жылдан бастап біз жоғарыда жазған Көкпекті округі Зайсан уезіне қарады. Содан 1928 жылға дейін 60 жыл бойы бір әкімшілік-аумақтық бағыныста болған ағайындар жөнінде білген деректерді оқырман назарына ұсына кеткенді жөн көрдік.

Кезінде жоңғарлардан жан қиып, қан төгіп азат етілген жерлерді екі империя бөліске салуы, ресми шекара сызығын жүргізуі қазақ елінің тұтастығын мұрат еткен әр қазақтың жонынан таспа тілгендей әсер етті. «Жер бөлінеді» деген сөз ел ішіне ерте тарайды. Ресей Қытаймен 1861 жылдан бастап Шәуешекте келіссөз бастайды. Осы келіссөз табандап үш жылға созылған. «Осы барыста патшалық Россия үкіметі қазақ пен бұраттардың (қырғыздар) барлығы біздің елдің адамдары дегенді ортаға салды. Олардың бұл сөзін Чин патшалығы қарауылы өңіріндегі қазақтар мен бұраттар теріске шығарды. Олар «ішке алуды талап етті». Мұны сезген патшалық Россия үкіметі қазақтар мен бұраттардың беделділерін өздеріне тартып, қарауыл маңындағы әскерлерінің бүлік тудыру әрекетін қозғауға үндеді. Бұл ахуалға қарата Чин патшалығы да сәйкесті шаралар қолданды. Шекара шонжарларына қазақтарды «шеберлікпен өзімізге қаратып, оларға шабыт беріп, оларды өзіміз үшін қызмет еткізіңдер» деген жарлық шығарды». (Н. Мұхаметқанұлы. Тарихи зерттеулер. Алматы: Жалын баспасы, 1996). Міне, қарап отырсаңыз, екі империя басшылығы өздері ғана тіресіп қоймай, шекара бойындағы елдің де берекесін кетіріп, жік тудыруға тырысты.

1864 жылы 7 қазанда Шәуешек қаласында Қытай мен Ресей екі ел шекарасын белгілеудің шарттарына келісті. Сол шартта «Жер қай мемлекетке қараса, оны мекендейтін ел де сол мемлекетке қарасын» деген уағдаластық болады. Жиыны 11 шарттан тұратын құжат әзірленіп, оны өз елдері басшылығының құзырына жібереді. «Ел құлағы – елу» демекші, шекара өңірі халқы «Жеріміз қай мемлекетке қарап кетеді екен?» десіп алаңдайды. Біз кітабынан мысал келтіріп отырған тарихшы Н. Мұхаметқанұлы: «Жер қайсы елге бөлінген болса, сол жердегі адамдар сол жермен бірге сол елдің басқаруында болады» деп белгіленген Жүңго-Россия батыс-солтүстік шекараны тексеріп, айыру шартының естелігі патшалық Россия үкіметінің Чин патшалығына  зорлықпен қол қойылған теңсіз келісімдердің бірі еді, – дей келе, – Керей руының басқаруындағы Көгедай төренің болысы Ажы еді,  сол Чин патшалығының бекітуі бойынша 1826 жылы әкесінің орынына отырған. Ажы елін бастап, 1865 жылы жерімен бірге  Россияның басқаруына өтуді қаламай, шығысқа қоныс аударып, Алтай тауының оңтүстігіне келіп қоныстанды», – деп жа зады. 

