Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесары ханның 220 жылдығы неге ескерусіз қалды?

3134
Кенесары ханның 220 жылдығы неге ескерусіз қалды? - e-history.kz

Сурет: baribar.kz

Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханның 220 жылдық мерейтойы. Өкінішке қарай қазақтың ең соңғы ханының мерейтойы өз деңгейінде аталып өтпеді. Шын мәнісінде Азаттық үшін арпалысқан Хан Кененің патшалы Ресейге қарсы күресі, бұған дейін айтылып келгендей ұлт азаттық көтерілісі ғана емес, сонымен қатар қазақ-орыс соғысы еді. Өкінішке қарай жылдар бойы қалыптасқан ұғымды өзгертіп, тарихқа жаңаша баға беруде әлі де болса «әттеген-айымыз» көп. Бұдан да өкінішті жағдай айтулы тұлғаның мерейтойының ескерусіз қалуы болды. Ал шындап келгенде ұлы ханның мерейтойы назардан тыс қалатын дата ма еді?

Хан Кене туралы көлемді монография жазып, 25 жылға сотталған тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы көпшілігіміз жақсы білеміз. Алайда аталған тарихшының жетекшілігімен «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған Елтоқ Ділмұхамедов туралы аз білетін секілдіміз. Совет үкіметін Сталин секілді тиран басқарып тұрғанда Хан Кене туралы еңбек жазу үшін жүрек жұтқан батыл болу керек еді. Міне осындай батыл азаматтың бірі һәм бірегейі Елтоқ Ділмұхамедов. Ал ол өз монографиясында Кенесары Қасымұлының күресі туралы не жазды? Мәселен тарихшы Кенесарының 1837-1838 жылдардағы қарулы іс-әркеттерінің дамуына жан-жақты тоқталып, құнды ақпарат береді.

«1838 жылдың көктемінен бастап отарлауға қарсы қозғалыстың басшылығын сол жылы Қоқаннан көшіп келген Кенесары Қасымов өз қолына алды. Кенесары өзінің үлкен ағасы Саржан бастаған қозғалысты жалғастырып, кеңейтті.

Кенесары дала тынымсыз күй кешіп жатқан кезде атой салып шықты. Жақында ғана Саржанның қозғалысы жойылып, Исатай Таймановтың қозғалысы етек ала бастаған (1837-1838 жылдары Кіші жүздің Батыс жағында), жалпы бір тынымсыз жағдай күшейе бастаған.

Кенесары Қасымовтың зор ықпалы мен тегеуріні жайлы Красовский: «Өзінің атасына ақылы жағынан жол беріп, бірақ өзінің әкесі Қасымды өжеттігімен басып озып, Кенесары барлық Сібір даласына 1836 жылдан танымал бола бастайды...», – деп жазады.  

Қазақтардың жаппай көтерілуі казактардың станицалары мен ауылдарына, Ақмола, Көкшетау бекіністеріне, Павлодарға дейін шабуыл жасаумен басталады. Қозғалыс кең қанат жайып, өркендей берді. Сол жылдың наурыз айында көтерілгендер Ақмола-Ақтау бекіністеріне шабуыл жасап, көшіп келген казактардан аттарын тартып алып, жол-жөнекей кетіп бара жатқан көліктер мен керуендерді талқандайды.

Сұлтандар Қасымовтардың адамдары ауыл-ауылды аралап, Кенесарының жақтастарын жинады: «1837 жылдың жазында Ақмола округінің болыстарында Қасымовтың адамдары пайда болып, ашу-ыза шақыратын әңгімелер таратқан...».

«...тамыз айында Ақмола округінің 6 болысы оларды орыстардың билігінен құтқарамыз деп уәде берген Абылайхановтар отбасына қосылу үшін Кіші ордасының аумағына көшіп кетті.

Болыстардың көшіп кеткендігі туралы әңгіме шығысымен оларға Округтік Приказдан жасақтарымен бірнеше тілмәштар жіберіліп, округке қайтып келуге олардың көздерін жеткізулері тиіс болатын, «бірақ бұл қысқа ғана шара сәтсіз болды...».

«Өйткені Ақмола окугінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин өзі Кенесарымен тығыз байланыс жасап, тыныштық орнату үшін ешқандай шара қолданбады... Сол уақыттың өзінде ол Қасымов отбасымен өзінің достығын бекітіп алды...».

