Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сталинград шайқасы және Батыс Қазақстан облысы

3952
Сталинград шайқасы және Батыс Қазақстан облысы - e-history.kz

Сурет: iohotnik.ru

Неміс басқыншыларының табаны қазақ жеріне тимеген болса да, соғыстың алапат өрті Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас Жәнібек, Орда аудандарын шарпып өтті. Бірақ неге екені белгісіз, Батыс Қазақстанның екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде үлес қосқаны туралы көп айтыла бермейді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін Оралдың майдан шебінде болғандығы туралы тек жергілікті жұртшылық қана білген. Біз осы мақаланы дайындау барысында бірқатар деректерді қарастырдық. Мысалы, өлкетанушы Павел Букаткин алғашқылардың бірі болып «БҚО – Сталинград майданының жақын тылы» атты диссертация жазған екен. Осы аралықта алты монография, жүздеген мақала жазып, өлкетануға зор үлес қосқан профессор Павел Букаткин жас кезінде Орал педагогикалық институтының тарих пәнінің мұғалімі болып жүргенде студенттерді оқуға қабылдау үшін Жәнібек ауданына барады. Оны бір қонақүйге орналастырады, ол осы тұрғын-жайдың тарихына қанығып, ауданның соғыс жылдарында көп зардап шеккенін, майдан шебінде тұрып, Сталинградқа азық пен қару тасымалдауда көп көмек еткенін, жаудың бомбасы түсіп, адамдары да қырылғанын естіп-біліп, сол бойынша материал жинақтап, Оралға келген соң ғылыми конференцияда баяндама жасайды. Оған неге бұл тақырып жақын болды? Өйткені, П.Букаткиннің өзі ұшқыштар мектебі мен әскери училищені аяқтап, Беларуссияда, Украинада 96-рота мен взвод командирі болған, соғысты Прага түбінде аяқтаған майдангер. Бірақ, ол соғыс жылдары өзінің туған қаласының Сталинград шайқасындағы жеңіске қосқан үлесі туралы білсе де, Жәнібекке бомба түскенін білмесе керек. Оған дейін бұл жайында айтылмағанға ұқсайды. Әйтеуір, Букаткин кейін өзінің мақалаларында еліміздің Қорғаныс министрлігінің мұрағатында жұмыс істеу үшін КСРО Ғылым академиясына барған сапарында ондағы атақты, білімді деген тарихшылардың өзінің Батыс Қазақстанның майдан шебінде болып, соғыс ауыртпалығын кешкендігі жайынан хабарсыз екендігін жазған екен. Шын мәнінде Сталинград облысымен Батыс Қазақстанның төрт бірдей ауданы шектесетіндіктен (300 шақырымға жуық аумақ), соғыс басталғанда осы аудандар Сталинградтың ең жақын шектескен тылы болды.

Гитлердің жоспары

1942 жылы шілдеде Мәскеу мен Харьков маңындағы сәтсіз операциялардан кейін Вермахт қолбасшысы Еділ бағытына шабуыл жасау туралы шешім қабылдап, екіге бөлінген әскердің бір тобы Солтүстік Кавказдың мұнай кен орындарына қарсы шабуылын жалғастырып, екінші тобы Еділге қарай жылжиды. Бұл екінші топтың мақсаты Кеңес майданының оңтүстік флоты мен орталық арасындағы байланыс желілерін үзіп, оны негізгі әскери топтан оқшаулай отырып, Сталинградты басып алу болды. Гитлердің жоспары бойынша 1942 жылдың 1 қыркүйегінде қаланы алу керек еді. Осылайша фашистер жарты әлемді жаулап, жолындағысын жайпап келе жатып (бір айға жетпейтін уақытта Польшаны, қырық күнде Францияны, жиырма күнде Бельгияны тізе бүктіріп), өздеріне әбден сенімді болып Сталинградқа тұтқиылдан шабуыл жасайды. 