1863 жылы генерал И.Ф. Бобковтың экспедициясы  Зайсан жеріне қарулы әскермен келді. Ол бір жағынан шекара шебін белгілеу үшін Шәуешектегі Қытай ұлықтарымен келіссөз жүргізді әрі болашақ бекініске жер таңдады. Зайсан өңірін біраз шарлап, «Шілікті мен Сартерек жерінде қамал салуға бола ма, әлде Жеменей бойы дұрыс па?» деп көп ойланады. Ақыры Жеменей бойына табан тірейді. Жалпы Зайсан қаласының салыну жөнінде үш дерек  айтылады.  Қа зақ Совет энциклопедиясында «1860 жылы іргесі қаланған. Шәуешек пен Семей арасындағы керуен жолындағы Жеменей қонысы ретінде ертеден белгілі» (Т.И. 566 бет) делінген. Енді бір деректерде «1868 жылы салынған» деп жазылады. Ал 1863 жылға келсек, генерал Бобков «Бұл жердің топырақ қабаты қала салуға қолайлы, тіршілікке де жақсы деп ойладым, өйткені осы арада қазақтардың егіні өсіп тұр, олардың өнім алмай қалған кездері болмапты, оның үстіне құрылысқа керекті ағаш та жеткілікті. Содан Семейден инженер хатшы тауып, болашақ бекіністің сызбасын жасаттым» деп жазған. (Генералдың бұл кітабының фотокөшірмесі Зайсан аудандық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы). Осы деректерге сүйене отырып, бұрыннан сауда жолының бойындағы Жеменей қонысына орыстар 1864 жылдан бастап бекініс құрылысын бастаған. Қазақтар осы араны қыстаған, жазда да егін салып, осы жерді жайлаған. Осы қонысқа келіп сауда жасаған. Ескі қоныс орындары, адамдар жерленген қорымдар үстіне кейін құрылыстар салынды. Ескі қоныс орны қазылып, әлі зерттелген жоқ. 1897 жылы шыққан «Обзор Семипалатинский область» деген кітапта Зайсан уезіндегі оқу орындарының қай жылдан ашылғаны жазылған. Сонда «Осы өңірдегі ең байырғы оқу орны 1887 жылы ашылған ауыл шаруашылығы мектебі емес, 1856 жылдан бері жұмыс істеп тұрған мұсылманша білім беретін ерлердің оқу орны» деп құнды дерек келтіреді. Бұрынғы ауыл да, жаңадан салынған бекініс те о баста «Жеменей» деп аталған. Кейін Зайсан қазаншұңқыры және Зайсан көлінің маңайындағы елді басқаратын патшалық әкімшілік жүйесі құрылғанда осы әкімшілік жүйеге «Зайсан» деген жағрафиялық атау берілді. Әкімшілік  орталығы   Жеменей постысы да «Зайсан постысы» деп аталатын болды. Енді «Зайсан» атауына келсең, ол – ежелгі түрік сөзі. «Жайсаң» деп ауызша айтылады. Қазақ пен қалмақтың тілі ұқсас, Алтай тобына жатады. Көп сөздері ортақ, бір түбірден тараған. Бұл жөнінде: «Жайсаң, Зайсан (ежелгі түрік сөзі) – қазақтар мен қалмақтарда ру басын немесе феодал өкілдерін жайсаң (қазақта қасқа мен жайсаң) деп атаған. Жайсаң – ұлық, мырза терминдерімен мәндес», – делінген Қызық Совет энциклопедиясында.

Қорыта айтқанда, Зайсан қаласының негізін де қазақтардың өздері қалаған, алғашқы оқу орны да мұсылманша болған, жергілікті халық ешкімнің үйретуінсіз-ақ егінді  өздері еккен. ХІХ ғасырдың өзінде біртіндеп отырықшылыққа көше бастаған.

1868 жылы Зайсан приставы құрылды. «Бұл әкімшілік жүйесі – Зайсан – Күршім және Бұқтырма өлкелерінің қазақтарын басқару үшін құрылған пристав. Алғашқы кезде Зайсан приставының жері Зайсан көлінің екі жағындағы солтүстік және оңтүстік бөліктеріне бөлінді. 1870 жылы 1 қаңтарда Семей облысының шекаралық межесі өзгертіліп, соған сәйкес Зайсан приставының жаңа шекаралары белгіленді. Осы шек бойынша Зайсан приставының құрамына 2 станица, 4 поселке, 14 болыс, 20974 үй кірді. Орталығы Зайсан болды», – деп Қазақ Совет энциклопедиясы жаймашуақтатса, 1894 жылғы шыққан Ф.А. Брокгауз, И.А. Эрфонның құрастырған энциклопедиясында: «Зайсан уезі (алғашында Зайсан приставы ретінде) 1868 жылы орыс бодандығына өткен қазақтарды басқару үшін құрылған», – деп сөздің ашығына көшеді. Демек, Зайсан елі Ресей билігіне 1868 жылдан бастап мойынсұна бастады. Сонда 1868 жылдан 1920 жылға дейінгі 50 жыл пат- шалы Ресей, 1920 жылдан 1990 жылға дейін 70 жыл Кеңестік жүйе қарауында, жиыны 120 жыл бодандықта болды.