Сол кездегі жағдайды есепке ала отырып, патша генералдары Құдаймендинге қарсы қатаң шаралар қолдана алмады. Осы жайлы Сібір корпусының штабына өзінің баянжазбасында: «Құдаймендинге қарсы қатаң жаза қолдануға немесе оны алмастыруға сол кездегі қалыптасқан жағдайларға байланысты мүмкіншілік болмады...», – деп жазады. 

Кенесары патшалық Ресейден бөлініп шыққан болыстардың қазақтарына «оларды Ресей үкіметінен еркін қылуға» уәдесін берді.

Ол жасақ салығын жоюды, Жайық бойындағы жайылымдарды қайтарып беруді және станицалардан қазақтарды шығаруды» талап етті. 

Кенесары «жаңа линияларды жойып және өртеп жіберемін, өйткені олар қазақтарға тиесілі жерлерге орналасқан» деп сес көрсетті», – деп жазады тарихшы. 

Елтоқ Ділмұхамедов 1837 жылдың қазан айында Кенесары жасақтары бірнеше керуенді тонап және көтеріліске шыққандарға қосылғылары келмеген болыстарды қаңсытып барып Ақмола округі аймағынан кетіп қалғанын жазады. Сондай-ақ ол Наурызбай батыр басқарған Кенесары жігіттері Ақтау бекінісінен алыс емес жерде Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін қамқорлығына алған казак хорунжиі Рыбинге шабуыл жасағанына назар аударады.

«Ұзаққа созылған қарулы қақтығыстың нәтижесінде хорунжий Рыбин және 3 урядник өліп, 21 казак ауыр жарақаттар алды. 1837 жылдың қараша айында Орта жүздің бір топ қазақтары ұсталып, хорунжий Рыбинді өлтірген және «бүлікшіл сұлтан Кенесарының тобына» қатысқансыңдар деген айыппен әскери сотқа тартылды. Соңғы айыптау дәлелденбей қалды.

Осы іске байланысты Орта жүздің 9 сұлтаны шатылды, олар Кенесары көтерілісіне қатысқан деген күдікпен әскери сотпен сотталды.

«Желтоқсан айының алғашқы күндері Кенесары жасағы Бетпақ далада керуенді күзетіп бара жатқан казак жасағына шабуыл жасаған, офицер мен жасақтың жартысы қаза тауып, қалғандары жарақат алды».

Осыған дейін стихиялы түрде күресті бастаған Орта жүз қазақтары Кенесары туының астына көптеп жинала бастады. 

1838 жылдың басына қарай көтеріліске Ақмола, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы округтарының қазақтарының көп бөлігі өздерінің Ағыбай, Бұғыбай, Жанайдар, Аңғал батыр және Басығара батырларының басқаруымен келіп қосылды. 

Қарулы көтерілісшілер Ақмола қаласын қоршауға алып, басып кіру үшін шабуылға бел байлайды. Кенесары, оның ең кенже інісі, жас батыр Наурызбай, әскербасылары Ағыбай мен Бұғыбай батырлар Ақмола әскери бекінісін басып алудың жоспарын жасайды. Кенесары кіші інісі Наурызбайға шешуші шабуылды бастауға бұйрық береді: 12 мың көтерілісшілер Наурызбайдың шабуылды бастауға беретін белгісін күтіп тұрған. Ақмола жақсы бекітілген қала болатын. Қаланы айналдыра терең ор қазылған болатын. Қаланы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің әскері мен әскери старшина Карбышев басқарған бекініс гарнизоны қорғап тұрған еді», – дейді автор.

Тарихшы Кенесарының шабуылы 1838 жылдың 26 мамыры күні таңертең басталғанын және бекіністің көптеген жерінде өрт қойылғанын жазады. Сондай-ақ автор нағыз қарулы көше соғысы басталғаннан кейін түннің ішінде әскери старшина Карбышев пен Қоңырқожа аздаған жасақтарымен қашып құтылғанын ескертеді. Осы айқаста Басығара батыр жау қолынан қаза табады.

«...Келесі күні таңертең қирандыға айналған бекініс әлі де өрттің құшағында жатты. 

Бұл шайқаста атақты Басығара батыр қаза тауып, оның денесі жау қолында қалды. Кенесары қалай болғанда да жау қолынан Басығара батырдың денесін алуға көтерілісшілерге бұйрық берді. Кескілескен шайқастан соң олар батырдың денесін тартып алып, қаладан алыс емес жердегі Көкбел жотасына жерледі. 

