Биыл елімізде Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр. Ұлы тұлғаның мерейтойы астанадан бастап, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Абай және Шығыс Қазақстан облысында тойланып, батырдың рухына тағызым етілуде. Ақындар айтысынан бастап, жазба ақындардың мүшайрасы, бәйге, көкпар, қазақ күресінен әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Хан батырдың мерейтойына байланысты журналист, мәдениет қайраткері әрі Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахманмен сұхбаттасқан едік.
– Биыл Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы. Осы мерейтой елімізде қалай тойланып жатыр? Әңгімемізді айтулы тұлғаның дөңгелек датасына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардан бастасақ...
– Биылғы жылғы Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған тойға дайындық жұмыстары өткен жылдан басталған болатын. Жетісу, Семей, Ақмола, Қарағанды және Шығыстан Қазақстан өңірінде біршама жоспарлар белгіленді. Міне жоспарлар кестеге сәйкес өтіп жатыр. Мысалы үшін осы жылдың наурыз айының аяғында елорданың Ұлттық мұражайында ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға он шақты тарих ғылымдары және әдебиеттанушы профессорлар мен ғалымдар қатысты. Менің ойымша, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара табысты өтті. Мәселен Қаракерей Қабанбай батырдың өміріне қатысты ауыз әдебиетінде айтылатын деректерің сәйкестігі немесе сәйкес еместігі үлкен әңгіме болды.
Сондай-ақ Астанада батырдың 330 жылдығына арналып қала жастарының арасында карате біріншілігі өткізілді. Астана филормониясының ұйымдастыруымен елорда да, Ақмола және Қарағанды облысының бір-екі ауданында үлкен концерттер берілді. Оған бүгінде есімі республикаға кеңінен танымал әншілер мен күйшілер қатысып, халықтың көңілін көтерді. Осы жиында Хан батырды көптен бері зерттеп келе жатқан азамат ретінде 10-15 минуттық лекция оқыдым.
Бұдан бөлек Талдықорған қаласында батырдың мерейтойына байланысты жазба ақындардың мүшайрасы мен көкпардан Қазақстан бірінішлігі және Семей мен Шығыс Қазақстан облысында қазақ күресінен әлем біріншілігі өткізілді. Ең бастысы жылқы десе делебесі қозатын азаматтарға арнап 150 шақырымға бәйге берілді. Екі күн бұрын Ақжарда Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдығына арналған үлкен той өтті.
29 шілде күні Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында «Туған жерге туыңды тік» деген тақырыпта дүркіреген айтыс өтті. Аталған жыр додасына Ринат Зайытов Алтын домбыраны еншілеп, көпшілікті сүйсінтті. Осы кезде Тарғабатай ауданында Қабанбай батыр атындағы парк ашылды. Ол жердеде ақындар айтысып, палуандар күресі өтті. Бұл енді ұйымдастырылып өткен іс-шаралар бір легі.
Алдағы уақытта Алматы облысында батырдың мерейтойына байланысты бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Алла сәтін салса олардың кезегі алдымыздағы айда келеді. Сонымен қатар Астана қаласында бір-екі іс-шараны өткізсек деп ниеттеніп отырмыз. Нақтырақ айтсам Қорғаныс министрілінің әскери мұаражайында Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған үлкен экспозиция ашылады. Бұдан өзге батырдың өмір тарихына арналған бір кітап әні-міне оқырманға жол тартады.
– Қабанбай батырдың есімі туралы көпшілігіміз жақсы білеміз. Алайда оның шыққан тегі мен шынайы тарихын көпшілігіміз біле бермейтін секілдіміз...
– Қабанбай батырдың шыққан тегі Қаракерей деген оның атында тұр деп білемін. Ол қаракерейдің ішіндегі баспайыс деген рудан тарайды. Одан кейін Байжігіт, Мәмбет, Мәмбеттен Қожақұл деп кете береді. Батырдың әкесінің аты Қожақұл, ал анасының аты Нәбилә екен. Ауылда Нәби деген ақсақал болған соң жұрт оның атын атамай Нәби деп атап кетіпті. Қожақұл мен Нәбиләдан біз білетін үш ұл, екі қыз дүниеге келеді. Ұлдары Есенбай, Есенаман және Ерасыл, ал қыздары Айзере және Айкетпе деп аталады. Кейінгі кезде олардың Мәриям деген үшінші қызы болған екен деген әңгімені естіп жүрміз. Әбден мүмкін.