Жеменей өзені бойына станица салынып, кейін уезд орталығы болуына орай аудан тарихына қатысты жазба деректер қағазға түсе бастады. Патша үкіметі тарапынан ел өміріне қатысты жарлықтар осы арадан тарап жатты. Зайсанға Ресей, шет ел ғалымдары жиі келді. Осы зиялылар еңбектері арқылы да Зайсан жері туралы деректер баспа жүзін көрді.

Өлкетанушы С. Черных: «ХІХ ғасырдың  соңғы  ширегі мен ХХ ғасырдың басында Зайсан қаласы Алтай, Тарбағатай,  Жоңғар Гобиі, Тибет, Тянь-Шань, сондай-ақ Монғолия, Қазақстан, Орталық және Орта Азияның кейбір аудандарын зерт- теуге шығатын экспедицияларды аттандыру пункті болды. Осы арадан Н.М. Пржевальский, В.И. Роборовский, П.К. Козлов, М.П. Певцов, В.А. Обручев, В.В. Сапожников, А.Н. Седельников, П.П. Сушин, В.Э. Мартино және басқа зерттеушілер саяхаттарын бастады», – деп жазады («Одна, но пламенная страсть». Алматы. Қазақстан, 1986).

Осы кітабында Станислав Черных 1876 жылы Зайсанға А.Э. Брем мен О. Финш сияқты әйгілі неміс ғалымдары келгенін баян етеді. Отто Финш «Зайсанда 163 үй, 2 мың (әскерлерді қосқанда) тұрғын бар» деп жазады. Бұл – қала салынғаннан кейінгі алғашқы дерек. Осы деректе «Қазақ балалары басым оқитын үлкен мектеп үйінің ғимараты бар» делінген.  Ауданның 70  жылдығы  құрметіне сол  кездегі оқу бөлімінің меңгерушісі Марат Орманбетов «1874 жылы ауыл шаруашылығы мектебі жұмыс істеді» деп   жазды. Бұл алдыңғы деректі бекіте түседі. «Зайсан өңірінде 1881 жылы ерлердің бір ғана приходтық училищесі бар, ол 1883 жылы үш кластық қалалық училищеге айналды. Сол сияқты 1880 жылдан 57 төсектік әскери лазерет болған. Ал қалалық кітапхананың негізі 1896 жылы қаланған. Сол жылдың наурыз айында апалы-сіңілілі мұғалімдер Ольга мен Мария Владимировалар 2500 кітаппен кітапхана қорын жасады. Содан бері жүз жылдан астам уақыттан бері халық осы ең байырғы кітапхананың қызметін пайдаланып келеді. Жыл өткен сайын қала үлкейе берді. «1870-80 жылдары қалада 9663 орыс, 122 қазақ тұрған» (Қ. Биқадамов. Жоғарыда аталған буклет).

Ресей билеушілерінің дегенімен Зайсан  жерін  отарлау ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары аралығында пәрменді сипат алады. Өйткені шекаралық аймақ әлі де тұтастай империя құзырына қарап болған жоқ еді. Алып екі империя Шығыс өңіріне көз алартып, көбірек қарпып қалуға тырысты. Ел шетінде халықты қорғайтын әскер де болмады. Сондықтан ондағы ел шапқынға жиі ұшырады. Өздерін өздері қорғады. Осы кезеңде жат жұрттық шапқыншылардан елді Мырзаш Алдиярұлы сияқты батырлар қорғап, талауға түскен малды қайтарды. Жоңғария жеріндегі Сібе, Ұрынхай, Тарғауыттар ашық шабуыл жасамағанның өзінде қазақтардың малын барымталап кетіп жүрді. Мырзаштың ел есесін қайтарған ерліктері туралы 4-5  дастан  жазылған. Орыс  саяхатшысы Н. Пржевальский еңбектерінде де аты аталады. Ол атақты саяхатшыға жолбасшы болады.

«Мырзаш батыр» дастанының қай нұсқасын алмаңыз, бұл – қазақ пен қалмақ арасындағы ХІХ ғасырға дейін созылып келген күрестің соңғы шақтарын бейнелейтін ескерткіш», – деп жазады ғалым Телмұхамет Қанағатов («Жұлдыз» журна- лы. 1970 жыл, 7 мамыр). Мырзаш жөнінде дастандар, жазба деректер аз болмаса да, оның бейнесін көркем прозада белгілі  жазушы Серік Байхонов бірінші болып бейнеледі. Жазушының саяхатшылар жөніндегі кітабында батырдың көркем образы жасалды.