Ол үшін техникасын да, адамын да аямайды. Қайсыбір деректерге қарағанда Гитлер алдымен Сталинградты, оған жақын жатқан Саратовты, Куйбышевті, одан әрі Урал, Бакуді басып алмақ болған. Фашистердің Сталинградты басты нысанға алғаны - Сталинград ол кезде Кеңес одағы үшін Кавказбен, Орта Азиямен, Қазақстанмен байланыстырып жататын күретамыр секілді еді. Жау жағы қаланың саяси әрі экономикалық ролін әбден зерттеген. Неміс әскерлерінің шабуылы 23 шілдеде басталды. 62-армияның бөлімшелері, басқа да бірнеше дивизиялар Вермахт әскерінің алғашқы шабуыл жасаған кезінен бастап қиын жағдайда қалған. Осыған орай 1942 жылы 28 шілдеде Халық комиссары қолбасшылығының «Бір қадам да артқа шегінбеу керек!» дейтін No227 бұйрығын шығады. Осы бұйрыққа сәйкес майданда жазалаушы роталар мен батальондар, сондай-ақ тосқауыл отрядтары құрылады. Сонымен бірге, штаб Сталинград майданының қорғанысын нығайтуға жан-жақты тырысып, қанды шайқастардың бірінші аптасында бұл секторға 11 атқыштар дивизиясы, 4 танк корпусы, 8 жеке танк бригадасы беріледі. Бірақ соған қарамастан әскерлер Вермахт әскерлерінің жердегі және әуедегі қиян-кескі шабуылдарына төтеп бере алмай, үлкен шығынға ұшырайды.

Майдан шебіндегі Жәнібек ауданы

Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы бұйрығына сәйкес, БҚО-да «соғыс жағдайы» жарияланды. Бұған дәлел ретіндегі құжаттар өлкетану музейінде сақталған. Орал-Рязань темір жолының бойы әскери қимылдар аймағы болып жарияланып, оған Жәнібек, Сайхын, Шоңғай станциялары кірген. Фашистер үшін бұл жол тосқауыл болғандықтан, олар Рязань темір жолы бойын қиратса, Сталинградтың оқ-дәрісіз, азық-түліксіз қалып, Кеңес әскері жеңіліске ұшырайтынын болжап,  шабуылды Жәнібек және Орда аудандарының елді мекендерін, әсіресе Орал-Урбах-Астрахань теміржол желісіндегі стансаны бомбалаудан бастайды,  жолдар жиі бомбаланып, рельстер жиі істен шығып, тек  жөндеу бригадаларының жанкешті еңбегінің арқасында бұзылған рельстер тез қалпына келтіріліп отырған.  Сталинград Жәнібек стансасына дейін бар болғаны екі жүз шақырымда жатты. Деректерге қарағанда, жау самолеттері Орал арқылы өтетін теміржол жолдарына 20 рейд, Шоңғай стансасына 24 рет, Сайхынға 36 рет, Жәнібектің өзіне 40 рет шабуыл жасаған. Сайхын стансасының өзіне 70 рет бомба тастаған деген де дерек бар. Революцияға дейін жасалып, стратегиялық маңызы үлкен болған Жәнібек су мұнарасына бес жүз келілік бомба тастап жарып жіберген (жау бомбасы су мұанарасының іргесіне түскен. Су мұнарасына бомба түспеген. Су мұнарасының кірпіштен қаланған қабырғасы жарылған. Теміржолшылар су мұнарасының қабырғасын темір белбеумен орап бекіткен).

Сталинград шайқасының жеңісінде жәнібектіктердің  еңбегі ұшан-теңіз болған. Соғыс тактикасына байланысты, Сайхын стансасы  маңына екі жалған аэродромның құрылысы, одан бөлек қаншама ангарлар мен самолеттердің макеттері, ұшып-қону макеті салынған. Осы қыруар жұмысты жергілікті тұрғындар атқарған. Оның бәрі не үшін керек болған? Әрине, жау жақтың назарын негізгі әуе базалары мен әскери нысандардан аулақ әкету үшін еді. Жалпы алғанда 1942-1943 жылдары Жәнібек ауданы, Сайхын ауданы, Шоңғай елдімекендері бомбаланып,  халықтың үстіне бомба түсіп, адам шығыны көп болғанымен, ол кезде арнайы есеп те жүргізілмеген. Бұған  майданда қаза болған адамдардың санын азайтып көрсету саясаты да бір себеп болса керек.   Кей дерекке қарағанда, жаудың отызшақты самолеті осы жерге құлап, өртенген. Бүгінде Жәнібек ауданының солтүстік-шығыс беттегі бауырластар зиратында сол кезде қаза болған, ішінде офицері, жауынгері, медбикесі бар барлығы 93 адамның сүйегі жатыр делінеді. Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов із-түзсіз кеткен 47 адамның дерегін тапқан, ал ресейліктер 71 адамды анықтаған. Қазіргі есеп бойынша Жәнібек ауданында екі бауырластар зиратына 211 боздақ жерленген.