Ал Ерасылдың өзінің отбасы туралы айтатын болсақ, оның шешесі Нәбилә анамыз керейдің ішінде атақты Баубек батырдың қызы болып келеді. Ерасылдың алғашқы үйленген жарының аты Ханбибі. Ол да осы бүгінгі Қызылжар өңірінде тұратын балтакерей руының қызы. Екінші анамыз атақты Малайсарының қарындасы Майсары. Атамыз оны Гауһар деп атап кеткен екен.
Батыр туралы Қазақстан ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 18 жыр-дастан сақтаулы тұр. Осы жыр-дастандарды оқып отырсақ, батыр бабамыздың үшінші әйелі болғанын аңғаруға болады. Бірақ оның аты кім екенін нақты білмейміз. Бірақ оның баласы батырдың бәйбішесі Ханбибінің қолында өскен екен. Бір сөзбен айтқанда Қаракерей Қабанбай батырдың жеті ұлы және Назым деген жалғыз қызы болған.
– Қабанбайдың жеті жасында әкесі – Қожағұл, он алты жасында ағасы – Есенбай жоңғардың қолынан қаза табады. Он алты жасар бала 1708 жылы жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батыры Оджа ноянды өлтіріп, кегін қайтарғаны айтылады. Батырдың алғашқы жорығы осыдан басталды ма?
– Талдықорған өңірінде Қапсырбай, Мәукең және Шәймерден деген керемет адамдар өмірден өткен. Мен олардың бәрімен сөйлесіп, ғибратты тәлімін тыңдадым. Аталған азаматтар 16 жасында Есенбайды өлтіріп кеткеннен кейін «Кек аламын» деп қалмақтың екі бірдей батырын өлтіргенін айтады. Оның бірін ұрланып барып, екіншісін жекпе-жекте өлтірген деген жұрт арасында аңыз-дастан бар. Мұны жоққа шығаруа болмайды.
Бірақ сол Қапсырбай ақсақал Қаракерей Қабанбай батырдың елдің алдында өткен нақты жекпе-жегі бүгінгі солтүстік Қазақстан облысындағы естектерге қарсы өткен деп айтатын. Қазақ бұрын башқұртты башқұрт демей естек деп атаған. Оның алғашқы жекпе-жегі башқұрттың батырымен өткен көрінеді. Негізі батыр үйленейін деп жатқанда жеке шаруаны ысырып қойып жауға қарсы жорыққа аттанып кеткен. Бұл шамамен батырдың 17-18 жас аралығында болса керек.
Қаракерей Қабанбайдың тарихын өмірбойы зерттеген Бейсенғали Сегізбаев батырдың 103 рет жекпе-жекке шыққанын айтады. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы Жанұзақ Қасымбеков батырдың алғашқы қолбасшылығы туралы жөнінде «1718 жылғы Аягөз соғысында небәрі 26 жастағы Қаракерей Қабанбай батыр найманның түмендерін бастап шықты» деп жазады. Міне осы кезден бастап батыр хан кеңесінің мүшесі болды.
Ал енді Қабанбайдың нақты қазақ тарихына енуі – 1723 жылғы Түркістанды қорғау шайқасы. Ілияс Есенберлин осы жөнінде керемет жазған болатын. Түркістанды қанішер Абылай тастап кеткеннен кейін қала қорғансыз әрі хансыз қалды. Осы кезде қаланы қорғау міндетін Қабанбай батыр мойнына алып, қазақтың атты жасағын құрады. Демек Қабанбай батырдың қолбасшылыққа көтерілген кезі 1723 жыл болды.
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Хансыз қалған халық Қаракерей Қабанбай батырды хан сайлап жіберді» деп айтады. Бұл кісінің Хан батыр деп аталып жүрген себебі осы. Батырдың мүлкі ханталапайға түскен кезде Қабанбайдың сапысы біздің ата-бабаларымыздың қолына тиіп, одан Түркістандағы этнография мұражайына тапсырылған екен. 1991 жылдың тамыз айында батырға арналған той өткен кезде көпшіліктің көзінше осыны Өзбекәлі Жәнібеков ақсақал айтып еді. Міне бұл Қаракерей Қабанбай батырдың қазақ тарихына еніп, бас қолбасшылыққа көтерілген кезі болатын. Бұдан кейін ол Аңырақай шайқасы, Бұланты, Біленті соғыстарындағы бас қаһарманның бірі һәм бірегейі болды. Қазақ жерін 1754-1755 жылдары анау Жаңақорғаннан бастап азат етуге арналған барлық айқастарға Қабанбай батыр қатысып, басшылық жасады. Осы соғыстың тактикасы мен стратегиясына жауапты болды.
