Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Исатай мен Махамбет көтерілісі қалай аяқталды?

21789
Исатай мен Махамбет көтерілісі қалай аяқталды? - e-history.kz

Сурет: ukz.kz

Қазақ тарихында Исатай мен Махамбеттің Жәңгір ханның озбыр саясатына қарсы көтерілісі көп жазылды. Солардың ең алғашқылардың бірі – Алаш арыстары Халел Досмұхамедұлының «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» атты зерттеу мақаласы болса керек. Аталған еңбекте тарихшы ұлт азаттық көтерілісіне түрткі болған негізгі себептерге тоқталады. Исатай мен Махамбеттің көтерілісі неден басталды және Жәңгір хан қандай хан болған?

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары қазақ тарихын ұлттық тұрғыдан жазуға ерекше көңіл бөлді. Өйткені қазақ қайраткерлері «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел — қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деп түсінді.
 

 

«Түрік баласы» деген бүркеншік атпен жазылған мақаланың авторына байланысты екі тұлғаның аты аталады. Кейбір алаштанушылар аталған мақаланы Әлихан Бөкейхан жазды десе, екінші тарап Міржақып Дулатұлының атын айтады. Не де болса алаш арыстары «қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейтін» күйге түспей, өз тариыхын жазуға айрықша назар аударған. Солардың ішінде тарих ғылымымен кәсіби түрде айналысқан Халел Досмұхамедұлының еңбегі ұшаң-теңіз. Тарихшы Исатай мен Махамбет көтерілісіне қатысты тың деректерді жариялап, ғылыми айналымға енгізген болатын.

 

«Ақтабан шұбырындыдан» соң 1731-інші жылы Кіші жүзбен Орта жүздің бір бөлігі (осы күнгі Торғай, Орал, Бөкейлік елдері) орыстың имперализм хүкіметіне бағынды. Елді бағындырған Әбілқайыр хан мен елдің бір бөлек бас адамдары болды. Көп бұқара бөтенге бағынғанға наразы болды. Әбілқайырдан соңғы хандар амалсыздан патша хүкіметінің саясатын қазақ ішінде жүргізе бастады. Хандардың бөтеннің қолында құрал болғанын ел сезді, сондықтан хандар менен елдің арасына араздық кірді.

 

Он сегізінші һәм он тоғызыншы ғасырдағы патша хүкіметінің саясаты қазақты әбден көндіріп алу болды, қазақтың еткен амалы орыстан құтылу болды. Өткен жүз жарым жылдардағы Кіші жүздің тарихы қанмен жазылғандай деп айтса болады.

 

Бір жағынан, басынан қорғап патша хүкіметімен арпаласу, патша хүкіметінің құралы болған орыс-қазақтарымен жауласу, патшалардың саясатын жүргізген хандармен алысу; екінші жағынан, қонысқа таласып естек, қалмақ, түрікпен секілді көршілермен жауласу; үшінші жағынан өзара ру таластары – Кіші жүздің өткен тарихында кездесіп келеді де тұрады.

 

Орыстан құтылу үшін еткен Кіші жүздің қимылдары әлі де тархи болып жазылған жоқ, бұндай сөздің бәрі патша заманында құпия еді. Тарихшы енді шықса керек.

 

Патша хүкіметінің құрығынан құтылу үшін Кіші жүздің еткен істерінің біз бірқатарын ғана білеміз. Бұлардың ішінде зорлары мыналар: 1785-1800-інші жылдардың шамасындағы байұлы байбақты руынан шыққан Сырым батыр Датұлының көтерілісі. Сырым Нұралы ханды тақтан түсіріп, қуып, Есім ханды өлтіріп, патша хүкіметімен жауласты. Ақырында жеңілді. Бұл – бір. Екінші, 1830-1845-інші жылдардың шамасындағы байұлы беріш руынан шыққан Исатай батыр Тайманұлының һәм Махамбет батыр Өтемісұлының көтерілісі. Үшінші, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының шамасындағы әлімұлы шекті руынан шыққан Есет батыр Көтібарұлының көтерілісі. Есет сұлтан-правитель болған Арыстан «ханды» өлтірді. Есеттің інісі Бекет ұсталды. Көтерілісті хүкімет басты. Төртінші, 1869-1870-інші жылдардағы қазақты әбден ноқталаған «Уақытша дала низамына» (Степное положениеге) көнбейміз деп Орал, Торғай қазақтарының жасаған көтерілісі. Бұл көтерілісті «Ауа» деп айтады. Бұ көтерілісте Кіші жүз қонысын тастап, Асан қайғы, Қазтуған жұртына – «Ауғанға», «Тесік таудан» өтіп бармақшы болды, төрелерді (Ауған топырағында қазақ жоқ. Бұлар Бұқара топырағындағы Кіші жүз қазағы болса керек. – «Ақ жол») талады, өз ара хандар сайлады. Ақырында быт-шыт болып, «хандарды» ұстап, ауған елдің көбі қонысына қайта қонып, патша хүкіметіне көнді», – деп жазады тарихшы.