Соғыс жағдайындағы Орал

Осы кезден бастап Оралда әуе шабуылына қарсы қорғаныс пункттері, әскери аэродромдар, госпитальдар және басқа да көптеген әскери нысандар орналасты.   Орал қаласының өзі жағдайға бейімделеліп әрекет етті. Бұрын ауылшаруашылық өнімдерін өңдеген барлық өнеркәсіп орындары шұғыл түрде майданға қажетті өнімдерді шығаруды қолға алды. Мәліметтерге қарағанда, Оралда төңкеріс жылдарына дейін былғары-аяқ киім өндірісі болған цехтар Р.С.Землячка зауытының құрамына еніп,  ірі кәсіпорынға айналып, өндіріс түгелдей майданның мұқтаждығына арналып, 1942 жылдан бастап өнім шығара бастаған. Оралдықтар зауытты тезірек іске қосу үшін күш-жігері мен уақытын аямай, киіз етіктер майданға жөнелтіліп, қала кәсіпорындарының алдына кез келген сәтте қажетті оқ-дәрі шығару үшін міндеті жүктелген. Тек зауыттар ғана емес, локомотив депосы, жол дистанциялары цехтары да снарядтар мен миналар шығарған.

14 өнеркәсіптік кәсіпорын көшірілген

1942 жылғы 16 қазандағы Сталинград майданы Әскери кеңесінің шешімімен Орал қаласы майдан шебі және елдің әуе қорғанысы бекетіне айналып, 14 өндірістік кәсіпорын осында көшірілген, сонымен бірге 20 әскери госпиталь да орталықтан эвакуацияланған. Манаш Қозыбаевтың «Казахстан – арсенал фронта» атты кітабында осы жылдары Оралда радио, телеграф торабы ашылғаны, Оралдың әскери мамандар дайындайтын орталықтардың біріне айналғаны жайында айтылған. Ворошиловград әскери ұшқыштар училищесі, Ленинград әскери байланыс училищесі, Одесса жаяу әскер училищесі көшіріліп, Ворошилов зеңбірекшілер, радио операторлар мен авиация мамандарының мектептері, Мәскеу радио мамандарының мектебі болған. Ленинград әскери байланыс училищесі Орал пединститутының бас ғимаратына орналасып, мыңдаған жоғары білікті радио-офицер келіп, сондай-ақ, 1942 жылдың басында Оралда пулеметшілердің 4-батальоны, құрылыс және автобатальондар, 152 дербес атқыштар бригадасы құрылып, 1942 жылы 9  мамыр күні  майданға жіберілген. 1943 жылы мамыр айында Ростов жерінде 152 дербес атқыштар бригадасы қайта жасақталып, 418 Мелитополь атқыштар дивизиясы болып аталған. Аталмыш дивизия Прибалтика елдерінде жүріп жатқан соғысқа кірген. Ворошиловград әскери авиациалық училищесінен 1539 ұшқыш оқып шығып, соғыста жоғары нәтиже көрсеткен, соның ішінде Кеңес Одағының батыры К.Малин, екі рет Батыр атағын алған Л.Беда болған.

1941 жылы Оралға К.Ворошилов атындағы мотор заводы мен Ленинградтың арнайы техникалық заводы көшірілген. Екі завод қосылып, № 231 деген номер алып, жұмыс істеген. Оларды қаладан 12 шақырым жердегі Затон Чапаев ауданына орналастырған. Жүк көлігі болмағандықтан, 12 жылқы, 8 түйе, 6 өгіз көлік қызметін атқарған. Күрделі жағдайға қарамастан зауыт өндірісті тез жолға қойып, бір айдан кейін заводтың алғашқы өнімдері майданға жөнелтіледі. Оның өнімдері: снарядтар, миналар және ең бастысы, жауға айтарлықтай зиян келтірген торпедалар өте қажет болды. Ленинград, Мәскеу, Феодосия, Каспийск қалаларынан келген кеме жасаушы мамандар снаряд, мина, торпедо шығарды. Сол кезде завод тұңғыш электрсіз торпедо өндірісін игергені үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болған. Жұмысшылар арасында оралдықтар да болды. Филология ғылымдарының кандидаты,  Жайық өңірі фольклорын жинаушы, белгілі өлкетанушы Евгений Иванович Коротин жасөспірім шағында станоктың жанында 12-16 сағат тұрып, еңбек еткенін еске алды.