Қаланы басып алуға байланысты көтеріліс жоспарын Омбы генерал-губернаторына патшаның жансызы және сатқын Мұсаның беріп қоюына байланысты, Кенесары жасақтарының шегінулеріне тура келді. Оның үстіне, Ақмолаға Петербургтан жаңа ғана жеткен корпус камандирі басқарған патша әскері келгендігі туралы да мәліметтер келіп түсті. Ақмоладан шегініп шыққан соң Ақтау мен Ақмоланың арасында Кенесары әскери старшина Симоновтың жасағына қатты соққы берді, ал Симонов болса көтерілісшілердің екпініне шыдай алмай, қару-жарақтарын тастай қашты. 

Кенесарыға жаудың біраз қару-жарағы бұйырды, оның ішінде тоғыз пистолет, 9 мылтық, 13 қылыш, 7 найза, 495 мылтықтың оғы және 490 пистолеттің оқтары және басқалар да болды. 

Ақмола приказының аға сұлтаны подполковник Қоңырқожа Құдаймендиннің және оның туысқандарының ауылдарына шабуыл жасау барысында 12 000 жылқы айдап әкетілді; Ақмоланың маңайынан жергілікті шенеуніктер мен байларға тиесілі 2594 бас мал тәркіленді. 

Көтіріліске шыққан көпшіліктің ықпалымен, осы шабуылдар барысында генерал-губернатордың сеніміндегі сұлтан-басқарушылар көптеп қатыса бастайды. Мысалға, өзінің берген мәліметінде полковник Галызин 1938 жылдың 12 маусымында «Ақмолаға шабуыл барысында үкіметтің сеніміндегі адамдар да қатысты: Баянауылдың аға сұлтаны Маман Абылаев, заседатель Тайхан Азнабаев, сонымен қатар Қарқаралы және Көкшетау округтерінің аға сұлтандарының ұлдары да болды» - деп көрсеткен», – дейді тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедов 1838 жылдың жазында Кенесары мен Наурызбайдың басшылығымен 300 ержүрек жігіттер мен батырлар 12 000 жасағымен Ақтау әскери бекінісіне шабуыл жасағанын жазады. Ал Кенесарының ниетін білген  Ақтаудың әскери коменданты азық-түлік пен басқа да заттардың қорларын жасап, қорғанысқа алдын ала дайындалды. Бір сөзбен айтқанда «Барлық жерлерде дүкендер бір жылдық қормен қамтамасыз етіледі».

«Наурызбай батыр өзінің тоғыз батырымен бекіністі батыс жағынан шабуылдады. Шабуыл тапа-тал түсте басталды. Ақтау бекінісі жермен-жексен болып, барлық үйлері өртелінді, сонан соң бекініс қайта қалпына келтірілген жоқ.

Ақмола мен Ақтау бекінісіне жасалған шабуылдардан соң Кенесары оңтүстікке Ұлытау мен Сарысуға қарай кетіп қалды. Сол жақтан ол корпус командиріне патша үкіметі қазақ даласын әскери бекіністерден тазартып, «барлық Пиказдар жойылып, орыс жасақтары даладан шығарылсын» деген талабымен келісім ұсынған хат жіберді.

Кенесарының бұл талабына патша үкіметінің әскери министрі корпус командиріне Кенесары көтерілісін басып-жаншу және оны бекіністерге жолатпау үшін шешімді шаралар қолдануын ұсынды.

Сондықтан да 1838 жылдан бастап Сібір қазақ даласына жаяу әскерлерді жібере бастады, Ұлытау және Жарғанағаш бекіністері салынды. Сібір генерал-губернаторы 1838 жылдың жазында далаға Ұлытау бағытына әскери старшина Симонов басқарған екі қарулы әскери жасақтар жіберді. Дегенмен, Кенесарының көшінің алыс болуына байланысты, жасақтар құр қол қайтты, өйткені Кенесары күніне бірнеше рет өзінің жүрген жерін өзгертіп отырды. Бұл туралы К.К. Абаза «10 мың атты әскердің басшысы бола отырып, ол күнінге бірнеше рет тұрған жерін ауыстырып: жатуға қонған жерінен аяқ астынан түннің ортасында көшіп, 10 шақырымдай алдыға немесе артқа кетіп қалатын. Біздің ең сенімді деген тыңшыларымыздың өздері Кенесарының қайда түнеп жатқандығын білмей қойды», - деп жазады.