1864 жылы Қытай иелігіндегі езілген ұлттар бас көтерді. Отаршылар ашу-ызасына мініп, көтерілісшілерді қырғынға ұшыратты. Сол кезде қорғалып тұрған ресми шекара болмағандықтан, Зайсан, Тарбағатай өңірлерін мекендеген қазақтар да қырғынға ұшырады.  1864 жылғы  23-24  қазанда екі күнге созылған қанды қасапта бала-шағасымен қосқанда үш мыңға жуық қазақ қырылғаны белгілі. Сол күндері Сергиопольдегі орыс бекінісі бастығының осы оқиға жөнінде Омбы генерал-губенаторына арнайы хат жолдап, «Қаратал- Қатынсу бойындағы адам өлігінен қазір аяқ алып жүре алмайсың. Ал адам етін жеп дәніккен иттер қазір әрі-бері өткен жүргіншіге шабатын болды. Өлекселер сасып-шіріп, індет тарататын қауіп бар. Сол өліктерді жинап көміп, құтырған иттерді атуға қосымша қаржы, оқ-дәрі бөлуіңізді сұраймын» деген өтініші мемлекеттік архивте бар екенін жазушы Қ. Жұмаділов жазды.

Ел ішіне лаң салған Манжур әскері Мырзаш сияқты батырлар бастаған халық жасақтарынан лайықты соққы алды. Осындай бір шайқас Маңырақ тауында болды. Цин империясы жазалаушыларын қазақтың батыр қызы Жәнделі бастаған жасақтар сайға қамап, қоршап алып, тас-талқан етіп жеңді. Бұл сай батыр қыздың құрметіне Жәнделі сайы деп аталады.

Ел ішінде «Дүңген соғысы» деген атпен қалған осы дүрбелеңде Шығыс өңірге баса көктеген Цин империясы қосындарымен Қоңыз батыр бастаған қазақ сарбаздары жан аямай қарсыласады. Соғыс шиеленісе келе қазақтар мен дүнгендер бел алып, отаршылар әскерін кейін қуып тастайды. Сол кезде Сайболат Қоңыз батыр жеке батырлық қайратымен де, кемелді қолбасылық парасатымен де халық қаһарманына айналады. Жаугершілік аяқталған соң өзін қуғындаған Қытай әкімдерінен қауіптеніп, Ресей ықпалындағы аймақта, өзінің ата қонысы Барқытбел баурайын да ғұмыр кешеді. Құрбан қажы атанып, Тобықты елінің билеушісі Құнанбай Өскенбайұлымен мұсылмандық парызын өтеп, Меккеге қажылыққа барады. Екеуі замандас ретінде бір- бірінің қадірін түсініп, қатты әзілдеседі екен. Қажылық сапардан кейін досының ауылына барғанда сол ел жақсылары бір төбенің басына жиналып, мәслихат құрғанда ортадағы үлкен тасты Құнанбайға лайықтайтынын біліп алады. Ел жиналып, Құнанбай келгенше тас бос тұрады. Ел ағасы дағдылы орнына келе бергенде Құрбан қажы: «Бұл Құнанбайдың Ғарапат тауынан көтеріп келген тасы емес, Шыңғыстаудың тасы», – деп өзі барып отырыпты. Құрбан қажы жөнінде тарихшы Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» атты кітабында жазған. «Зайсан асулары» деген кітапта Б. Жапаров «Ноғайбаймен айтысқан Айбала айтқан Құрбан қажы туралы Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса (бес кітап)» кітабында біраз дерек бар. «Қажы Құрбан атасына ес бермей, өзі Жайсаңнан болған соң, Көктерек, Жайсаң, Шәуешек, Бахты, т. б. шаһар мешіттеріне бір-бір аттан беріп дұға оқытты...

Құрбан қажы өз аты Қоңыз болып, қажыда Құрбан аталып келген. Құрбан Кенжеұлы, бұл Естеместен, бұл Атантайдан, бұл Мәметек баласы, бұл Жақсылықтан, бұл Сайболатұлы Жұмықтан, бұл Байжігіттен, бұл Тоқтар қожа баласы деп таратады», – деп жазып, Зайсан уезіндегі білікті адам ретінде ілтипат білдіреді.