 

Халел Досмұхамедұлының жазуынша, мұндай жалпы көтерілістен басқа, бөлек рулардың патша үкіметіне еткен қайраттары ересен. Солардың ішінде тегеурінді қарсылық көрсеткен байұлының адай деген руы. Нақтырақ айтсақ, ол Адайдың Атақозы, Құдабай, Құлбарақ, Дәуімшар, Сүйінқара секілді батырларының істері тарихшысын күтіп отырғанын ескертеді.

 

«...Қазақтың ішінде патша хүкіметіне ең соңғы көнген руы – адай. Шынында, адай Хиуа мен түрікпенді алған соң ғана бағынды.

 

Он сегізінші ғасырдың аяғында Нұралы ханның Бөкей деген баласы бас қылып, Кіші жүздің бір бөлек елі Еділ, Жайықтың арасындағы қашқан қалмақтан босап қалған қонысқа ауды. 1801-інші жылы Бөкей бөлек хандыққа патшадан жарлық алды. Кіші жүзден бөлінген Бөкей ордасы, яки Ішкі орда пайда болды.

 

Отыз жылдан артық бос тұрған нуға келіп ел байыды. Бөкей хан ел мен тату тұрды. 1816-нші жылы Бөкей өлді. Оның жас баласы Жәңгір хан болды. Жәңгірдің заманында қазақтың қонысын хүкімет тарылта бастады. Еділдің жағасынан қалалар салып, қазақты Еділден ысырды, Оралдың орыс-қазақтары Жайықтан ысырды, орыстың балықшылары теңіздің жағасынан ысыра бастады. Тегістік жақтағы жақсы жерлерді орыстың қара шекпендері алды. Қазаққа орталықтағы Нарын деген құмнан жарытып қоныс қалмады. Қазақ пен жер тартып алушылардың арасына жанжал кірді. Жәңгірдің қазақты қорғауға қолынан келмеді.

 

Патша хүкіметінің әскерінен хан елден бөлектене бастады. Бұрынғы ата жолды тастап, елді Жәңгірдің «өзі» билеуге ойланды. Қасына күзетші қылып орыстан күзетші алды. Хан патшаның «губернаторына» айналды. Бұған да ел наразы болды.

image_l.jpg
Исатай мен Махамбет ескерткіші. Сурет: massaget.kz

Жәңгір ноғай мүфтиінің қызын алды. Діннің әсері күшейді. Осы күнгі Орда тұрған Жасқұс деген жерге Жәңгір мешіт салдырды. Елге шариғат жайыла бастады. Ханның айналасына ноғайдың молдалары, хожалары көп жиылды. Бұлар ел билеу ісіне араласты. Және де ханның айналасына анадан-мынадан келген келімсектер көп жиылды. Бұрынғы елді билеген белгілі билердің кәдірі кеміді. Молдалар, хожалар, келімсектер елді билей бастады. Бір жағынан, орыстан көрген қысымшылық, қоныстың тарылуы, қоныстың тозуы; екінші жағынан, молдалардың, хожалардың келімсектердің астамшылығы елді Жәңгір ханға наразы қылды. Елдің бір қатары Бөкейлікті тастап, Жайықтың күн шығыс бетіне өте бастады», – деп жазады тарихшы.

 

Халел Досмұхамедұлының жазуынша, осындай болып тұрғанда Жәңгірдің қасына Қарауылхожа Бабажанұлы деген бір қайратты хожа қосылады. Жәңгір Қарауылдың қызын алғаннан кейін хандықтағы биліктің бәрі Қарауылдың қолына көшеді.

 

«Бөкей заманынан келе жатқан ханның қасындағы он екі би ойыншық болып қалады. Бөкей заманынан әр руды өздері сайлаған (билер) билейді екен. Жәңгір сардарларды өзі тағайындай бастаған. Қарауылхожа заманында елді елемеушілік күшейген.

 

Жоғары айтқан таршылықтың бәрін жұрт Жәңгірден көрген. Ел тегісінен ханға қарсы болған.

 

Осы уақытта Жәңгірді түсіремін, бұрынғы кеңшілікті орнатамын деп Исатай батыр Иманұлы шыққан. Елдің бәрі тегісімен Исатайға еріп кеткен. Көтерілген елдің қаһары сонша қатты болған, ел ішінде сардар я бөтен ретте тұрған ханның жақындары төрелер де Исатайға еріп кеткен. Елді тегісінен меңгеріп алған соң Исатай Жасқұстағы ханның ордасын қамаған. Ханның қасында орыстың әскері, төлеңгіттері, бір бөлек билері қалған. Ханның қолындағы әскер орданы қорған қылып қорғаған. Орданы қамаған көпті көріп, Жәңгір шошып кетіп, «қашам» десе, қасындағы билері қашырмайды. «Сырым батырдан қашамын деп атаң Нұралы ұсталып кеткен, сенде солай боласың. Қазақтың әдетінде жаудан қашқан кісі хан бола алмайды» депті-мыс билер.