1838 жылдың 10 қыркүйегінде Кенесары өзінің жігіттерімен көтеріліске қарсы шыққан Сұлтан Бөкейхановтың ауылдарына шабуыл жасады, оның көп жылқысын айдап алып кетті. Айлар өте Кенесары күшіне күш қосып, жақтастарының саны арта берді, партизандық күресті жолға қояды – жарып жіберіп, әскери бекіністерді, ауылдар мен қалаларды қиратып тастайды: Кенесары жігіттері сауда керуендерінен салық ала бастайды. «...1838 жылдың желтоқсан айына қарай Кенесары Сібір линиясынан да, Троицк жақтан да Ташкентке бара жатқан сауда керуендерінен өз пайдасына салықтар ала бастады».

Сөйтіп, 1838 жылдың соңына қарай сұлтан Кенесары Орта Азияға қарай бара жатқан керуен жолдарында тұрақты түрде қауіп туғызды», – деп жазады автор. 

Тіпті генерал-губернатор князь Горчаков «Сібір басқармасы, шешілмес мәселеге тап болды...» деп патша әскерінің шарасыз күйге түскенін мойындайды. Осы мәселені шешу үшін далаға екі жасақ жіберілген болатын. Бірінші жасақты гвардия штабс-капитаны Спиридонов, ал екінші жасақты полковник Гакес басқарады. Елтоқ Ділмұхамедов оларға Кенесарының жақтастарын түбірімен жойып жіберу тапсырмасы берілгенін жазады.

«Спиридонов Бағаналы мен Қыпшақ руларын «бағындырып», оларды Есіл өзеніне қарай көшуге мәжбүрледі, яғни шекаралық приказ линиясына, ал полковник Гакес жасағы 6 ауылды жайратып салады, олардан: 526 түйе, 229 жылқы, 52 ірі қара, 3955 қой тартып алды, 105 адам өлтірілді, сонымен қатар патша үкіметі басқа да бірқатар шаралар қолданды. Генерал-губернатор Горчаков Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысқан деп танылған 1838 жылғы көшіп кеткен болыстардың қазақтарына контрибуция салу үшін 6 пунктан тұратын нұсқаулық іспетті бұйрық шығарды. 

Бұл нұсқаулықтың 3 пунктінде: «Қарсылық көрсеткен округтерге тең түрде кірген немесе далаға дендей еніп, ол жақтан қарумен келген қырғыздардан – олардың малдарының барлығының бестен бір бөлігін айыппұл ретінде ұстап қалынсын, яғни 10 тайдан – 2, 10 биеден – 2, 10 бұқадан – 2, 10 сиырдан – 2», – деп көрсетілген. 

Генерал-губернатордың осы бұйрығын орындау үшін ауылдарға 150 адам казактардан тұратын жазалау жасақтары бір атты-артиллериялық қаруымен жіберілді. Жасақта Приказдың бір мүшесі екі тілмашымен болды. 

Сөйтіп, екі жақтан күреске дайындалу айтарлықтай дамып, белсенді бола түсті. Көтеріліске шыққан патриот қазақтар, атақты Наурызбай батыр, Имам батыр (Амангелдінің атасы) және басқалары басқарған жасақтар мен кішігірім бөлек топтарға бөлініп алып, патша әскерлеріне шабуылдар жасап отыру үшін адам күтпеген жақтан шыға келіп, сонан соң із-түссіз жоғалып кетіп отырды. Олар сатқындар мен қанаушылар үшін ұстатпайтын еді. Олар жазалаушыларға соққының үстіне соққылар бере берді.  Кенесары оларға өз беттерінше әскери қимылдар жасауды тапсырды», – дейді тарихшы.  

Елтоқ Ділмұхамедов Ақмола мен Ақтау әскери бекіністері қиратылған соң патша әскерлері Кенесарыға қосылған қазақтарды қатаң жазалағанын айтады. Ауылдар тоналып, өртелді және малдары айдалып әкетілді. Ал Кенесары Көкшетаудан оңтүстікке Ұлытауға, Кішітауға, Сарысуға және Торғай өзеніне қарай кетуге мәжбүр болады. Кенесарыға қарсы 1838 жылы жүргізілген әскери жорықтардың нәтижелері туралы Сібір корпусының камандирі әскери министрге: «Өткен жылы біздің әскердің қатарынан 21 адам жараланды, 26 адам қаза тапты және 4 адам хабарсыз кетті немесе тұтқынға алынды, казактар 423 жылқысынан айырылып, азық-түлік таситын 472 жылқы тартып алынды...», – деп хабарлайды.