Оның айтуынша, заводтың сол кездегі директоры Ф.Л.Компанец деген кісі болған. Осы кезде зауыт жанынан 200 орындық ФЗО мектебін ашты, онда білікті жұмысшылар дайындалды. ФЗО мектебінде жасөспірімдерден жұмысшы мамандар дайындады. Кейінірек, соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстан кәсіпорындарының ішіндегі  жалғыз №231 заводының армия мен флотты қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегі үшін Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталуы кездейсоқ емес. Облыстағы кәсіпорындар оқ-дәрі, қару-жарақ, қосалқы бөлшектер шығарып, ұшақтарды, цистерналарды, моторларды жөндеумен айналысқан. Жоғарыдағы айтылған өлкетанушы П.Букаткин «Западный Казахстан в годы ВОВ» атты еңбегінде механикалық зауыттың бір өзі  тек үшінші тоқсанның өзінде Сталинград шайқасына қатысқан үш жүз танкіні жөндегені туралы дерек келтіреді. Осылайша соғыс жағдайына көшкен Оралда екі аэродром, Сайхында бір әскери аэродром, кейіннен облыстың басқа аудандарында он аэродром салынып, қыста ұшу-қону жолдарының қары үнемі қолмен тазартылып отырған. П.Букаткиннің жазуынша, бұл жұмыстар батысқазақстандықтардың иығына түскен. Қаладағы жазғы театрлар, ойын алаңдары, қоршаулар, қосалқы құрылыстар, тіпті Жәнібектегі тұрғын үйлер де бұзылып, мұның бәрі әскери құрылыстың қажеттілігіне жаратылған.

Госпитальдар

Сталинград шайқасы жүріп жатқан мезгілде стансаға жаралылар тиелген үш эшелон қатар келіп, барлығын тезірек орналастыру керек болғанда бүкіл қала тұрғыны жұмылған. Шұғыл түрде алаңдар-қақпалар бұзылып, бөлшектеліп, кереуеттер жасалып, жаралыларды орналастырады. Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті мен облыстық партия комитеті бюросының «Оралға келетін эвакуациялық госпитальдарды орналастыру туралы» қаулысында Орал қаласында 1500 адамға лайықталған госпиталь жасақталғаны айтылған. Ол үшін Совет көшесіндегі ауылшаруашылығы техникумының жатақханасы, пароход шаруашылық басқармасы, пединститут ғимараты, № 5 мектеп пен қымызбен емдеу мекемесінің орны беріліп,  1941 жылдың 9-қазанында бір госпиталь, 17 қазанда тағы бір госпиталь іске қосылып, жұмыс істеген. Мысалы, қазіргі облыстық кітапхана тұрған Карев үйінде №3974 госпиталь болған, оның дәрігері Острецов деген кісі болған. Мұндағы госпиталь о баста бес жүз адамға есептеліп жабдықталған екен. Дәрігерлердің жан алып, жан беріп, жанкешті еңбек етуінің арқасында  жараланғандардың 40 пайыздан астамы Орал госпитальдан майданға қайта оралып жатқан. Бұл шынымен де өте жоғары көрсеткіш екені анық.  О.П.Иванова, И.П.Давыдова, М.С.Загорская және т.б. дәрігерлер осы кездерде жаралыларды сауықтыруда аянбай еңбек еткен екен. Жаралы жауынгерлерге қала тұрғындарының барлығы қолдан келгенше көмектесуге тырысып, көбісі жаралы жауынгерлерді өз үйлеріне апарып емдейді,  ал жағдайы нашарлар үшін ауруханадан орын босатылады. Өлкетанушылардың деректеріне қарағанда, жаралыларды толық айыққанша отбасына алғысы келетіндер көп болған. Халық тамақ, киім-кешек, аяқ киім жеткіліксіз болғанымен, өздеріндегі барын жаралылармен бөліскен, жауды жеңу мақсатында рухани бірлікті сақтай отырып, соғыстың барлық ауыртпалығына  төтеп берген.

Үлкен-кіші жұмылып...

Жайық жағасында тұратын қала тұрғындары құрылысқа да, отынға да ағаш дайындады. Жергілікті өлкетанушылардың деректеріне қарағанда, педагогикалық институттың К.А.Утехина, В.В.Иванов, Н.Г.Евстратов және т.б студенттері мен оқытушылары ерекше көзге түскен. Ағаш кесіп, жағаға сүйреп апарып, сол жерде сал байлап, Жайыққа түсіреді. Бұл аса ауыр жұмыс екені белгілі! Н.И.Фокин «Уақыт пен кеңістік» деп аталатын кітабында былай деп жазады: «...жұмыс өте қиын болғаны сонша, кешке қарай студенттер үнемі жартылай аш, зорығып шаршағандықтан кейде бұтақтарынан тазартылған кесілген ағаштардың діңдерін Орал жағалауына жеткізе алмайтын...».