1881 жылы Зайсан жері түгелімен Ресей қарамағына өткені ресми түрде танылады. Тарихта бұл оқиға «Петербург шарты» деп аталады. Шартқа 1881 жылы 12 (24) ақпанда Петербургте қол қойылады. «Петербург шарты бойынша Россия Іле өлкесін Мұзарт асуымен, Текес өзенін  алқабымен қоса Қытайға қайтаруға тиіс болды. Тек Іле өлкесінің батыс бөлігі ғана Россияға қарады. Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзені маңындағы шекара шептері Россия мүддесіне сай өзгертілді (8-ст.). (Қазақ Совет энциклопедиясы. 9 том).

Аймақтың түгелдей Ресей қол астына өтуі оның саяси, шаруашылық сипатына өзгерістер жасады. Зайсанның салынуына орай орыстар қоныстана бастады. Табиғат, жерасты байлығы, жануарлар әлемін зерттеу қолға алынды. Осы мақсатпен келген оқымыстылардың зерттеу қолға еңбектері арқылы Зайсан жері шар тарапқа белгілі бола түсті. Кейбір оқымыстылар Ресейдің экономикалық мүддесімен ғана шектелмей, халықтың салт-тұрмысына, өнеріне назар аударды. Зайсанда болған Петербург  университетінің  оқытуышысы А. Ивановский 1889 жылы «Этнографические обозрение» журналына Ноғайбай ақын жөнінде мақала жариялап, қауым мәжілісінде баяндама жасаған. «Алтайдың қай түкпіріне, қай қиырларына, тіпті күнге бой созған биік шыңдарына барсаңыз да, Ноғайбайдың асқақтаған даңқы алдыңыздан шығады» дейді сүйіспеншілікпен. Ақынмен жүзбе-жүз сөйлескенін, дәл сол кезде 35 жаста екенін, екі көзінің көрмейтінін, өткір тілді, шындықты батыл айтатын ақын екенін тамсана жазады.

Кезінде Ноғайбайға қатысты деректер аз болмаған. «Россия. Толық географиялық сипаттама». Осы танымдық кітапта А. Сидельников Ноғайбай жөнінде жан-жақты жазады. Сол сияқты Қазан төңкерісінен бұрын ақын туралы «Астраханский листок», «Русская жизнь» газеттерінде және «Философская записка» журналында жазылды.

Зайсан көлі. Фото: fisher.kz

Өкінішке қарай, Ноғайбай сияқты ақындардың өлеңдері кезінде қағазға түсіріліп, толық жарияланбады. Ақынның оншақты өлеңі ғана белгілі болып отыр. Ноғайбаймен заманы бір Жанұзақ ақынның өлеңдері де кезінде шартарапқа тарап, Абай жоғары бағалапты. Оның өнерін баласы Әрімжан ақын жалғастырды.

1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстарын басқару ережесі» заңдастырылды. Зайсан уезіне Оңтүстік Алтай аймағы, Тарбағатайдың едәуір аумағы қа рады. Кеңес заманындағы әкімшілік бөлініспен атайтын болсақ, Күршім, Марқакөл, Көкпекті, Қызылтас (1935 жылдан Ақсуат), Тарбағатай аудандары. Зайсан уезіне 17 болыс ел қараған, 2499 ауыл, 99443 адам болған.

Зайсан жерін орыс халқының өкілдері ХІХ  ғасырдың соңғы ширегінен бастап мекен ете бастағанын жоғарыда айтқанбыз. Олардың орнығуына Патша үкіметінің өзі де мүдделі болды. Саяси көзқарастары үшін жазықты болған орыстың зиялы қауым өкілдерін де осында жер аударды. Солардың арасында Абайдың досы Э. П. Михаэлис те бар. Ол Кендірліктегі көмір кенін зерттеген. Кендірлікте 1912 жылы 1632 тонна тас көмір және 265,5 тонна сланец өндірілген. Шығыс Қазақстандық өлкетанушы Станислав Черных Зайсан қаласының алғашқы тұрғыны Андрей Степанович Хохлов жөнінде құнды деректер жинап, очерк жазды. Бұл шығармада аудан тарихына қатысты құнды деректер бар. Соның екі маңызды мысалына тоқтала кетсек.

1883 жылы А.С. Хохлов жергілікті  өкіметтен  бал арасын өсіруге жер сұрайды. Зайсан қаласынан онша алыс емес Темірсу бойында омарта шаруашылығының негізін бастайды. Оның балы зор сұранысқа ие болады. 1893 жылы Зайсан балы Чикодағы халықаралық көрмеде жоғары баға алады.