Тарихшы Елтоқ Ділмұхамедовтың жазуынша, Кенесарының қарулы іс-әркеттері 1839-1840 жылдары дами түскен. Яғни 1839 жылдың басынан бастап Кенесарының азаттық күресі жаңа кезеңге аяқ басады. Кенесары ханның күшейе түсуіне Жоламан Тіленшин бастаған Кіші жүз қазақтарының көп бөлігінің қосылуы септігін тигізді. Бұл туралы «Орынбор әскери генерал-губернаторы Перовский 9.01.1839 жылы әскери министрге «Мен жақын арада Кенесарыны жақтайтындардың жақсы дайындыққа кірісіп жатқандары туралы мәліметтер алдым: оған қазірдің өзінде орынборлық қайсақтардың ішіндегі аты шыққан «жыртқыш» Жоламан барып қосылған және олар қосылып алып, 8000 адамдай жинап, көктем келе орданың шығыс бөлігіндегі сұлтан-басқарманың ауылына шабуыл жасауға кіріспекші...», - деп жазады.

«Кенесарының кіші жүздің аймағына жақындауы және оның патша әскерлері мен жергілікті сұлтан-правительдердің тұрақтарына шабуылдар жасауы Орынбор генерал-губернаторы Перовскийді оған қарсы әскери старшина Лебедевтің басшылығымен күшті әскер жіберуге мәжбүрледі. Оның құрамында екі зеңбірегі бар 1000 казак, 800 башқұрт болатын.  Бұл әскер Николаевск бекінісінен 1839 жылдың 6 наурызында шықты. 

24 наурызда жасақ Торғай өзеніне, Тансын жерінде отырған Абдулла Абылайханов сұлтанның ауылына келіп жетті. Абдулла сұлттанның шақыруымен жастар да, кәрілер де қолдарына қару алып, жауға оқ жаудыра бастады. Ауыл жазық жерде орналасқан еді. Лебедев өз әскерлеріне шабуыл жасауды бұйырады. Көтерілісшілер не болса да өз тұрған жерлерін сақтап қалуға бел буды. 

Шайқас күні бойы жүрді. Патша жасақтарының екпінді шабуылының нәтижесінде, қазақтар шегінуге мәжбүр болды, ұрыс даласында 50 адам қаза тауып, 13 адам тұтқынға түсті. Тұтқынға түскендердің арасында Абдулла Абылайханов сұлтанның өзі немересі Батыршиновпен бірге бар еді.

Патша жасақтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету өте нашар болды, жем-шөп мүлде болмады. Жау ретінде санаған тұрғындар тарапынан жасақты тамақтандырамын деген үміттің жоқ болғандығынан, Лебедев әскері кейін шегінуге мәжбүр болып, 16 сәуірде Николаевскге қайтып келіп, осы жақтан Ор бекінісіне келіп жетті. Генерал Перовский, Кенесарының атасы Абдулла Абылайханов тұтқынға түскендіктен бұл бірінші жорық зор табысқа жетті деп есептеп, Лебедев пен бес солдатқа алғыс жариялады.

Орынбор әскерімен қатар Кенесарыға қарсы полковник Горский басшылығымен бірге сібір әскерлері де Жарқайың ағаштан Торғай мен Ұлытау бағытына қарай шықты. Горский әскерлері сәуір айының аяқ жағында Кенесары мен Саржан сұлтандарға тиесілі табын-табын жылқыларды жолықтырды.

«Таң қылаң бере төбелердің басынан бүлікшілердің күшті топтары көрінді, кейін белгілі болғанындай, олардың саны 3000 адамға дейін болған екен».

Горский жасақтары көрінген бойда – ауылдарда қарбалас басталды: қазақтар тездетіп атқа қонып, топтарға қосыла бастады. Горский олардың қосылуларына жол бермей, зеңбіректен оқ жаудыра отырып, ауылдардың үстімен жүріп өтіп, көтерілісшілерді жылдам қимылмен жайпап тастады», – деп жазады тарихшы.

Міне осылайша Кенесары хан басқарған Қазақ хандығы мен Патша үкіметінің арасында кескілескен соғыс жүрді. «Зеңбіректен оқ жаудыра отырып, ауылдардың үстімен жүріп өткен» тарихи кезеңді қалайша ұлт азаттық көтеріліс деп бағалауға болады. Бұл қазақ пен орыстың арасындағы соғыс болатын. Өкінішке қарай біз «қазақ пен орыс соғысты» деп айтудан жасқанып, Кенесары ерлігін «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атап жүрміз. Осы бір жалтақтықтың салдары болуы керек, әйтеуір баһадүр бабамыздың 220 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өте алмай отырмыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?