Балалар да үлкендерден қалыс қалмаған. 1941 жылы мектеп оқушылары бригадалар құрып, ауылдарға барып, егін өсіруге, жинауға көмектесті. Қаланың студенттік жасақтары Январцево, Рубежка, Бударино, Коловетное және т.б ауылдарда жұмыс істеген. Көбісі қаланың кәсіпорындарында: ет комбинатында, тон тігетін фабрикада, эвакуацияланған кәсіпорындарда жұмыс істейді. Пионерлер металл сынықтарын, дәрілік өсімдіктерді жинап, отын дайындап, ауруханаларда кезекшілікте болып, жаралыларға қамқорлық жасап,  концерттер ұйымдастырған. Жоғары сынып оқушылары тракторшылар курсын бітіріп,  армияда танкист болып, ал «Тимурдың жасақтары» қарттар мен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсеткен.

Батыр аудандар

Өлкетанушы-журналист Ахмедияр Батырханов соңғы жылдары осы екіншідүниежүзілік соғыстың Батыс Қазақстанға салған салмағы жайында, әсіресе, Жәнібек ауданынадағы тарих іздері туралы айтып, жазып жүр. Өлкетанушы өз еңбектерінде №1584 эвакогоспитальдің Сталинградтан Жәнібек жеріне көшірілгенін, оның қалай жұмыс істегенін, майданда шейіт кеткен боздақтар туралы баян етеді. Жәнібек пен Орда аудандарының басқа аудандарға қарағанда көп зардап шеккенін айтады. «Жәнібектегі эвагоспитальде бұрын 140 жауынгер қайтыс болды делінсе, жақында ресейлік ізденушілер тағы  71 адамның Жәнібек госпиталінде көз жұмғанын анықтаған» деген дерек келтіреді. Ол өзінің жеке ізденісі барысында 1941-1945 жылдары облыс бойынша жау қолында тұтқында қайтыс болғандардардың саны берілген саннан әлдеқайда көп екенін анықтаған. Егер Батыс Қазақстанға Сталинградтан көшірілген госпитальдер туралы әлі де тереңірек зерттелсе, тарих бұдан да гөрі байып, көп жайт мәлім болар еді.

Шынымен де Жәнібек ауданында батырлар аз емес. Мысалы, Кеңес Одағының батырлары Ерденбек Ниетқалиев, Николай Чуриков, ұшқыш Хиуаз Доспанова осы Жәнібек ауданынан комиссариатынан шақырылған деген дерек бар. Ал Бөкейордасы ауданынан Темір Масин, Мәншүк Мәметова, Ахмедияр Хұсайынов сияқты Кеңес Одағының батырлары шыққан. Кез келген қазақ шаңырағынан үш-төрт адам қатар аттанған мысал көп. Арнайы дереккөзге қарағанда, Батыс Қазақстан облысында соғыс қарсаңында 395631 адам тұрған екен, 1938-1945 жылдар аралығында 76635 адам соғысқа алынған. Төрт мыңнан астам адам сол Сталинград жерінде қаза болды. Батыс Қазақстан облысы бойынша 40 адам Кеңес Одағының батыры атағын алған.

Батысқазақстандық өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың дерегіне қарағанда, 36548 адам майданнан оралмаған. «1995 жылы Орал қаласында шыққан «Боздақтар» кітабының 23-бетінде БҚО бойынша 157 адам тұтқында қайтыс болған деп көрсетілген болса, қазіргі таңдағы менің зерттеуім бойынша, Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің «Обд-мемориал, «Подвиг народа» сайттары арқылы соғыс кезінде тұтқында болып қайтыс болған 2939 астам жерлесімізді анықтадым» дейді өңірге белгілі азамат Ахмедияр Батырханов.