«Ол Сібір газеттеріне (әсіресе Томскіде шығатын «Сибирский вестник») Жоғарғы Ертісте кеме қатынасын жолға қою керектігі жөнінде мақалалар жазды, осыған жұрттың назарын аударды. Кейін Хохловтың баласы Виталий Андреевич өз естелігінде былай деп жазады: «Ақыры 1898 жылы Жоғарғы Ертіс бойына Семейден «Зайсан» пароходы жүзіп шықты.  Әкем Ертіс бойына шатыр тігіп, пароходты күтті. Кеме түтіні көрінгенде әкем «алау жақ» деді. Бұл оқиға Ертісті өрлеп, Зайсан көлі жағасына дейін кеме қатынасын орнатуда елеулі сәт болды». (С. Черных. «Одна, но пламенная страсть»).

Міне, осы 1893 жылдан бастап Зайсан көлі жағасында Тополев-мыс, қазақша айтқанда, Тұғыл айлағының негізі қаланды. ХІХ ғасырдың соңына қарай екі баржалы «Святой ключ» пароходы жүзді. 1902 жылы «Жоғарғы Ертіс пароход серіктестігі» ұйымдастырылды. Ертіс бойымен «Монғол», «Алтай», «Прокопий Плещеев» сияқты кішігірім пароходтар жолаушыларға қызмет етті.

Шекара аймағын нығайту үшін Ресейдің ішкі  өлкелері-нен халықты күштеп көшіру тәсілін де қолданылыпты. «1890 жылы Қытай шекарасынан 30 километр батысқа қарай Сауыр тауы баурайына Бийск шебінен жеребемен 25 казак-оры сты көшіріп әкелді. Содан бері осы әу баста Кендірлік мекені,  кейін село болған мекенде менің аталарым ғұмыр кешті. Тұнып тұрған әсем табиғат, түгін тартса майы шығатын ғажап мекенге таңғалып, «Нағыз жұмақ» деп қуанды казактар», – деп жазады өз естелігінде Зайсан ауданының байырғы тұрғыны Тамара Вязинина. Қазір Сартерек аталатын осы ауылдан кейін Қаратал, Қарабұлақ ауылдары бой көтерді.

Зайсан уезінің негізгі халқы  – қазақтар  табиғатты  ая- лап, жерге қамқорлық жасай білді. Жаз жайлауда күзеу, қыстау, көктемгі қоныстар тың болды. Өсімдіктер мен жануарлар әлемін аялады. Содан болар Зайсан өңіріне келген келімсектер табиғат байлығына таң-тамаша болысты. Аң мен құстың өзге өлкелерде кезікпейтін көптеген түрін кездестіріп, қайран қалысты. Уездің солтүстік бөлігі, Оңтүстік Алтайдағы Теректібұлақта жергілікті қазақтар кішкене салмен жүзіп, балықты ешқандай құралсыз қолмен аулап жүргенін көріп, саяхатшылар О. Финш пен А. Брем «Батыс Сібірге саяхат» атты кітабында жазды. Немесе 1890 жылы Зайсанда туып, зоология профессоры болған Виталий Андреевич Хохловтың атақты ғалым А.Н. Седельниковка жазған мына бір хатына на зар аударайық:

«Аса құрметті Александр Никитич! Осы хатпен тізімнің соңын жібердім.

Негізінен, хайуандар төмендегідей түрде. Осыдан екі апта бұрын қырғыздарға құлан, қара түлкі, қызыл қасқыр және бірнеше әр түрлі жануарларға тапсырыс бердім. Жабайы түйеге де тапсырма берейін деп едім, бірақ оның Сізге керек не- месе керек емес екенін білмедім. Көп ұзамай аталған аңдарды әкеледі.

В. Хохлов».

Қызыл қасқыр, қара түлкі қазір құрып  кеткен,  ал жабайы түйе туралы аңыз Зайсан жерінде бүгінгі күнге дейін сақталған. Жабайы түйені халық «түйекиік» деп атайды. Жа- байы адамды «кісікиік» демей ме? Кісікиіктерді көрген адам- дар да болған. Ал «Түйекиік» деген күйді халық күйшілері әлі  күнге домбырада ойнайды. Ақжар ауылының тұрғыны Рамазан Әбілмәжіновтың орындауында талай тыңдағам. Әр күйдің аңыз әңгімесі қатар айтылады. Түйекиік жан баласы келе алмайтын иенде өмір сүреді. Жаңа боталаған кезде ботасын ұзақ өріске ерте алмайды. Содан амалсыз ботасын жыраға, орға жасырып, үстін шөппен, бұтамен жауып кетеді. Сонан кейін жайылымға шығады. Көкті қуалап, тым ұзап кетіп, ботасына қарай жанұшыра желеді. Тумасынан балажан хайуан көзінен жасы парлайды, жүрегін үрей билейді, жанұырып ботасына қарай боздап жүйткиді. Күйде Түйекиіктің осы күйзелістері шебер өрнек тапқан. Жергілікті халық түйекиікке де, кісікиікке де жандары ашып, қиянат жасамаған.

ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Зайсанда саудаға ерекше мән берілді. «Мәселен, 1870 жылы Ресей Зай- сан арқылы 15 мың сомның тауарын өткізсе, 1874 жылы 24983 сомның өнім, бұйымдарын жөнелткен. Шетелдермен сауда байланыс жасау үшін 1891 жылы 1 мамырда Зайсан кедені ашыл ды, оның өтпелі кеңесі сол жылы Батыс Қытаймен шекарадағы кеден мекемесіне жұмсалатын шығынның сметасын бекітеді. Зайсан кедені чиновниктерінің жалақысына 7900 сом бөлінеді («Зайсан асулары» кітабы. Б. Жапаров).

Ресейдің Шығыс аймақтың байлығын иелену және сырт- қы сауданы дамыту мақсатына сәйкес Зайсан қаласының маңызы арта түсті. Патша үкіметі көршілес Монғолиямен өзара тиімді сауда байланысын жолға қойды. Цин билеушілерінің наразылығына қарамастан 1860 жылы Урга қаласында орыс сауда фирмасы құрылып, Өскемен, Зайсан, Семей және басқа қалалардың саудагерлерімен байланыс орнатты. Бұл істе «Савва Морозов және оның ұлдары» атты мәскеулік фирма белсенділік көрсетті. 1872 жылы  олардың бастамасымен  92 түйе, 30 атқа артылған 45000 рубльдің товары Зайсан постынан Ургаға жол тартты (Ж.Қ. Қасымбаев. «Города Восточного Казахстана»).

Зайсанда 1898 жылы 32 саудагер тұрды. Олар ішкі сауданы жандандырып, жергілікті өнеркәсіп өнімдерін, қол өнері бұйымдарын, шикізатты сауда айналымына қосты.  Зайсан өңірінде де кәсіпшілік негізі қаланды. Қазақ жерлерін қоныстанушыларға күштеп алып бергендіктен көшпелі ауыл дар күйзеліп, көптеген қазақ кедейлері Зайсан сияқты қалаларға кәсіп іздеп барды. Ж. Қасымбаевтың жоғарыда аталған кітабындағы мәліметтерге жүгінсек, ХІХ ғасыр соңында жергілікті өнеркәсіп орындары қатарға қосылып, жұмысшы  қолын қажет  еткен.  Атап айтқанда  1895  жылы 3 тері өңдейтін, 1 тон тігетін кәсіпорын, 3 диірмен жұмыс істеген. Бұл кезде кен орындары жұмыс істей бастады. Жер асты байлығын игерем дегендерге жеңілдіктер жасалды. Купецтерге, кәсіпкерлерге куәліктер берілді. Мысалы, Зайсан мещаны К.Н. Собачкин 10 ақпан 1896 жылы Кіші Жеменей бойындағы Лақсайдан сынап кенін табуға үш жылға куәлік алып, сол үшін қазнаға жыл сайын 30 сом төлейтін болды. Ал кәсіпшіліктерге жұмыс істеуге барған қазақтарға билеттер берілді. 1887 жылы Өскемен уезінде – 7020, Семейде – 6728, Зайсанда – 706, Павлодарда – 2036, Қарқаралыда – 3656 билет берілген. Ал 1895 жылы бұл көрсеткіштер екі есеге өскен.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Игібаевтың «Промышленные рабочие дореволюционного Казахстана» (1861-1917) кітабында 1892 жылы Зайсан уезінде алтын өндірушілердің көмекші жұмыстарында 665 адам еңбек еткенін мысалға келтіреді. «Жұмыс адам төзгісіз ауыр болғандықтан, әрі мардымсыз жалақы төленгендіктен, саудагер Степанов иелігіндегі Майқапшағай прискісінің жұмысшылары 1887 жылы одан әрі жұмыс істеуден бас тартып, еңбек құралдарын өздерімен алып, кетіп қалды», – деп жазса, бүкіл Ресей өндіріс орындарында бастау алған ереуіл өнеркәсібі әлі дами қоймаған Зайсан елінде де ереуіл орталықтардан артық болмаса, кем болмағанын атап көрсетіп, «Бірлік пен таптық топтасқандықтың жарқын мысалы, 1902 жылғы Федоров прискісіндегі (Зайсан уезі) жұмысшылар ереуілін атауға болады. Ереушілер жеңіске жетті. Осы жылдың 19 маусымында Зайсандағы Михайлов прискісінде ереуіл болды. Жұмысшылар жұмыстың ауырлығын, соған қарамастан еңбекақы келісілген міндеттемеге қарай төленбейтіндігін айтып, еңбекақыны уақытында төлеп, өңделетін учаскенің көлемін азайту, әр адамға 4 фунт пісірілген нан беріліп, келісімшартты қайта қарау керек деп нақтылы экономикалық талаптар қойды. Жұмысшылар талабы қанағаттандырылмады. 5 шілдеде жұмысшылар прискіден кетіп қалды», – деп жазады.