 

Сөйлесіп бітеміз деп, ханның билері Исатаймен рулас Бекмағамбет би Өтемісұлын һәм Балқы би дегенді Исатайға салады. Бұлардың жұмысы олай деп, бұлай деп алдап, хүкіметтен жәрдем әскер келгенше уақыт созу болады. Исатайдың қосындағы бір төре Аштрахан һәм Орал губернаторына жасырын хабар жіберіп, жәрдем сұраған екен. Бұны Жәңгір біледі екен.

 

Жәңгірдің нөкерлері Бекмағанбет бидің інісі Махамбет Өтемісұлы бірден Исатайға қосылады да, орданы тездетіп шабу керек, ең алдымен Бекмахамбет пен Балқы биді жою керек, бұлар алдап жүр деп зарлайды. Жиылған көп бітімді мақұлдайды. Осылай болып тұрғанда орыстың көп әскері келіп қалады, Орданы босатады. Бірнеше соғыс болады. Үлкен соғыс Бекетай құмы деген жерде болады. Әрине, зеңбірек пен мылтық найза мен садақты жеңеді. Қазақ көп қырылады. Осы соғыстарда қайрат көрсетіп, Махамбет батыр атаққа ілінеді, Исатайға қосшылыққа сайланады», – деп жазады ол.

 

Тарихшы Исатайдың әскері қашып, алдынан шыққан Орал қазақ-орыстарын жеңіп, Жайықтың күншығыс бетіне шықанын жазады. Осы күнгі Орал облысында бірнеше уақыт жүріп, мекендейді. Одан кейін орыс әскерін жіберуге қауіптеніп, патша хүкіметі сол күнгі сұлтан-правитель Баймағамбет Айшуақұлына қазақтан әскер жинап, Исатай, Махамбетті жоюға бұйырады.

 

«Баймағамбет «ханның» әскері жиылып келсе де, Исатаймен соғыспай қайтып кетеді. Ақсақалдардың айтуынша, Исатайға қарсы әскерді қайтарған беріш Қуан жырау дейді. Бастықтардың жиылысында Исатайдың ісін дұрыстап Қуан жырау өлең айтыпты-мыс. Сонан соң Исатаймен соғыспаймыз қол қайтып кеткен.

 

Қуан жыраудың сөзі бұл күнде жойылған. Қолдың көбін таратып, іріктеп алған әскерімен Исатай, Махамбет әлім мен адайға келеді. О күнде адай мен әлім жау екен. Адай түрікпенмен де жау екен. Әуелі адай мен әлімді бітіреді, сонан соң адай мен түрікпенді бітіреді.

 

Адай, әлім, түрікпен бірігіп, орыс хүкіметімен, оны сүйген хандармен жауласатын болады. Исатай Хиуа ханынан көмек сұрайды. Хиуа ханы жиырма мың әскер бермекші болады. Ісі оңға айналған соң, Жайықтағы елді даярлау үшін Исатай Оралға келеді. Елді аралап жүргенде Темір үйезіндегі Қиыл деген судың жағасында орыстың әскеріне тап болады. Соғыс болады. Осы соғыста Исатай өледі. Өзі өлген соң Исатайдың ісі бұзылады. Біріктірген елдері бытырай бастайды. Бұлардың бастарын қайта қосамын деп, Махамбет қанша әуре болса да, біріктіре алмайды. Хиуа да беремін деген жәрдемін бермейді. Ісін аяқтаймын деп, Махамбет бірнеше жыл әуре болып жүреді. Ақырында байұлының адамдары басы Байнақ деген кісі болып, Махамбетті зорлап Баймағамбет (Байеке) ханға алып барады. Баймағамбеттен орысқа ұстап бермейтін уәдесін алып, ел ішінде жайына жүре беруге рұқсат алып береді. Билердің сөзін қабылдаған соң Баймағамбет батырды үйіне шақырып танысады. Батыр үйге қару-жарақтарын тастамай кіреді. Баймағамбет батырдан бір-екі ауыз өлең айтыңыз деп өтініш қылады. Махамбет «менің сөзім сізге жағымсыз тиер» деп айта қоймайды. Баймағамбет қайта-қайта өтініш қылады. Сонда Махамбет Исатайды жоқтап, белгілі өлеңін айтады. Біздің басып отырғанымыз осы өлең. Махамбеттің сөзіне ханның қасындағы жас төрелер қызайын деген екен, Байеке: «Бұлай айтпаса Махамбет батыр бола ма, батырдың сөзін көтермесем мен хан болам ба?» – деп тоқтатыпты-мыс» деп жазады тарихшы.

 

Бірақ кейін Ықылас Махамбеттің үйінде қонақ болып отырып батырдың өз қылышымен оның басын кесіп алады. Жұрт арасында «Ықылас Баймағанбеттің тапсырмасымен Махамбетті өлтірді» деген әңгіме таралған. Алайда Байеке «Мен сені өлтір деп жіберген жоқ едім, батырды тірілей ұстап әкел деп едім, басын алып кет» деп Ықыласқа айтқан көрінеді. Не де болса 1830 жылы басталған ұлт азаттық көтеріліс 1846 жылы Махамбеттің қазасымен аяқталды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?