Сталиннен алғыс

1942-43 жылдың қысында мектептердегі сабақтар тоқтатылады, өйткені барлық мектеп ғимараттары госпитальдар мен майдан ұйымдарына берілген екен. Енді мұғалімдер балаларды үйде оқыта бастады. Олар май шамның түбінде отырып ескі газеттер мен журналдарға жазды, қалай болғанда да оқуды жалғастырды. Мектеп оқушылары да қару-жарақ алуға қаражат жинауға үлес қосу үшін ақша табуға ұмтылды. Айталық, №6 орта мектептің оқушылары Катюша гвардиялық минометіне қаражат жинады, бұл жағдай сол кезде (43-ші жылы) аңызға айналған. Оларға алғыс білдірген жеделхатына И.В.Сталиннің өзі қол қойған. Бұл үшін мектептің пионер жетекшісі А.Г.Гончарова ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Орал өлкетану мұражайы деректеріне қарағанда, 591 мың облыс тұрғыны 441,5 мың рубльді (11 мыңнан астам жұмыс күні), 11 тонна астық пен 50 тонна металл сынықтарын үш жексенбіде резервуар бағанасының құрылысына, ал қарт тұрғындардың жинаған 370 мың рубльді Оралдағы мешіт пен шіркеу арқылы өткізді. 1943 жылдың 14 сәуірінде Оралға И.В.Сталиннен келген жеделхатта «Авиация жасағына 102500 рубль жинағаны үшін Орал халқына шын жүректен алғыс» айтылған.

Жалпы Сталинград шайқасында біздің еліміздің үлесі зор болған. Болашақ тарихта бұл айтыла ма, айтылмай ма, жаңа геосаяси жағдайға байланысты мүлдем өшіріле ме, оны білмейміз. Бірақ, қанша жыл өтсе де екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті біздің тарихымызда өшпестей болып жазылуы керек. Мақала басында Жәнібек, Сайхын, Шоңғай стансалары теміржол бойы болғандықтан, осы аудан бойымен Сталинград майданына қару-жарақ, азық-түлік, әскер тиеген эшелондар өтетінін білген немістер (неміс-фашист басқыншылар) үнемі шабуылдап отырғаны жайында айтылды. Бірде Сталинградтан келетін пойызға бомба тасталып, қаншама бала жетім қалғаны, сонда соғыс уақытында өздері қиналып жүрген ауыл адамдары сол ата-анасыз қалған балаларды асырап, адам қылғаны туралы әңгімелерді естідік. Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов бізбен әңгімесінде былай дейді: «1942 жылы күзде Сталинград қаласынан тылға көшірілген "Красная барикада" зауытының жұмысшыларын Эльтон мен Жəнібек стансасы аралығында жау ұшақтары бомбалаған. Ол оқиға туралы кезінде ресейлік "Хронометр" газетінде жазылды. Жау ұшағының бомбалауынан  қаза тапқандарға Ингеловка разъезі тұсында ескерткіш белгі бар. Сол кезде жау ұшағының бомбасынан аман қалған үш жасар қыз бала бүгінде сексеннің сеңгіріне келген əжей Зинаида Ганиева Жəнібек ауылында тұрады. Отқа оранған отарбадан қаза тапқандар мен жаралыларды жинауға қатысқан сол уақыттағы 12 жасар қазақ қызы Үміт Ибраева  да болған екен, күні кешеге дейін Жəнібек ауылында тұрған,  “Жау ұшақтарының бомбасынан қаза болған әйел адамдар мен балалардың бөлек-бөлек жұлынған аяқ-қолдарын жинау бізге өте ауыр болды” деп естелік айтқан апай да өмірден өтті». 

Мыңдаған жерлесіміз Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты. Ақмолада жасақталып, В.И.Чуйков басқарған 64-армияның құрамына енген 29-атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен офицерлері ғана емес, 27-гвардиялық және 292-атқыштар дивизиясы да Сталинградтың солтүстік-батысындағы шайқастарға қатысты. Мамай қорғанында қаза тапқандар арасында Нүркен Әбдіров бар. Ол Боковская-Пономаревка ауданындағы әуе шайқасында отқа оранған самолетін жау танкілерінің ортасына апарып құлатып, ерлікпен қаза болған. Жамбылдың ұлы Алғадай 19-гвардиялық кавалериялық полк құрамында пулеметшілер бригадасын басқарып қаза тапқан. Полковник Ғани Сафиуллин 73-ші гвардиялық дивизияны басқарып, дивизияның арқасында  жаудың 120 танкісі мен 800 техникасы жойылған.  М.Баскаков басқарған батальон да ерлік көрсеткен. Ақмолалық қазақ Михаил Мамеков Сталинград шайқасында 261 жаудың көзін сұр мерген. Осы ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Ал Сталинград шайқасында 225 дұшпанды жер жастандырған орыс мергені Василий Зайцев Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.  1942 жылы 22 желтоқсанда «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі тағайындалып, 750 мың солдат пен офицер марапатталған.

Суреттер ғаламтор бетінен алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?