– Кейбір деректерде батырдың 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауды жеңгені үшін «Дарабоз» атанғаны айтылады. Негізі Қабанбай батырдың қанша лақап аты болған?
– Негізі Қаракерей Қабанбай батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл. Зеңбеленің қойған аты Нарбала, жолдастарының қойған аты Ізбасар, ал хан сайланғаннан кейінгі аты Хан батыр деп аталады. Одан кейін Дарабоз, Көкірек әулие деген жеті бірдей аты шықты. Дарабоз деген атты белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділдің атақты романына байланысты айтып отырсың. Бірақ оның Дарабоз аталуының себебі жазушының жазғанындай емес. Нақтырақ айтсам Ақбозатпен алға шығып кеткен кезде «Ана Дарабоз кім екен?» дегеннен шыққан жоқ. Қазақта Дарабоз деген жалғыз біздің Қабанбай батырға берілген ат емес. Атақты Дарабоз ана деген бар. Дарабоз деген жеке-дара ешкімге теңдесі жоқ деген мағына береді. Алайда Қабанбай батырды Шаған соғысында жеке шығып кеткен кезде Дарабоз деп аталыпты деген сөзге сене беруге болмайды. Ол заманда мылтықтың шыққан кезі. Дара шыққан адамды жау әскері бір оқпен атып түсірмей ме?
Қабанбай батырдың жеті бірдей есіміне жеке-жеке тоқталатын болсақ, оны тарқатып айтып беруге болады. Шаған, Шорға соғыстары қалмақтың қалың қолымен емес жергілікті жерде өткен айқастар ғой. Ал енді Ерасылдың Қабанбай аталуының төрт түрлі нұсқасы бар. Біз бала күнімізде шыбық мініп жарыссақ немесе күрессек Қабанбай деп жарысатынбыз. Аталарымыз «Көш келе жатқанда көштің алдын қабандар бөгеген кезде Ерасыл найзасымен түйреп тастаған соң Қабанбай аталыпты» деп айтады. Осы нұсқа сенімсіз. Себебі көш дегеніміз жайлауға шығып немесе түсіп бара жатады. Көштің алдын 25-40 жас арасындағы сақа жігіттер күзетіп келе жатады. Одан кейін ауылдың ақсақалдары мен бәйбішелері кейін жастарға орын тиеді. Ол кезде Ерасыл секілді 15-17 жастағы адамдар көштің алдына ешқашан шықпаған. Ол кезде бұл көргенсіздік болғандықтан мұндай жағдайға жол берілмеген. Оның үстіне көш кезінде дуылдаған баланың айқай шуы мен маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы бар емес пе? Осындай көшке қабан шабуыл жасай ма? Қабан деген өте сақ түздің жануары.
Екінші нұсқа бойынша жылқы бағып жүрген кезде үйірге қабандар шапққан кейін оны өлтіріп тастапты делінеді. Алайда кез келген жылқышы қабанның өзінен үлкен жануарға шаппайтынын айтады. Үшінші нұсқа бойынша «Түп қияннан өзіме дейін» дейтін шала-жансар кітапта «Қаракерей Қабанбай қабан секілді тіке жауға шабады екен. Содан оның аты Қабанбай деп аталған» деп жазылды. Осының үшеуіде солқылдақ.
1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығында оқып жүрген кезде ең бірінші рет батырдың лақап атына байланысты академик Рымғали Нұрғалиевтен тұщымды пікір естідім. Рымғали Нұрғалиев «Қаракерей Қабанбай батырдың аталуы түрік мемлекеттерінде Қабан деген мемлекеттік лауазым болған. Қазақ хандығы құрылғаннан ол құлағанша ханнан кейінгі екінші лауазым қабан деген мемлекеттік қызмет болды» деп айтты. Ғалым «Абай елі» деген кітабында қабан лауазымына байланысты Қабайбай деген ат шықты деп жазып кетті.
Қабанбайды Көкірек әулие деп атаған Бұқар жырау екен. Ал енді Бұқар жыраудың өзін жұрт Көмекей әулие деп атаған. Жалпы ол кезде қазақта Көмекей әулие (Бұқар жырау), Көкірек әулие (Қабанбай батыр) және Жалаңаш әулие (Көтентау Қоңырбайұлы) деген үш әулие болды. Көтентау Қоңырбайұлы Балқаштың ар жағындағы жетісу жеріндегі Лепсі кентіне 29 шақырым жерде жерленген. Ал Бұқар жыраудың жерленген жері Қарағандыдан ары қарай 150 шақырым жердегі жыраудың атындағы аудандағы керемет жайлауда тұр.