Ішкі Ресейден қоныс аударушылар, негізінен, Зайсан қаласына шоғырланды. 1887 жылы қала тұрғындарының әлеуметтік құрамы төмендегідей болды. Дворян, офицер, чи- новниктер – 31, дін өкілдері – 11, саудагерлер мен құрметті аза- маттар – 28, мещандар – 194, шаруалар – 298, әскерилер мен төмен шенділер және олардың отбасы – 1313, казак-орыстар – 616, әртүрлі категориялар – 11. Ал діни нанымдары бойынша православия өкілдері – 2017, католиктер – 6, протестанттар – 1, иудистер – 10, мұсылмандар – 470 болған. (Ж. Қасымбаев. «Города Восточного Казахстана»).

Ресей империясын мекендейтін халықтардың құрамы, саны, өсімі туралы сөз болғанда,  көптеген  зерттеушілер 1897 жылғы мәліметтерге жүгінеді. Өйткені сол жылы бүкілресейлік тұңғыш халық санағы болған еді. Ішкі Істер министрі Горемыкин уездік және қалалық санақ комиссияларына нұсқаулықты бекітті. Сол кезде Зайсан уезінде 2 станица (4 поселкесімен) және 119 старшынымен 22381 түтінді құрайтын 15 қазақ болысы бар еді. Уезд бойынша 19 санақ участогы құрылды. Осы санақ қорытындылары бойынша қала тұрғындары жөнінде нақты мәлімет келтіруге негіз бар. 1897 жылы Зайсан қаласында жиыны 4402 адам тұрса, оның 2810-ы – еркек, 1592 әйел. Жүз ер адамға сонда 70 әйелден келеді екен. Санақ мәліметі бойынша Зайсан халқының сауаты 31,6%-ға жетіп, өзге уездерден (Семейде – 27%, Көкпектіде – 19,4%, Өскеменде – 30,94%) жоғары болған. 1898 жылы Зайсанда ауыл шаруашылығы, қалалық приходтық және әйелдердің приходтық училищесі ашылды. Уезде білім орындарының ашылуы қазақтар үшін де түбі жақсылық болды. Білім екі салада ислам діні арқылы араб әліпиімен және орысша сауат ашу арқылы жалғасты.

1892 жылы  Ресейде бұрын  болып  көрмеген ашаршылық болып, шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға қоныстанушылар қатары көбейді. «1895 жылы Патша үкіметі Қазақ даласына Щербин басқарған экспедицияны жіберді. Бұл экспедиция Қазақстанның 8 уезін зерттеп, Қазақстанда «бос» жер бар екенін шешті. Ал, шындығында, Қазақстанда мал шаруашылығы дамығандықтан қазақ елінің барлық жерін мал шаруаларының мүддесіне қарай пайдаланғандықтан, бос жердің болуы мүмкін емес еді. Алайда, жергілікті халықтың келісімінсіз «бос» деп тапқан қазақ жерінің жартысы күшпен алынып, жаңадан қоныстанушы орыс шаруаларына берілді». (Кәмен Мамырұлы. «Қазақ тарихы»).

Зайсан халқы жаңа ХХ ғасырды күйзеліс үстінде, ертеңгі күнге деген күдік пен үрей аралас ала көңілмен бастады. Алда бұрын ел тарихында болып көрмеген зұлматтар, тар жол, тайғақ кешулер күтіп тұрды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?