– Қабанбай батыр 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген Қытай әскерінің бетін қайтарады. Батырдың қытаймен арадағы жорықтары қалай басталды?
– 1757 жылы қытайдың Фуде деген қолбасшының бастауымен екі генерал қазақтың жеріне екі жерден тұтқиылдан басып кіреді. Олардың Әмірсананы ұстап, тұтқынға алу деген сөзі тек сылтау болатын. Қытай әскері өз қолын оңтүстік батыс яғни Қорғас арқылы және солтүстік батыс қол яғни Алакөл арқылы өткізбек болады. Жауға қарсы қазақтар тарапы екі қол дайындайды. Оңтүстіктегі қолды Абылай хан, ал солтүстіктегі қолды қазақтың Қабанбай батыры басқарады. Абылайға қарсы Фуденің өзі шығады да, «Біз сіздермен соғысуға келгеніміз жоқ. Бізге Әмір Сананы ұстап берсеңдер, оны аламызда кері шегінеміз» деп айтады. Негізгі түпкі ойы қазақтың тамырын басып соғысайын деп келген. Ал Абылай хан оған «Қазақтың салтында қотанымызға кіріп кеткен итті де қайтып бермейді. Оның үстіне Әмір Сана менің қолымда емес, Қаракерей Қабанбайдың панасында» деп жауап береді.
Ал Шуде өзінің бастап келген 22 мыңдық қолын бірден Қабанбай батырдың сарбаздарына қарай бұрады. Сөйтіп батырға Шуденің қарамағындағы екі генерал бірдей жорық бастайды. Тарихи деректерде Қабанбай батырдың қытай қолымен екі ай соғысқаны туралы деректер кездеседі. Ақыр болмаған соң Шуде 10-шы айда Қаркерей Қабанбайды келіссөзге шақырады. Ол «Өзара кикілжіңді осымен тоқтатайық. Қытайға елші жіберу жөнінде өзіңіздің ханыңызбен сөйлесіңіз» дейді. Қабанбай Ханжігер мен Өміртай деген адамдарды қытайға елшілікке жібереді.
Осы туралы қытайда тұратын қазақ ғалымы Нығмет Мыңжан «Оныншы айда Фуде 8 мың қолын алып кейін қайтты» деп жазады. Бұл кітап 1983 жылы Үрімжідегі баспада шыққан болатын. Біздің елге кірген кездегі 22 мың қолдың 14 мыңы қайда қалды? Оны Нығмет Мыңжан кітапта жаза алмай отыр. Жорықтан оралған соң Фудені соттап, қатын-баласын құлдыққа сатып жібереді. Демек қытай әскері қазақ сарбаздарынан оңбай жеңілген. Осы Қанжігер мен Өміртайдың қытайға барған елшілігінен кейін 1758-1762 жылдары Аягөздің қасындағы Батпақсу және Мамырсу деген жерлерде қазақ тарихында қандыжап-мамырсу бітімі деп аталған 4 жылдық келіссөз жүргізілді. Қытай деректерінде қазақ жағынан сөз ұстауға Абылай хан, қазақтың бас батыры Қаракерей Қабанбай батыр және Әбілмәмбет ханның баласы келді» дейді. Осы жерде мына бір мәселеге ерекше назар аударған жөн. Қытай деген тұлғаның шен-шекпеніне өте мұқият қарайтын халық қой. Байқасаңыз ханның баласы ханзаданың алдына Қабанбай батырды екінші тұлға ретінде шығарып жібереді. Міне Қаракерей Қабанбай батырдың қабан деген аты осыдан шыққан. Осыдан Қабанбай батырдың көзі тірісіндегі қазақ хандығындағы орнын байқауға болады. Аталған келіссөздерден кейін қытай бізді жеке дербес мемлекет ретінде мойындады. Бұл бізге ең керек және маңызды нәрсе болатын. Бұл арада Қабанбайдың елшілік қызметі ерекше көзге түседі.
Кәсіби тарихшы Едіге Уәлихан «1771 жылы Қаракерей Қабанбай Семейде орыстармен кеден және шекара мәселесінде келіссөз жүргізіп, қазақтың сөзін ұстады» деп жазады. Біз 1771 жылы қытаймен де, орыспен де шекара және кеден жөніндегі мәселемізді шешіп алғанбыз. Екеуі де бізді дербес мемлекет ретінде мойындап, келіссөз жүргізіп отырған жоқ па? Негізі біз Қаракерей Қабанбайдың қазақ шекарасын шегендеп, қытай және орыспен келіссөз жүргізген дипломатиялық қызметіне мән беруіміз керек.
Жалғасы бар...